Нұрбек Нұржанұлы: Бүгінгінің баласын гаджеттен алыстата алмаймыз

Дәуірлер өтіп, замандар алмасқанымен, адам ғұмырының айнымайтын заңдылықтары бар. Мысалы, бала қай заманда да, қай елде де бала боп қала бермек.
Тек әр дәуірдің өзіне сай баласы, баланың сол заманға сай арманы мен талғамы болады. Бүгінгінің баласы – ақпараттың толқынының астында, технологияның құрсауында өсіп келе жатқан алғашқы ұрпақ. Мойындайық, қазіргі бала бұрынғыдай асық ойнап, «Айгөлек» айтып, алтыбақан теппейді. Қазіргі балалардың қызығушылығы экраннан, бейнеойыннан, TikTok пен YouTube сынды алаңдардан бастау алады. Сондықтан да қазіргі балалар әдебиетін жасау жай ғана қоян мен түлкі туралы ертегі жазу емес, бұл – уақытпен қатар тыныстап, баланың жан дүниесіне үңіле отырып, оның санасына лайық бейнелер сомдау, бала қиялындағы образды қалыптастыру. Жаһандану дәуірінде технология адамзат тіршілігінің ажырамас бөлігіне айналды. Балалар үшін бұл – ойынның, танымның, қарым-қатынастың жаңа кеңістігі. Алайда бұл кеңістік бала үшін қашанда қауіпсіз, пайдалы, тәрбиелік мәні бар деуге келе бермейді. Керісінше, визуалды ағыны тоқтамайтын, мазмұны реттелмейтін цифрлы орта баланың зейінін шашыратып, кітаптан алыстатып, шынайы өмір мен виртуалдың аражігін жойып жатыр. Сонда балаларға арналған әдебиет, бүгінгі кейіпкер қандай болуы керек деген сұрақ туады. Осы сұраққа жауап алу үшін біз жазушы Нұрбек Нұржанұлымен сұхбат құрдық.
– Нұрбек, әр дәуірдің өзіне сай баласы, сол баланың қызығушылығына сай кейіпкері болатыны анық. Десек те, қазіргі қазақ балалар әдебиетінде қаһармандар жүйесі жоқ сияқты. Біз әлі күнге Ер Төстік пен Алпамыстан шыға алмай жүрген сияқтымыз. Осы туралы сөз қозғайықшы. Кез келген балаға не жасөспірімге өз дәуірінің оқиғасы қызықты емес пе деген сұрақ туады.
– Шынымен-ақ әр дәуірдің өзіне ғана тән үні, сөзі мен сазы болады. Ал өнер, соның ішінде әдебиет, көркем шығарма автор сүрген дәуірдің айнасы іспетті. Біз ескі дәуір шығармаларын, өткен заманның кейіпкерін бүгінгі баланың ой-танымымен өлшей алмасымыз анық. Бұл классикалық әдебиетті оқымау керек деген сөз емес. Себебі қалай десек те, классиканың аты классика емес пе? Бірақ автор сүрген заманның келбетін айна қатесіз жеткізе алатын заманауи шығарма бәрібір керек деп ойлаймын. Әсіресе балалар әдебиеті үнемі ізденіс пен жаңалықты қажет ететін әдебиет. Бала танымына сай, бүгінгі заманның сауалына жауап бере алатын қандай шығарма керек деп сұрасаңыз, бүгінгі жаһандық әрі технократтық дәуірдің сұранысына сай келетін, әрі заманауи гаджеттерді бес саусағындай білетін, интеллектуалды сауатты, робототехникадағы жаңалықтарды түсінетін, соған жауап бере алатын шығарма дер едім. Бұл талапты қанағаттандыра алатын әдебиеттегі бірден-бір жанр – фэнтези жанры. Шынын айту керек, қазақ әдебиетіндегі фэнтези жанры көштен баяғыда-ақ қалып кеткені рас. Бұл үшін ешкімді жазғырудың да қажеті шамалы. Себебі өзі біздің әдебиетке кеш келген, әлем әдебиетіне қарағанда кеш дамыды. Тарихи романдар, классикалық, драмалық жанр көш бастап тұрғанымен, фэнтези жанрына лайық шығарманың жазылуы сирек. Бұл бізде мифология не архетип жоқ деген сөз емес, қазақ, түркі мифологиясын, ауыз әдебиетіне көз салсақ, әр кейіпкер бір фэнтези шығармаға арқау болатын қызықты оқиғасы бар. Қиял-ғажайып арқылы болашақты да қамтып, өткеннің кейіпкеріне де көз тігіп, тың дүние жасауға болады. Мәселен, Жюль Верннің шығармаларын алып қарайық. Бір кейіпкері ғарышты игеріп, бірі теңіздің асау толқынын бағындырып жатады, бала түгілі ересектер де қызыға оқиды. Әлі болмағанды өз көзімен көргендей қып жазу да үлкен шеберлік. Сол Жюль Верн ғылыми журналдарды көп оқығаны айтылады. Осы тұста жазушы өз заманынан бұрын ойланып, өзі сүріп жатқан дәуірдің көш басында тұруы керек деп түйдім.
Бұдан бөлек, жазушының шеберлігі Құдай берген дарынына да байланысты болмақ. Шеберлік біреуге оқып, біреуге тоқып келеді. Енді бірі өмірлік даналықпен, сан мың тәжірибемен шын шебер атанады. Қаламгердің сезімталдығы үлкен рөл ойнайды. Бүгінгі бала атаулы тегіс қолданатын гаджеттердің азабы, виртуалды әлемге сіңіп кеткен жандардың өмір мен виртуалды әлемді шатастырып алуы сынды мәселелер бүгінгінің өзекті тақырыбы. Мәселен, виртуалды әлем мен кітап патшалығының соғысы жайлы шығармалар баланы қызықтыруы мүмкін. Осы сарындас мен де «Нүкебайдың арман кітабы» атты роман жаздым. Бұл сұраққа сол романымнан жауап табуға болатын шығар. Шығармада экранның артындағы виртуал әлем мен кітап кейіпкерлері бір-бірімен соғысады. Сол арқылы адамның ескірген ойы мен армандары туралы сөз қозғап, жаңа ойлар мен идеяларға жол ашылу керек екені жайлы айтылады. Ал кей ойлар мен құндылықтар қанша дәуірлер мен замандар өтсе де, жаңарып, жаңғырып отырады. Қорытындылай келе, қазіргі қазақ балалар әдебиетіне жаңа Қожа, жаңа кейіпкер қажет. Бірақ Қожаның қарым-қабілеті осы жолы мүлде бөлек болуы тиіс. Жаңа Қожаның бүгінге сай заманауи проблемасы, заманауи құндылығы болса, кейіпкердің келбеті де жаңармақ.
– Қазіргі балалар баяғыдағы біз бен сіздей мыстан кемпір, тау қопарған Толағай сияқты ертегілерді оқымайтыны анық. Шет ел авторлары аниме, комикс, супербатырлар арқылы балаларды қызықтырудың жолдарын іздейді, сондай-ақ оларда жабық тақырыптардың өзін бала танымына сай беру бар. Ал біздегі балалар әдебиетінің осы орайда бет алысы қандай?
– Бүгінгі таңда күллі әлемге танымал балалар әдебиетінің барлығы дерлік әлем мифологиясына сүйеніп жазылғанын байқаймыз. Миллиондаған тиражбен шыққан «Хәрри Потер» немесе «Сақиналар әміршісі», «Нарния шежіресі» шығармаларын алып қарасақ, түп-төркінінде грек, скандинавия аңыздары мен мифтері жатады. Балалар қызыға қарайтын, оқитын кейіпкерлердің ілкі бейнесі солардан бастау алған. Фэнтези мифологиясыз құрылмайды деп ойлаймын. Өткен мен бүгіннің, келешектің сабақтастығы болғанда ғана соны дүние туады. Шығарманы жазу бар да, соны бүгінгі бала танымына сай ұсыну мүлде бөлек мәселе. Бізде сапалы, қызықты шығарма жоқ дей алмаймыз, мультфильмге, комикске сұранып тұрған кейіпкер мен шығарма көп-ақ. Осындайда балаларға арналған медиаконтентке көбірек көңіл бөлген, қаражат құйған абзал ма деп ойлайсың тағы. Балаларға арналған отандық өнім, медиаконтент, оның ішінде мультфильм де, комикстар да мүлде жоқ деп үзілді-кесілді айтуға болмас. Шығып жатыр. Бірақ өте аз. Және қазіргі өндірісте бір тенденция бар. Балаларға арналған қазақша өнімдердің басым көпшілігінің идеясы, кейіпкерлер болмысы шетелден қайталап, ыңғайлап беріледі. Осындайда өзіміздің болмысқа сай қазақша супербатырлар мен кейіпкерлер шықса екен деп тілейсің.
Негізі балаларға арнап шығарма жазатын қаламгерлер мықты психолог әрі зерттеуші болады. Өзін, оқырманын тереңінен зерттей алады, түсінеді. Әдетте балаларға арнап шығарма жазудың өзі бекер емес. Бала күнінен қысым көрген, жақынын жоғалтқан жандар кездеседі арасында және балалық тазалығы мен аңғалдығын ересек болса да жоғалтпаған жандардан ерекше туындылар дүниеге келеді. Балаға бәрі ересектей ақыл айта алады, қамқор бола алады, ұрыса алады, дегенмен баламен бала бола алатын адам ғана оның қызығушылығын, арманын, қалауын шын түсінеді. Бүгінгі баланы қарабайыр дүниемен қызықтыру қиын. Ғарыш саласындағы жаңалықтарды, су асты, аспан үсті әлемін зерттеу арқылы баланың дүниетанымын қалыптастырамыз. Ол үшін тек әдебиет қана емес, музей, өнер, медиа саласы сынды бірқатар салалар аянбай еңбек етуі керек. Сонда ғана бала тұлға ретінде қалыптасады, болашақта үлкен жобаларды атқаратын қабілетке, мүмкіндікке ие болады. Ең әуелі өзіміз соған жағдай жасауымыз керек.
– Бұдан бөлек, қазіргі балаларға арналған өлең, хикаяттардың басым көпшілігінде асық, киіз үй, қыранды дәріптеу сынды идея әлі бар. Мейлі делік. Бірақ қазіргі балаға өзі сүріп жатқан кеңістіктегі дүниелермен қарым-қатынас жасау әлдеқайда қызық болатын сияқты. Мәселен, күнделікті тұрмыстық құралдармен әлде өзі күнде қолданатын смартфонмен диалог құрған тиімдірек пе деп ойлайсың.
– Балалармен ересек адамдарша сауалнама жүргізіп, қызығушылығын, аңсары мен арманын сұрау керек деп ойлаймын. Менің бес жасар қызым бар. Қызым туралы жазылған бірқатар әңгімелерім «Балдырған» журналына жарияланды. Әдетте әңгімеге қызымның қылықтарын, әңгімелерін арқау етемін. Сонымен жасты адамша сөйлессең, саған сенеді, ішіндегісін ашық айтады. Мәселен, менің қызымды Маша мен Аю, смартфондағы ойындар, ойын алаңдары, доп пен батпырауық қызықтырады. Баламен сөйлесіп, қызығушылығын анықтап барып жазған, жасаған дүниеңді бала да зер салып тыңдайды. Себебі кейіпкер өзіне жақын әрі таныс. Бала күнделікті қолданатын заманауи заттар секілді ұлттық код та баланың ішкі кеңістігін қалыптастырады. Тамыр мен уақыт деген қос әлем қатар жүрмесе, бала не өз өткенінен алшақтап, не қазіргісінен ажырап қалады. Балалар әдебиеті – оның ішкі және сыртқы әлемін жалғайтын алтын көпір болуы шарт. Ал оған алып кеп пәлсапалық тақырыптарды ұсынсаң, бәрібір бала қызықпайды, қарамайды. Дегенмен бәрібір ұлттық код, ұлттық менталитет бала тұтынатын өнімде болуы шарт. Өзін қоршаған дүниенің, ұлттың, халықтың болмысымен сусындағаны абзал. Не нәрсенің де түйінінде түп негізің туралы сөз болғаны жөн секілді. Үлкен ағашты алып қарасаң, әу басында кішкентай ғана дән болды. Оның өзегі – дән. Сол секілді кейде том-том кітаптардың да көтеріп тұрғаны бір ғана идея болады.
– «Балалар әдебиеті – үлкен әдебиеттің кіріспесі» деген біржақты пікір қоғамда әлі күнге дейін белең алып тұр. Оған балалар әдебиетінің бүгінгі ахуалы анық дәлел. Алайда соңғы жылдары түрлі жобалар қолға алынып жатқанын көріп жүрміз. Әрине, оның барлығы айтарлықтай нәтиже бере ме, ол уақыттың еншісінде. Балалар әдебиетінде үлкен өзгеріс болуы үшін нақты қандай қадамдар жасалуы керек деп ойлайсыз?
– Балалар әдебиеті – ең ғажап, аяулы жанрлардың бірі. Оны классикалық әдебиетпен салыстыруға, теңестіруге келмейді. Күллі әдебиеттегі балаларға арналған әдебиеттің орны тіпті бөлек. Шығармасы әлемді мойындатқан қай жазушыны алып қарасақ та, басым көпшілігі балаларға арнап шығарма жазған. Себебі өзінің, ұлтының келешегін ойлаған адам бала тақырыбына бәрібір соқпай өтпесі анық. Джек Лондон, Мопассан, Толстой, Тургенев болмасын, барлығының дерлік балаға арналған шығармалары бар. Балалар әдебиеті – бізді келешекпен сабақтастыратын алтын көпір.
Қазіргі таңда балаларға арналған, балалар әдебиетін дамытуға арналған сан түрлі жобалар қолға алынып жатыр. Дегенмен бүгінгінің баласын біз гаджеттен алыстата алмаймыз. Бұл – шындық. Баланы гаджеттен, смартфоннан алыстату бүгінде мүмкін емес. Тек бала тұтынатын контентті ізгілікке, адамгершілік пен мейірімге бөлейтін контент дайындап, үлкен жобалар жүргізуіміз керек. Бала нені көрсе, соны қабылдайды. Бір күні қасыңда жүрген балаңның қалай орысша сөйлеп бастағанын байқамай қаласың. Шетелдің контентін көрген бала жат елдің тілі мен ділін, дүниетанымы мен болмысын қабылдайды. Ал ағылшынша сөйлейтін бала ағылшынша ойлайды. Қазір баланы түптеп келгенде сол шет елдің контенті тәрбиелеп жатыр. Мұның бір ғана шешімі бар. Шетелдің контентімен бәсекеге түсе алатын жобалар дайындау, өнім ұсыну.
Сұхбаттасқан
Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ