Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:03, 10 Қазан 2023

Нұрбектің балаларында бар, ғалымдарда жоқ. Ол не?

білім
Фото: Жас алаш

Өткен аптада ғылым және жоғары білім министрлігіне қатысты екі жаңалық болды. Екеуі де қоғамның наразылығын тудырды. Министр Саясат Нұрбек оның біріне қатысты үн қатса, екіншісін елеусіз қалдырды.

Бәрін Түймебаев бүлдірді

Жазушы, қазақ әдебиетінде детектив жанрының негізін қалаушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына орай ҚазҰУ-да қаламгердің атындағы аудиториясы ашылды. Оған бұрынғы, қазіргі шенеуніктер, бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты. Аудиторияның ашылуының басы-қасында ҚазҰУ-дың ректоры Жансейіт Түймебаев жүрді. Жай жүрген жоқ, журналистің микрофонына жабысамын деп даудың астында қалды. Осыдан соң білім ордасында қысым күшейген. Университеттің күзетшісі мен оқытушы қысымға ұшырап жатқаны туралы ақпарат тарады. Дастан Қастай жұмыстан шығарылғалы жатқанын айтып, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға ашық хат жазды.

Қастайдың айтуынша, шараға БАҚ өкілдерін шақырған деп өзінен күдіктенген болуы мүмкін. Жығылған үстіне жұдырық дегендей, бұл ректордың атына тағы да түрлі сынның айтылуына себеп болды. Қоғам дүрлігіп, түрлі пікір жазыла бастағаннан кейін ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек тез арада бұл мәселеге үн қатты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басшылығымен тікелей байланысқанын, ұстаздарды жұмыстан шығару немесе қудалау фактілері болмауы керегі бойынша кеңес бергенін айта келіп, оқытушының орнында қалатынын, оған өзінің ерекше қуанатынын айтты.

«Қазіргі уақытта Дастан Қастай бауырымыздың жұмыстан шығарылғаны туралы бұйрық жоқ екендігін және журналистика факультетіндегі қызметін жалғастыра беретіндігін баршаңызға қуанышпен жеткіземін», – деп жазды министр.

Бірақ бұл расында Нұрбек үшін қуанатын жағдай ма еді? Өзі басқарып отырған министрлік аясында мұндай шетін әңгіменің шығуының өзі үлкен проблеманың бар екенін білдіреді. Әлде, кезінде облыс басқарған, министр, елші болған Түймебаев жас министрді тыңдамай, әупірімдеп көндіріп, соған қуанып кетті ме екен деген де ой келеді. Саясат Нұрбек жылдам жауап беріп, мәселені бірден «шешіп» тастаған соң, оның атына жылы сөздер айтып, алғыс жаудырғандар көрініп қалып жатты. Бірақ...

Университеттегі оқытушының жұмыстан шығып немесе жұмысқа алынуы министр айналысатын іс пе еді?

Бұлай дейтініміз, дәл осы күні ғылым және жоғары білім министрінің айналысатын ісі, шешетін проблемасы бұл емес еді. Дәл осы уақытта әлеуметтік желіде Айтуған Сәбитов дейтін азамат ғылым және жоғары білім министрлігінен ғалымдардың сөз бостандығын шектейтін ұсыныс түсіп жатқанын хабарлады. Оның дәлелі ретінде бір беттен асатын ұсыныстың суретін де жариялады. Көп өтпей автор аталмыш мәліметтерді белгісіз себептермен өшіріп тастады. Біз Айтуған Сәбитовтің өзімен сөйлесіп, себебін сұрағанымызда, қазір уақыты жоғын айтып, сауалымызды жауапсыз қалдырды.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің қызметкерлеріне арнап жазылған ұсыныста тарихи оқиғаларға, мысалы, отаршылдыққа, 1920-30 жылдардағы аштық, репрессия, қазір қоғам арасында даулы болып тұрған мәселелерге (хиджаб) қатысты материалдар жазбау, БАҚ өкілдеріне сұхбат бермеу айтылған. Егер министрлік қызметкерлері қандай да бір ғылыми жұмыс жазатын болса басшылықпен келіспей жариялауға болмайтыны, сұхбат берген жағдайда мәтінді мұқият тексеріп алу керегі тапсырылған.

Нұсқаулықтың жыры жас оқытушы ісінен асып түспесе кем болған жоқ. Ғылыми қауымдастық болып, сөз бостандығын талап етейік дегендер де табылды. Желіде бір күннен артық талқыланса да, «оперативті» министр бұған қатысты түсініктеме берген жоқ, үнсіз қалды. Түймебаевтың әуресімен жүріп, көрмей қалған шығар, көрсе де жас оқытушының тағдырына алаңдаймын деп жүріп ұмытып кеткен болар деп, министрлікке арнайы хабарластық. Сауалымызға да жауап беретін министрдің өзіне тартқан бір «оперативті» маман табылар дегенбіз, әр жерге сілтеген министрлік соңын сиырқұйымшақтандырып жіберді. Түрлі нөмір береді, хабарлассаң басқа нөмір болып шығады. Біраз сарсаңға түскенімізбен, ақыры құмға сіңген судай ізім-ғайым жоғалды. Әрине, барлық қызметкерлеріне тікелей рұқсатымен ғана БАҚ бетіне шығуды тапсырып жүрген министрлік дәл осы мәселеге қатысты сұрақ қойып отырған журналиске барлық «картасын» ашып тастамайтынын о баста білгенбіз, ең болмаса әдеттегідей жаттанды жауап беруге шамалары келмегені қызық.

Былтыр ғана президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «мемлекет ашық ақпараттық алаңын құруға айрықша көңіл бөлетінін» айтқанын, «демократиялық қайта құру – тәуелсіз және жауапты БАҚ-тарсыз мүмкін емес» деп, тағы бір нақтылағанын ол кезде депутат болып жүрген Нұрбектің естімей қалуы тағы мүмкін емес. Министр болған соң, былтыр күзде ғана Astana Media Week-2022-ге қатысып, білікті журналист дайындауға көмектесіңіздер деп, отандық журналистерден көмек сұрағанын да ұмыта қойған жоқпыз. Президент Тоқаев айтқандай, «бұғып-қашып жұмыс істейтін шенеуніктердің» орнын босатуы керек екенін Нұрбектің есіне тағы бір салып қою үшін аздап шегініс жасап жатырмыз.

Айтпақшы, Қазақстан Республикасы конституциясында азаматтардың әр алуан пікіріне кепілдік беріледі. 10-бапта «Республика азаматының сөз, сенім бостандығына және оларды еркін білдіруге құқы бар» деп жазылған. Бұл сөзімізді белгілі саясаттанушы Дос Көшім де қуаттайды.

«Министрлік тарапынан, я болмаса басқа жақтан жеке адамның, ғалымның ойын айтуға, пікірін жазуға тыйым сала алмайды. Биліктің саяси жағынан ұсыныс беруі – Совет заманынан келе жатқан әдіс. Қазір ұсыныс қаталдау шығар. «Айтпаңдар, айтсаңдар жауапкершілікті өздерің көтересіңдер» деп отырған да болуы мүмкін. Бірақ бұл жерде қандай жауапкершілік екенін түсінбей отырмын. Әйтпесе, адам күнделікті өзекті мәселелерге байланысты көзқарасын, аштық және репрессия жайлы пікірін жазуды кім тоқтата алады? Мен саған бір дерек айтайын, осы қырғыздар 1916 жылғы көтерілісті мемлекет деңгейіндегі ұлт-азаттық көтеріліс ретінде құжат дайындап, өткізгісі келді. Жеке парламентте қарады, айғай-шу болды. Дәл сол кезде Ресей нота жолдады. Көптеген адам мұның Ресейге қатысы қанша, Ресей патшалығы жауап береді ғой деген сияқты айтты. Менің пайымымша, министрлік осыдан сақтанып отырған болуы керек. Бірақ бұл үлкен қателік. Себебі неге тыйым салсаңыз, міндетті түрде сол мәселе көтеріледі», – дейді Дос Көшім.

Елімізде 650 миллиард теңге ғылымды қай жағынан дамытуға бөлінді?

Қазақстанда ғылым саласы тұралап тұр деп дабыл қағып келе жатқанымызға бірнеше жыл болды. Оған бөлінетін қаржы да көңіл көншітерлік емес. Ғылымға келген жастар 1-2 жыл өткесін басқа салаға ауысады. Биыл елімізде 626 мың студент оқыса, оның 1 пайызға да жетпейтіні жас ғалымдар. Қазақстаннан қолдау таппаған олар басқа елдерге кетіп жатыр.

Министр Саясат Нұрбектің өзі де ғалымдардың шетел асып жатқанын айтқан. «Өкінішке қарай, ғылым саласында проблема көп. Отыз жылда қаржыландыру, кадрлардың кетіп қалу мәселелері болды. Бір ғана факті келтірейін, 1991 жылы бізде тіркелген 52 мың ғылыми зерттеу қызметкері болса, 2000 жылы 12 мыңы ғана қалды. 35 мыңнан астам адам сол тоқсаныншы жылдары қиын жағдайларда нарыққа кетті, басқа салаларға ауысты», деген еді.

2022 жылдың статистикасы бойынша елімізде 22 мың ғалым бар екен. Бірақ олар қартайып бара жатыр, ғалымдарымыздың орташа жасы алпысты алқымдаған. Еліміздегі ЖІӨ-нің 1 пайызын ғылымға бөлу мәселесі де қарастырылған. Бұл дегеніңіз – 1,2 триллион теңге. 2023 жылғы Астанада өткен Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы жөніндегі II конференцияның ашылуында Саясат Нұрбек «алдағы үш жылда ғылымға бөлінетін ақша 650 миллиард теңге болады, бұл тәуелсіздік алғалы 30 жылда болмаған қаржы» деп айды аспанға бір-ақ шығарды.

Осы орайда ғылыми қызметкерлердің сөз бостандығы, құқығы шектеліп отырған уақытта 1,5 миллиард доллар қай мақсатта бөлініп отыр деген сұрақ туады. Ғылым және жоғары білім министрінің еліміздегі ғылымның болашағына сенбейтіні туралы күмән тудырған кезі де болған. Осы қызметке тағайындалған кезде балалары Кипрде оқитын министр оларды Қазақстандағы қарапайым мектепке ауыстыратынын, арнайы фото есеп беретінін айтып, тілшілерге уәде де берген. Бірақ кейіннен «шетелде оқу – балаларының таңдауы» деп журналистерді «лақтырып» кетті.

Иә, Нұрбектің балаларында таңдау бар, ал оның министрлігіне қатысы бар ғалымдар сұхбат беру үшін де одан рұқсат сұрауға тиіс.

Тұрсынбек Башар