Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 15:10

NYT: АҚШ-тың Венесуэлаға жасаған әскери операциясы салдарынан кемінде 40 адам қаза тапты

Венесуэла
Фото: Leonardo Fernandez Viloria / AP / Scanpix / LETA

The New York Times басылымының мәліметінше, 3 қаңтарға қараған түні АҚШ қарулы күштері Венесуэла аумағында жүргізген әскери операция салдарынан бейбіт тұрғындар мен әскери қызметкерлерді қоса алғанда кемінде 40 адам көз жұмған.

Бұл ақпаратты газет Венесуэладағы жоғары лауазымды шенеуніктердің біріне сілтеме жасап жариялаған.

150-ден астам әскери ұшақ қатысқан

Пентагон өкілдерінің дерегінше, операцияға 150-ден астам әскери әуе кемесі, соның ішінде жойғыштар мен бомбалаушы ұшақтар тартылған. Әуе кемелері АҚШ Әскери-теңіз күштерінің кемелерінен және өзге де әскери базалардан көкке көтерілген.

Алдымен – кибершабуыл

Әскери операция кибершабуылмен басталған. Соның салдарынан Каракастың едәуір бөлігінде электр қуаты өшіп қалған. Бұл АҚШ авиациясына астанаға көзге түспей жақындауға мүмкіндік берген.

Одан кейін әуе күштері қала аумағында үздіксіз соққылар жасаған. АҚШ президенті әкімшілігінің өкілі соққылардың негізгі нысанасы радиолокациялық жүйелер мен радио-таратқыш мұнаралар болғанын мәлімдеген.

Мадуро мен оның жұбайын «Delta Force» ұстаған

NYT дерегінше, Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флорес АҚШ қарулы күштерінің элиталық арнайы бөлімшесі – Delta Force жауынгерлері тарапынан қолға түскен.

Қамауға алу операциясы алдын ала Мадуроның резиденциясының Кентукки штатында салынған көшірмесінде бірнеше мәрте пысықталған. Ал Венесуэла басшысының соңғы айлардағы жүріс-тұрысы жөніндегі барлау мәліметтерін Каракаста жұмыс істеген ЦРУ агенттері жинағаны айтылған.

Кариб теңізіндегі шабуылдар

Каракастағы операцияға дейін АҚШ бірнеше ай бойы Кариб теңізі аймағында теңіз кампаниясын жүргізген. Осы кезеңде ондаған кеме шабуылға ұшыраған.

Дональд Трамп әкімшілігінің өкілдері бұл кемелер арқылы Венесуэладан АҚШ-қа есірткі тасымалданғанын алға тартқан. БАҚ дерегінше, осы теңіздегі шабуылдардың салдарынан кемінде 115 адам қаза тапқан.