Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:26, 23 Тамыз 2022

Нығметсіз Нығматулиннің былықтары

None
None

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың қала тұрғындарымен кездесуі ауыздан-ауызға тарап, әлемжеліні шарлап, күлкіге айналып үлгерді.

Бірақ бұл түсінген кісіге күлетін емес, жылайтын жағдай. Әрине, бұл өз алдына бөлек әңгіме. Біздің жазбамыз қызуқанды, долы Досаев туралы емес. Ойды ой қозғайтыны сияқты, шындық іздеп, шырылдаған бір тұрғынның сөзінен туған ойтүрткі. Аты-жөні белгісіз кәсіпкер келіншек Барахолка базарынан балмұздақтың апаратын қоятын орын таппай, Досаевқа шағымын айта келеді. Әлгі келіншектің күйіп кеткені соншалық «Сіздердің балаларыңыз ішкен тамақты, жеген киімді менің де балам ішсе, жесе деймін. Мен де Отанымның қызығын көрсем деймін. Неге жұмақ өмір сіздерде ғана болуы керек?» – дегендей пікір білдіреді. Бізді осы ой түртті.

Өте жақсы сұрақ. Отыз жыл Назарбаев пен оның жақындары ғана Қазақстанның барлық игіліктерін көрді. Ішті, жеді, киді, қыдырды, сатты, тонады. Ал қарапайым қазақ отыз жыл бойы бір әулет пен соның айналасындағы әпербақандардың құлы болып жалданып, күңі болып күнелтті. Дара билік, орта ғасырлық озбыр сана қашан тыйылады?

Өзге жұрт әлдеқашан озған. Біз сияқты әділдік іздеп, демократияны түсінде көріп жүргендер аз. Озық елдерде бәрі әділетті. Президенті көшеден тамақтанады, қойшысы ресторанда қыдырады. Қазақстанда облыс әкімдері түгілі, аудан әкімдерінің өзі халық жүрген жерде жүрмейді. Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бұрынғы ректоры Ғалымқайыр Мұтанов – ұлттық университетті жарты патшадай жайлағанын бәрі айтады қазір. Атқосшы, оққағарларымен бірге жүргенде, оның айналасына ешкім жақындай алмайтын болған. Оның лифтіге мінуі мен ректораттан шығуының өзі Еуропаның ешбір президенттерінен кем емес дейді. Күзет біткен «қырылып», декан, проректорлар лифтіден бұрын 15-қабатқа жаяу-жалпы шабатын көрінеді. Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов Маңғыстау облысының әкімі болып тұрған кезінде түскі асқа 15 джиппен, қырық-елу адаммен «керуен тартып» баратынын өз көзімізбен көргенбіз. Бұл бір екі мысал ғана. Біздің биліктегі дөкейлер өздері ғана емес, бала шағаларына да отыз жыл осындай пейіш сыйлады.

Мұндай жүйе қашанға дейін жалғасуы мүмкін? Неге әкімдердің баласы алтын жөргекте туылып, министрлердің немересі алтын астаудан ас ішеді. Неге еңбегін сатқан диқанның баласы өмірбойы арып-ашып, арық аршып жүруі керек? Неге қойшының ұлы таяқ ұстап, тау жағалап, сай сағалап, өмір сүрмек? Жаңа Қазақстанда осы сұрақты көлденең қоюға болатын шығар?

Ұзынсонар кіріспенің негізгі нысанасы – Нұрлан Нығматулин еді. Отыз жылғы жұмақты үрім-бұтағымен көрген ескі Қазақстан еркелерінің бірі. Бұлардың еркелігі қашан тыйылады? Саясаттанушы Досым Сәтпаев Ресей басшысы мен Тоқаевтың соңғы кездесуі туралы берген сұхбатында бір жақсы болжам жасапты. Яғни Тоқаев Путинмен кездесуінде кімдерге тиісу, кімдерге тиіспеу керектігін нақтылап, келісіп алуы мүмкін деген. Саясаттанушының болжамы келсе, тиісуге болатындардың тізімінде біз нысанаға алған Нығматулинның болуы әбден мүмкін. Өйткені ол Қазақстанды билеп-төстеген екінші адам. Тіпті, ел ішінде екінші Назарбаев атанған атаман. Өмірбаянына тоқталмаймыз.

Қаңтар оқиғасынан кейін атқа қонған Жаңа Қазақстан жақтастары Нұрлан Зайроллаұлының былықтарын айта бастады. Оған дейінгі әңгімелердің арқауы бостау болатын. Мысалы, шенеуніктерге ұрсып, жекіп сөйлей алатын екінші адамның ұлдары басқарған «Қазфосфат» минералды тыңайтқыш зауытының былығы бұрқ ете қалды. Кіші Нығматулиндер монополия арқылы 697 миллион теңге заңсыз пайда тапқан. Бұл әңгіме Тоқаевтың құлағына жетеді. Мемлекет басшысы «Тыңайтқыш зауыты өз өнімдерінің ірі бөлігін өзіне тиесілі компанияларға сатқан, олар әрі қарай 30 пайыз үстеме баға қойған», деп мәлімдеді сол кезде. Сөйтіп, жарты Қазақстанды билеген Нығматулиндердің Жамбыл облысындағы жыры басталсын…  

Басқа шенеуніктерге қарағанда, Нығматулиндердің дақпырты басым. Олардың Қарағанды облысындағы ықпалы әр-әр жерде айтылып жүр. Тіпті, бұлардың меншігіндегі компаниялар мен жер телімдері туралы да әңгіме көп. Азаттық радиосы жариялаған материалда Нұрлан Нығматулин мен оның отбасына, жақын туыстарына жалпы 225 компания тиесілі көрінеді. Ұлдары мен әйеліне қатысы бар 35 компания аталса, оның арасында ірі кәсіпорындар мен банктер де бар деп жазады. Нығматулиннің Назарбаевқа ұқсайтын бір ерекшелігі – бұл да құдаларын қатты жарылқайды екен. Құдасы Дінмұхамед Ыдырысовтың иелігінде 120 компанияның бары айтылады. Өмірінде бір күн бизнеспен айналыспай, шексіз байлық жиған экс-спикердің есімі Ұлыбритания парламентінде де қозғалды. «Халықты тонап байыған» қазақ олигархтарына санкция салу туралы жасалған ұсыныстың бел ортасында Нұрлан Нығматулиннің аты-жөні тұр.    

Тамыздың 31-күні 60 жасқа толатын экс-спикердің Лондондағы жылжымайтын мүліктері туралы да әңгіме көп. Қаңтар қырғынынан кейін қызметінен кеткен шенеунік сол жақта біраз уақыт демалып, аңдысын аңдып, аяқ суытып қайтқаны баршаға аян. Нұрлан Нығматулиннің Қазақстандағы сөз бостандығын тұншықтыруға қосқан «үлесі», тіпті, керемет! Кезінде әкелі-балалы Матаевтарды соттатқан адам ретінде Зайроллаұлы аталады. Мемлекетте әділдік орнамаса, заң орындалмаса, Қазақстан тағы отыз жыл нығматулиндер сияқты шексіз билік, қисапсыз байлық жиған зорларға қор болады. Алланың нығметі болмаса, Нұрландардың нығметі болмай тұр бұл қазаққа.

Тегтер: