Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 01 Қараша 2024

Нұрбек жабылды деген университеттер тонын теріс айналдырып киіп жүр

1
Фото: ашық дереккөз

Jas Alash-та лицензиясынан айырылып, сапасыз деп танылған университеттердің жұмысы әлі де жалғасып жатқанын айттық. Арасында сол баяғы атаумен, бұрынғы ғимаратта оқытып жүргені де, тонын теріс аударып кигендер де, колледжге айналғандар да бар.

 Соның ішінде атауын ауыстырған ЖОО-лардың хикаясы қызық. Баяғы ғимарат пен кадр, сол басшылар мен сол бизнес. Өткен санда шыққан материалдың жалғасы ретінде оқуыңызға болады.

Экс-министр Асхат Аймағамбетов 15 университетті лицензиясынан айырдық, тағысын-тағы шаруаларды атқардық, сапасыз мекемелердің жұмысына тосқауыл қоямыз деді. Ал жаңа ғылым және жоғары білім министрлігінің басшысы Саясат Нұрбек 2022 жылы 16 ЖОО-ның жабылғанын айтты, жұмыстар жалғасады дегендей болды. Бірақ ол тексеріс жүргізіп, лицензияны қайтару ісін жалғастырудың орнына, жабылғандарын қайта ашқандай. Тексерістен сүрініп, берілген мерзім ішінде олқылықтарын түзете алмаған ЖОО-лар заң жүзінде лицензиясынан айырылғанымен, іс жүзінде зардап шекпеген. «Аймағамбетов пен Нұрбектің ашып-жабу ойыны» атты материалымызда айтылғандай, бас лицензиясы кері қайтарылған З.Алдамжаров атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университеті, Шымкент қаласындағы «Мирас» университеті, Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті кідірместен талапкер қабылдап, түлек түлетіп, диплом берген. Әлі де «сәтті» жұмыс істеп жатыр. Аталған оқу орындары ешкімді алдауға да, жалтарып, жасырынуға да тырыспайды. Ал лицензиясынан айырылғаны ресми хабарланған екі университет тонын теріс айналдыра киіп, «манипуляцияға» немесе «жаңа бизнеске» көшкен.

Біріншісі, Ақмешіт гуманитарлық-техникалық институты. Ол құрылған жылдардан бастап аты-жөнін де өзгерткен, құрылымдық ауыс-түйіс те болған. 1998 жылы Қызылорда инженерлік-экономикалық институты, 2009 жылы «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институты деген атау алды. 2021 жылы жабылып қалған соң, келесі жылы-ақ құрылтайшы шешімімен «Қызылорда технология және қызмет институты» білім беру мекемесі болып ашылған. Ректоры ауысыпты. Университет жабыларда Ерлан Шынбергенов басқарса, қайта ашылғанда бұрынғы Ақмешіттің, жаңа Қызылорда институтының құрылтайшысы Қылышбай Бисенов ректорлыққа келген. Байқағанымыз, Бисеновтің бизнесі тек атауын ауыстырған. Тіпті бизнесті сәйкестендіру нөмірі де баяғыша. Лицензиясынан айырылып, тура өзі секілді сапасыз деп танылған «Болашақ» университетін қосып алған жаңа оқу орны атын «Ашық Қызылорда университеті» деп тағы өзгерткен. Осының бәрін министрлік пен жауапты мамандар біле ме екен? Білсе, қалай үнсіз отыр?

Бұл жалғыз жағдай емес. М.Тынышпаев атындағы Көлік және коммуникациялар академиясы да осындай қулыққа барған. 2020 жылдың аяғында сот шешімімен лицензиясы кері қайтарылған университеттің сол кездегі басшысы Ербол Ізбасаров еді. Дәл жоғарыдағы мысал секілді, бұл мекеменің де құрылтайшысы ректорлыққа келген, кәсіптің атауын аз-маз түрлендірген. Бұрынғы «М.Тынышпаев атындағы қазақ көлік және коммуникациялар академиясы» АҚ «М.Тынышпаев атындағы ALT университеті» АҚ болады да, бұрыннан келе жатқан құрылтайшы Салтанат Әмірғалиева ректорлыққа келеді.

Фигуралар мен атаулар жаңарғанымен, мазмұн баяғы. Сол ғимарат, сол кадр, сол кітапхана мен ғылыми база, ескі білім беру бағдарламалары. 3-4 жыл бұрын ғана сапасыз деп танылғанымен, аялдамастан жұмысын жандандырып әкеткен оқу орындарының не істеп, не қойып жатқанын жауапты ведомство бақыламайтыны, көрсе де үндемейтіні қызық. Бұл туралы ресми сауалымыздың жауабын күтейік.

Балауса Ділдәбек