Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:25

NYT: Әскери құрылымдар Трампқа Иранға соққы беру нұсқаларын ұсынды

Трамп
Фото: Molly Riley / The White House / Getty Images

Кейінгі күндері АҚШ президенті Дональд Трампқа Иранға жаңа әскери соққылар жасауға қатысты бірнеше нұсқа ұсынылды.

Бұл туралы The New York Times басылымы Америкадағы бірқатар дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.

Газет мәліметінше, президентке ұсынылған сценарийлердің арасында Тегерандағы әскери емес нысандарға соққы беру мүмкіндігі де бар. Алайда нақты қандай нысандар екені ашып айтылмаған.

The New York Times тілдескен дереккөздердің айтуынша, Трамп әзірге түпкілікті шешім қабылдамағанымен, «жаңа соққыларға рұқсат беру мүмкіндігін байыппен қарастырып отыр». Жоғары лауазымды әскери шенеуніктердің бірі ықтимал шабуыл алдында аймақтағы қолбасшыларға АҚШ позицияларын күшейту және Иран тарапынан болуы мүмкін жауап соққыларына дайындалу үшін уақыт қажет екенін атап өткен.

The Wall Street Journal басылымы да Трамп әкімшілігі өкілдері бұл нұсқалар бойынша алдын ала талқылаулар жүргізгенін жазады. Ресми тұлғалардың бірінің айтуынша, Иранның әскери нысандарына кең ауқымды әуе соққысын жасау мәселесі қаралған. Тағы бір дереккөздің мәліметінше, әрекет жоспары бойынша әзірге ортақ келісім жоқ және АҚШ әскери техникасы немесе әскерлері соққы жасауға дайындық үшін жаңа позицияларға көшірілмеген.

Дереккөздер бұл талқылауларды әдеттегі стратегиялық жоспарлаудың бір бөлігі деп сипаттай отырып, Иранға шабуылдың сөзсіз болатынын білдіретін айқын белгілер жоқ екенін де атап өткен.

Ақ үй бұл мәселеге қатысты сауалға жауап ретінде Трамптың Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасына сілтеме жасаған. Онда: «Иран еркіндікке ұмтылуда, мүмкін бұрынғыдан да қатты. АҚШ көмектесуге дайын!!!» деп жазылған.

Иран парламентінің спикері Мұхаммад Бағыр Ғалибафтың айтуынша, АҚШ тарапынан кез келген шабуыл Тегеранның Израильге және АҚШ-тың аймақтағы әскери базаларына жауап соққылар жасауына алып келеді.

Ирандағы жаппай наразылықтар 28 желтоқсанда басталған. Бұған ұлттық валютаның күрт құнсыздануы мен жоғары инфляция себеп болған. Көп ұзамай наразылықтар елдің басым бөлігін қамтып, Иранның батысындағы екі қала наразылық білдірушілердің бақылауына өткен. Билік шерулерді күшпен басуға кірісіп, соның аясында елде интернет толық өшірілген. Әртүрлі дереккөздерге сәйкес, полициямен қақтығыстар кезінде қаза тапқандар саны 200-ден асқан, алайда бұл жөнінде ресми мәлімет жарияланған жоқ.