NYT: Батыс Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдіктері белгілі болды
АҚШ пен Еуропа елдерінің дипломаттары 15 желтоқсанда Берлинде өткен келіссөздер барысында Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдіктерін айқындайтын екі негізгі құжатты келісіп алған.
Бұл туралы құжаттармен таныс дереккөздерге сілтеме жасаған The New York Times жазды.
Басылымның мәліметінше, аталған кепілдіктер мазмұны жағынан НАТО-ның 5-бабында көзделген міндеттемелерге жақын, алайда олардың басты шарты – Украинаның Солтүстік Атлантикалық альянсқа мүшеліктен бас тартуы.
Қауіпсіздік кепілдіктерінің екі форматы
NYT дерегінше, келісілген бірінші құжат қауіпсіздік кепілдіктерінің жалпы қағидаттарын қамтиды. Онда шабуылға ұшыраған елге өзге мемлекеттердің көмек көрсету міндеттемесі қарастырылған. Дереккөздердің айтуынша, бұл құқықтық тұрғыдан міндетті сипаттағы кепілдіктер болуы мүмкін.
АҚШ бұл құжатты Сенаттың ратификациясына шығаруға дайын, ал еуропалық елдер өздерінің ішкі рәсімдеріне сәйкес бекітуді жоспарлап отыр.
Екінші құжат «оперативтік» сипатқа ие және негізінен әскери салаға арналған. Онда АҚШ пен Еуропа елдерінің Украина қарулы күштерімен Ресейдің жаңа басқыншылығын болдырмау және Украина аумағын қайта басып алу әрекеттерінің алдын алу үшін қалай бірлесіп жұмыс істейтіні нақты көрсетілген.
Анонимді түрде пікір білдірген америкалық шенеуніктің айтуынша, бұл құжат өте нақты тетіктерді қамтиды. Яғни сөз саяси декларациялар емес, әскери әрекеттерді тежеу мен Ресейдің ықтимал шабуылына жауап беру механизмдері туралы болып отыр.
Құжатта, сондай-ақ Берлин келіссөздерінің қорытындысы бойынша бірқатар еуропалық елдер басшылары қабылдаған декларацияда көрсетілгендей, АҚШ ықтимал бітімді бақылауда негізгі рөл атқарады. Америка Құрама Штаттары барлау деректері арқылы Ресейдің жаңа шабуылға дайындалып жатқанын анықтап, жағдайдың ушығуына жол бермеуге міндеттелмек.
NYT жазуынша, АҚШ әскерін Украинаға жіберу жоспарланбаған. Алайда НАТО-дан тыс форматта бірқатар еуропалық елдердің әскери контингенті Украина аумағында орналастырылуы мүмкін. Бұл күштер майдан шебінен алыс аймақтарға орналастырылып, қосымша тежеу факторы ретінде қарастырылады.
Мәскеу бұған дейін Украина аумағында НАТО елдерінің әскерін орналастырудың кез келген нұсқасын қабылдамайтынын бірнеше рет мәлімдеген. Дегенмен америкалық шенеуніктердің пікірінше, егер әңгіме НАТО миссиясы туралы болмаса, Ресей түптің түбінде мұндай жағдайға келісуі мүмкін.
Құжатта Украина армиясын қосымша күшейту, сондай-ақ одақтастар жеткізуі тиіс қажетті қару-жарақ түрлерінің тізімі де қамтылған.
Сонымен бірге құжатта Ресей тарапынан агрессия қайта жалғасқан жағдайда АҚШ пен НАТО елдері тікелей әскери қақтығысқа бара ма, жоқ па деген сұраққа нақты жауап берілмеген. Германия канцлері Фридрих Мерц мұндай сценарийдің «белгілі бір жағдайларда» мүмкін екенін жоққа шығармаған.
НАТО, аумақтық мәселе және Зеленскийдің ұстанымы
The New York Times атап өткендей, АҚШ-та бұл қауіпсіздік кепілдіктері Киевтің НАТО-ға мүшелікке ұмтылудан бас тартуымен, сондай-ақ аумақтық ымыраларға баруымен байланыстырылып отыр.
Украина билігі НАТО мәселесінде альянсқа мүшеліксіз де қауіпсіздік кепілдіктерін қарастыруға дайын екенін меңзегенімен, аумақтық жеңілдіктерге, соның ішінде Украина қарулы күштерін Донецк облысынан шығару талабына, президент Владимир Зеленский үзілді-кесілді қарсы екенін мәлімдеді. Алайда ол түпкілікті шешімді украиналық сайлаушылар қабылдауы мүмкін екенін де жоққа шығармады.