Нұрбектің жазбаша жұмысы: ғылымға бөлінген гранттың есебі
Жақында Антикор 2016 жылдан бері 32 млрд теңге бөлінген 145 ғылыми жобаның 130-ы тиімсіз екенін мәлімдеді.
Былтыр сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ғылымды қаржыландыру саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сырттай талдау жүргізген. Нәтижесінде, жобалардың 90 пайызы өзі белгілеген мақсатқа жете алмағаны анықталды. Оған қоса, іріктеу комиссиясының жұмысы мен конкурстық комиссияның құрамына, зерттеу қорытындыларының тексерісіне қатысты да тәуекелдер расталған. «Мұның бәрі бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына әкелді» делінген Антикордың ресми баяндамасында.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі нақты есімдер мен жылдарды атамайды, детальдарды да ұсынбаған. Тек жобаны іріктеу кезінде де, конкурс кезінде де белгілі бір тұлғаларға «жағдай жасалғанын», ашықтық деңгейінің төмен екенін айтады. Мысалы, арнайы тізімде тұрған 13,5 мың сарапшының 10 мыңға жуығы мүлде сараптама жүргізбеген. Ал бағалауда манипуляцияға жол беріліп, «қажетті адамдарға қажетті бағалар» қойылған. Соның әсерінен небәрі 30 зерттеуге 11,5 миллиард теңге бөлініп, баз біреулердің мүддесіне жұмыс істепті. Бұл туралы Антикордан бұрын мәжілісте айтылған еді. Наурызда депутат Еділ Жаңбыршин миллиардтап грант алатын, бірақ жұмысын ешкім көрмейтін ғалымдар туралы сөз қозғады. «Соңғы 10 жылда Әдікенов – 1,4 млрд, Мансұров – 930 млн, Раманқұлов – 1,1 млрд, Рамазанов – 1,6 млрд теңге көлеміндегі грант алған. Бұл ғалымдар қандай нәтижелер көрсетті? Олардың коммерцияландыру бойынша жетістіктері бар ма? Қанша жаңа жұмыс орны ашылды және мемлекеттік бюджетке қанша салық түсті?» – деп сұраған. Ал Саясат Нұрбек бұл жөнінде жазбаша жауап беретінін айтып, грант алу талаптарын қатаңдату керек екенін мойындаған. Министр Антикордың уәжімен де келіскен секілді. Әйтеуір, олардың берген ұсыныстары бойынша өзгерістер енгізуді бастап кетіпті.
Ал жобалардың нәтижесіздігіне келсек, бұл жобаға қойылатын талаптар мен критерийлерден басталатын мәселе. Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама кезінде зерттеу жоспарының инновациялылығы, сапасы мен іске асырылуы, ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық жобалардың, бағдарламалардың нәтижесін болжау, нәтиженің маңыздылығы мен қолданысы, қажетті қаржының негіздемесі сынды аспектілер ескеріледі. Соның өзінде жобалардың бәрі дерлік сәтсіз болып шыққанын ескерсек, қойылған талаптарға да, оның орындалуын қадағалаған сарапшыларға да күмән туады. Осы олқылықты түзету үшін «Ғылым және технологиялық саясат» заң жобасында қарастырылған «Технологияның дайындық» пунктін енгізу жоспарланып отырған көрінеді. Ол туралы Ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатов хабарлаған. Осы өзгеріс зерттеулердің мақсаттары мен міндеттерін анықтауда тиімді болады-мыс.
Бірақ заңнамалық өзгерістер көп нәрсеге ықпал ете қоймайтын секілді. Өйткені осыған дейінгі жұмыс та бір кездері қабылданған ережелер негізінде жасалды. Ал нәтижелері жоғарыдағыдай. Антикор бұл туралы: «Зерттеулердің 70 пайызы мақалалар, кітаптар жазумен аяқталды, жобалардың көп бөлігі практикалық тұрғыда актуалды емес. Атап айтқанда, Ақпараттық және есептеу технологиялары институты биогаз және биотыңайтқыштар өндіретін жабдықтарды әзірлеуге 290 млн теңге жұмсаған. Ал нарықтағы дайын аналогтар бұдан ондаған есе арзан тұрады. Белгілі бір бизнеске арналған жобалар да тиімділік көрсетпеген», – дейді.
Келесі мәселе, осы критерийлердің сақталуын қадағалауға тиіс сарапшыларда. Бұл мәселе жөнінде математик ғалым, Математика және математикалық модельдеу институтының директоры Махмұд Садыбеков былай дейді:
«Көбіне Антикордың айтқаны талас тудырмайды. Бірақ осыдан бірнеше жыл бұрынғы, кеткен министрдің кезіндегі мәселелер неге дәл қазір қаралып жатыр? Сол жағы қызық... Әрі мәлімдемеде нақты деректер аз, бәрі жалпылама. Ақыры жариялаған соң детальды түрде, ашық айтылуы керек еді. Кім, қашан, қалай деген сұрақтардың жауабы болуы қажет қой. Иә, шын мәнінде 2017-2018 жылдарда комиссия құрамына байланысты шу шыққан. Сонда ұлттық ғылыми кеңес құрамындағы 25 адамның тек 8-і ғана ғалым екені анықталды. Бұл үлкен қателік екені айтпаса да белгілі. Ғалымдардан басқасы немесе көпшілігі онда тек ақша табу жүйесі ретінде қарады. Ал негізінен ғылыми жұмысқа грант беруде ғалымдар көбірек тыңдалуы тиіс. Қазір болса, көп нәрсе өзгерді, құрам жақсарды. Алайда жұмыс болған соң арасында қателіктер де кетіп жатады. Әсіресе сарапшыларға қатысты өзгерістер орын алғаны дұрыс. Мәселен, жобаны бірінші кезеңде қарайтын сарапшылар сол профильді тым құрыса жартылай түсіне алуы керек. Сонда ғана олар жобаның мақсаты мен талаптарға сай немесе сай еместігін талдай алады.
Қазіргі таңда іріктеуге екі шетелдік, бір қазақстандық сарапшы қатысады. Олардың әрбірі максималды 9 балл арқылы бағалайды. Алайда ең жоғары 36 балдан қанша жинасаң да, саған кімнің қанша қойғаны туралы айтылмайды. Осы тұсты өзгерту керек деп есептеймін. Себебі жеке факторларға байланысты баға қолдан көтерілуі немесе төмендетілуі ықтимал. Ал қатысушы оған конструктивті жауап талап ете де алмайды. Одан бөлек, жобаңның кемшілігі мен жетілдіретін тұстарын, сарапшылардың дәл қай тұсқа келіспегенін де білмейсің. Сондықтан да болашақта қатысушыны комиссиямен тікелей таныстырмаса да, оның ғылыми жолы мен зерттеулерінің негізгі тезистерін таныстырған дұрыс. Мұндай жағдайда ғалым өз профилін бағалаған сарапшы сол салада қаншалықты білікті, объективті екені туралы түсіне алады. Іске келгенде бұл министрлік үшін бір ғана бұйрық шығару, ал ғалымдар үшін бүкіл жұмысы мен оның кемшілігіне, бағалауына қатысты сұрақтардың жауабы...
Және қазақстандық сарапшылардың бір жобаны қарағанына небәрі 8 мың теңгедей төленеді. Бұл өте аз. Осы соманы көтерсе, сарапшы болуға келісетіндер немесе ұмтылатындар көбейеді деп болжауға әбден болады. Бір сарапшы бір конкурс кезінде тек 2-3 жоба қарай алады деген лимит қойып жұмыс істесе нәтижелі болар еді. Шетелдік сарапшылардың болуы да әбден орынды. Себебі олар ғылымды объективті бағалайды. Жалпы алғанда, ғылымға деген негізгі бағытымыз дұрысталды, енді оны өз деңгейінде ұйымдастыру мен алып шығу қалды».
Сарапшылар мен талаптар бір жақты болған күннің өзінде Қазақстандағы ғылым мен өндірістің сабақтасуы қиын. Себебі өндіріс пен ғылым бір-бірінен алшақтап кеткен дейді ғалым, химия ғылымының докторы Жексен Тоқтарбай.
«Бүгінде жағдай бұрынғыдан жақсарды. Мысалы, конкурстық жобалар жылда өтеді. Оны әдетте үш жылға аласың. Грантты бес жылға беру керек деген жиі айтылады, бірақ әлі іске аспай жатыр. Ал қаржыландыру деңгейі туралы кесіп айту қиын. Өйткені әр жобаның мақсаты мен құрылымына, бағытына байланысты оның қажет ететін ресурсы да әртүрлі. Белгіленген сома біреулерге жетуі мүмкін, ал біреулерге аздық етеді. Әсіресе ғылыми техникалар алған кезде шығын сан қилы.
Бүгінгі жағдай туралы айтар болсақ, жоба қаңтарда-ақ берілуі тиіс еді. Алайда енді ғана келіп жатыр. Қарап отырсақ, күз де таяу. Енді сәлден соң жаңа жыл жақындайды, есептер сұрала бастайды. Яғни грант алған ғалымдар алған ақшасын толық игеріп, бір жылдың «планын» екі-үш айда орындауға мәжбүр. Негізінен, бұл мүмкін емес. Маман қатты қаласа да, қанша тырысса да, шетелден тапсырыс берген құрылғылары келіп үлгермейді. Бірақ жылдық есепте ақша игерілмей тұрса не қаржыландыруды қысқартып тастайды, не мүлде бермей қояды. Сол үшін кейде грант алғандар керегі бар, керек емесі бар, әртүрлі нәрсені алып тастайды. Бұдан бөлек, бір жылдың бюджетін сол мерзім ішінде жұмсау міндеттелген. Саған қымбаттау құрылғы қажет болса да, екі жылдың бюджетін қосып ала алмайсың. Мұндай жағдайда зерттеу деген жайына қалады. Осы мәселені реттеу қажет.
Ал талап етілетін нәтижеге келер болсақ, Қазақстанда ғылым мен өндірістің арасы алшақтап кеткен. Өндіріс алдыға жылжып кетті, ғылым соған ілесе алмай әлек. Оған қоса, отандық өндірісіміздің өзі де анау айқандай дамымаған, көп зат шетелден келеді. Демек, Қазақстандағы ғылым әлемдегі өндірістен кенже қалып қойған. Оған ілесу үшін уақыт керек. Соңғы бесжылдықта жағдай едәуір жақсарып қалды. Осылай жалғаса берсе, өндіріс пен ғылым ұштасатын кезге де жетеміз. Алайда бір нәрсені есте ұстайық, әрбір ғылымнан өндірістік нәтиже талап ете алмаймыз», – дейді ғалым.
Бұл пікірге есімін атамауды сұраған тағы бір жас ғалым қосылды.
«Біздегі ғылымнан бірнәрсе алуға әлі ерте. Қазақстан қазір ғылымды сақтап қалуға, ұстап қалуға ғана күш салып жатыр. Тіпті ғылым дамыған, үрдістер қалыптасқан Еуропа мен АҚШ-тың өзінде ғылым жеке компаниялармен бәсекеге түсе алмайды. Себебі әркім өзіне керек нәрсеге арнап зертхана ашып, ең мықты мамандарды жинап, команда жасақтап, өндіріске бағытталған ғылым жасайды. Ал елдегі ғылым қоғам үшін. Мысалы, жақында ғана олимпиада өтті. Салыстырар болсақ, оларға қыруар қаржы бөлінеді, бірақ экономикаға ешқандай пайдасы жоқ. Жай ғана мақтан. Ал ғылым қоғамның интеллектуалды потенциалын арттырады, дамытады, сүйрейді. Сол себептен де ғылымнан нәтиже сұрауға асықпаған жөн.
Ал гранттарға келер болсақ, бұл салада бәрі таза, бәрі әділетті деп айтуға ешкімнің аузы бармайтын шығар... Нәтижеден де бұрын, осы конкурсты объективті және өз деңгейінде өткізуді үрйенгеніміз абзал», – дейді ол.
Ғылымға бөлінетін қаржыны ЖІӨ-нің бір пайызына жеткізу керек деп жүрміз. Алайда бар ресурстың өзін жүйелік қателіктер кесірінен дұрыс пайдалана алмай келеміз. Гранттар нәтижесіз, сарапшылар әлсіз... Ал министр бұл мәселе сөз болғанда тосылып қалады да, жазбаша жауап берейінші деп құтылады...
Баян Мұратбекқызы