Нұрекеңдер міз бақпайды, ә?
Нұрлан Смағұлов деген біреу бар еді бұрыннан. Өзі туралы фильм түсіртіп, онда өзін бір Қазақстанның жарылқаушысы етіп көрсетіп қойыпты.
Сол тірлігімен қоғамда біраз жұрттың ашуын туғызды. Өйткені бұл Смағұловтың бұл Қазақстанда қандай жолмен, қалай байып алғанын көпшілік жақсы біледі.
Сынның астында қалған Смағұловты ақтап алу мақсатында оның досы Мұхтар Жәкішев шығыпты әлеуметтік желіде, «Смағұлов деген ары таза адал адам, Назарбаевтың жақыны болған емес, өз бизнесін домалату үшін халықтың ақшасын ешқашан алмаған, ешқашан ешқандай жеңілдіктерді пайдаланбаған», деген сарында.
Е, дедік те қойдық. Шындық басқаша еді. Мүлдем басқаша.
– Бұл Нұрлан Смағұлов өмір бойы қаржылай және әкімшілік ресурстар жағынан мықты қолдау көріп келген адам. Өйткені оның артында Назарбаевтың кассирі Болат Өтемұратов тұрды. Смағұловтың жасап жүрген бар бизнесінің иесі Өтемұратов болған. Арманжан Байтасовтың «31 каналының» қожайыны да осы Өтемұратов еді.
Сол себепті Әблязовпен болған әлгі жағдайда Назарбаев Смағұловты соттатқан жоқ, тек «Әблязов үшін басыңмен жауап берем деп едің, ол болса әне, тағы да билікті төңкеруге тырысты. Сені енді не істейін? Адам сөзіне жауап беруі керек» дегендей, жұрт көзінше сынаумен ғана шектелді.
Ал енді Смағұлов пен Өтемұратовтың өте мол көлемдегі бастапқы қаражатты қалай тапқаны бәрімізге белгілі. 1996 жылы Назарбаев Өтемұратовтың ақылымен Смағұловты «Продкорпарация» жабық акционерлік қоғамының басшысы етіп тағайындады. Бұл корпорация мемлекет үшін фермерлерден бидай сатып алумен айналысатын. Сосын, Смағұлов екі ортада ондаған делдал ЖШС-тер ашып, солар арқылы фермерлерден шартты түрде 60 теңгеден бидай сатып алып, сол бидайды «Продкорпорация» үшін шартты түрде 80-90 теңгеден сатып алған. Фермерлерді тонаудың осындай схемасының арқасында, Смағұлов пен Өтемұратов ондаған миллион доллар тапты. Бір кездері «жеңіл ақшаның» осындай схемасына Арманжан Байтасов та араласып көруге тырысты. Ол өзінің «31 канал» деген телекомпаниясын кепілге қойып тұрып, банктен кредит алып, ақыры, күйіп кетті. Шіріп кеткен жемдік астықты байқамай, жоғары сұрыпты астықтың бағасымен сатып алған ғой. Сосын, оның банк алдындағы қарызын сол кезде «КТК» арнасы, «Караван» газеті, радиолары және басқаларымен өзінің медиа империясын құрып үлгерген Рахат Әлиев сатып алуды ұйғарды. Байтасовтың анасы совет заманында Өтемұратовпен бірге бір жүйеде жұмыс істеген. Ол кісі «Детский мир» дүкенінің директоры болған, Өтемұратов «Юбилейный» гастрономының директоры болған. Сол кісі ұлымды Рахат Әлиевтен құтқаршы деп Өтемұратовтан көмек сұрай жүгірген. Содан кейін көмектесуге келіскен Өтемұратов Байтасовтың қарызын жауып беріп, «31 канал» телерадиокомпаниясының қожайыны болып шыға келді.
Айта берсек, Мұхтар Жәкішевтің Смағұлов ешқашан «мемлекеттің жеңіл ақшасын» тегін пайдаланбаған дегені де қып-қызыл өтірік. Смағұловты оның қожайыны Өтемұратов өмір бойы «жеңіл ақшамен» асырап келген. Бір ғана мысал келтірейін, Астанада алып сауда ойын-сауық орталығын салам деген Смағұловтың ақшасы жетпей қалып, өзі оңбай банкрот болайын деп қалғанда, Өтемұратов оған зейнетақы қорынан ақша алып берген. Соның кесірінен, зейнетақы қоры, дәлірек айтқанда, жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының бәрі өз зейнетақы жинағының табысынан айырылды. Былайша айтқанда, сол кезде Смағұлов Қазақстанның болашақ зейнеткерлерінің зейнетақысының бір бөлігін ұрлап алды. Айта берсек, Смағұловтың «адал бизнесі» туралы мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Сол себепті мен құрметтейтін Мұхтар Жәкішев құлақтан тебе бермесін! Халық бәрін көріп отыр, әркім өз ісіне түбі өзі жауап береді, – деген екен Қазақстандағы көнекөз журналистердің бірі – Ибраш Нүсіпбаев.
Жә, айтпақшы, автокөліктің Корея мен Қазақстандағы бағасын салыстырып көрсек, 2020 жылғы KIA K5 деген бір модельдегі бірдей көлік Кореяда 5 миллион теңге, Қазақстанда 9,5 миллион теңге тұрады. Жоқ жерден 5,9 миллион теңге айырмашылық қайдан шыққан? Бұл да мемлекеттің осы бір олигарх Смағұлов пен Лавреньев деген тағы бір қудың мүддесі үшін «отандық ұлттық автоөнеркәсіпті қолдау» деген жалған желеумен қара халықтың қаналып жатқанының дәлелі.
Әйтпесе, Корея мен Қазақстанның орташа жалақысын салыстыруға да келмейді ғой.