Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:28

NYT: АҚШ Иранға соғысты тоқтату жөніндегі 15 тармақтан тұратын жоспар ұсынды

Трамп
Фото: ЖИ/ Жас Алаш

АҚШ Таяу Шығыстағы соғысты тоқтату үшін Иранға 15 тармақтан тұратын бейбіт жоспар жолдады.

Бұл туралы The New York Times газеті екі дереккөзге сілтеме жасап хабарлады. Құжат Иран басшылығына Пәкістан арқылы жеткізілген.

Израильдің N12 телеарнасының мәліметінше, жоспар Иранның ядролық қару әзірлеуден бас тартуын және жоғары деңгейде байытылған уран қорын МАГАТЭ-ге беруді қарастырады.

Axios басылымының жазуынша, АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф Дональд Трампқа Иранның жоспардың бірнеше маңызды тармақтарымен, соның ішінде жоғары байытылған уранды тапсыру мәселесімен келіскенін жеткізген. Алайда Тегеранның ресми ұстанымы әзірге белгісіз. Сонымен қатар, АҚШ-пен бірге төрт аптадан бері Иранға соққы жасап отырған Израильдің бұл жоспарға қалай қарайтыны да нақтыланбаған.

23 наурызда Дональд Трамп Иран басшылығымен «тиімді келіссөздер» жүргенін мәлімдеп, Иранның энергетикалық инфрақұрылымына жасалатын соққыларды бес күнге тоқтатуды тапсырған. Ал Тегеран бұл келіссөздердің болғанын жоққа шығарып отыр.

Ормуз бұғазы мәселесі

Осы арада Иран Сыртқы істер министрлігі 24 наурызда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне және Халықаралық теңіз ұйымына «дұшпан емес кемелердің» Ормуз бұғазы арқылы өтуіне рұқсат берілетінін хабарлады.

Құжатта агрессияға қатысы жоқ және қауіпсіздік талаптарын сақтайтын кемелер Тегеранмен алдын ала келісу арқылы бұғаздан қауіпсіз өте алатыны айтылған.

Қазіргі таңда Таяу Шығыстағы соғыс жағдайына байланысты әлемдік мұнай мен сұйытылған газдың шамамен 20 пайызы өтетін Ормуз бұғазы арқылы тасымал іс жүзінде тоқтап тұр.

Тегтер: