Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:41

Нұрлан Артықбаев "Қазақмысты" сатып алды

Қазақмыс
Фото: ашық дереккөз

Qazaq Stroy компаниялар тобының бенефициары Нұрлан Артықбаев "Қазақмыс" корпорациясын сатып алды.

 Бұл туралы Forbes Kazakhstan басылымына компания өкілдері хабарлаған. Мәміле сейсенбі, 30 желтоқсан күні толық жабылған. "Қазақмыстың" операциондық басқаруы жаңа иесіне 2026 жылдың басында өтеді.

Компания мәміленің қаржылық және өзге де егжей-тегжейін жарияламады. Дегенмен Qazaq Stroy тобы қолданыстағы жобаларды жалғастырып қана қоймай, жаңа бағыттарды іске асыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Атап айтқанда, геологиялық барлау жұмыстарының көлемін айтарлықтай арттыру көзделген. Бұл корпорация кәсіпорындарын ұзақ мерзімге жеткілікті шикізат базасымен қамтамасыз етуге бағытталмақ.

Qazaq Stroy өкілдерінің айтуынша, "Қазақмыстың" Қазақстан экономикасы мен өнеркәсіптік әлеуеті үшін маңызы ерекше.

"Біз "Қазақмыстың" ел экономикасы үшін ғана емес, компанияда еңбек етіп жүрген мыңдаған қызметкер үшін де маңызын жақсы түсінеміз. Сабақтастықты сақтай отырып, операциялық тиімділікті күшейтуге ниеттіміз. Өндірістік қуатты кезең-кезеңімен арттырып, қолданыстағы кәсіпорындардың жүктемесін ұлғайтамыз. Сонымен қатар компания жұмыс істейтін өңірлерде әлеуметтік қолдауды күшейтіп, еңбек жағдайын жақсарту мен қауіпсіздік талаптарын арттыру басты бағыттардың бірі", – деп атап өтті компания.

Еске салсақ, 2025 жылдың 10 желтоқсанында "Қазақмыс" ЖШС-де бақылау пакетін жаңа акционерге беру көзделген рамалық келісімге қол қойылғаны хабарланған болатын.

Нұрлан Артықбаев – Qazaq Stroy компаниялар тобының негізін қалаушы әрі негізгі иесі. Ол Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкердің ішінде 44-орында тұр. 2025 жылдың мамыр айындағы бағалау бойынша оның байлығы 228 млн долларды құрайды. Сондай-ақ ол "Қазақтелекомның" 9,84 пайыз акциясына (Telecom Systems Ltd. арқылы) иелік етеді. 2025 жылдың қараша айының ортасында Артықбаев "Ақтөбе" футбол клубының инвесторы атанған.

Qazaq Stroy компаниялар тобы 2003 жылдан бері жұмыс істейді. Алғашқыда тұрғын үй құрылысымен айналысқан холдинг бүгінде ІКТ, мұнай-газ химиясы, тау-кен өнеркәсібі, агрохимия және өзге де салаларда жобалар жүзеге асырып отыр.

"Қазақмыс" – Forbes Kazakhstan рейтингінде Қазақстандағы көлемі бойынша екінші ірі жеке компания. Бұған дейін компаниядағы үлестер былай бөлінген еді: кәсіпкер Владимир Кимге 70 пайыз, Эдуард Огайға 30 пайыз тиесілі болған.

Корпорация мыс кенін өндірумен, катодты мыс пен мыс катанкасын шығарумен, бағалы металдарды аффинаждаумен және өзге де ілеспе өнімдерді сатумен айналысады.