Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:25, 18 Қаңтар 2024

Нұрбектің грантты қарызға өсіру саясаты

грант
Фото: из открытых источников

Мемлекет жылдан жылға білім беру гранттарын арттырып келеді. Соңғы жылдары ол грантты өтеу керек, ақтау керек, 3 жыл «отработка» жасау керек екені де жиі айтылып жүр. Еске сала кетейік, 2016 жылы Білім туралы заңға өзгеріс енгізіліп, мемлекеттік грантпен білім алған студенттер өз мамандығы бойынша мемлекеттік ұйымдарда кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттелді. Сөйтіп, 2017-2018 академиялық оқу жылынан бастап мемлекеттік тапсырыс есебінен оқуға түскен барлық студент берешегі барлар қатарына қосылды. Оның ішіне бакалавриат, магистратура, PhD докторантура, «Серпін» бағдарламасы мен ауылдық квота арқылы грантта оқыған барлық жастар кіреді.

Бакалаврдан соң магистратура, докторантураға оқуға түскендер, жүкті немесе 3 жасқа дейінгі баласы, 1, 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар грантты өтемейді. Әрі жұбайы тұратын, жұмыс істейтін елді мекенде мамандығы бойынша жұмыс таппағандар да жауапкершіліктен босатылады. Ал грант өтеуден себепсіз бас тартқан, жұмыс таппаған жас мамандар оқу шығындарын қайтарады, яғни бір пәсте 2-3 миллион қарызға батады.

Сол кездегі білім және ғылым министрлігі грант өтеуді міндеттеудегі мақсат кадр тапшылығын шешу деп түсіндірді. Себебі белгілі, грантпен оқып жатқандардың басым бөлігі дипломмен жұмыс істемейді. Бұл орайда әр университет өзінде білім алған түлектерге Жұмыспен қамту орталығы арқылы вакансиялар ұсынуы тиіс. ЖОО-дағы арнайы комиссия алдын ала жолдамалар дайындап, түлектерге таныстырады. Ал жас мамандар оқу бітірген жылы 1 қыркүйектен бастап жұмыс істеуі керек. Жұмыспен қамтылғандарды тіркеп, есеп жасау процесі қыркүйек, қазан айларына дейін жалғасатын көрінеді. Бірақ бәрі айтылғандай тез, оңай емес. Жыл сайын оқуын аяқтап, диплом алатын мамандардың қатары артып жатыр. Ал оның бәріне бірдей жұмыс табу – еңбек нарығы көтермейтін қиял. Оның үстіне әр адамның жағдайы мен жеке жоспары әртүрлі. Осының әсерінен кейбір грант иегерлері «отработкадан» айналып өтудің амалын тапқан. Олар 3-курсқа дейін грантпен тегін оқып, 4-курста ақылы бөлімге ауысатынды шығарған. Мұндайға жол бермеу үшін жаңа норма да енгізілген еді. Нәтижесінде, грантты өтеудің өлшеулі мерзімі нақты оқу жылына сәйкестендірілді. Яғни студент грант бойынша бір-екі жыл оқып, содан кейін ақылы формаға ауысса да тегін оқыған жылдары үшін жұмыс істеуге тиіс. Керісінше, ақылы түрде оқып жүріп, босаған грантқа конкурс арқылы ауысқан кезде де осы норма қолданылады.

Бірақ кім не деп, қандай заң қабылдаса да мемлекеттік ұйымдардағы бос жұмыс орындарының жетіспеушілігі түлектердің жаппай жұмысқа орналасуына тосқауыл болып келеді. Осы мәселені шешу үшін 2021 жылы грантты жұмыспен өтеу талаптары біршама жеңілдетілді де. Министрлік бұйрығына сәйкес, мемлекеттік тапсырыспен оқыған түлектер мемлекеттік қана емес, жекеменшік мекемелерде де жұмыс істеп, грантын өтей алады. Сонда да шешіліп кеткен ештеңе жоқ секілді. Бұл туралы С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың 4 курс студенті Гүлдана Сыздықова (аты-жөні өзгертілді) былай дейді:

«Бізге 1 наурызға дейін жұмыс орнынан «сені жұмысқа аламын» деген кепілхат әкеліңдер деді. Біз қалай жұмыс табамыз? Әлі диплом алған жоқпыз. Әрі жұмыс тәжірибесі жоқ жас медицина маманына, фармацевтер мен технологтарға жұмыс табу оңай іс емес. Мейлі мемлекеттік, мейлі жекеменшік орын болса да... Мәселен, пандемиядан соң фармацевтикалық өндіріс технологиясы мамандығы бойынша гранттардың саны бірден артып кетті. Бірдей оқу бітіріп жатқан 400 студент қалай бір уақытта жұмыс табамыз? Біздің алдымызда осы мамандық бойынша 200-ге тарта, бізден соң 600 шақты студент оқыса, оның бәріне кім өндіріс орындарын дайындап қойыпты? Осыған бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Университет әкімшілігі тек өз басын, беретін есебін ойлайды. Ал студенттердің жағдайын түсінуге тырысып, бас қатырып жатқан ешкім жоқ».

Иә, ЖОО-лар жұмыспен қамтылу деңгейі жоғары деген атақ-абырой үшін осындай кепілхаттар сұратып, статистика жасауға ұмтылып жатады. Мәселенің мән-жайын анықтап, университеттерден қандай да бір міндетті есептер талап етіле ме, жоқ па, білу үшін ғылым және жоғары білім министрлігіне хабарластық. Бізге аты-жөнін айтудан бас тартқан жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің маманы: «ЖОО-лар «самостоятельно» жұмыс істейді, біз олардан ешқандай құжат талап етпейміз. Мониторингті қаржы орталығы жасайды», – деп шала-пұла жауап берді.

Ал «Қаржы орталығы» АҚ-ның маманы Димаш Сейсенқұлов: «Қаржы орталығы оқуды аяқтаған жас мамандардың жұмысқа орналасу деңгейі бойынша мониторинг жасап отырады. Негізгі жұмыспен әр ЖОО-ның өзінде құрылған комиссия айналысады. Ал алдын ала қандайда бір анықтама талап ету – заңсыз», – дейді. Бұл әрекеттің заңсыздығына көз жеткізген соң С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың оқу-ісі жөніндегі проректоры Жанна Калматаевамен сөйлестік. Оның сөзінше, университет ешқандай да анықтама талап етпейді екен. «Тек жұмысқа орналасқан соң анықтама сұратамыз. Ал жұмыс табылмаған жағдайда enbek.kz сайтына тіркелгеніне көз жеткізіп, бақылауда ұстаймыз», – дейді проректор. Студенттер болса: «Әкеле алмаған жағдайда, 1 наурызға дейін үлгере алмаған жағдайда, жұмыс табылмаған жағдайда» деген әңгіме мүлде болмады, кепілхат өткізуді талап етіп отыр дейді.

ЖОО-лардың осылайша қайта-қайта есеп сұрап, мемлекеттің грантты өте деп қыспаққа алуы тағы бір қитұрқылықтарға жол ашып беріп отыр. Мемлекеттік тапсырыспен жалпы білім беру грантын алғантағы бір студент Олжас Зейін (аты-жөні өзгертілді) айтады:

«Оқуды жаңа бітірген маман жұмыс істегісі келсе де, екі қолға бір күрек таппай сабылады. Себебі бос жұмыс орындары жетіспейді. Әрі мекемелер мен өндіріс орындарының барлығы дерлік еңбек өтілін талап етеді. Мұндай жағдайда жұмыс табу, тіпті қиын. Оның үстіне елімізде әлі күнге дейін білім мен білік емес, таныс-тамырлық басымдыққа ие. Ал «отработка» күтіп тұрмайды. Сондықтан мемлекетке миллиондап қарыз болмауды ойлаған бітіруші түлектердің басым бөлігі ағайын, туыс, таныс арқылы, тіпті болмағанда «рақметіне келісіп» ЖК, ЖШС-ларға жұмысқа орналасты деген құжат жасатып алады. Ал өзі қалтасынан зейнетақы қорына ақша аударып отырады».

Біз сөйлескен бірнеше студент мұндай жағдайлардың расымен көп екенін айтып, растап отыр. Қалай да болса жыл сайын университет бітіріп жатқан мыңдаған студенттің бәрі диплом ала салып, 2-3 айда мамандықпен жұмыс тауып кетеді дегенге сенудің өзі – ақымақтық. Осылай жалғаса берсе, жоғары білімді азаматтары көп, жұмыссыздары жоқ ел болып шыға келеміз. Әрине, тек статистикада. Ал шын мәнінде жұмыссыздар табысым бар деп, өз қалтасынан зейнетақы қорына ақша аударып отыра береді. Себебі «отработканың» әуресі осыған мәжбүрлеп отыр. Ең қызығы – грант жылдан жылға артып жатыр. Экс премьер-министр Асқар Мамин 2021 жылы «2025 жылға қарай мемлекеттік білім гранттарының саны 50 пайызға артады» деген еді. Дәл осы сандарды былтыр мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова да айтқан. Саясат Нұрбек болса, келер оқу жылында грантты 95 мыңға жеткіземін деп алақанын ысқылап отыр. Ал осы грантты иеленгендердің бәрі қарызын өтеу үшін қайдан жұмыс табатынын әлі ешкім айтпады. Бұған Саясат Нұрбек те түк алаңдамайтын сияқты.

 

      Баян Мұратбекқызы