Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 16:00

Нұрлан Нығматулиннің ұлына қатысты қылмыстық іс уақытша тоқтатылды

Нұржан Нұрланов пен Нұрлан Нығматулин
Фото: КазТАГ

Экс-мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлы – Нұржан Нұрлановқа қатысты қылмыстық істің тергеуі уақытша тоқтатылды. Бұл туралы қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Сенат кулуарында мәлімдеді.

«Қазіргі таңда ешқандай өзгеріс жоқ. Бұған дейін айтылғандай, Алматы қаласының экономикалық тергеу департаментінде қылмыстық іс тұр. Іс халықаралық тергеу тапсырмасының жолдануына байланысты уақытша тоқтатылды. Куәгер мәртебесінде ғана тұр, себебі біз шетелдік әріптестерімізден ресми жауап алған жоқпыз. Ақпарат түскеннен кейін оның нақты процессуалдық мәртебесі анықталады», – деді Елемесов.

Ағайынды Нығматулиндер Назарбаев президент болып тұрған кезде дәуірледі. Себебі Нұрлан Нығматулин – Қазақстандағы ықпалды саяси тұлғалардың бірі, экс-президенттің сенімді серігі болды. Ол түрлі жоғары лауазымды қызметтерді атқарды, оның ішінде Қарағанды қаласының әкімі, Астана қаласы әкімінің орынбасары және мәжіліс төрағасы қызметтері бар. Оның егізі Ерлан Нығматулин де бірнеше рет мәжіліс депутаты болып сайланып, экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитеттің төрағасы қызметін атқарды.

Ағайындылар мемлекеттік қызметте жүріп, үлкен ықпалға ие болды. Қарағанды облысында әмірі жүріп тұрды. Тек 2022 жылғы қаңтар бәрін өзгертті. Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрлан Нығматулин мәжіліс төрағасы қызметінен кетті. Көп ұзамай, оның рейдерлік әрекеттерге қатысы бар-жоғы талқылана бастады. Бұрынғы ҰҚК төрағасы Амангелді Шабдарбаев Нығматулиннің жаппай тәртіпсіздікке қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеді, алайда Бас прокуратура оның үстінен қылмыстық іс қозғалмағанын хабарлады. Бұл істерде Нұрлан мен Ерлан Нығматулиндердің үлкен ағасы Арғын Нығматулиннің де аты аталып қалып жатты.

Жалпы Нығматулиндердің үлкені де бірнеше лауазымды қызмет атқарған. Екі рет бұрынғы Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болып сайланған. Оның іздеуде болуы Нығматулиндер кланына қатысты рейдерлік әрекеттер мен заңсыз схемаларға қатысты күдіктерді күшейте түсті. 2 жыл бұрын антикор ағайынды Нығматулиндерге қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын растады.

Осыдан кейін бірнеше кәсіпкер олардың рейдерлік шабуылдары туралы мәлімдеме жасады. 

Арғын Нығматулин халықаралық іздеуде

2025 жылғы наурызда Нығматулиндердің үлкені Арғынға қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол мемлекеттік қаражатты жымқырды деген күдікпен халықаралық іздеуге жарияланды. Оған Қылмыстық кодекстің 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастыратын бабымен айып тағылған.