Нұркентте 4 жасар баласын ұрған ана қамауға алынды
Жетісу облысының Панфилов ауданындағы Нұркент ауылында 4 жасар баласына қатыгездік көрсеткен әйел қамауға алынды.
Әлеуметтік желілерде тараған видео қоғамда үлкен резонанс тудырғаннан кейін сот күдіктіні тергеу изоляторына қамауға санкция берді.
Жетісу облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 28 жастағы әйелге қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігі («Азаптау», «Истязание») бойынша тергеліп жатыр. Аталған бап бойынша төрт жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Тергеу барысында қажетті барлық процессуалдық әрекеттер жүргізілуде. Атап айтқанда, сот-психиатриялық сараптама тағайындалған. Алайда сараптама қорытындысы әзірге дайын емес.
Жетісу облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Руслан Чарапиевтің айтуынша, күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауда ұстау таңдалған.
«Қазіргі таңда барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Сараптамалар тағайындалды, оның ішінде сот-психиатриялық сараптама да бар. Сараптама қорытындысы шыққаннан кейін және тергеу аяқталған соң процессуалдық шешім қабылданады», – деді ол.
Айта кетейік, бұл оқиға Нұркент ауылындағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. Баласын ұрып-соғып жатқан ананың әрекеті видеоға түсіп, кейін әлеуметтік желілерде таралған. Бейнежазба қоғамда қатты ашу-ыза туғызып, құқық қорғау органдарының жедел әрекет етуіне себеп болды.