Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:20

Нұрдәулет Ақыш: Қаламгерлердің қай-қайсысы да өз көзімен көрген шындықты жазды

Н. Ақыш
Фото: ашық дереккөз

Соғыс оты бұрқ еткенде майдан даласына мың сан жауынгерлермен бірге ақын-жазушылар да аттанды. Олар іргеден ентелеп кірген жаудан Отанын қорғау үшін қаламдарын суық қаруға айырбастауға мәжбүр болды. Сұрапыл соғыста біразының жанын оқ жалмады. Біразы жаралы жанын сүйреп оралды. Ең үлкен жара олардың жүрегіне түскен-ді.

 Сондықтан да соғыстың қанды тарихын қалам ұшынан жүрек қанындай тамшылатып жазды. Әрине, Совет өкіметінің қатаң цензурасы соғыс туралы шығармаларды бұтарлап, қидалап, сүзгіден өткізіп, «тәртіпке салып» отырды. Сонда да олардың шығармаларынан ып-ыстық жүректің лүпілі, жанының қиналысы, соғыстың зардабы анық сезіліп тұрды. Біз бүгін М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақышпен сұхбаттасып, майдангер қаламгерлердің шығармашылығы, олардың басты ерекшелігі, қазіргі салмағы туралы әңгіме өрбіттік. 

Нұрдәулет аға, майдангер қаламгерлердің шығармашылығын қалай бағалайсыз, олардың қандай ортақ және өзгешеліктері бар?

–Белгілі қаламгерлеріміздің біразы майдан газеттерінде тілшілік қызмет атқарған. Атап айтқанда, олардың қатарында Әбу Сәрсенбаев, Сағынғали Сейітов, Жұбан Молдағалиев және басқалары болды. Олардың қаламынан туған өлеңдердің көпшілігі соғыс шындығын өз қалпында бейнелейді. Мысалы, Әбу Сәрсенбаев:

Жаралы алыптай теңселуде бүгін,

Бауырдай жыртылып Украина қыры, –

деп оқтан шұрқ-тесік болған соғыс даласын жырға қосса, енді бірде:

Бүлдіршіндей арулар, балғын бөбек,

Жазықсыз өр кеудесін оққа төсеп,

Шомылып дариядай жатыр қанға,

Туған жер топырағын етіп төсек, –

деп соғыс қырғынын сол қалпында суреттейді. Ә.Сәрсенбаевтың «Батырлардың ізімен», «Офицер күнделігі», «Жауынгер монологы» атты топтамаларына кірген әңгімелері мен новеллалары деректіліктен алыс емес.

Сырбай Мәуленов
Сырбай Мәуленов

Жалпы соғысқа қатысқан қаламгерлердің баршасы дерлік, өзі көрген соғыс шындығын сол қалпында беруге тырысқан. Жұмағали Саинның өлеңдерінде Айдар өзені, ал Сырбай Мәуленов жырларында Волхов өзені көркем кеңістік ретінде қайталанып көрініп отырады. Өйткені олар – осы ақындардың соғысқан аймақтарындағы нақты өзендер.

Олар майдан шындығын, адам тағдырын қаншалықты ашып көрсете алды, бұл тұрғыда кімдердің, қандай шығармасын атауға болады?

–Майдангер қаламгерлердің қай-қайсысы да өз көзімен көрген шындықты жазуды мақсат етіп отырған. Оларда ойдан шығарудан гөрі деректілік басым.

Соғыс даласын өз көзімен көріп, қан кешіп жүрген Д.Әбілев соғысты:

Түскенде снарядтар үстен қырқып,

Тас біткен шыңғырынып аспанға ыршып.

Бауырдай отқа күйген жер бырысып,

Өксиді өзен суы қыздай сыңсып, –

деп әсерлі бейнелейді. Мұнда образ басым болғанымен, бәрібір ақын болған шындықтан алыстай алмаған.

Соғыс шындығын еш қоспасыз нақты бейнелеген қаламгерлердің қатарында алдымен аталатын жазушыларымыздың бірі – атақты Бауыржан Момышұлы. Оның «Бір түннің тарихы», «Артымызда – Москва» және басқа да прозалық туындыларындағы оқиғалар осы пікірдің айқын мысалы. Оның «Адам қайраты» әңгімесіндегі Әкімгерей – есімі сол қалпы алынған болмыс-бітімімен есте қалар кейіпкер. Оны Әкімгерей атының Андрей болып жазылып кетуінен сол уақыттардағы шовинистік пиғылдың әсері болғандығы көрініп тұр. Уақыт шындығын осылайша көрсете отырып, адамның жан дүниесіне терең үңілу Б.Момышұлы стиліне тән.

Бұндай психологиялық талдау жазушының «Жонарқа» әңгімесінен де айқын көрінеді. Сырт келбеті ұнасымды капитанды барлауға барып, мәлімет алып келуге жұмсағанда: «Ол шығып бара жатқанда менің көзім оның иығы мен жон арқасына түсті. Оның иығы қомданып, жоны томпайып кетіпті» дейді жазушы. Бұл оған ұнамайды да, барлауға басқа адамды, оның орнына орынбасары Молярчукті (аға лейтенант) жібереді. Өйткені сол жонарқа арқылы командир ол адамның қорқып тұрғанын біліп қояды. Ал жазушының «Москва үшін шайқас» романы түгелімен деректі десе де болады. Ойдан шығару керектігін автор ойына да алмаған.

Осы мысалдардан шығатын қорытынды – авторлардың басым бөлігі соғыс қайғысын өз деңгейінде баяндап бере алған. Соғыс қиындықтарын да жасырып қалмаған деп білеміз. Тек идеологиялық тұрғыдан айтуға болмағаны – сол баяғы орыс шовинизміне тән көріністер, армиядағы ұлттық кемсітушіліктер. Өйткені бірен-сараны болмаса, қаламгерлердің көпшілігі ондайды ашық айта алмаған.

Кемел Тоқаев
Кемел Тоқаев

– Сол бірен-сараннан, яғни астарлап болса да «тыйым салынған» тақырыпты шығармасына сыналап кіргізе алған қаламгерлерден мысал келтіре аласыз ба?

– Есімі бүкіл оқырманға мәшһүр Кемел Тоқаев – детектив жанрын қылмыскерді іздеу тақырыбымен ғана шектеп қалмай, оның аясын да кеңейте түсуді көздеген қаламгер. Оған дәлел – жазушының «Солдат соғысқа кетті» романының тақырыбы мен ондағы оқиғалар тізбегі. Өзі де соғысқа қатысқан майдангер жазушы бұл шығармасында Ұлы Отан соғысын кезіндегі Кеңес жауынгерлерінің ерлік істерін суреттеуді мақсат етеді.

Қарапайым әскерилер мен командирлердің ерлік қимылдарын шиыршық атқан оқиғалар арқылы көрсету барысында соғыс шындығынан алшақ кетпеген сыңайлы. Өйткені кейбір бояуы қалың туындылардағыдай кейіпкер адам сенбес ерлік жасап жатпайды немесе өне бойы кеңестік идеологиямен суарылған мінсіз жауынгер болып көрінбейді. Майдан рухын аңғартатын ситуациялар мен оқиғалардың дамуы табиғи.

Сонымен бірге оқиғаны ширықтыруға қызмет ететін сипаттар да кезігеді. Былайша айтқанда, бестселлерлік үлгілер айқын. Автор мұнымен де шектеліп қалмай, шығарманың идеялық астарына соғыс жағдайындағы әділетсіздік көріністерін, ұлтаралық түсініспеушілік сияқты шетін мәселелерді де кіргізіп отырады. Мұның өзі осы тақырыпта қалам тартқан кейбір әріптестері тәрізді кеңес жауынгерінің, кеңес адамдарының мінсіз бейнесін жасауға ұмтылмайды, жалаң интернационализмді насихаттаудан аулақ.

Мысалы, Власов сияқты кеудемсоқ, мақтаншақ жауынгердің Мейірманов деген қазақтың атып түсірген самолетін өзіне жазып алуға тырысуы, кейбір офицерлердің ұлты орыс емес жауынгерлерге күдікпен, астамшылықпен қарауы сияқты детальдар оқиғаны жалаң қоюлату үшін емес, сол замандағы өмір шындығынан алынған деуге болады.

Қасым Аманжолов
Қасым Аманжоловтың отбасымен түскен суреті

Қазір Совет өкіметі тұсында жазылған шығармаларды «идеологияның жемісі» дейтіндер бар, бұл туралы не айтасыз?

– Идеологияның жемісі дегенге келетін болсақ, Кеңес дәуіріндегі әдебиет пен көркемөнердің бәрі идеологиялық талаптарға сай болуы тиіс еді. Бұл – қалыптасып кеткен саяси ұстаным. Бір жағы идеологиясыздықтан гөрі сол дұрыс та сияқты. Өйткені идеологиясыз қоғам хаосқа, анархияға апарып ұрындыратынын өмірдің өзі дәлелдеуде. Ол замандардағы коммунистік идеяның басты принциптері – Кеңес мемлекетінің ең жақсы ел екендігі, кеңестік патриотизм, коммунистік идеяның озықтығы, халықтар достығы, мызғымас бірлік, адал еңбек, ғылым мен білім, отаншылдық, алаяқтықпен күрес, діннен аулақ болу, және т.б. Сондықтан соғыс тақырыбына жазылған шығармаларда сатқындардың, қорқақтардың, діншілдердің, алаяқтардың образдары жоққа тән.

Қалған принциптер бүгінгі демократиялық талаптардан алыс емес. Мысалы, Қасым Аманжоловтың «Төлеутайға», «Ғабдолға», «Үстімде сұр шинелім», т.б. өлеңдерінің мазмұны қаны тамған шындықтан тұрады деп айта аламыз. Ақын жауынгерлердің ерлік әрекеттерін суреттей отырып, соғыстың қиындығын да, қорқынышты екендігін де жасырмайды. Басқа да кейіпкерлері «Ажалды астына басып, басқа тепкілеген» Мартбек («Мартбек»), әскери адам бойындағы жылы сезім үлгісін танытатын подполковник Әлпин («Подполковник Әлпинге»), Берлиннің тар көшесінде фашистерді «жөнге салып» жүрген Жылқыайдар («Жылқыайдар») тәрізді нақты адамдар.

Қасымның «Ақын өлімі туралы аңыз» (1943) атты поэмасы көркемдігінің жоғары болуымен ерекше. Поэма соғыстың қызу кезінде қазақ ақыны Абдолла Жұмағалиев бастан кешкен бір ерлік оқиғаға негізделіп жазылған. 1942–1943 жылы жан алысып, жан беріскен ауыр шайқас кезінде бір үйге бекініп, қатты қарсылық көрсеткен жауынгер ақын қоршауда қалады. Фашистер үйді өртейді. Ақтық оғы таусылған Абдолла ешқандай берілуді ойына да алмастан, өрт ішінде қаза табады.

Абдолла шайқасқан бөлімнің командирі В.Григорьев: «Жау қоршауында жалғыз қалып, арыстандай алысқан айбатты ақынның ерлігі бізге батырлықтың асқар шыңындай сезіледі. Ол жан алқымға келгенде, соңғы гранатасын немістерге лақтырды да, ақтық оғы қалғанша автоматты жау өңменінен айырмады» деп жазған екен. Демек, Қасымның бұл поэмасының мазмұны да қаны тамған шындықтан тұрады.

Ақын Жұмағали Саинның «Партизандар», «Жаралы партизан жырлары», «Айтылмай кеткен аманат» өлеңдері ақын суреттеп отырған өмірдің әртүрлі шындығын тануға көмектеседі.

Академик С.Қирабаев: «Бұлар – әскери лириканың үздік үлгілері. Әсіресе «Есімде Айдар өзені» атты өлеңде Айдар өзені бойындағы ұрыс пен неше түрлі сезім арпалыстарын басынан кешкен солдаттың бүкіл жан дүниесі түгел көрінеді. Жауынгерлердің жеңімпаз қуаты, жараланғандар мен қаза тапқандар жайы, Отан тәуелсіздігін қорғаған солдаттың ыза-намысы, халықтар достығы – бәрі де өлең рухына сыйғызылып берілген» деп жазған болатын.

Бауыржан Момышұлы

Тағы қандай ақын-жазушыларды айрықша атап айтар едіңіз?

– Ұлы Отан соғысының басынан-аяғына дейін майдан шебінде болған Сағынғали Сейітов шығармалары қырқыншы жылдың қанды оқиғаларын нақты суреттейді. Ақынның өлеңдерінің біразы майдандас жолдастарының бейнелерін сомдауға арналған. Мысалы, «Тұлғаңа тозаң жолатпан», «Сөнбейді жалын лаулаған», «Сапер», «Ловать», «Түйелі қазақ», «Қолбасшының ескерткіші», «Қысылшаңда», «Олжадай өрт ішінен алып қайттым», «Танк», «Беларуссия», «Бауырластар бейітінде», «Қыз ажалы», «Байланысшы», «Барлаушы», «Окопта», «Шегінбе», «Майдан блокнотынан», «Соғыстың соқтықпалы соқпағымен», т.б. өлеңдерінің кейіпкерлері – Б.Момышұлы, А.Жұмағалиев және басқалары.

«Қанатты қыз» жау шебін 300 рет бомбалаған Хиуаз Доспанованың ерлігі туралы. Екі аяғынан бірдей жараланған ұшқыштың соңғы ұшу сапарын суреттеуі әсерлі.

Майдангер жазушылардың шығармаларына тән ерекшелік – олардың мемуарлығында болса, партизан жазушы Қасым Қайсенов шығармаларынан да осыны байқауға болады.

Қасым Қайсеновтің «Жас партизандар» (1954), «Илько Витряк» (1955), «Перяслав партизандары» (1956), «Ажал аузынан» (1959), «Жау тылындағы бала» (1960), «Днепрде» (1960), «Жау тылында» (1977), «Партизан соқпақтары» (1978) атты кітаптарындағы оқиғалардың бәрі өмір шындығынан алынған. Сюжеттердің барлығы дерлік бірінші жақтан баяндалып отырады.

Сондай-ақ Ә.Нұршайықовтың оқырмандар назарын аударған көрнекті шығармасының қатарында «Ақиқат пен аңыз» атты роман-диалогын айтуға болады. Шығарманың бас кейіпкері – қазақтың атақты батыр ұлы, жазушы Бауыржан Момышұлы.

Романның бір эпизоды мынандай. Неміс фашистері өздерінің бар күш-қуатымен Москваға төніп келіп, кескілескен қатты ұрыстар болып жатқан уақытта Қызыл Армияның орталық командованиесінен ұлты орыс емес командирлерді шұғыл Москваға шақыртқан бұйрық келіп түседі. Бұның өзі – осынау сын сағатта орыстан басқа ұлттарға сенімсіздік көрсеткендей әсер ететін, шешілуі қиын жағдай. Майдан шебінде тұрған Дарно селосына жиналған командирлер бұл пәрменнің мәнісіне түсіне алмай, дағдарысып қалады. Міне, осындай шиеленіскен ауыр ахуалды ыдырату үшін бұл іске бел шешіп кіріскен белсенділердің ең басында Бауыржан Момышұлы тұрады. Ол Москвадағы орталық штабта отырғандармен тікелей сөйлесіп, соғыс қызып жатқан және астанаға қауіп төніп тұрған осынау қысылшаң шақта мұндай мәселенің көтерілуінің өзі мүлде орынсыз екендігін дәлелдейді. Осынау пікірлер жекпе-жегінде Бауыржан өзінің тек қолма-қол ұрыста ғана емес, сөзбен тайталасуға тура келетін шешуші сәттерде де батыр екендігін көрсетеді. Шені жоғары командирлермен келіссөзге барып, сын сағатта ұлттық тұрғыдан жікке бөлудің кері әсері бар екенін тайсалмай дәлелдеп шығуы Бауыржан батырдың тағы бір қырын, ойының ұшқырлығын, өжеттігін ашады.

Сіздің ойыңызша, майдангер қаламгерлердің шығармалары қалай оқытылуы тиіс, одан басты не үйренеміз? Қазіргі оқырманға не береді?

– Көркемдік шындықпен бірге тарихи шындыққа да сай болуы тиіс екендігін қадағалап отыру керек. Бүгінгі таңда Кеңес дәуірінде айтылмаған жекелеген тарихи фактілер мен деректер ашылып, анық айтылуда. Әсіресе соғыс кезіндегі стратегиялық қандай қателіктер болғаны жөнінде тың деректер келтірілуде. Бір сөзбен айтқанда, Кеңес командованиесі тарапынан кеткен кемшіліктерге көзжұмбайлықпен қарауды қою керек. Сонда оқу материалдарының да құны көтеріліп, шәкірттің де сенімі тиянақтала түспекші.

Сол жағын да ескеру керек. Оқулықтарды безендіру барысында да соны ескерген жөн.

Сұхбаттасқан

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ