Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:15

NYT: АҚШ Куба президентінің қызметтен кетуін талап етіп жатыр

Раул Кастро мен Мигель Диас-Канель
Фото: AFP

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Куба президенті Мигель Диас-Канельді биліктен кетіруге ұмтылып жатыр. Бұл туралы The New York Times төрт дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

Келіссөздер барысында америкалық тарап Кубаға ел президентінің қызметтен кетуі қажет екенін жеткізген. Сонымен қатар, одан кейінгі қадамдар кубалықтардың өз еркіне қалдырылған.

Трамп әкімшілігі өкілдерінің пікірінше, Диас-Канельдің биліктен кетуі Кубада құрылымдық экономикалық реформаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Вашингтон қазіргі президент мұндай өзгерістерді қолдайды дегенге күмәнмен қарайды.

Вашингтонның талабы

NYT дереккөздерінің бірінің айтуынша, АҚШ тек президенттің ғана емес, сонымен қатар Фидель Кастроның идеяларын ұстанатын бірқатар ескі саясаткерлердің де биліктен кетуін қалайды.

Сонымен бірге, АҚШ әзірге Кубада ықпалы зор болып отырған Кастро әулетінің мүшелеріне қарсы ешқандай талап қоймаған.

Басылым мәліметінше, Куба президентінің қызметтен кетуі Трамп үшін Венесуэладағы жағдайға ұқсас «символдық жеңіс» болар еді.

"АҚШ үшін бұл ұзақ уақыт бойы қарсы болған солшыл үкімет басшысын биліктен кетірдік деп жариялауға мүмкіндік береді", - делінген материалда.

Сонымен қатар, келіссөздердің мақсаты:

  • Куба экономикасын біртіндеп америкалық бизнес үшін ашу;

  • елді белгілі бір деңгейде тәуелді жүйеге енгізу;

  • Трамп жариялай алатын бірнеше саяси жетістікке қол жеткізу

екені атап өтіледі.

Диас-Канель мен Раул Кастро
Диас-Канель мен Раул Кастро . Фото: Alexandre Meneghini / AP

Кубадағы билік

65 жастағы Мигель Диас-Канель 2018 жылдан бері Куба президенті қызметін атқарады.
The New York Times оны мемлекеттің номиналды басшысы деп сипаттайды.

Кубаның бұрынғы президенті, қазіргі таңда 94 жастағы әрі елде ықпалы сақталған Рауль Кастро Диас-Канельді өз мұрагері ретінде таңдаған.

Бұған дейінгі мәлімдемелер

Дональд Трамп бұған дейін АҚШ Кубаны «достық жолмен қосып алуы мүмкін» екенін айтқан. Оның пікірінше, Куба үкіметі жақын арада құлайды.

The Wall Street Journal дерегіне сәйкес, Трамп әкімшілігі 2026 жылдың соңына дейін Кубада билікті ауыстыру үшін ел ішінен агенттер іздеген.

Келіссөздер және дағдарыс

13 наурыз күні Мигель Диас-Канель Куба өкілдері АҚШ үкіметімен келіссөздер бастағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Куба тарапы диалог арқылы екі ел арасындағы қайшылықтарды шешуді көздейді.

Ал 16 наурыз күні Кубада жаппай электр қуатының үзілуі (блэкаут) тіркелді. Диас-Канельдің сөзінше, елге үш айдан бері мұнай жеткізілмеген, сондықтан Куба күн энергиясы, табиғи газ және жылу электр станциялары есебінен жұмыс істеп отыр.

Бұған дейін Куба мұнайды Венесуэладан алып келген, алайда АҚШ Николас Мадуроны биліктен кетіргеннен кейін бұл жеткізілім тоқтаған.