Болат Назарбаевтың Нью-Йорктағы пәтері 2 миллион долларға сатылып жатыр
Болат Назарбаев 2007 жылы сатып алған Wall Street 55 мекенжайында орналасқан пентхаус сатылымға шығарылды. Сату туралы шешім экс-президенттің інісінің көзі тірісінде қабылданғаны айтылады.
«Выход к морю» telegram-арнасының мәліметінше, ауданы 164 шаршы метр екі жатын бөлмесі, қонақ үйі, үш ванна бөлмесі және террассасы бар пәтерді Назарбаев 2,7 миллион долларға тұрғызған.
Бұл мүлік бастапқыда оның бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиеваның өгей ұлы Данияр Кесікбаевтың атына тіркелгені хабарланды.
Құрманғалиева ажырасу барысында түрлі соттар арқылы бұрынғы күйеуінен АҚШ-тағы пәтерімен қоса байлығының жартысын талап еткен. Айтуларынша, сол уақытта оның ұлы бұл пентхаусты сатпақ болған, бірақ сот ісін жүргізгеннен кейін экс-президенттің інісі мүлікті заң жүзінде қорғап қалған.
«Дәл осы 2011 жылы Құрманғалиеваға алаяқтық және адам ұрлау бойынша айып тағылып, Қазақстанда іздеу жарияланды. Өз кезегінде Болат Назарбаев өгей ұлы мен бұрынғы әйелін одан ондаған миллион доллар ұрлады деп айыптап, Нью-Йорктегі сотқа жүгінді. Болат пен Майра арасындағы сот процесі бірнеше жылға созылды», - делінген хабарламада.
Нәтижесінде Болат Назарбаев Құрманғалиеваға Нью-Джерсидегі құны 20 миллион долларлық үй қалдырып кеткен.
Белгілі болғандай, 2016 жылы Назарбаев пентхаусты өзінің жеке коллекторлық агенттігі мен бірқатар шағын фирмаларды басқарған көмекшісі Батыржан Ахметовке берген.
Айта кетейік, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі Болат Назарбаев 2023 жылдың қараша айында қайтыс болды. Назарбаевқа 2022 жылы пневмония, тромбоз және қант диабетімен асқынған көмей обыры диагнозы қойылған.