Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:41, 16 Маусым 2021

Нығматулин не тындырды?

None
None

Өткен аптада қоғам белсендісі Арман Шораевтың өршелене сөйлеп тастаған кезекті видеосы әлеуметтік желілерді біраз шулатты.

Шораев бұл жолы денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға шүйліккен мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің сынына байланысты өз пікірін білдірген екен.

       Сонымен, Шораев Нұрлан Зайруллаевичке мынадай мін тақты:

«Нұрлан Зайруллаевич, біреуге ақыл айтпас бұрын, сол ақылды алдымен өзіңіз неге алмайсыз? Қарапайым халық сайлаған төменгі палата депутаты ретінде өзіңіз неге қарапайым халықпен сөйлеспейсіз?  Күні кеше, мысалы, жүк көліктерінің жүргізушілері шықты, ақылы жолдардың ақысын көтеруге қарсы жаппай наразылық шара ұйымдастырып. Көпбалалы аналар күн сайын Ақорданың алдына жиналып жүр ғой, өз талаптарын билікке жеткізуге тырысып. Науқас балаларының қымбат еміне әлеуметтік желілерде жұрттан тиындап ақша жинап жүрген аналардың зарын неге естімейсіз? Сіз солардың сөзін тыңдап, шаққан мұңына құлақ түріп, солардың алдына шыққанда ғана қарапайым халықтың атынан сөйлейтін моральдық құқығыңыз болады. Меніңше, сізге қара базарға барып, кеше ғана өзі алған картоп құны ары кетсе 200 теңге шығар деп келгенде, алдынан келісі 500 теңге боп шыға келген картопты алмасқа амалы қалмаған қара халықпен сөйлесу керек. 300 теңгелік күнбағыс майы қазір 600 болғаны қалай? Сіз сынай беретін үкімет неге және қалайша осындай жағдайға жол берді? Өзіңіздің сайлаушыларыңызға осыны неге түсіндірмейсіз? Соңғы он жылда парламенттің осы төменгі палатасы – сіздің бұйрығыңызбен ғана маңырайтын қой мінезді депутаттар неге сізге және олигархтарға ғана тиімді заңдарды қабылдайды? Ендеше, Нығматулин мырза, сіз біреуге ақыл соқпас бұрын, сол ақылға алдымен өзіңіз неге жүгінбейсіз?» – деген екен Арман Шораев.

        Бұған дейін мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға шүйлігу үшін алдымен депутат Лариса Павловецке сөз беріп, ол Алексей Цойға халыққа көрсетілетін медициналық қызметтерге қатысты сауалын сау еткізген еді: «Құрметті Алексей Владимирович, менің сұрағым медициналық қызметтерге қатысты. Есепті жылда медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру үшін 1,6 триллион теңге шығындалды, бұл деген сұмдық ақша емес пе?» – деді депутат.

      Павловец Цойдың есіне біраз дүниені салды: мәселен, үкімет есебіне сәйкес, Қазақстанда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілуіне байланысты амбулаториялық жағдайдағы мамандандырылған медициналық көмекті қаржыландыру көлемі бес еседен астамға артты. Амбулаторлық-дәрілік қамтамасыз ету 65 пайызға артты, медициналық сауықтыру шығындары екі есеге артыпты. Алайда науқас пациенттердің медициналық көмекке қанағаттану көрсеткіші небәрі 53,3 пайызды құрайды. «Халықтың жартысының алып жүрген медициналық көмегіне бәрібір көңілі толмайтын болып шықса, онда соншама ақшаны шығындаудың не қажеті бар еді?» – деді депутат.

         Ал Цой болса ақталу үшін дамыған елдерді мысалға келтірмек болды. «Дамыған елдердің өзінде, Еуропаның өзінде халықтың денсаулық сақтау жүйесіне қанағаттануы 65-70 пайызды құрайды», – деп қойып қалды министр. Осыны естіген Нығматулин «Еуропаны еуропалықтардың өзіне қалдырайық! Өз мәселеңізбен айналысыңыз. Тығылып отырған окопыңыздан шығып, халық алдына баратын кезіңіз келді. Халықпен тек санитарлық дәрігердің қаулысы арқылы ғана сөйлесетініңізді доғару керек. Аудандық ауруханаға барыңыз, кезекте тұрған халықтың өзінен сұрап біліңіз, медициналық көмектің шын сапасын, біз кім үшін жұмыс істеп жүрміз?» – деп министр Цойды біраз мыжғылап тастап еді Нығматулин.

Тегтер: