Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:37, 15 Тамыз 2024

Нұржігітов суға ақша бөледі, оны Аршалы әкімдігі су басқан аймаққа жібереді

су
Фото: osken-onir.kz

Отыз мыңға жуық халық тұратын Ақмола облысына қарасты Аршалы ауданының тұрғындары он жылдан бері жұлым-жұлымы шыққан жол мен жаз сайын сыздықтап ағатын ауыз су мәселесін шеше алмай келеді.

 Ел астанасынан 60 шақырым жердегі елді мекен тұрғындарының басым көпшілігі қалаға қатынап жұмыс істейді. Ыстық су тұрмақ апталап суық су көрмейтін жұрт елордадан бөшкелеп су тасуға мәжбүр.

«Аршалы ауданында тұрып келе жатқанымызға биыл 9 жыл толады. Көпқабатты үйдің екінші қабатында тұрамыз, жаз келсе болды су сыздықтап ағады. Ванна мен душымыз бар деген аты ғана, қызығын көре алмай келеміз. Біз тұратын Тәшенов көшесінде су жиі өшеді, оған етіміз де үйренді. Екі апта бұрын бірінші шағынауданда бес күн қатарынан су болмады. Амал қанша, дүкеннен литрлеп су әкеліп, үнемдеп жуынамыз. Көпқабатты үйде әжетханада су жоқ болғаны қиын. Немерелерім, күнде аулада ойнайды, кешке жуындыру керек. Осылай келе жатқанымызға 5-6 жыл болды. Келесі жыл «бәрін қатырамыз» деген уәдеден де шаршадық. Қалаға көшіп кетейік десек, жағдайымыз келмейді. Іргеміздегі Бабатай, Жібек жолы, Қараөткелде де су жетпейді. Биліктегілер мәселемізден хабардар, жылда бюджеттің ақшасы жетпейді. Шенеуніктер енді бәрін қатырамыз деп отырғанда тасқын болып, «ақшаның бәрі көмекке кетті, күтіңіздер» деген жауап естідік. Бізге ақша бөлініп, жағдай жасалғанша әлі бірнеше жыл қажет сияқты», – дейді зейнеткер Ризагүл Ахметбекқызы.

Өткен аптадан бері ауданда жылу құбырларын тартамыз деген желеумен ыстық су сөндірілген. Астанадағы кейбір аудандарда да үш күннен бері ыстық су жоқ. Аршалы ауданындағы орталық жылу құбырына қосылмаған жер үйлер әлі де пеш жақса, газға қосылған көпқабатты тұрғын үйлердің былтыр қыстай жағдайлары мәз болмаған. 2022 жылы аудандағы жылу құбырынан апат шығып, төтенше жағдай жарияланғаны есімізде.

«Былтыр орталық жылу құбырына қосылған Митченко көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйден ақау шығып, тұрғындар қыстай мұздап шықты. Құбырлар қыста қатып қалды. Солтүстіктің қысы қандай суық екенін білесіз, бес ай бойы жылытқыш қосып өмір сүрдік. Жылу құбырын жасағанда тұрғындар өз қалтамыздан 75 мың теңгеден шығардық. Жолымыздың да жағдайы оңып тұрған жоқ. Орталық көшелерде ғана тас жол бар, қалған көшенің шаңы шығып жатыр. Балалар алаңы туралы айтпай-ақ қояйық. Қарапайым ғана ауыз су мен қалаға қатынайтын жолды жөнге қоюларын сұраймыз», – дейді Ертуған Сағынов.

Аршалы әкімдігі тұрғындарды кінәлайды

«Жас Алаш» тілшісі Аршалы ауданы әкімдігіне хабарласып, аталған мәселелерге қатысты пікір сұрады. Әкімдік ауыз су ауданда 90% қамтылған, жазғы маусымда тұрғындардың көбі бақшаларын суарып, су тапшылығын қолдан жасайды деп отыр.

«Өткен жылы жаңа резервуар мен ұңғыманы жалғайтын 8 шақырым құбыр тартылды. Техника болған соң, кейде істен шығып қалатын кездер болады. Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. 2023 жылы жылу маусымы басталатын кезде көпқабатты екі тұрғын үйді орталық жылыту құбырына қостық. Митченко 4-те орналасқан тұрғын үйге қаржы жетпей, тұрғындар өз қалталарынан қаржы шығарып, орталық жылыту құбырына қосылды. Жолдарға келетін болсақ, биыл тек шұңқырды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ әкімдік 13 көшеде жолдарды орташа жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірледі. Бірақ қаражат бөлінбеді. Өткен жылы Аршалы қаласында 13 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал жарықтандыруды орнату 15-тамызда басталады», – деп жауап берді әкімдіктің баспасөз қызметі.

Аршалының мәселесі парламентте де айтылды. Бірақ содан өзгерген ештеңе жоқ.

«Билік Аршалының мәселесін беске біледі. Бүкіл елді айтпай-ақ қояйын. Тіпті Астана маңындағы ауыл тұрғындары сапалы ауыз су тапшылығын көріп отыр. Мәселен, Аршалы ауданы Жібек жолы, Целиноград ауданы Қараөткел аудандарының ауыз сумен қамтылуы – тек 40 пайыз. Егіндікөл және Талапкер ауылдарында ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. Себебі сумен жабдықтау желілері 15-40 пайызға дейін тозған. Аталған ауылдар ауыз суды елордадан тасуға мәжбүр. Ауыл тұрғындарының көлігі бөшкеге толған», – деген депутат Үнзила Шапақ.

Аталған мәселеден толықтай хабардар екенін мәлім еткен су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Аршалы ауданына қарасты Қажымұқан мен Талапкер ауылдарына су тарту бойынша жұмыстар жүргізілгенін айтып ақталған. Министрдің мәліметіне сенсек, мәселені шешу үшін бюджеттен миллиондар емес миллиардтар бөлінген.

«Су құбырларын жөндеу үшін 500 млн теңге бөлінді. Мердігер анықталды. 2024 жылы қосымша 4 млрд теңге бөлінеді. Жобаны аяқтау үшін тағы 5 млрд теңге бөлінеді. 2025 жылы жұмыстар толық аяқталады. Егіндікөл бойынша жобалық-сметалық құжаттарды аяқтап, мемлекеттік сараптаманы алдық. Оған 9 млрд 700 млн теңге бөлінді. Биыл төтенше жағдай қорынан 3 млрд теңге бөлінді. Ол қаражатқа екінші кезең жұмыстары атқарылады. 70 шақырым авариялық желілерді жөндеу жұмыстарын бастап кеттік, 47 шақырым желі ауыстырылды. Сол жұмыстардың арқасында Егіндікөл мен Қорғалжын аудандарындағы елді мекендерді сумен қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін тапты», – деген Нұржігітов.

Бірақ көріп отырғандарыңыздай, «баяғы жартас – сол жартас». Министрдің сөзіне сенсек, мемлекет қазынасынан қосымша 4 млрд бөлінген. Жұмыс жүріп жатыр. Ал Дмитрий Иванюк басқаратын Аршалы әкімдігі биылға бөлінген ақша тасқын болған аймақтарға көмекке кетті деп тұрғындарға уәж айтып отыр.

«Өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай» өтетін кезеңге келгенде біздің билік біреуін таңдаған секілді. Тасқын болған аймаққа қаржы құямыз, басқа аймақтардың мәселесі күте тұрсын деген болуы керек.

Айжан Қалиева

Астана қаласы