Нұрлан Жолболов, қорғаушы: Нагасаки мен Хиросимаға жақындап қалдық

Мына жақта «просто катастрофа» болып жатыр. Мысалы, Атырауды бірнеше күннен бері түтін басып қалды. Тіпті алдыңдағы қабырға көрінбейтін дәрежеге жетті. Резерватты өздері өртей ме, біреу өртей ме, түсініксіз.
Ол жағын айта алмаймын. Бірақ факт факт күйінде қалады. Өртенгені рас. Ал кінәліні ешкім іздемейді. Қазір болып жатқан оқиға – таза «поджог». Кландар бір-бірімен қырылады, өртейді. Ал зардабын халық тартады. Енді бәрі бітті деп отырғанда жаңбыр жауып кетті. Аймақ суға шомылып жатыр, жолдардың жағдайын айтып жеткізу мүмкін емес. Қысқаша айтқанда, Атырау донорға айналған. Ал экологиясына ешкім ақша бөлмейді.
Біз Атыраудың бюджетін алып қалуға байланысты бірнеше рет бастама көтердік. Айтып та жүрміз. Біріншіден, экологиялық кодекс бойынша экологиялық апат аймағын бізге беретін болса, онда бізге үкіметтің халықаралық міндеттемелер бойынша ерекше көңіл бөлуіне тура келеді. Қазір аптекаға барсаң тиынын санап, дәрі алып тұрған елді көресің. Олар соның бәрін не үшін алып жатыр дейсің, үкімет экологиялық проблемаларды шеше алмағаны үшін. Екіншіден, егер жаңа айтқандай статус беретін болса, тұрғындарға өтемақы төлеуге тура келеді. Біз көп сұрамаймыз, бір тұрғынға 100 мың теңге беруі қажет деп есептейміз. Шын мәнінде 100 мың теңге де аз. Халық ол ақшаны дәріге жұмсайды. Себебі уақыт өткен сайын жұрттың денсаулығы нашарлап жатыр. Тіпті қазір гендік өзгерістер болып жатыр. Баланы шетінеп кетті деп айта салады. Шынында оны кім зерттеп жатыр?! Мысалы, менде ол туралы министрліктен алған статистика бар. Ал инфекция, туберкулез, тағы басқасын айтпай-ақ қояйын. Нагасаки мен Хиросимадағы ядролық жарылыстан кейін қандай балалар туды. Біз де соған жақындап қалдық.
Үшінші талап ететініміз, Атырау облысын субвенциядан 5 жылға босату қажет. Біз республикалық бюджетке, ұлттық қорға жеке-жеке ақша береміз. Экологиялық төлем, айыппұлдар төлейтін қырғын мекемелер мен компаниялар бар. Бәрі республикаға кетеді. Бізде ештеңе қалмайды. Көз алдыңызға елестетіңізші, кереуетте донор жатыр. Оның қанын алып, басқаларға пайдаланамыз. Бірақ төсекте жатқан донорға да көңіл бөлінуі қажет емес пе? Оны да тамақтандыру керек қой. Өлетін болды ғой.
Бұл жақта таңертең күкірт иісінен оянасыз. Қанша адам көз жұмып жатыр. Оларды жүректен кетті, инсульт-инфарктен қайтты деп жатады. Астарын кім тексеріп жатыр?
Ал біздегі ірі компанияларда химиялық қоқысты тастауға лимит бар. Оны мен бермеймін, Атырау халқы бермейді, Атырау әкімдігі бермейді, тіпті Атырауда құрылған комиссия да бермейді. Астанадан алады. Ол жақтан кімнен алады? Ивановтан ала ма, әлде, Қасқырбаевтан ала ма? Ол жағын да білмейміз. Біріншіден, Қасқырбаев не себептен ондай лимит береді?! Қай жерден алады, қай дәлелдемеге сүйеніп береді? Неге оларға 100 мың тонна қоқысқа рұқсат береді?! Қоқыс дегеніміз, жай ғана қоқыс емес. Ол – улы, адам денсаулығына өте зиян заттар. Соған лимит беріп отыр, улай бер деген сөзі ғой. Ал ірі компаниялар осы лимит бойынша жұмыс істейді. Қоқыс лақтырып, соның ақшасын төлеп қойып отыра береді. Төртінші талабымыз – осы лимитті атыраулықтар беруі керек. Комиссия құрылып, оған экологтар, белсенділер кіруі керек. Біз лимиттің қалай шешілетінін қазір білмейміз. Тек түтінге қарап: «Мә, бүгін жел мына жақтан соқпаса екен» деп отыра береміз.
Мен қоғам белсендісі емеспін, қорғаушымын, жұмысым сот залында. Бірақ адам ретінде шыдай алмадым. Сондықтан Шәпкеновтің қызметінен кетуін талап еттім. Оны тағы бір мерзімге қалдырса, ары қарай не болатынын елестете алмаймын, өліп қалатын шығармыз...