Нұрқаділовтен Бәрменқұловқа дейін. Ел футболын енді кім басқарады?
Қазақстан футбол федерациясы – ел футболының екі тізгін, бір шылбырын қолына ұстап отырған ұйым. ҚФФ футбол саласына қандай ереже енгізіп, қандай жаңалық жасайтынын өзі біледі. Футбол туралы заң болмағандықтан, федерация жұмысына өзге мекемелер араласа алмайды.
Мысалы, 2020 жылы ҚФФ жұрттың наразылығын елемей, ЕАЭО футболшыларын легионер санамайтын шешім шығарды. Ең қызығы, бұл бастаманың басында тұрған Ресейдің өзінде жаңа ережені дума депутаттары талқыға салған. Сондай-ақ федерация былтыр премьер-лигада ойнайтын шетелдік ойыншыларға қойылған шектеуді алып тастағанда да ешкіммен ақылдасқан жоқ.
Биыл қараша айының басында ұйымды 2022 жылдан бері басқарып жүрген Әділет Бәрменқұлов қызметінен кетті, содан бері оның креслосы бос тұр. Ел арасында «жоғары жақта» бұл орынға талас жүріп жатқаны жайлы әңгіме бар. Тіпті БАҚ-та тізгінді ел президентінің ішкі саясат және коммуникация мәселелері бойынша көмекшісі Руслан Желдібай ұстайды екен деген ақпарат тараған.
2 желтоқсанда ҚФФ бұл лауазымға үміткер 6 адамның тізімін жариялады. Олар:
– Алтай Даумов, «Алматы облысының футбол қауымдастығы» ЗТБ атынан;
– Ерлан Жамантаев, «Жеке футбол мектептері мен академияларының республикалық лигасы» ЗТБ атынан;
– Ербол Қайыров, «Ақмола облысының футбол қауымдастығы» ЗТБ атынан;
– Давид Лория, «Қарағанды облысының футбол қауымдастығы» ЗТБ атынан;
– Наргис Мағау, «Para Football League» ҚБ атынан;
– Марат Омаров, «Астана қаласының футбол федерациясы» қауымдастығы ЗТБ атынан.
Футбол жанкүйерлері тізімге қарап, сәл іш тартып қалғаны рас. Өйткені бұл азаматтардың футболды дамыта алатынына сенім аз. Тіпті олардың арасында қазына қаржысын қалтасына басқаны үшін айыпталған адамдар бар.
Мысалы, Ерлан Жамантаев 2021-2023 жылдары «Ақтөбе» футбол клубын басқарған. Сол кезде ол букмекерлік компаниямен 450 миллион теңгенің келісімшартын жасағаны үшін өз атына 40 миллион теңге сыйақыны заңсыз жазып алған. Мұны сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет анықтап, сот Жамантаевты 40 миллион 400 мың теңгені «Ақтөбе» клубына қайтаруға міндеттеген.
Тізімдегі футболға ең жақын адам, Қазақстан құрамасының бұрынғы қақпашысы Давид Лория да басшылық қызметте басы дауға қалған. Ол 2020-2021 жылдары «Астананың» бас директоры болды. Бірақ бұл қызметтен абыроймен кеткен жоқ. Кейін өзін жұмыстан заңсыз шығарғанын айтып, елордалық клубты сотқа берген. Бірақ сотта жеңіліп қалды. Тіпті оны клубтағы қаржылық мәселелерге байланысты айыптағандар да болды.
Ал бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровтың бұл тізімге қалай кіріп кеткені түсініксіз. Мансап жолында футболға, тіпті спортқа қатысты ешқандай жұмыс істемеген адам федерацияны қалай басқарады? Соған қарамастан, ол бұл қызметке басты фаворит саналып отыр. Өйткені біздің елде спорт федерацияларын шенді-шекпенділер мен бай-бағландарға басқарту әдетке айналған.
Тізімдегі өзге 3 адам – футболдың маңында жүргендер. Бірақ олар дәл қазір федерация президенті бола қоюы екіталай. Жасөспірімдер футболымен айналысып жүрген Алтай Даумов, төреші Наргис Мағау және спорт журналисі Ербол Қайыровты үлкен интригалар алаңына айналған ҚФФ басшылығына ешкім жібере қоймас.
Нұрқаділовтен Бәрменқұловқа дейін
Қазақстан футбол федерациясы 1992 жылы құрылған. Содан бері ұйымды 8 адам басқарды. Олардың көбі «аса ауыр салмақты» саясаткерлер мен атақты футболшылар болды. Бірақ арасында Ерлан Қожағапанов сияқты «адасып» келген басшылар да бар.
ҚФФ президенттері:
1992-1994 – Заманбек Нұрқаділов, Алматы әкімі (сол кезде);
1994-1996 – Тимур Сегізбаев (даңқты футболшы);
1996-2000 – Құралбек Ордабаев (даңқты қақпашы);
2000-2007 – Рахат Әлиев (экс-президент Н.Назарбаевтың күйеу баласы);
2007-2014 — Әділбек Жақсыбеков (президент әкімшілігінің басшысы, қорғаныс министрі);
2014-2016 – Ерлан Қожағапанов (Астана әкімінің орынбасары);
2016-2018 – Сейділда Байшақов (даңқты футболшы);
2018-2022 – Әділбек Жақсыбеков (президент әкімшілігінің басшысы, «ҚазТрансГаз» АҚ директоры);
2022-2024 – Әділет Бәрменқұлов («Қазақмыс» компаниясында жоғары лауазымда қызмет атқарған).
Мұндағы Нұрқаділов, Сегізбаев, Ордабаев, Әлиев, Жақсыбеков және Байшақов жайлы жұрт жақсы біледі. Олардың атын атап, таныстырудың қажеті шамалы. Әрине, олардың кезінде қазақ футболы қарыштап дамып кетті деп айта алмаймыз. Бір рет жеңсе, он мәрте жеңілетін мимырт жүрісінен жаңылған емес. Тек Рахат Әлиев футболды AFC-ден шығарып, UEFA-ға мүше еткенімен есте қалды.
Ал Ерлан Қожағапанов басқарған тұста федерация саясаттың сойылын соғып, популизмнің ордасына айналды. Оның «ұлттық құрама 2018 жылғы әлем чемпионатына қатысуы керек» дегені ақылға қонымсыз әңгіме болған. ҚФФ басшысының мұндай тапсырмасына футболшылардың өзі күле қарағаны анық.
Сондай-ақ ол 2016 жылы маусымда ФИФА күнтізбесі бойынша ұлттық құрамалар матчы белгіленбеген уақытта Қытаймен жолдастық кездесу ұйымдастырды. Сол ойында Ұлан Қонысбаев есімді талантты футболшы ауыр жарақат алып, мансабы құрдымға кеткен. Білетіндер – бұл матч жер дауы өршіп тұрған тұста Қазақстан мен Қытайдың «достығын» дәріптеуге арналғанын айтып жүрді.
Қожағапанов кейін Алматы әкімінің орынбасары, мәдениет және спорт вице-министрі, премьер-министрдің кеңесшісі болды. Ал биыл көктемде ақша жымқырды деген күдікпен ұсталды.
Қуаныш Қаппас