Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:25, 12 Сәуір 2023

Нұрлан Байжігітұлы: 30 жыл бойы дінді мешітке қамап қойдық

None
None

Жұрт арасына «Нұрлан имам» атымен танымал болған Нұрлан Байжігітұлымен сұхбатымыз дін саласы төңірегінде өрбіді.

Басқа әлеммен «байланыс ұстайтындар», бір-екі дұға мен аятты қайырып тіл сындырғандар, уағыз айтуға құмартушылар көбейген шақ қазір. Отыз жылға жуық имамдық қызметті атқарып келе жатқан дін саласының маманымен әңгімемізде осы мәселеге қатысты да сауалымызды көлденең тарттық.

– Әуелгі сауалды статусыңызға қатысты қойсам. Өзгелерді ұстаз деп айтады. Ал сізді халық «Нұрлан имам» деп қабылдап кетті. Бірақ осы ұстаздардың кейбірі Нұрлан имамның айтқаны жұртты иландырғанын неге жақаурата бермейді? Бұл өзі күншілдік пе? Бар болса, бере алмайтын, өзінде жоқты көре алмайтын, керікетпе қисық мінезімізден бе?

–Елге ұстаз атану оңайдың оңайы, өзіңді ұстазбын деу қиын емес, бірақ бұл жердегі бір түйткіл, ұстаз қандай адам, ұстаз болуға лайықты ма, көзқарасы қандай, бағыты қай жақ, білімді ме, білікті ме, елдің ұстазы ма, ездің ұстазы ма, сөзіне амалы сай ма, насихаты өтімді ме, құлақ қуанып, көз іздей ме, мәселе осында. Әсіресе халықтың рухани ұстазы болу – бұл бір адамнан бастап бүтіндей бір елдің тәрбиесіне бас тігу деген сөз. Екі дүниеде де жауабы мен сұрауы ауыр. Дінді түсіну басқа, оны дұрыс ұстану бір басқа болғандай, бір хадиспен дінді жеткізіп, бір аятпен мұсылман жүрегін жаулап, бір сүремен ұстаз бола алмайды ешкім. Өз басым ұстаздық етуден қашпаймын, алайда өзімді-өзім үнемі таразыға салып отырамын, өзіме де, өзгеге де адал болуға тырысамын, жоғарыдағы сұрақтарды өзіме жиі қоямын. Әрине, елдің ұстазы болу мен үшін Алладан берілген биік мінбер, сондықтан бағытым – халық, бағанам – руханият, осыны біліңіз. Ал әріптестерім мен дін бауырларымның сын сөздерін қабылдаймын, олармен таласқа түспеймін, мен жайында тағы не айтты деп іздене бермеймін, өйткені ұнатпаймын, айтатын жерінде айтамын, қоятын жерінде қоямын, тартысуды қаламаймын, пенделікке салынбаймын, әрі оған баға да бермеймін. Негізі сын көтере білу азаматтық, сол сынды мінге айналдыру сынақ. Мынаны білейік, адам өмірде сүрінбесе, жығылмаса шыңдалмайды, бүгін мен қателессем, оларды келешек қателестірмейтініне кепілдік бар ма? Сондықтан өмірдің ойпаттары сабақ, шыңдары сынақ, бәріне кешіріммен қараймын. Өйткені Алла бар жерде әділдік бар, мен үшін Оның назары қымбатырақ.

–Осы күнде желінің түндігін желпіп жатқан дүние Жанат Бақыттың «басқа әлеммен байланысы». Бұған қатысты ютуб арнаға да сұхбат беріп, ойыңызды айттыңыз. Сол сұхбатыңызда «біз бір-бірімізді түртпектеп, айыбымызды аша бергенше, адасқан қарындасымыздың бағытын өзгертейік, бетін бері бұрайық» дедіңіз. Мұны жүзеге асыру үшін қайтпек керек?

–Егер қарындасымыздың ниеті болса, жәрдем беруге өз басым даярмын. Мүмкін бұл психологиялық кінәрат, мүмкін жаман жерді басты, мүмкін алған ілімінің тереңіне кетті, әйтеуір ойы мен жолын адастырған ақау желдің бары рас. Дегенмен біздің қоғам мынаны түсіну керек.

Бойдағы мінді санасам,

Тау тасынан аз емес.

Жүрегімді байқасам,

Инедейін таза емес.

Аршып алып тастауға,

Апандағы саз емес.

Бәрі болды өзімнен,

Тәңірім салған наза емес, – деген Абай атамыздай ойланса екен. Әркім өзімен айналысып, әркім өзін түзесе екен. Жамандық адамның етін өлтіргендей, сау деген өзіміздің етіміз күнәға үйренді, тіпті сезінуден қалдық, қалыпты жағдайға жеттік. Өзіміз қуып жетпейтін, одан қашып құтыла алмайтын көлеңкемізбен сұраусыз, себепсіз біреудің көңілін суытуды әдетке айналдырдық. Қарындастың санасына мүмкін жарықша түскен шығар, сол жарықшаны жамайтын біз, қазақ елі. Қаралап қарғай бергеннен, жаманды жаман дегеннен, жақсылық көбеймейді. Әлбетте, оның ісі дұрыс емес. Десе де салдармен күресу – адаммен күресу емес, керісінше, жәрдем беру біздің міндетіміз.

– Сіз жаңылмасам, 17 жасыңыздан имамдық қызметті атқарып келесіз. Бірнеше облыстың бас имамы дәрежесінде болдыңыз. Ол кезде де сіздің уағыздарыңыз айтылмай қалған жоқ, жұрт арасына белгілі бір деңгейде таралды. Бірақ соңғы уақытта жастардың жүрегіне жол тауып, асыл дінімізге деген сұрағына, білгісі келген дүниесіне өздерінің ұғым-түсінігіне сай жауап қатып, әлеміне бойлай білуіңіз – Байжігіттің баласын биікке көтерді. Сіздің уағызыңыз бен айтқан пікіріңізге бұған дейін неге сын айтушылар болмай, танымалдығыңыз артқанда «арқандағысы келетіндердің» көбейіп, көксегені не деп ойлайсыз?

 

–Көксегендердің көмейін білмеймін, өйткені жүректердің қағыстары бір болғанмен, ырғақтары әрқилы. Бұған көбіне пендешілік диагнозын қоямын. Арғы жақтарына үңілмеймін, өткінші екенімізді ұмытпаймын, біреумен алысқанша, өзіммен күрескенім әлдеқайда абзалырақ. Әркім өз арбасын өзі сүйреген заманда, мейлі жоғарыда бол, мейлі төменде бол, Алланың алдында бәріміз теңбіз. Танымалдылық кімнің басынан өтпеді, оны алып жүрсең атақ, алып жүре алмасаң азап. Сұрауы бар құбылыс. Сондықтан бұған аса бір көңіл бөлмеймін. Мен үшін қазақ жастарының рухани дүниесі артық, қазақ елінің иманы артық, жамағатымның көңілі артық, тыңдармандарымның сенімі артық!

– Жалған ақпаратпен жұртты дүрліктіру қазіргі әлемнің мінезі ала-құла болып тұрғанда тіпті өрши түскені жасырын емес. Қаңтар оқиғасын, кешегі Түркиядағы зілзаланы «алдын ала болжаған» көріпкел Алматыда жойқын жер сілкінісі болуы ықтимал деп көптің көңілін күпті етіп қойды. Бәрі бір Аллаға аян екеніне жұрттың кейбірі неге иланбай, осындай даурықпаға дүрлігеді?

 

–Көріпкелдік өз алдына үлкен күнә, оған бару, илану одан өткен күнә. Ал халықтың көріпкелдерге ден қоюы біріншіден білімсіздік, екіншіден Аллаға деген сенімнің жоқтығы, болса да иманның әлсіздігі. Алланың қалауы деген бар, оны білмейді, білсе де иланбайды. Сосын үрейге беріліп, қорқынышпен соңында сенімінен айырылып қалып жатады. Алланың қалауы зерттеуге келмейтін жұмбақ дүние, оның сырын ешкім аша алмайды. Сондықтан «анау болады, мынау болады» деген жандардың сөзіне еріп, оған сеніп, байбаламға берілген жақсы емес. «Алла біледі» деген әлдеқайда дұрысырақ, ол көңілге тыныштық, жүрекке сабырлық береді.

– Жастармен жиі басқосу, кездесу өткізесіз, кейінгі буынның беталысы қалай жалпы?

–Бірнеше өңірлерде болдым, бұйыртса әлі де кездесулер болады деген үмітім зор. Өткен кездесулер көңілімді оттай жандырды. Біріншіден, жастардың алып ұшқан жүректерін байқадым. Жүздерінен жүз өмірді көрдім, жалынды үндерінен күз көңілді сезбедім, мақсаттары анық, қадамдары айқын. Ал олар маған не берді деп сұрасаңыз, оларға қарап, өзімде көптеген идеялар туындайды, іштей жоспарлар құрылады. Оларға бағыт беру парызым, арғы жағын өздері алып кететініне күмәнім жоқ. Бүгінгі өз заманын құрушы жастарға тек демеу мен қолдау жетіспей тұр. Құдай қаласа жүзеге асыратын күндер күтсін алдымыздан.

– «Дін – ғылымның анасы» деп жырлаған Мұқағали «Қол ұстасып Құдайға, Ғылым мен дін бірге бар» дейді. Біз технократ ұрпақ тәрбиелеуіміз керек дейміз. «Жастар ғылым қуғаннан, өнер тапқаннан гөрі дінге құлай беріліп барады» деушілер де жоқ емес. Ақын жырлағандай ғылым қусам деген жасқа діннің ешқандай бөгесіні жоқ қой. Неге бұлай қақпайлай береді?

 

–Құдай Тағала барлық жаратылыстарын жұп-жұппен жаратқан. Өзіне мәлім әлемдері бар, алайда адамзатқа екі дүниесі ғана мәлім, яғни осы және келесі дүние. Адам (ғ.с.) атаны ғана жаратып қоя салды ма, жоқ, жүрек тұсына жақын қабырғадан Хауа ананы жаратты. Қимыл-қозғалыс үшін бір-бірден аяқ-қол бере салды ма, жоқ. Тіпті миымыз оң жақ және сол жақ бөліктерден тұрады. Мына өмірді үлкен бір дарияға теңесек, одан жүзіп өту үшін, ескегің екеу болу керек. Жетістікке жету үшін, алдымен бізге не керек, әлбетте білім қажет. Дегенмен білімнің басы дінде, кейінгісі дүниеде. Сонда ғана адам қалағанына құстай ұшып жетеді. Өткен бір сұхбатымда дінге байланып қалмай, ХХІ ғасырша ойлауға шақырған едім. Көп әріптестерім оны дұрыс түсінбеді. Шындап келгенде, Алланың алдында намаз ғана сұралады деген бір жақты оймен күні мен түндерін бос өткізіп жүрген діндар азаматтарымыз баршылық. Сонда қоғамды кім құрады, тарихты кім жасайды, келешекті кім тәрбиелейді, қызметті кім атқарады, әділдікті кім орнатады, дәстүрді кім жаңғыртады? Отыз жыл бойына дін насихатымен біз қоғамнан бөлініп, мешітке қамалдық. Қазақ жанын түсінуге Құдайдың берген аяғымен қадамдар жасамадық, қоғамға етене араласпадық. Алланың ұлы дінін мешіттің қабырғасына ғана байладық, мәдениетті көрсетпедік, діннен ғылым тарайтынын жеткізбедік. Бар бітіргеніміз, мешітке келген жамағатқа уағыз, құдайы астар, жаназа жағалау. Бір орнымызда айналшықтап қалдық, естисіз бе, АЙНАЛШЫҚТАП ҚАЛДЫҚ! Яғни бір ескекпен бір орында отыз жыл айналдық. Кешегі пандемия көптің есін жиғызды, адамзат ойлана бастады. Зауыт пен ірі өнеркәсіпті айтпайын, бетпердеге біздің ел неге зар болды? Ми туралы деректердің бірінде ми ешқашан ұйықтамайды, тыным таппайды екен. Құрығанда отыз жыл ішінде алақандай шүберек шығаруға миымызды неге қоспадық, осыған ешкім ойланбай ма? Оған кім кінәлі, үкімет пе, қазақ қоғамы үшін бәріміз жауаптымыз, жеме-жемге келгенде бәріміз кінәліміз. Осы нәтижелерге қарай, әлеуметтік желі арқылы халықты оятып, күнім мен түнімді арнадым. Басты мақсатым – діннің асылын жеткізу, Алланың махаббатын таныту, білім мен ғылымға бағыттау.

– Қазақ қоғамы неге психологиялық дәріске зәру? Зәрулігі сондай, көреген ата-бабаларымыздан келе жатқан салтымызды, ғұрпымызды бүгінгінің ұғым-түсінігіне бейімдеп айтушылар сөз сатып жүр. Соған суатқа құлаған қойдай жапа-тармағай ұмтыламыз. Неге?

–Бұл ұзаққа бармайтын қоғамдағы уақытша көрініс, Құдай қаласа бұдан біз өтеміз, себебі адамға діннен артық жұбаныш жоқ. Бізді жаратқан Алла, Ол мәңгі, Оның діні де мәңгі. Сондықтан бір Аллаға ғана үміт жалғап, рухтың тыныштығын діннен табамыз, оны дәлелдеудің қажеті жоқ. Ал зәруліктің себебіне келсек, ықпалды факторлар көп, әрі бұл сонау тоқыраулы тоқсаныншы жылдардан басталған. Кейінгі бес жылда қазақ әйелдерінің психологтарға жаппай құлауына таңғалған сәттерім болды. Бұрынғы кездері мысалы, біз тәніміз ауырса дәрігерге жүгіретінбіз, жанымыз ауырса молдаға жүгінетінбіз. Ал психологтарға кімдер телміріп жүр? Содан келешекті тарқатушы нәзік жандардың жанына не қажет, мұндай қадамдарға баруына не себеп, бұл шөліркеу ме әлде даму ма деген өзімде сауалдар пайда болды. Өзім де өзгерістерді қалап, біршама идеялардың шырмауында жүрген кезімде психологияға бет бұрдым. Қазақ басылымдарының бірен-сараны «Намаз маған не берді?» деген мақаламды жариялады, әрі ғаламтор беттерінде бар. Сол мақаланы жазуға біршама әйел кісілерді сөзге тарттым, көптеген отбасылармен сұхбаттастым, олардың біразы өмірлеріне шолу жасады. Қажетті ақпараттарды мақалама қолдандым да, қалған мәліметтерден санаға жиналған іріңді байқадым. Әлбетте, бұған әйел ғана кінәлі емес. Тоқсаныншы жылдардағы жұмыссыздық ер азаматтарды үйге қамады, оған әйел заты шыдай ма, ала дорбаны асынып, отбасы қамы үшін базар кезіп кетті де, түздегі еркек өз рөлінен айрылды. Одан бала тәрбиесі қараусыз қалды, нәтижесін бүгін көріп жатырмыз, қазіргі жас отбасылардың тоқыраулары сол тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудың жемісі деп бағалауымыз қажет. Ал бүгінгі қазақ әйелдерінің психологтарға жаппай құлауы көп нәрсені ұғындырады. Яғни басты себебінің бірі – қазақ әйелдері жылы сөзге, жұмсақ алақанға, бас қояр иыққа, тебірентер махаббатқа, мейірім мен қамқорлыққа зәру. Біз осыны жолға қоюымыз керек, яғни ер азаматтарымыз жауапкершіліктің жүгін сезінулері қажет. Үйдің жылуы әйел болса, сол жылуды суытпау отағасылардың міндеті. Сонда тоқырау тоқтайды, салт пен сана жүйеленеді, дәстүр жалғасады, әдетке айналады, мәдениетіміз қалыптасады, болашағымыз қуанады.

–Жетпіс жыл шеңгелде болған ел одан кейінгі отыз жылда нені жоғалтты, неден ұтылды?

–Бұған тәуелсіздік не берді деген дұрыстау шығар. Егемендікпен ел тізгінін қолымызға алып тұрып, неге адастық, не жоғалттық? Бұған дүниені төңкерген сол кездегі аласапыран уақыт па, әлде өзіміз кінәліміз бе? Бүгінде отыз жыл өзінің нәтижесін берді, тіпті жолымызда пандемия кезікпесе, біз ес жинамастан сол баяғы сарынмен жүре берер ме едік деген ойға да қаламын. Дегенмен Алланың әділдігі адамды жайына қалдырмайды екен. Бүгінде отыз жасқа толған жас жігіттің күйін кешкен еліміз ата дәстүрден айрылды, салт- сананы жоғалтты, әдет-ғұрыпты ұмытты. Негізі тәуелсіздік көп нәрсе берді, есіктер айқара ашылған тұста, жамыраған қойдай бәріміз бет-бетімізге кете бардық. Бізге бәрі қызықты, күшті, мәдениетті, жеңіл, сәнді, мәнді көрінді де, көршіге емес, көз көрмеген елге еліктеп кеттік. Оның тілі де жеңіл көрінді, киімі де арзан болды, нақышы да жарасты, бір сөзбен өзімізді-өзіміз менсінбеуге айналдық. Бар гәп осында.

– Қазір қасиетті Рамазан айы. Оқушылардың ораза тұтуы үлкен әңгіме тудырып жатыр. Балиғат жасына толмаған балақайлардың да тереңдеп бойлай алмаса да әсіреқызығушылықпен ораза тұтуын қалай қабылдайсыз? Ораза тұту, иманыңды күшейту науқандық дүние емес қой.

–Ораза балиғат жасқа толған адамға парыз. Шариғат бойынша балиғат жастың ең төменгі мөлшері ұл балалар үшін – 12 жас, ал қыз балалар үшін – 9 жас, яғни ұл мен қызда ержеткен мен бойжеткен белгілері көрінбесе, онда 15 жаста балиғатқа толады. Алайда, балаға ата-ана жауапты болғандықтан, баласының денсаулығын ата-ана білетіндіктен, бұл жерде отбасында ортақ шешім қабылдануы тиіс. Егер ораза ұстауына ата-ана қарсы болмаса, бала да ата-ананың сенімін ақтай білуге тиіс, яғни бір айлық режиміне мұқият көңіл бөліп, сабағына назар аударып, уақытын тиімді пайдалануы керек. Сонда ғана кез келген адам ағзалық және рухани өзгеріс табады

Тегтер: