Нұрлан Ноғаев Жаңаөзен тұрғындарымен кездесті
24 ақпанда өңір басшысы Нұрлан Ноғаев Жаңаөзенге барып, тұрғындармен кездесу өткізді, — деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жаңаөзен қаласында 29 орта мектеп пен 147 спорт нысаны бар. 1 қаңтардағы жағдай бойынша Жаңаөзен қаласында 147 мың адам тұрады, өткен жылмен салыстырғанда халық саны 4332 адамға өскен.
«Ауыл – ел бесігі» республикалық бағдарламасы аясында Жаңаөзен қаласының іргесінен 50 келушіге арналған отбасылық дәрігерлік амбулатория ашылды. Мұнда ауыл тұрғындары жалпы тәжірибелік дәрігерлерден, гинекологтардан кеңес және стоматологиялық қызмет ала алады.
Бірде-бір ана өлімі тіркелмеген Жаңаөзен перзентханасы 2022 жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтады.
Жаңадан салынып жатқан медициналық нысандарға қарамастан, тұрғындар дәрігерлер тапшылығын тілге тиек етті. Қазіргі таңда Жаңаөзенге жоғары білікті 24 маман жетіспейді.
Жаңаөзендіктер медицина саласынан бөлек, жазда қалаға берілетін орта есеппен тәулігіне 42 мың текше метр, қыста 30 мың текше метр судың тоқтап қалатынын айтты.
Бұл мәселені шешу үшін 2025 жылға дейінгі кешенді даму жоспары аясында қуаты тәулігіне 50 мың текше метр теңіз суын тұщыту қондырғысын іске қосу жоспарланып отыр.
2022 жылы тұрақты ауыз су және жылумен қамтамасыз ету мақсатында жалпы құны 1 миллиард 594 миллион теңгеге тағы үш жобаны жүзеге асыру жоспарланды.
2023 жылы ағынды суларды тиімді пайдалану үшін су тазарту құбырының құрылысы салынады. Мердігер мекеме конкурс арқылы анықталады. Нысандарды 2024 жылдың желтоқсанында іске қосу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, Жаңаөзен қаласында 5 мың текше метр су сақтайтын резервуар жұмыс істейтін болады. Нысанның құрылыс жұмыстары 2023 жылдың шілде айында аяқталуы тиіс.
Сонымен қатар қалада 2023 жылдың желтоқсан айына дейін бұрыннан бар сумен жабдықтау, кәріз желілерін қайта құрылымдау және кеңейту жоспарлануда. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың инженерлік жүйелерін жаңарту сумен жабдықтау сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Маңғыстау облысының әкімі Жаңаөзен мен Ақтауда тұрғын үйлердің бақылаусыз салынып жатқанын, соның салдарынан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында мәселелер туындап отырғанын атап өтті.
— Тозығы жеткен желілерді қайта құрылымдау халықтың өмір сүру сапасын жақсартады. Мұндай тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы түрлі мәселелерге жаңаөзендіктер ғана емес, облыс орталығы да тап болып отыр. Мұның себебі — құрылыс салушылардың салғырттығы. Заңсыз салынған 24 нысан анықталды, рұқсат құжаттары жоқ болса да тұрғындарға берілген. Соның салдарынан халық газсыз, жылусыз, сусыз өмір сүруде. Бұған кінәлі тұлғалардың барлығы қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады, -деді Нұрлан Ноғаев.
Жаңаөзендіктермен кездесу алты сағаттан астам уақытқа созылды. Аймақ басшысына еңбек дауы, қаңғыбас иттерді жою, шағынаудандарды абаттандыру, қоқыс шығару, заңсыз салынған тұрғын үйге қатысты сұрақтар қойылды.
– Маңғыстаудың 200 тұрғыны айласын асырған мердігерлерге алданып отыр. Бастапқыда туысыңыз, досыңыз, танысыңыз белгілі бір тұрғын үйді жарнамалай бастайды. Ақшаңызды үнемдеуге шақырады. Соңында, сол туысыңыздың өзі алданып, басқа адамдар да ақшасынан айырылады. Бұл мәселені халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру арқылы ғана жоюға болады. Ақшаңызды инвестициялаудан бұрын барлық құжатты, әсіресе келісімшарттық талаптар мен міндеттемелерді тексеру қажет. Сондай-ақ құқық қорғау органдары алғашқы шағымдар түскен кезде мұндай фактілерге назар аударуы керек», — деді өңір басшысы.
Есеп беру кездесуінің соңында Нұрлан Ноғаев жаңаөзендіктерге жеке қабылдау өткізді.