Нұрбек көп ақшаға ие бола алмай жатыр

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құлағынан қиқу арылмай тұр. Өткенде ғана ҰҒА ұжымы ғылыми кадр даярлай алмайды деп бір сынап еді, енді экс-премьер Әлихан Смайылов бастаған аудиторлар елдегі ғылым саласы бюджетті тиімсіз пайдаланып жатыр деп мәлімдеме жасады.
Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудит нәтижесінде ғылымды дамытуға бөлінген қаржының 1,7 млрд теңгесіне қатысты заңсыздықтар анықталған. Оған қоса, 24,2 млрд теңге тиімсіз жоспарланған, 42,5 млрд теңге тиімсіз пайдаланылыпты. Осыдан соң ғылым және жоғары білім министрлігін үш жылдан астам уақыттан бері басқарып келе жатқан Саясат Нұрбек қызметінен кетер ме екен деген де болжамдар көбейіп тұр.
Министр ғылымға бөлінген қаржының тарихи көрсеткішке жеткенін айтып, ұдайы мақтанады. Оның «нәтижелерін» де жиі есімізге салып отырады. Алайда бәрі Нұрбектің есептері мен сұхбаттарындағыдай мінсіз емес екен. 19 тамыз күні ЖАП отырысында ғылымды дамытуға бөлінген бюджеттің қаншалықты тиімді пайдаланылып жатқаны туралы аудиттің нәтижелері қаралып, біраз былықтың беті ашылып отыр.
Алдымен саладағы стратегиялық жоспарлау, негізгі институттардың қызметі мен нормативтік реттеулер бойынша мәселелер бары айтылған. Одан соң ғылымды қаржыландыру көлемінің миллиардтап артқанына қарамастан, ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын шығындардың үлесі төмен екені сөз болды. Аудиторлар қолданбалы ғылыми әзірлемелер енгізуді жандандырып, оларды экономиканың нақты секторының сұраныстарына бейімдеу қажеттігін де ескертті.
Ал ғылым және жоғары білім министрлігінің даму жоспары ғылым саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі мақсаттарын толық қамтымапты. Ғылым комитеті де өзге мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын тиісті деңгейде жүргізбеген. Одан бөлек, Ұлттық ғылыми кеңестердің жұмысы да сынға ұшырады. Анықталғандай, кеңестердің жекелеген мүшелері бір мезгілде бірнеше қаржыландырылатын жобаға қатысып келген. Аудит нәтижесінде бұл туралы:
«Ғылыми кеңес мүшелерінің сараптамалық қорытындыларды есепке алмай қабылдаған шешімдері үшін, бұзушылықтары бар жобаларды мақұлдағаны үшін, өздері бұрын мақұлдаған жобаларды қаржыландыруды тоқтатқаны үшін жауапкершілігі белгіленбеген», – делінген.
Есепте тағы да:
«Ғылыми конкурстарды айтарлықтай кешіктіріп жариялау, кейбір жағдайларда тіпті 500 күннен артық кешіктіру фактілері тіркелді. Ғылыми-техникалық сараптама рәсімдерінің мерзімдері сақталмайды. Қаражаттың пайдаланылуын және нәтижелерге қол жеткізуін бақылауға арналған мониторинг нәтижесіз. Жобалар ескертулерге, ұсыныстар мен жекелеген кемшіліктеріне қарамастан одан әрі қаржыландырылып отырған. Ғылым қорын коммерцияландыру жобаларын іске асыруда да кемшіліктер бар. Аяқталған 42 жоба жоспарлы сату көлеміне жетпеген, ал 8 жоба бойынша мүлде өнім шығарылмаған.
Жетекші жоғары оқу орындарының жанынан инжинирингтік орталықтар мен технопарктер ашуда қаражатты мақсатқа сай пайдаланбау және сатып алу құнын арттыру фактілері анықталды. Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша барлығы 1,7 млрд теңге қаржылық бұзушылықтар белгілі болды. Тағы 24,2 млрд теңге тиімсіз жоспарланған, 42,5 млрд теңге тиімсіз пайдаланылған. Анықталған заңбұзушылықтардың жекелеген фактілері бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберіледі», – деп көрсетілген.
Иә, енді тиімсіз жұмсалған қаржының есебін құқық қорғау органдары нақтылайды. Өз кезегінде үкімет пен министрлікке де тапсырмалар беріліпті. Бірақ ЖАП-сыз да тапсырмасы шаш-етектен келіп жатқан министрлік қателіктерін түзете алар ма екен?
Жаздың басында ғана Саясат Нұрбек ЖАП елдегі жоғары оқу орындарын тексеріп, 932 млн теңгеге заңбұзушылықтар анықталғанын өзі айтқан. Университеттер бұл соманы қайтаруы тиіс екені де хабарланды.
«Біз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өз аудитімізді жүргіздік. Белгілі бір бұзушылықтар тіркелді. Олар инфрақұрылым мен ғылыми жобаларға, зертханалардың жұмысына қатысты. Ал ЖАП-тың аудитінше, 932 млн теңгеге заңбұзушылықтар бар. Оның ішінде Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті мен Еуразия ұлттық университетіне 100–150 млн теңге көлемінде бұзушылықтар белгілі болды. Алайда аталған ЖОО-лардың ауқымы да, бюджеті де үлкен екенін ескерсек, бұл сома көп емес те», – деді Саясат Нұрбек маусымдағы мәлімдемелерінің бірінде.
Демек, тек қана ЖОО-лардың өзі 1 млрд теңгеге жуық қаржыны мақсатсыз немесе тиімсіз пайдаланса да, бұл Нұрбек мырза үшін түк емес.
Мақсат Ибадулла, экономист: «Қағаздағы» ғылымды дамыту – ресурсты бос шашу
– Ғылымы дамыған елдің экономикасы да мықты. Инновация мен жаңа технологияға бірінші қол жеткізгендердің, оның игілігін мейлінше көріп жатқандардың экономикасы да, инвестициялық тартымдылығы да, сапалы мамандар дайындау есебінен көретін ұзақ мерзімді нәтижесі де болады. Өнім өндіру мен экспорты дамып, сыртқы өнімдерге тәуелділігі азаяды. Ал керісінше, ғылымды жылдар бойы әлсірету, әсіресе ресурс беріп отырған күннің өзінде тек «қағаздағы» ғылымды дамыту ең әуелі бюджеттің, одан соң адами капиталдың бос жұмсалуы дер едім. Ең сорақысы, нәтиже күтіп, иллюзияға сеніп отырғанда, одан да салмақты салдарлар туындауы ықтимал.
Сондықтан бұл саладағы жүйелеу мен бюджетті игеру жағы қатаң бақылауда болуы қажет. Алайда қазіргі бюджет толық өз мақсатында пайдаланылып жатыр деуге ешкімнің аузы бармас. Себебі жүйесіздік пен жиі қабылданатын өзгерістер, тағы сол секілді жанама факторлар, басқарудағы тиімсіздік сала мамандарына ғана емес, бәрімізге белгілі.
Ақша көп, нәтиже жоқ
Ал енді өткенді еске алайық. Еліміздің экономикасын дамыту мақсатында ғылымға көп көңіл бөлінуі керек деп ұрандаттық. Ғалымдарда ақша жоқ, ғылыми ұйымдарда ресурс жоқ деп ренжідік. Кейін келіп, қаржыландыру тарихи көрсеткішке жеткені айтылды. Ол рас та. 2020 жылы Қазақстанда ғылымды қаржыландыруға 89 миллиард теңге бөлінсе, 2023 оның көлемі 160 миллиард теңгеге дейін жетті. Былтырдың өзінде 177,7 млрд қарастырылған. Үшжылдықтармен есептегенде, 2023–2025 жылдарға арналған бюджет оның алдындағы үш жылдықпен салыстырғанда 3,3 есеге артып, 643 млрд теңге болса, 2024–2026 жылдың бюджеті тағы 13 пайызға өсіп, шамамен 730 млрд теңгені құрап отыр. Ал жоғары аудиторлық палата бұл ресурс тиімсіз пайдаланылып жатыр дейді.
Дәл осы статистикаларды Нұрбек жиі қайталайды. Биылғы есептерінде премьер-министр Олжас Бектенов те соңғы алты жылда ғылымға бөлінген қаржы алты есеге артқанын айтып, сүйіншілеген. Бұл көрсеткішті 2029 жылға қарай ЖІӨ-нің 1 пайызына жеткіземіз деген мақсат тағы бар. Бірақ ақшаның көбеюі ғана емес, жүйелі қолданылып, нәтиже беруі де маңызды екені назардан тыс қалып жатқан сынды. Әйтпесе, ЖАП есептері мұншама миллиардтарды алға тартып, айып тақпас еді ғой.
Ғалымдардың өзінен де бұл жайлы сұрадық. Өкініштісі сол, «грантым бар еді», «құжаттарым жатыр еді» деп бәрі дерлік бас тартты. Тіпті бұрынғы академиктер де ат-тонын ала қашты. Тек аты-жөнін жасырын қалдыруды сұраған ғалымдардың бірі: «1,7 млрд деген ауыр нәрсе. Оның ары қарай заң органдарына берілгенінің өзі біраз нәрсені білдіреді. Әлі де болса бюджеттің сұрауы бар екен... Қаржы көп, ал жүйе оны игере алып жатыр ма? Ол бөлек әңгіме», – деп, пікірін білдірді.
Ал әлеуметтік желі қолданушылары қазақстандықтардың мұндай жаңалықтарға тіпті де таңғалмайтынын айтып, «бұл кезекті шоу» деген ойларын ортаға салған.
Ғылым және білім министрлігі болса, жауапты комитеттер ескертулер мен ұсыныстар бойынша жұмыс істеп жатқанын, ресми мәлімдеме дайын бола салысымен қолымызға табыстайтынын жеткізді.
Баян Мұратбекқызы