Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 18 Қыркүйек 2024

Нұрбекке де қызық керек

Жұрынов, Саясат Нұрбек, Күрішбаев
Фото: Жас Алаш коллаж

Jas Alash-та Ұлттық ғылым академиясының жағдайы сөз болды. Қазіргі ҚР ҰҒА РҚҰ-ның басшысы Мұрат Жұрынов бір елде екі академия болмауы керегін, оған алыс-жақын шетелдің «күліп жатқанын» айтқан.

Ал Ақылбек Күрішбаев «саясаткерлер мен кәсіпкерлерден академик жасамаймыз» деп, бұрынғы академиктерді мойындамай отыр. Осы тақырып төңірегінде ҚР президенті жанындағы ҰҒА-дан ресми хат жолдағанбыз. Бағдарлама іспетті, ұзын-сонар жауап келіпті. Алты бетке жуық мәтін негізінен «заң бойынша», «заңға сәйкес» деген аргументтен тұрады. Соның ішінен нақты тұстарын ықшамдап ұсынайық. ҚР президентінің жанындағы ҰҒА Пәнаралық ғылым орталығының директоры Қуантар Дәуленұлы жауап берді:

Заңда басқа жолы көрсетілмеген

​«Елде ғылыми және аналитикалық зерттеулер жүргізетін, ғалымдарды біріктіретін бір мемлекеттік ғылым академиясы болуы керек. Осы мақсатта қазіргі президент жанындағы ҰҒА құрылды. Бірақ бұл басқа қоғамдық ғылыми академиялар болмауы қажет дегенді білдірмейді. Олардың да заңмен бекітілген құқығы бар. ҚР ҰҒА да – республикалық қоғамдық бірлестік. «Қоғамдық бiрлестiктер туралы» Заңның 4-бабына сәйкес мемлекет қоғамдық бірлестіктердің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етеді. Осыған сәйкес қоғамдық бірлестік басқа да ұйымдармен ынтымақтаса отырып, өз алдына тәуелсіз қызмет етеді».

​Ал «ескі» академия ҚР президенті мен премьер-министрінің шешімдері бойынша мемлекеттік статус сол кезде 75 жылдық мерейтойын тойлап жатқан бір ғана ҰҒА-ға берілді, ал «президент жанындағы» деген кейіннен өзгерген атау ғана деген пікірінен танбайды. «Переименовать» деген жаңадан академия ашу емес дейді олар. Президенттік академиядан келген жауапты жалғастырайық:

«Жақында өткен сайлауға келсек, ҰҒА өзінің толық мүшелерін Академия академиктерін сайлау қағидаларына сәйкес сайлады. Ол бойынша ғылым кандидаттарын сайлауға тыйым салынбаған. Дәл сол секілді, жақында қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңда ғылым докторы, кандидат және PhD дәрежелері арасында айырмашылық қарастырылмаған. Бұрынғы кеңестік жүйеде алдымен кандидаттық, содан кейін докторлық дәреже берілетін ресми иерархия болған. Қазіргі Қазақстан ғылымында ол жоқ. Тек біздің елде ғана емес, әлемнің дамыған елдерінің көпшілігінде осы жаңа жүйе қолданылады. Маңыздысы – дипломдағы дәреже емес, оны иеленушінің негізгі ғылыми тұжырымдамаларды терең түсінуі және өз саласындағы заманауи зерттеу әдістерін меңгеруі. Бұл – ғылыммен шынайы айналысып жүрген ғалымдардың конкурс арқылы іріктеуден өтіп, ҚР Президентінің жанындағы ҰҒА толық мүшесі бола алатынының маңызды дәлелі.

​Президент жанындағы ҰҒА-ның қоғамдық академияларға қарағанда айырмашылығы – бір кездері ғылыми дәрежесі болған, бірақ ғылымға қатысы жоқтар, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері мұнда мүше бола алмайды. Қолданыстағы заңға сүйенсек, академик атану тек конкурс негізінде, сайлау арқылы жүзеге асырылады. Заңда бұл атақты иеленудің басқа жолы көрсетілмеген. Әрі академияның нақты мүшелерінің саны көп болмайды да. Сайлау негізінде лайықтылар ғана таңдалуы керек. Олардың қатарын арттырып, санын өсірудің еш қажеті жоқ. Дәл солай, «бұрынғы» академиктер де конкурстан өтуі тиіс».

Ескі Қазақстан – ескі академия

​Демек, «жаңа» академияның позициясы айқын. ҰҒА «ескі» академияны республикалық қоғамдық бірлестік ретінде ғана қабылдайды және оның академиктерін мойындамайды, оларды тек іріктеу арқылы қабылдайды. «Заң солай» деп қана мәселені жылы жабуға тырысады. Десек те, заң тұрғысынан келгенде де күмәнді тұстар мен келіспеушіліктер баршылық. Оны «ескі» академия өкілдері ұдайы айтып жүр. «Өз кезінде конституцияға сай алған атағымызды ешкім тартып ала алмайды, қайта іріктеуге құқықтары жоқ», – дейді олар. Басқа да тұжырымдары мен пікірлері газетіміздің өткен сандарында жарияланды. Оған қатысты «жаңа» академия ғалымдары да өз ойларын білдіруде.

Мәселен, тарихшы, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясындағы жас ғалымдар кеңесінің мүшесі Алмас Жүнісбаев былай дейді:

​«Қос академия төңірегіндегі мәселенің пайда болуына бірнеше фактор әсер етіп отыр. Оның біріншісі әрі негізгісі – саяси себеп. «Ескі Қазақстан» мен «Жаңа Қазақстан» арасындағы күрес қалай жүріп жатса, екі академияның арасында да сондай тартыс орын алып отыр. Ашығын айту керек, ескі академия академиктердің жабық клубына айналып кеткен еді. Оның бұрынғы саяси режим мен сол режимнің идеологиясына қызмет еткені де құпия емес. Ал мүшелері ғылымға қосқан үлесі үшін емес, саяси беделінің арқасында атақ алды. Соның нәтижесінде «билік пен ғылымның» қисық симбиоз тандемі өмірге келді. Басқаша айтқанда, ғылым биліктің қолбаласына айналып, тәуелсіз, еркін ой айтудан, пікір білдіруден қалды. Нәтижесінде, қазақ қоғамын дүр сілкіндірген төтенше жағдайлар мен табиғи апаттардан соң қазақ ғылымының халық алдындағы абыройына нұқсан келді. Сол кезде академиктер қауымы да, ескі академия да, оның басшылығы да үнсіз қалды.

​Енді жаңа академия құрылып отыр. Аталған қос ұйым екі түрлі саяси жүйеде өмірге келген екі ғылыми жүйенің туындысы. Екеуінің саяси платформасы да, ғылыми парадигмасы да екі түрлі. Олардың болмысы да, миссиясы да, қозғаушы күштері де, жүретін жолы мен бағыты да бөлек.
​Келесі үлкен мәселе, «ескі академиктер» тарихи сабақтастық пен легитимдікке баса мән беріп отыр. Бірақ кезінде Ұлттық ғылым академиясын мемлекеттік мәртебесінен айырып, тәуелсіз қоғамдық бірлестікке айналдыру туралы бастаманы көтерген де, қол қойып келіскен де өздері екенін ұмытпауымыз керек. Осы қадамнан соң ҰҒА мемлекеттік деген статустан ғана емес, ғылыми-зерттеу институттарынан да, мықты материалдық-техникалық базадан да, технопарктен де, тіпті ғимаратынан да айырылды. Шын мәнінде, ҰҒА қоғамдық бірлестік болғалы Қаныш Сәтбаев салдырып кеткен ғимаратта қонақ қана. Одан бөлек, ҰҒА бүкіл тарихы сақтаулы тұрған ғылыми архивінен де, ғылыми кітапханасынан да айырылып қалды. Алайда соларды сақтап қалуға тырысып, қайтарып алуға ұмтылған академияны байқамадық.

​ҰҒА-ға 2011 жылы күшіне енген «Ғылым туралы заң» бойынша көптеген артықшылық пен басымдық берілді. Соның ішінде Ұлттық баяндаманы жасау да бар. Бірақ бұл есеп жыл сайын ғалымдар тарапынан қатаң сынға ұшырап, ғылыми сараптамасы да, болжамы да жоқ екені айтылатын. Журналдарға қатысты да жиі дау болып тұратын. Осылай, өз беделін құртып алған академия қазір мемлекеттік статусын қайтарғысы келгенімен де ары қарай не істейтінін білмейді. Қалай өзгеретіні, не істейтіні туралы жоспары да, бағдарламасы да жоқ». ​

ҰҒА-ның мемлекет қарауынан кетуіне өзі бастамашы болғаны туралы басқа ғалымдар да айтып жүр. Осы тұстың ақ-қарасын ажыратып алайық деп, ҚР ҰҒА РҚҰ-ның басшысы Мұрат Жұрыновпен сөйлестік.

«Жағдайды толық түсінбегендер неше түрліні айта береді. Ол кезде институттар министрлікке қарайтын. Академия да ғылым комитетіне бағынышты кішкене ғана ғылыми мекеме ретінде жұмыс істеп жатты. 2003 жылы Назарбаевтан алып қойған институттарды қайтаруын сұрадық. Себебі академия институтсыз ғылымды алға тарта алмайды. Бірақ өзгеріс бола қоймады. Осыған қарсы болып шығып кеттік. Ал Тоқаев осы қателікті түзеп, мемлекеттік статус берді, президенттік академия жасады. Бұл комитеттен де, министрліктен де жоғары. Бәрі реттелгенде қолынан келмейтіндер, сайлануға қорқатындар «біз басқа академиямыз» деп отыр», – дейді М. Жұрынов.

​Жалпы, жас ғалымдардың көпшілігі, ҰҒА-дағы ескілік пен таптаурынның тепкісін көргендей әсер қалдырды. Әсіресе қаржыландыру конкурстарының әділетсіз нәтижесіне келіспеген жас ғалымдарға: «Елден кетсеңдер кете беріңдер! Сендердің орындарыңа басқа, дарынды, дұрыс жастарды табамыз!» деген академия президентінің атақты репликасы әлі де ұмытыла қоймапты. Оған қоса, жастарды қолдаудың орнына «ірі» адамдарды жинауға көбірек бейімділігі де академияны «сүйкімсіз» ете түскен. Алайда бұл оқиғалар академияның екіге бөлінуіне әсер етпеуі керек еді...

​«Академияны ескі немесе жаңа деп бөлуде мән жоқ. Бүгінде бір ғана мемлекеттік ҰҒА бар. Ол – Қазақ КСР ғылым академиясының мұрагері. Қазіргінің бәрі – заман талабына сай трансформацияның бір кезеңі ғана. Соңғы 20 жылда академик атағының девальвациясы көз ілестірмей келеді. Оның шыңырау шегі – өткен тамыздағы кооптация. Ал өткен 30 жылдықта бір кездері ғылыми прогресс ордасы болған ҰҒА «тарихи ескерткішке» айналды. Жас ғалымдар үшін бұл жер өткен ғасырдың бейнесі іспетті болды... Ал қазір өзгеріс орын алып жатыр. Десек те, трансформация ауыр жүруде. Бірақ бұл елдегі ғылымды жандандырудың жалғыз жолы», – дейді ғалым, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Мақсат Жабағин.

Ал екі академияның да академигі, жас ғалым Дөрбетхан Сұраған бұл мекемелердің арасында ынтымақтастық орнату керек деп есептейді:

«Ғылымның соңғы отызжылдықтағы ауыртпашылығын, жүріп өткен жолын түйсінуге тиіспіз. Бүгінге дейін ҰҒА тарихи рөл атқарды, ол ары қарай да тек ғылым үшін емес, қоғам үшін де маңызды болып қала береді. Сондықтан да ғылымда қарқынды жұмыс істегіміз келсе, академияға сенім қалыптастырмасақ болмайды. Екі академияның арасынды ынтымақтастық орнату керек».

​Заң жүзінде жоғары ғылыми ұйым дәрежесін алып, құрылғалы таршылық көрмей келе жатқан президент жанындағы ҰҒА-ның қазіргі жарқын-жарқын дауысы мен жанып тұрған энтузиазмі қашанға дейін жететіні де қызық. Ескіден арылайық, «ғылымға жаны ашитын» академия құрып, ғылымды дамытайық деген «ұран» қаншалықты сенімсіз естілсе, осыдан он, жиырма жыл бұрынғы бюрократтардың сөзі де соншалықты әдемі болған. Ал «ескі» академия мен ондағы 200-ден астам академиктің тағдыры ешкімді алаңдатпайтын секілді. Жаңа академияның бұрын сайланған академиктерден неге жеріп отырғаны да түсініксіз. «Ескі» академия «жаңа» академияға қосылсақ дейді, ал жаңаакадемиялықтар бәрін сызып тастап, тарихты өзінен бастағысы келетіндей. Мейлі, екі тарап өзінікін айтып жатыр. Бірақ бәрінің басы-қасында жүруі тиіс министрліктің үнсіздігі таңғалдырады. Саясат Нұрбек басқаратын ведомствоға тиісті сауалдарды жолдағалы да көп болды. Десек те, жауап келер емес. Соған қарағанда олар да екі академия мен екі жүз академиктің ары қарай не істейтінін білмейтін секілді.

Баян Мұратбекқызы