Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:20, 01 Желтоқсан 2024

«Нурикамал». Сатқындық па, әлде махаббат па?

Нурикамал
Фото: kino.kz

Қазақ эстрадасының алтын қорында ойып тұрып орын алатын «Нурикамал» әні бүгінде жас пен жасамыстың да, ересек пен қарттың да сүйікті әніне айналып үлгерген.

Талай буынның жүрек қылын тербеп, бүгінге жеткен әнді шырқаушылардың қатары жыл санап көбейіп келе жатыр. Ең қызығы, әннің шығу тарихы туралы тартысты пікірлер көп. Әдемі әуен, әсем ән кімге арналған және қашан туды десек, туындының шығу тарихы тереңде жатқанынан көз қарақты жұртшылық хабардар деп ойлаймыз. Отырыста Нурикамалдың сұлулығына тамсанып, шабыттанған Тұрдықылыш Ізтаевтың сезімін байқаған ақын Ханбибі Есенқарақызы жұбайының әніне өзі өлең жазып берсе керек. Х. Есенқарақызы естелігінде: «Ол қандай адам, менен артық па?» деп ойладым. Әйелдің барлығында дерлік эгоистік сезім болады. Бірақ көбі жағдайдың байыбына бара бермейді» деп әйелге тән қызғаныштың болғанын жасырмайды. Дегенмен Нурикамалды көргеннен кейін күйеуінің талғамына риза болғанын айтады. «Ол бойжеткенге ғашық болмау мүмкін емес еді. Осылайша, «Нурикамал» әні дүниеге келді. Бұл әнді Естайдың Қорланы сияқты бағаладым» дейді ақын. Дәл осы оқиғаның желісімен түсірілген «Нурикамал» фильмі биыл күзде прокатқа шықты. Үлкен экранға шыға салысымен, қоғамда резонанс тудырған фильм турасында айтылып жатқан уәж де, мақтау да көп. Әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көрермен пікірі екіге жарылды. Бір тарап көзге шөп салуды романтизация жасап, соны насихаттайды десе, енді бір топ «Ханбибінің ерлігі» туралы сөз қозғап жүр. Хош, тартысты пікірлерді көріп, біз де фильмді тамашалап қайттық. Фильмде ауыз толтырып айтарлықтай қақтығыс жоқ. Біткен іске сыншы көп, десек те, фильмдегі тартыс солғын боп көрінді. Әннің шығу тарихын арқау еткен туынды бірізді баяндаудан ғана тұратын сияқты. Диалог аз, бәлкім, осы арқылы авторлар кейіпкерлердің ішкі иірімдеріне басымдық бергісі келген шығар. Десек те, фильм күнде шығып жатқан орыс тіліндегі сапасыз қазақ комедияларынан әлдеқайда көш ілгері. Қалай десек те, көрермен көріп, өз бағасын беруі тиіс.

Осы фильм турасында бүгін «Нурикамал» фильмінің режиссері Ернат Байұзақ, кинотанушы Әлімақын Жанболат және журналист Эльенора Әмірден жауап алдық.

Ернат Байұзақ

Ернат Байұзақ: Фильм айтылмай жүрген ескі жараның аузын тырнады

Фильм турасында көрерменнің айтып, жазып жатқан уәжін байқасам, «көзге шөп салуды романтизациялады», «сатқындықты пропаганда жасады» дейді. Десек те, менің ойымша, кез келген көрермен көрген фильм, оқыған кітабынан өз сана-сезіміне, түйген-көргені мен ішкі принциптеріне байланысты қорытынды жасап, ой түйеді. Біздің кино өндірісіндегі туындылардан бөлек, әлемде жылына қанша фильм түсіріліп, прокатқа шығады. Мейлі, атыс-шабыс немесе қазір жастар арасында танымал боп жатқан нашақорлықты не басқаны көрсеткен фильмдер, осының бәрі дерлік жамандықты насихаттайды деуге келмес. Ешкім ешкімді бүлдіре алмайды. Адам елең етсе, әуелден ішінде бар деген сөз. Неге біз сол фильмдер туралы жазып, мәселе көтермейміз? Неліктен «Нурикамал» фильмі турасында дау туып, пікірталас боп жатыр деген сұрақтың туындауы заңды. Себебі фильмде бүгін біз сүріп жатқан қоғамда, елімізде жиі кездесіп, көп отбасыларда орын алатын мәселені арқау еттік. Фильмнің жарыққа шығуы да бүгінгі қоғамның ушығып тұрған мәселесімен тұспа-тұс келгені көрермен арасында резонанс тудырса керек. Мұндай пікірлер қазіргі өзекті мәселенің біріне айналған отбасындағы әлеуметтік жағдайлардан айтылған шығар деп ойлаймын. Бүгінгі заманға сан ғасырдан бері қалыптасқан отбасылық құндылықтардың қирап, ескінің орнын жаңа басқан кезең. Ақпараттардың толассыз ағыны мен әлеуметтік желідегі «эксперттердің» сан түрлі пікірі санамызда сақталған отбасы мүшелерінің міндеті жайында ойымызды өзгертіп жатқаны өтірік емес. Фильм үнемі кездесе беретін, бірақ әлі де ашылмай, айтылмай жүрген ескі жараның аузын тырнап жібергені үшін де қоғамда резонанс туған болар. Әу баста осынша қарсылықты пікірлер жазылып, резонанс туады деген ой болмаған. Менің ойымша, кей көрерменнің фильмді көріп, бағасын беруге сана-түйсігі жетпей жатқан сияқты. Оның ішінде өнер тақырыбы мен шығармашылық адамның ішкі толқынысы біздің қоғамға әлі де таңсық. Шығармашылық адам, соның ішінде композитор муза, сезім іздейді. Бірақ фильмде композитор әйелінің көзіне шөп салып, бала-шағасын тастап кетпегенін де ескергеніміз жөн. Иә, ғашық болды, сұлулыққа тамсанды, сол сезім арқылы ән туды. Шын өмірде композитор мен Нурикамалдың жеке өмірінде не болғанын мен анығын айта алмаймын, тіпті білмеймін де, ал фильмде композитор отбасын тастамайды, ешкімді сатпайды. Тұрдықылыш ағамыз өмірден өтіп кетті, тыңдарманына мәңгі ескерткіш болатын әдемі ән қалдырды, композитор мен ақынның құрметіне, әннің туу тарихына деген қызығушылықтан шыққан туынды, түсірілген фильм дер едім. Шынайы өмірде орын алған оқиға желісімен түсірілген фильм, дейтұрғанмен бір отбасының жеке құндылықтарын басқаға дәріптейміз деген сөз емес. Көркем туынды, кино болғандықтан, кей тұстарында әсірелегеніміз рас. Бұл – көркем туындының талабы. Мысалы, Нурикамалдың жанында ғашық жігіттердің жүруі, Тұрдықылыштың жанында ішімдікке үйір жігіттердің жүруі осы көркем шындыққа жүгінгеніміздің көрінісі.

«Нурикамал» әні 1988 жылы жарық көрді. Әннің шығу тарихы жөнінде ата-анамыз, құрбы-құрдасымыз үнемі айтып, құлағымызға сіңісті болған оқиға. Әннің шығу тарихын фильмге арқау ету туралы сценарист Қанат Рамазан екі-үш жыл бұрын сөз қозғап жүрген. Осылай сәті келіп, демеуші инвестор да табыла кетті. Бүгін шырқап жүрген әндердің басым көпшілігінің шығу тарихын біле бермейміз, ел арасында шығу тарихымен таралған бір ән болса, «Нурикамал» шығар. Сезім, интрига болмаса, ән шықпас па еді. Әннің тұла бойында сан қатпарлы адам жанындағы сезім, сыр бұйығып жатыр. Мұнда адам тағдыры бар. Біз әу баста бұл фильмге коммерциялық жоба деп қарасақ, онда оның желісіне комедия элементтерін көбірек қосар ма едік. Бізге әннің тарихы, жалпы әннің айналасындағы адамдардың тағдыры қызық болды. Фильмді түсірген командамен келісіп, фильмге әбден сұранып тұрған тақырып деп шешім қабылдадық. Кез келген жұмыстың ауыры мен жеңілі болатыны сынды фильмді түсіру барысында кедергілер, кемшіліктер болғаны рас. Сценарий жазылмас бұрын фильмді түсіру туралы идея туған кезде Ханбибі Есенқарақызының үйіне барып, ол кісіні де қонаққа шақырып, бір жағынан рұқсатын, бір жағынан батасын алған едік. Фильмді түсіру жұмыстарына содан кейін ғана кірістік. Ол кісі оқиғаны баяндады да: «Балаларым, оқиға осылай болған, ары қарай қалай жасайсыңдар, өздерің көріңдер» деді. Батасын, рұқсатын алғандықтан, осы сөзі үшін ары қарай фильмді де өзімізше жасап шықтық. Соңғы кездері, байқауымша, апамыз келмеді, ақылдаспады деп ренжіген кейіп танытыпты. Бірақ біз әу басында бір рет алдынан өтіп, авторлық құқығы бойынша рұқсатын да, батасын да алдық. Фильм – шығармашылық жұмыс, кей кезде тарихи шындықтан ауытқуға тура келеді. Туындыны жасар барысында біз оқиғаны әбден сіңіріп, өз қиялымыздағы Тұрдықылышты, өз түсінігіміздегі Ханбибі мен Нурикамалды жасап шықтық. Бірі – қаралап, енді бір тап мақтауын асырып жатқанын байқадым. Автор үшін ең жаманы да – көрермендердің, халықтың үндемей, пікір білдірмей қалғаны деп ойлаймын, біз үшін мейлі жақсы я жаман пікір болмасын, фильмнің талқыға түскені қуантты.

Фильмдегі образдар туралы да ренішті пікірлерді көзім шалып қалды. Басты үш кейіпкердің мінезі де, оқиғалары мен азаматтық болмысы да шынайы өмірдегі бейнесіне жақын келеді. Бір ескере кететін жайт, әу баста фильм Ханбибі апамыздың көзқарасы арқылы туындады. Біздің алдымызда тек бір адамға ғана басымдық бермей, үш кейіпкерді қатар ашу деген мақсат тұрды. Әннің дүниеге келуіне үш тағдырдың қатысы бар. Кез келген режиссер, туындыгер өз «Тұрдықылышын», өз «Нурикамалы» мен «Ханбибісін» жасары анық. Ханбибі апамызбен тілдескен соң, фильм аясында тарихи фактілерді де қалыс қалдырмай, мейлінше кіріктіруге тырыстық. Ақын екені рас. Тұрдықылышпен отбасы құрып, үш қызының дүниеге келгені рас. Бұлар – анық факт. Бұдан бөлек, қазақ тілінің дамуына үлкен ықпалы тиген жан. Бұл тарихи фактіні де фильмде қамтып өттік. Сол жандардың көзін көрген кісілер сыни пікірлер айтып жатыр екен. Мейлі, бұл сын айтылуы да шарт. Қалай десек те, бүгінгі қазақ киносында неше түрлі Мұқағалиды, неше түрлі Абайды да жасап жатыр. Біз де осы әннің шығу тарихы аясында өз кейіпкерлерімізді жасап шықтық. Қоғам болған жерде Тұрдықылыштар да, Нурикамал мен Ханбибілер де кездеседі. Киноның негізі – қақтығыс. Тек кино ғана емес, күллі ғұмырдың өзі қақтығысты оқиғалар мен шиеленісті тағдырлардан тұрады. Егер Нурикамалға Тұрдықылыштың сезімі оянып, сұлулығына тамсанбаса, қазақ эстрадасының алтын қорына қосылған әдемі ән де тумаушы еді.

Әлімақын ЖАНБОЛАТ

Әлімақын Жанболат: Жанұяны сақтап қалудағы әйелдің рөлі ерекше екені айтылған

Фильм қазақ тыңдарманына кеңінен танымал, көпшіліктің сүйіп тыңдайтын әні «Нурикамал» әніне негізделген. Драматургиялық шиеленісі өмірде болған оқиғаны өзіне арқау еткен фильм. Фильмнен аяқталған соң алған әсерім – фильмнің тұла бойы тұнып тұрған сезім. Нәзік, махаббатқа толып тұрған туынды. Алғашқы әсерім осындай болды. Менің ойымша, кәсіби талаптардың бәріне өз деңгейінде жауап бере алатын, көрерменіне әсер сыйлай алатын сапалы жұмыс. Эстетикалық қуатқа ие экрандық туынды. Актерлер де фильмге сәтті таңдалған, басты және қосалқы рөлдердегі әртістердің қай-қайсысы да өз ойынын мейлінше шынайы, өз деңгейінде сомдап шыға алған. Заманауи қазақ киносындағы актер ойынына қатысты проблемаларды бұл фильмнен байқай қоймадым. Қазіргі кезде көп актер театр сахнасына, театрлық форматқа дайындалатыны өтірік емес. Кино және театр актері деген мамандық болғанымен, сол мамандардың басым бөлігі, тіпті тоқсан пайызға жуығы қабілетін театр сахнасына бейімдейді. Сәйкесінше, сол бір олқылық заманауи кино экрандарынан көрініп қап жатады. Яғни экрандық форматқа сай емес артық әрекет басым болады. Бүгінгі кино өнерінен театр элементтерін, театрлық эмоциялар мен артық іс-әрекеттер, мимикалар экраннан көрініп қап жатады. Ал «Нурикамал» фильмінде актерлер өз рөлін табиғи әрі шынайы сомдаған. Бұл да бір фильмнің бәсін артып тұрған сәтті режиссерлік шешім деп айтса болатын шығар. Десек те, фильм авторлары режиссуралық тұрғыда негізгі акцентті өнердің жарыққа шығып, тууы үшін кішкентай болса да бір құрбандық керек деген ойға құрады. Сәйкесінше, дәл осы тұста фильм жайлы көрермендер арасында тартыстың туып жатқаны дұрыс. Әркім фильмді өз деңгейінде ғана қабылдайтыны анық. Бірақ бұған бола режиссерді кінәлап қажеті жоқ, себебі фильмнің өзі де шынайы оқиғаға негізделген. Режиссердің артық кеткен тұсын не әйелдердің нәзік сезіміне қол сұққан сәтін байқамадым.

Фильм жарық көрген сәттен бастап көрермендер пікірі қақ жарылды. Мұнда негізі отбасылық қарым-қатынас, махаббат, сезім деген нәзік дүниелердің арасындағы шиеленісті байланыс жатыр. Әу баста осындай фильмді көрермендер тарапынан дау тудырып, әрқилы қабылданатыны да түсінікті болды деп ойлаймын. Фильмнің шынайы оқиғаға негізделуі өнердің таза сезім, саф жүректен туатынын білдірсе керек. Осы тұста тағы бір қарсылықты тарап пайда болады. Махаббат сатқынды кешірмейді, десек те, ақын Мұқағали Мақатаев айтпақшы: «Өнер деген тумайды жайшылықта, өнер деген тулайды қайшылықта». Кейде өнер осындай көңілдің буырқанған толқынысынан шығатыны – біз жалтара алмайтын шындық. Әу баста өмірдің өзінде күрделі пікірталас тудырған оқиғаны арқау еткен аталмыш фильмнің көрермендері де екіұдай пікірде қалғаны табиғи құбылыс болса керек.

Қазіргі қоғамда әртүрлі коуч, блогерлер қалыптастырған тенденциялар белең алып тұр. Неше түрлі импорттық идеялар мен жалған, арзан отбасылық құндылықтарды дәріптейтін ақылшылар көбейіп кеткені рас. Бұл біздің ұлттық, дәстүрлі отбасылық құндылықтардан алыстап, төл мәдениетімізден көз жазып қалғанымыздың айқын көрінісі деп ойлаймын. Ерлі-зайыптылардың өмірін бүгінде екіге бөліп қарап, әйел құқығын қорғаймын деген желеумен ерлерге қарсы қоятын не ерлердің сөзін сөйлеймін деп жігіттерді әйелге айдап салатын жасырын ой-пікірлер мен «идеологиялардың» насихаты үдеп бара жатыр. Осы тенденциялардың барлығы өз кезегінде қоғамдағы отбасы институтының әлсіреуіне әкеп соғуда. Осы орайда «Нурикамал» фильмінің жарыққа шығуы бүгінгі дәуірдің ең нәзік дертіне, мәселесіне тұспа-тұс кеп қалды. Көпшіліктің аңысын тудырған себебі де сол. Алайда фильмнен үлкен идеология іздеп қажеті жоқ деп ойлаймын. Керісінше, туынды авторлары жанұяны сақтап қалудағы әйелдің рөлі де ерекше екенін алға тартқысы келген сияқты. Ер адамның мойнындағы жауапкершілікті де жоққа шығармаймын, десек те әйел адамның да даналығына назар аударып, үлкен мән үстейді. Күрделі жағдайда әйелдің ақыл-парасаты алдыға шығып отыр.

Эльенора Әмір: Фильмде Нурикамал жоқ

«Нурикамал» әнін ерекше жақсы көремін. Әннің жазылу тарихын білетін болғасын шығар, кино түсіріліп жатыр дегенді естігелі бері жарыққа шығуын күтіп едім. Сонша күткен кезде ұнамай қалғаны бар емес пе? Мүлдем ұнамады деуге келмес. 50/50. Фильм «Нурикамал» деп аталғанымен, Нурикамал жоқ деуге болатындай. Себебі Нурикамалдың образы ашылмаған, диалог аз, түсініксіз. Бір жағы аса көп деректер де жоқ сияқты. Себебі сазгер Нурикамалмен көңіл жарастырмақ түгілі, қолынан да ұстамаған (екен). Кино бір әннің тарихын көрсеткен. Көрермен фильмнен Нурикамалдың өзін іздемей, ән тарихын білуге бара жатқанын білуі керек. Керемет ән туу үшін, оның сөзін әйелі жазу үшін үштіктің арасындағы сезімдер тартысын ширықтыра түскенде ғой. Кинода махаббат отына өртенген, күйіп-жанған, ғашықтыққа бой алдырған Тұрдықылыш та жоқ. Бірізді баяндау ғана бар. Бір қызға ғашық болған деп айтылғанмен, бар болғаны бір сәттік сезім сияқты. Сол сезіммен сазгер ән жазған-ау шамасы. Нурикамал апайды алғаш көрген сәтте сазгер Тұрдықылыш Ізтаевтың ерекше қарап отырғанын әйелі байқап қалады. Үйге келгенде күйеуінің әннің әлегімен күйсандықта отырғанын біліп, «осылай ма?» деп ақын Ханбибі өзі сөзін жазып берген. Ханбибі апамыздікін өз басым ерлікке балаймын. Әйелдігін ақындығына жеңдіріп, толыққанды дүние шықсын деген жанашырлық қой. Әйтпесе, оған оңай болған деп ойлайсыз ба? Өзінің эгосын жеңу, атын айтып тұрып, басқа адамға өзі өлең жазып беру... Бір жағынан дүниеге шедевр келіп, ел аузында жүретін әдемі ән болатынын алдын ала болжады дейсіз бе? Әдемі ән осылай дүниеге келсе керек. Тебіреніп тыңдайтын ән туралы киноны тебіреніп көре алмадым.

Бүгінгі көрерменнің ұтқан тұсы – әдемі ән тыңдап жүргені. Нурикамалды Тұрдықылыш биге шақырғанда бармай қояды (бұл сахна кинода да бар). Соны Ханбибі апамыз: «Менің күйеуім биге шақырғанда шықпайтын қандай адам?» деп қарап, күйеуінің талғамына риза болған екен (оны да интервьюлерінде айтып жүр). Сол суреттеуден-ақ Нурикамал апайдың сұлу болғанын, жайдары, күліп тұратын жан екенін елестетесің. Фото-видеолардан көрген кезде де Нурикамал апайдың көзі күліп тұратын жайдары жан болғанын аңғаруға болатындай. Сол көзқараспен қарадым ба, әйтеуір, көзіме кинодағы Нурикамал «өтпеді». Әр қыз өзінше сұлу ғой, алайда бұл сұлуымыз суық. Ғашық болатындай қыз екен деп көрермен де ғашық болып, ақтап алу керек қой ситуацияны. Актриса сәтсіз таңдалған ба деп қаласың. Сырт келбеті жағынан ұқсастық көргенім жоқ. Киім киісі департия қызметкеріне мүлдем ұқсамайды, француз ханшайымдарына келеді. Мәдениет саласындағы қызметкер болса да, жайлауға шляпамен ханшайымдай келмеген шығар. Актрисаның өз жүріс-тұрысы ма, әлде берілген «тапсырма» солай болды ма, әйтеуір фильмде әсірелеу басым. Ал Ханбибі апамыздың рөлін актриса Гүлбахрам Байбосынова керемет алып шыққан. Кәсіби актриса екені көрініп-ақ тұр. Респект! Елдің есінде ұзақ сақталатын образ деуге болады. Әсілінде, ер адамның жары, жұбайы бола тұра басқа жанға көз салғанын ешкім дұрыс көрмейтін болар. Бұл фильмнің мақсаты қазіргі қоғамға сатқындықты, әйелдің даналығын насихаттау деп есептемеймін. Қоғамның пікірі екіге жарылып жатыр екен. Ұнатпай жатқандар жетерлік. Бар болғаны – өмірде болған оқиға, тағдыр. Қазіргі киноларды жарты сағаттан кейін ұмытып қалады адамдар. Ермек Тұрсынов ағамыз айтқандай, «адамдар киноға попкорн жеу үшін баратындай». Бәлкім, ұмытылып кететін дүние болар, бәлкім, біреуге ой салатын шығар. Не десек те, аталмыш фильмде негізінде ер адамның трагедиясы жатыр деп ойлаймын... Барды бағаламау!

Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Тегтер: