Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Нұрдәулет Қилыбай. «ҮКІ»

Нұрдәулет Қилыбай
Фото: ашық дереккөз

Үкі – жапалақтәрізділер тұқымдасына жататын жыртқыш құс. Жанары қараңғыда оттай жанатындықтан, жемтігін түнде аулайды. Ал қазақ үкіні қасиетті құстардың санатына қосқан. 

Сондықтан да қауырсынын қастерлеп, нәрестенің бесігіне тағады. Білесіз, біздің кейіпкеріміз де – түнде тірлік жасаудан жалықпайтын кісі. Дегенмен «Нұрдәулет Қилыбай сырттағы баласына «қауырсынын» қимай жатыр екен» деген ақпарды естіген шығарсыз... 

«Ұяда не көрсең...»

Орнитология ғылымы үкі, жапалақ және байғызды жапалақтәрізділер тобына біріктіреді. Бұларға ортақ болмыс – бастары үлкен, көздері баданадай. Бірақ бадырайған көздің бәрі әдемі бола бермейтіні рас. Ұшқанда дыбыссыз қанат қағатын әрі жұптарын өмір бойы сақтайтын (бұған сәлден кейін тоқталамыз – ред) «жапалақтәрізділердің ішіндегі ең «сымбаттысы» – үкі» деген байлам қалыптасқан. Тегінде осы пікірдің жаны бар. Монтиып отырған түріне қарасаңыз, шынымен де сүп-сүйкімді. Домаланған көзі үрей шақырмайды, қайта өзіне жарасып, жағымды бейнесіне жарқыраған мән үстейді. Оның үстіне тышқан-пышқанға болмаса, адамға залалы жоқ. Осыдан кейін де шығар, қазекең балаларына Үкібай, Үкітай, Үкіжан сынды ат қойған. Демек Нұрдәулет Қилыбай біздің қисынымызға алғыс айтпаса да, өкпелемеуі керек.

Кейіпкеріміз 1978 жылы Бейнеуде өмірге келген. Теміржолшының отбасында туылған бала «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген мақалдың тегін еместігін дәлелдеді. Сонау 2000 жылдан бері қарай жиырма жыл бойы «Қазақстан темір жолының» түрлі бөлімдерінде басшылық қызмет атқарды. «Нұрдәулет Қилыбайды шойын жолдың тарсыл-гүрсілінен құтқарып алған Ералы Тоғжанов» деген бір пікір айтылады. Негізі жаны бар сөз. 2017 жылы Маңғыстау облысына әкім болған Тоғжанов бір жылдан кейін Қилыбайды қасына «тартып» алған. Тоғжанов Астанаға ауысып, орнына Серікбай Тұрмағамбетов келгенде де, Қилыбайды ешкім орнынан қозғаған жоқ. Қызығы, осы бір аздаған аралықта Маңғыстауға әкім шақ келмей кеткенін айта кеткеніміз орынды. Себебі Серікбай Тұрмағамбетовтен кейін Серікжан Сәттіғалиев, артынша Серікбай Тұрымов, одан кейін Нұрлан Ноғаев барды. Ал біздің кейіпкеріміз екі жыл әкімнің орынбасары, екі жыл Ақтау әкімі болды да, орынбасарлыққа қайтіп келді. Әрі орынбасар деген атына лайық екенін көрсетіп, Ноғаев Түркіменстанға елші болып кеткенде, босаған орынды «басып» қалды.

«Жалаңаш бидің» жарқылы

«Нұрдәулет Қилыбай Ақтауда не бітірді?» деп сұрасаңыз, екінің бірі ыржыңдап шыға келеді. Бірақ біз жұрт күлді екен деп, олармен қосыла күлгіміз жоқ. Шынтуайтына келсек, қаланы басқарып тұрғанда Қилыбай біраз шаруаның басын қайырған. Мысалы, спорт алаңдары мен саябақтар салынған. Көшелер жарықтандырылған. Бүліне бастаған тарихи ескерткіштер қалпына келтіріліп, кейбіреуі жаңадан бой көтерген. Егер кейіпкеріміз монтиғаннан монтиып отырған орнында отыра берсе, мұның бірі істелер ме еді? Әрине, істелмейді!

Дегенмен Қилыбай істеді делінген шаруаның бәрі бірдей халыққа қызмет көрсетіп жатқан жоқ. Керісінше, күлкі мен әжуаның тақырыбына айналды. Мәселен, әнеубір жылы Ақтау әкімі қала жұртына жарқыратып тұрып, «бекіре» мен «итбалық» жасап берген-ді. Онысы пенопласт пен монтажды көбіктен жасалған ба, әйтеуір, көп ұзамай солған сәбіздей бүрісіп қалған. Сөйтіп, екеуі де күресінге кетті. Естеріңізде болса, кезінде Бауыржан Байбек те Алматы жұртшылығына сабаннан «тиін» тұрғызып берген болатын. Жаңғақ құмар жануардың алға созылған «қолына» қарап, ел-жұрт «Байбектің «тиіні» тиын сұрап тұр» деп қыжыртты. Бір жақсысы, Қилыбайдың «бекіресі» мен «итбалығы» ешкімге «қол жайған» жоқ. Есесіне, «300 млн теңге күресінге кетті» деп журналистер шулады. Қилыбай «ол – демеушілердің ақшасы» деп ақталды. Әріптестеріміз қазбалап жүріп, Мемлекеттік сатып алу сайтында конкурс ұйымдастырылғанын анықтап, «Жекенің ақшасы қалайша тендерге қатысады?» деген орынды сауал қойды. Қысқасы, ырду-дырду. Айғай-шу...

Міне, осы кезде ақтаулықтардың ойына тағы бір қызық жайт оралған. Бұл – «Қилыбайдың қызғалдағы» аталатын «халықаралық әңгіме». 2021 жылы шағыл тасты қалада қызғалдақты алқап пайда болды. Алқап деген аты болмаса, әр жерге «қадалған» пластмасса гүлдер салақ әйелдің көктеген көрпесіндей тым жұпыны, тым күлкілі көрінген. Ел-жұрттың ішек-сілесі қатып жатқанда, африкалықтар орындаған бидің әйдік бейнетаспасы тарады. Бұл бейнеде бір топ «қара терілі» жігіт Нұрдәулет Қилыбайға алғыс айтып, «Желтые тюльпаны» әнінің ырғағымен билейді. Тіпті жартылай жалаңаш жігіттердің бірі Қилыбайдың суретін ұстап тұрып, «бетінен» сүйеді. 

Сүйсе сүйе берсін, қазір кімнің бетінен кім сүймей жатыр дейтін шығарсыз, бәлкім. Міне, кейіпкеріміз де дәл осылай ойлаған сияқты. Өйткені «беттен сүйген жері сәл ыңғайсыз екен» дегені болмаса, африкалық жігіттердің қағытпасына ашу шақырып, туламады. Есесіне, жасырын «беттен сүюдің» ақыры қандай тулауға ұласқанын бүкіл Қазақстан жұрты тегіс естіді.

«Үкі қылу» мен «Тоты қылудың» арасы

Аңдап қарасаңыз, кейіпкеріміздің «жасырын махаббаты» үкінің түндегі «жем басу» қабілетін еске салады. Бірақ дәл осы жерде өзгелер аса мән бермеген бір өзекті мәселе бар. Қилыбайдың хикаясы «мәслихат депутаттарын әкімдер таңдайды» дейтін алыпқашпа әңгімені қайтадан жұрт жадына салды. Дегенмен солай болған-болмағаны туралы кесіп айту қиын. Анығы, 1992 жылы өмірге келген Ынташ Наурызова өз уағында мәслихаттағы ең жас депутаттардың бірі еді. Бұл кісі президентке жазған хатында ұлының 2022 жылы туғанын айтқан. Демек, кейіпкеріміздің «жем басуы» 2021 жылға сәйкес келуі тиіс. Бірақ бұл кезде Нұрдәулет Қилыбай облыстың емес, Ақтаудың әкімі болғанын ескертейік. Ал Ынташтың депутат болғаны қай кез деп ойлайсыз? Тура осы жылы! 2021 жылдың 10 қаңтарында шыққан Маңғыстау облысы бойынша мәслихат депутаттығына кандидаттардың тізімінде Ынташ Наурызованың да есімі аталады...

Дегенмен мұны әншейін сәйкестік деп қабылдағанымыз дұрыс шығар. Алайда ешбір қисынға сәйкеспейтін мәселе – үкіге тән үнсіздік. Экс-депутат елге естіртіп, дау көтеріп жатса да, қазіргі әкім «бадырайған» күйі отырып алды. Осыны байқаған сарапшылар «әйелдікі – жала болуы мүмкін» деп тон пішкен. Осы пайым қоғамдық сипат алып бара жатқанда, генетикалық сараптаманың қорытындысы жарқ ете қалды ғой, ақыры. Соны негізге алған сот қыңырайған Қилыбайды Әміренің әкесі деп таныды да, бала 18-ге толғанша жалақысының 25 пайызын төлеп тұруға міндеттеді. Оны айтасыз, баланың құжатына әкімнің аты-жөні жазылды. Жоғарыдағы салыстырудың жөнімен айтсақ, Қилыбай қимай жүрген «қауырсынын» соттың күшімен беруге мәжбүр болды.

Былай қарасаңыз, талай бөріктінің басында кездесетін жағдай. Бірақ соны әркім әрқалай шешетін. Кейбіреулер аңдамай бала көтеріп, артынан «бәле шығарған» әйелдің иығына тон іліп, аузына ақша «тығады да», жасырын тоқал етеді. Яғни, өзінен кетпейтін, бірақ дау шығармайтын «тордағы тоты» қылып ұстайды. Енді біреулер «болар іс болды, бәйбіше» деп үйдегісін көндіреді де, түздегісін ағайын-туысқа көрсетіп, екінші әйел ретінде мойындатады. Мұндай еркектер екі әйелді де «үкідей үлпілдетіп» ұстайды.

Ал Нұрдәулет Қилыбайдың әрекеті осының біріне де ұқсамады. Ұқсағаныңыз былай тұрсын, бұл кісі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында, «Жылтырағанның бәрі алтын емес, әлеуметтік желіде жазылғанның бәрі шындық емес» деген-ді. Ақырында не болды? Жазылған дүние шындық болып шықты. Ал Ынташ алтын болмаса, білдей әкімнің «бәлелі жерге бармағын тығып» несі бар? Міне, кейіпкеріміздің не адамгершілікті ту қылып ұстайтын адамға, не жұбын мәңгілік сақтайтын үкіге ұқсамай қалған бір кезі осы болса керек.

«Түн патшасы»

Кейіпкерімізге «Үкі» деген айдар тағуымызға жалғыз Ынташқа қатысты «ықыласы» ғана себепкер емес. Күні кеше Ақтау тұрғындарын құзғын сәріге дейін қабылдаған Маңғыстау облысының әкімі желіде хит болды. Ондағы бейнежазбаға қарасаңыз, әкімдіктің фоесінде әкімді ортаға алып, қауқылдасып тұрған бір топ адамды байқайсыз. Олардың бірі «Ауырмаңыз, сау болыңыз» деп алғыс айтады. Ал Әкім не дейді? Былай дейді: «Так, жігіттер, сағат таңғы 7:15. Рақмет, енді үйлеріңізге барып, демалыңыздар». 

Енді бұдан не түсінуге болады? Түсіну үшін түбіне үңіліп, астар іздеудің қажеті жоқ. Кабинетінің алдындағы қара-құрым адамды жұма күні кешкісін қабылдай бастаған кейіпкеріміз сенбінің таңы атқанша тапжылмаған. Мұнысы дұрыс. Елдің мұңын естігісі келген әкім әйелінің қасында бүк түсіп жатпауы керек. Дегенмен Қилыбайдың дәл осы әрекеті өзге шенеуніктердің «ішін қыздыратыны» анық. Солардың шығарып жүргені ме, әлде Маңғыстауда да Қилыбайға қырын қарайтындар көп пе, әйтеуір, «Түн патшасы» Ынташқа ыждағаты кеміген соң, түнімен кісі қабылдамағанда қайтеді?» деген әңгіме шығарды. Құдайшылығын айтсақ, бұлары қате. Себебі кейіпкеріміздің қара түнде тұрғындарды тыңдауы алғаш рет емес. 2024 жылы да дәл осылай жұмыс істеп, түнгі 3-ке дейін көпшіліктің мәселесін қараған. Демек әкім «жем басуын» доғарғанда, не істерін білмей, халықпен кездесіп, дем басып жүр» дегендер қателеседі. Ал егер Нұрдәулет Қилыбайдың күндізден гөрі түнде шабыты оянады десеңіз, оған енді келісуге болатын шығар.

Казино мен қонақүй

Дегенмен мәселе халықты тыңдағанда емес, проблеманы шешкенде ғой. Әркімнің жеке шаруасын қайдам, аймақта бүкіл Қазақстанға белгілі күрделі түйткілдер бар. Ақтау жұрты өмірі ауыз суға жарымай келеді. Техникалық су тапшылығы да шешілмеген. Өңірдің экологиялық проблемасы – өндіршекке тақалған қанжармен бірдей. Көлік-логистикалық инфрақұрылым нашар, теміржол бағыттары шектеулі...

Енді осы мәселелерді шешіп, аймақтың тамырына қан жүгіртуді ойлағанда, әркім әртүрлі қиялға ерік береді. Өйткені кез келген шаруа қаржысыз шешілмейді. Ілгеріде Серікбай Тұрымов Бозжыраға қонақүй салып, шетелдік туристерді «қойша шуатып» әкелмек болған. Бірақ Тұрымовтың жобасын қолдағандар болғанымен, қарсылық танытқандар да аз болған жоқ. Ал Нұрдәулет Қилыбай Ақтаудан казино салып, еріккен шетелдіктердің «қалтасын қаққысы» келеді. Бұл ұсынысқа да өре түрегелгендер көп. Олар 362 әулие шыққан киелі мекеннен казино ашуға қарсы. Ал кейіпкеріміз «Ақтаудағы ойынхана тек туристерге арналады, Қазақстан азаматтарына кіруге тыйым салынады» дейді. Қара халықтың бұған сенгісі жоқ.

Ал шындығында, бұған сенбейтін несі бар? Басқасы-басқа, дәл осы Нұрдәулет Қилыбайдың отандық ойынқұмарларды бақылауға әбден шамасы жетер еді. Түнгі 3-те – бір, таңғы 5-те – бір тексеріп тұрса, казиноға қуыстан кіріп кеткен қазақстандықтарды құлағынан сүйреп шығарына күмән жоқ. Осыны кейіпкеріміздің өзі де сезетін сияқты. Өйткені Тұрымовтың «тұмсығын тасқа соққан» жоба Қилыбайдың оң жамбасына келді. Биыл сәуірде құрылысы басталған нысан «қонақүй» емес, «Бозжыра» визит-орталығы» деп аталады. Онда 17 глэмпинг павильоны, этно-кафе және 50 қонақүй бөлмесі болады. Демек мемлекет басшысының Маңғыстауда туризмді дамыту тапсырмасын орындаған әкім «Бозжыраны бүлдіреді» деп дауласқандардың «аузын аңқайтып», қонақүйді визит-орталыққа «орап» ұсынды да, дегеніне жетті. 

Егер осы қарқынмен қимылдай берсе, казиноны да бір жағына шығарары даусыз. Міне, осы жерде кейіпкеріміздің Ulysmedia.kz порталына берген бір сұхбаты есімізге түсіп отыр. Онда әкім: «Өзімнің айналамда жүрген жастарға, өмірде тапқан іні-қарындастарға айтатыным: «Біз әлі кімнің кім екенін көрсетеміз» деп айтамын ғой. Біз әлі кімнің кім екенін көрсетеміз» деген-ді. Соған қарағанда, Қилыбайдың «көрсететіні» әлі алда секілді.

Түйін: Біз Нұрдәулет Қилыбайға баға бергіміз келмейді. Өйткені бұл кісі өз бағасын баяғыда беріп тастаған. Ақтау әкімі кезінде «Өкінішке қарай, істелген шаруадан орындалмаған жұмыс көп. Егер 5 балдық шкаламен өлшесек, мен өзіме «2,5-3» деген баға қояр едім» деген-ді. Алайда облыс әкімі қызметіне көтерілгені мен «Бозжыраны» қоссақ, «3» деген бағасы «4-ке» ұлғаюы мүмкін. Егер Ақтаудың ауыз суын шешіп, казиноның тұсауын кессе, «5-ке» бір-ақ секіргелі тұр.

Алайда «өкінішке қарай» деп өзі айтпақшы, өкіндіретін мәселе – сол ғой, айдаладағы біреу емес, құшағындағы көңілдесін «күресінге лақтырып», кіндігінен тараған баласынан бас тартуын «есепке» қоссаңыз, жоғарыдағы «5» – нөлге бір-ақ түсіп қалмай ма?..

Сансызбай НҰРБАБА