Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:40, 05 Қыркүйек 2023

NYT: Генерал Суровикин Пригожин қайтыс болғаннан кейін босатылды

None
None

Евгений Пригожин көтерілісінен кейін жоғалып кеткен Украинадағы Ресей әскерлері тобы қолбасшысының бұрынғы орынбасары Сергей Суровикин шынымен де бостандыққа шықты.

Бұл туралы америкалық The New York Times (NYT) газеті екі америкалық шенеунік пен Ресей қорғаныс министрлігіне жақын аты аталмаған дереккөзге сілтеме жасап жазды. Осылайша, басылым бұған дейін генералдың әйелімен түскен суретін жариялаған ресейлік журналист Ксения Собчактың ақпаратын растады.

Аты-жөнін атамауды өтінген ресейлік сұхбат берушінің айтуынша, Суровикин генерал шенін сақтап ресми түрде әскери қызметте қалады, бірақ оның енді мансапта болашағы жоқ. Дәл сол дереккөздің хабарлауынша, армия генералы Суровикин «Вагнер» компаниясының негізін қалаушы Евгений Пригожин ұшақ апатынан қайтыс болғаннан кейін бірнеше күннен соң босатылған.

Песков генерал Суровикиннің тағдыры туралы сұраққа жауап беруден бас тартты

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистердің генерал Суровикиннің тағдыры туралы сұрақтарына жауап беруден бас тартты.  AFP тілшісінің Песковтан «Сергей Суровикинге қатысты тергеу туралы сұрауға бола ма?» деген сұрағына Путиннің баспасөз хатшысы: «Жоқ, бұл мүмкін емес» деп жауап берген.

Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу бір күн бұрын осыған ұқсас сұраққа жауап берді. «Суровикинге не болды және оған қатысты тергеу жүріп жатыр ма?» деген сұраққа Шойгу: «Бар сұрақтардың осы ғана ма?» деп жауап беріп, сосын кетіп қалған.

Собчак пен Венедиктов Суровикиннің босатылғаны туралы хабарлады

Ксения Собчак 4 қыркүйекте Суровикиннің босатылғанын хабарлады.

«Генерал Сергей Суровикин шықты. Тірі, сау, отбасымен Мәскеуде. Бүгінгі сурет», — деп жазды ол.

Кейінірек «Эхо Москвы» радиостанциясының бұрынғы бас редакторы Алексей Венедиктов Суровикиннің «отбасымен үйде, қорғаныс министрлігінің қарамағында болғанын» айтты. 

Генерал Сергей Суровикин 2022 жылдың қазанынан 2023 жылдың қаңтарына дейін Украинадағы ресейлік армия тобын басқарды, содан кейін Ресей Бас штабының басшысы Валерий Герасимовке орнын босатып, қолбасшының орынбасары болды. Америкалық шенеуніктердің пайымдауынша, ол Пригожиннің көтерілісі туралы ол басталғанға дейін білген. 

Маусым айының аяғындағы Пригожин көтерілісінен кейін ол ел алдына шықпады. Вагнер Мәскеуге қарай жылжыған түні генерал оны шегінуге және бас қолбасшының бұйрығын орындауға шақырған видеосын жариялады. Бұқаралық ақпарат құралдары генерал Суровикинді жазалаудың әртүрлі нұсқаларын келтірді

Тегтер: