Нұрбектің ақылы AQYL-ды қайталаудан аспай тұр
Биылдан бастап елімізде «Келешек» бағдарламасы іске қосылды. Балалардың оқуына ақша жинауға мүмкіндік беретін бұл бағдарламаны ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің насихаттағанына біраз болған.
Бағдарламаға қатысудың шарты өте қарапайым. Шот ашасыз. Ол есепшотқа мемлекеттен 240 мың теңге көлемінде алғашқы жарна төленеді. Ескеретіні, мұндай мүмкіндік тек бес жасында шоттары ашылған балаларға қарастырылған. Ал жасы бестен асып кеткен балаңызға шот ашсаңыз ондай жарнаны мемлекет бермейді. Тек бес жастағы балаларға ғана мемлекеттен бір реттік жарна төленеді. Одан әрі қарай шоттағы ақшаны дөңгелетіп көбейту ата-ананың міндеті. Ол үшін әр ата-ана есепшотқа жыл сайын 95 мың теңге немесе ай сайын 8 мың теңге қаражат аударып отыруы керек. Сөйтіп баланың 5 жасынан бастап қаражат жинасаңыз, бала 18 жасқа толғанша 7,5 млн теңге жинап қоюға мүмкіндік бар. «Бұл баланың болашақта жоғары білім алуына кепілдік болады» деп бағалайды министрдің өзі.
Бізде «Келешекке» дейін де балалардың оқу-біліміне қатысты жинақтау жүйесі болды. Бұл тұрғыда үкімет 2013 жылы AQYL мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесін қолданысқа енгізген. Бұл жоба аясында бастапқыда екінші деңгейлі банктер арқылы ғана депозит ашуға рұқсат берілген. Ал былтырдан бері Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Отбасы банк арқылы да AQYL білім беру жинақтау депозитін ашуға рұқсат берді. AQYL-дың банктер ұсынатын сыйақы мөлшерлемесі 3 жылдық депозитке жылына 12 пайыз, 5 жылдық депозитке – жылдық сыйақы 9,5 пайызды құрайды. Бұл депозиттік жинақтау бойынша берілетін жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы әлеуметтік осал топтар үшін 7 пайыз, ал қалған санаттар үшін 5 пайыз.
AQYL жинақтау депозиті білім және ғылым министрлігін Аслан Сәрінжіпов басқарып тұрған кезде қолданысқа енді. Аталмыш бағдарлама алғаш қолданысқа енгенде білім министрлігі бұл білім алуға қаражат жинақтауға көмектесетін бірегей жоба дегенді насихаттады.
Айырмашылығы жоқ бағдарламалардың көбейгенінен не пайда?
Қаржыгер Дәурен Арынның ойынша, AQYL жинақтау жүйесінің тиімділігі төмен болған. Себебі бұл жинақтау жүйесі бойынша берілетін мемлекеттік сыйақы өте төмен болды. Банктердегі депозиттердің жылдық сыйақысы 14,5 пайыз болса, AQYL депозиті бойынша мемлекеттен берілетін сыйақы 5-7 пайызды ғана құрады. Ал банктердің беретін жылдық сыйақысы 12-9,5 пайыз ғана.
«AQYL депозиті бойынша 12 жыл уақыт ішінде салымшылар ең көп дегенде 2,5 млн теңге ғана жинаған. Бұл, әрине, мардымсыз қаражат. Енді тура осы жинақтау тәсілінен еш айырмашылығы жоқ «Келешек» бағдарламасы қолданысқа енді. «Келешектің» де мемлекеттік сыйақысы 5-7 пайызды құрайды. Шарттары AQYL депозитімен бірдей. Жалғыз айырмашылығы 5 жасқа дейін балаларға 240 мың теңге көлемінде жарнаны мемлекет аударып береді. Одан өзге айырмашылық көріп отырғанымыз жоқ. Сонда мұндай бір-біріне ұқсас бағдарламаларды қолданысқа енгізе беру қаншалықты қажет?!
Жалпы, біркелкі депозиттік жинақ арқылы халықтың салымы өспейді. Біздегі депозиттер халыққа тиімді емес. Жылына қосылатын сыйақы да, мемлекеттік сыйақы да өте мардымсыз. Сондықтан бізге таяу болашақта балаға инвестиция салуға қатысты үлкен-үлкен жаңалықтар енгізу керек. Мысалы, Қытайда балаға инвестиция салуға үкімет пен қоса ұлттық компаниялар да жәрдемдеседі. Қазір Қытайда 100 мыңнан астам мемлекеттік компаниялар бар десек, сол компаниялар тапқан табысының 25 пайызын ел балаларына жәрдемақы ретінде қазынаға аударып отырады. Бұл біздегі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының құрамына енетін квазимемлекеттік компанияларға үлгі болуы тиіс. Ал қарапайым халық «Келешекке» сеніп 5 жастан бастап ақша жинаса, 13 жылда 7,5 млн теңге жинай алады екен. Бұл 7,5 млн теңгені оқуға жеткізеді дегенге өз басым сенбеймін. Тіпті білім және жоғары ғылым министрлігіндегі шенеуніктер «оқуға пайдаланбаса үй алуға жұмсауға болады» дегенді айтады. Бастапқы жарнасын құйып ипотекаға рәсімдеп, қарызданбаса, қарызданбай үй сатып алуға 7,5 млн теңге жетпейді. Тіпті бұл сомаға 20 шаршы метр тұратын үй де келмейді», – дейді қаржыгер.
Біз сұрастыра келе AQYL депозитіне 2014 жылдан бері қаражат жинап келген алматылық тұрғын Жазира Қамбарованы таптық. Кейіпкеріміз 2014 жылдың 2 ақпанынан бастап аталмыш депозитке жылына 42 мың теңгеден сала бастаған. Оған жыл сайын 2 100 теңге мемлекеттік сыйақы қосылады және жылына 3 780 теңге банктің беретін сыйақысы қосылады екен. Сонда ол 10 жылдың ішінде 478 мың теңгедей қаражат жинаған.
«Бір жылда бір мәрте 42 мың теңге депозитке салып қоятынмын. Былтырдан бастап тоқтаттым. Жылына бір рет қана салатындықтан жиналған қаражат мардымсыз. Ал оны қазір шешіп алайын десең, бала 18 жасқа толғанға дейін алуға болмайды. Енді 7 жыл жатуы керек. 10 жылдың ішінде 500 мың теңгеге жетпейтін қаражат жинадым. Өйткені мен жылына 42 мың теңге ғана салып отырмын. Әрине, көп жинайтындар ұтатын шығар. Бірақ мемлекеттік, банктік сыйақыны қосқанда 18 жылда 1 миллионға жетпейтін қаражат жиналса мұндай салымның пайдасы аз екенін байқадым. «Келешек» бағдарламасы жайлы естімедім. Былтырдан бері Ұлттық қордан 100 доллар аударылып жатыр ғой. Кейін уақыты келгенде сол қаражатты осы AQUL депозитіне аударып алуға болатынын білдім. Солай істеймін деп отырмын. Бірақ меніңше, біз сияқты қарапайым халық мемлекетке сенбей, баласын оқытуға өзі қам жасауы тиіс. Біз қанша жыл тірнектеп жинаған қаражатымыз бірнеше жылдан соң құнсызданып қалатынын көріп отырмыз», –дейді алматылық тұрғын.
Былтырдан бері президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылған. Бұл бағдарлама бойынша үкімет Ұлттық қорға түскен инвестициялық табыстың есебінен елдегі әр балаға жыл сайын 100 доллар аударып отырады. Кейіпкеріміз «Келешекті» осы қаржымен біріктіру мүмкіндігін қарастырғанын айтып отыр. Бұл да жаңалық емес, бұл мүмкіндік AQYL-да да қарастырылған. Сонда айырмашылығы жоққа тән екі бағдарлама не үшін керек?
«Келешектің» ақшасы неге жетеді?
Ал 7,5 млн теңгенің құнсыздануына келетін болсақ, бұл қаржы қазірдің өзінде мардымды сома емес. «Аналитик» талдау және сараптау орталығының маманы, әлеуметтанушы Меруерт Молдабаеваның пікіріне сүйенсек, елдегі ең қымбат оқу орны ретінде Назарбаев университетін атауға болады. Ол жақта тіпті гуманитарлық мамандық алу үшін жыл сайын 7,5 млн теңге төлеу керек болады. Инженерлік немесе IT мамандығы бойынша оқу ақысы жылына 9 млн теңге. Оқу ақысы бойынша екінші орынды КИМЭП университеті иеленген. Университетте кредиттік жүйе бар, ал төлемнің жалпы сомасы жыл ішінде жабылған академиялық кредиттің санына байланысты. Төрт жылдағы барлық міндетті пәндерді есепке алғанда студент 16,4 млн теңге, бір жыл үшін шамамен 4,1 млн теңге төлеуі керек. ҚБТУ да ең қымбат университеттердің үштігіне енген. Мұнда бакалавриаттың барлық кезеңіне оқу ақысы 9,6 млн теңге, бір жылға – 2,4 млн теңге. Қарастырылған 15 жоғары оқу орнының ең көп тараған жылдық оқу ақысы 1 млн теңгені құрайды. Техникалық және IT мамандықтарының оқу ақысы гуманитарлық ғылымдарға қарағанда қымбатырақ.
«Қазір өңірлік университеттердің де көпшілігінің ақылы оқу бағасы өскен. Облыс орталықтарындағы педагогикалық мамандықтар мен әлеуметтік ғылымдар бойынша 550-600 мың теңге, инженерлік мамандықтар мен IT бағыттары үшін 730-760 мың теңге аралығында ауытқиды. Білім және жоғары ғылым министрлігі университеттердің академиялық және басқарушылық еркіндікке ие екенін, оқу ақысын өздері белгілейтінін және жыл сайын инфляция шегінде бағаларды өздері реттейтінін түсіндіреді. Жалпы көрсеткішпен айтсақ, 2023 жылмен салыстырғанда былтыр елдегі оқу ақысы 15 пайызға артқан. Министрлік жылдар өткен сайын оқу ақысы өсетінін біледі. Соған қарамастан, халыққа есепшот ашқызып, оқуға қаражат жинатып, үміттендіреді. Әрине, мемлекеттік білім беруде жинақтау жүйесі болуы керек. Бірақ біздегі тәрізді емес. Біздің шенеуніктердің ұсынып отырған тәсілі ең «минималды» әдіс.
Бізде жапондардың «Бала капиталына» ұқсас бағдарлама жоқ. Алысқа бармай-ақ көрші Ресейдің «Ана капиталынан» үлгі алмаймыз. Ресейде қазір екінші баланы өмірге әкелген аналардың бір реттік «Ана капиталы» 480 241 рубль болды. Теңгемен есептегенде 2 млн 471 мың теңгеден асады. Ал бізде екінші, үшінші баланы өмірге әкелген анаға берілетін бір реттік төлем 149 мың теңгені құрайды. Ресейде үшінші баланы әкелген аналарға тегін 10 сотық жер беру мәселесі қарастырылып жатыр. Жапония өткен жазда ғана «Бала капиталы» бағдарламасына өзгеріс енгізді. Бұл бағдарлама бойынша жапон үкіметі бала туғаннан 18 жасқа толғанға дейін баланың шотына ай сайын 100 мың иен немесе шамамен 640 доллар мөлшерінде қаражат аударып отырады. Ал өзім тәжірибеден өткен Германияның Гессен қаласында үш баласы бар отбасына әр балаға жәрдемақыдан бөлек жеңілдіктер картасы беріледі. Ол карта арқылы ана мен бала қоғамдық көлікте тегін жүреді. Бір қаладан екінші қалаға баратын көліктерге 50 пайыздық жеңілдікпен билет алу, коммуналдық төлемдерге 50 пайыздық жеңілдіктерге қол жеткізеді. Өзімізді өркениетті елдердің қатарынан көргіміз келсе, бала капиталын біз де жетілдіруіміз керек. Мемлекеттік жинақтау бағдарламасын тетікке қосқаннан кейін ол бағдарлама халықтың игілігіне жұмыс істеуі тиіс. Есепшот ашып оған там-тұмдап қаражат аударып, артынан ол шотқа елдің өзіне ақша аударту, халықтың өз бидайын өзіне қуырып берумен тең», – дейді әлеуметтанушы.
Бұдан бөлек, «Келешек» бағдарламасын іске қосудың артында оқу орындарына мемлекет тарапынан берілетін гранттар санын азайту саясаты да тұруы әбден мүмкін.
«Қазіргі кезде Қазақстанның демографиялық өсімі артып келеді. Бұған қоса елге көшіп келетіндер бар. Мұндай үрдістің барлығы бюджеттің шығынын арттырады. Елдегі балалардың түгелін тегін оқу грантымен қамтамасыз ету мүмкін емес. Ал «Келешек» арқылы әрбір ата-ана өз баласының оқуына ақша жинай бастайды. Бюджет қаржысы да үнемделеді. Осылайша, министрліктің 2037 жылдан бастап гранттарды бөлу тәжірибесінен бас тартып, қаражат үнемдеуге көшу ойы бар», – дейді М.Молдабаева.
Бұған қатысты министрліктің те пікірін білгіміз келген. Бұл ретте министрлік өкілдері 2037 жылдан бастап гранттар тоқтамайтынын, бірақ грант саны азаюы мүмкін екенін айтып, қысқа қайырды. Еске салсақ, бұған қатысты министр Саясат Нұрбектің өзі де «2037 жылға қарай гранттар саны өзгереді немесе азаюы мүмкін» екенін айтқан.
Қалай болғанда да, Саясат Нұрбектің AQYL-дан түк шықпағанын көре тұра соның тонын айналдырып қайта тықпалап жатқаны «қарап отырмай қалғып отырайын» дегеннің кері сияқты.
Ә. Қайырбек