Нью-Йоркте Макронның көлігін Трамптың кортежі тоқтатты

Франция президенті Эммануэль Макрон Нью-Йорк орталығында полицияның тосқауылына тап болды. Офицерлер жолды АҚШ президенті Дональд Трамптың кортежі өтіп бара жатқанына байланысты уақытша жапқан.
Бұл туралы The Telegraph хабарлады.
Полиция тоқтатқан сәт
Оқиға БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында сөйлегеннен кейін орын алған. Әлеуметтік желілерде тараған бейнекадрларда Макронның көліктен түсіп, полиция қызметкерінен кортежіне жол ашуды сұрағаны көрінеді.
Полицей жолдың Трамп кортежі келгенше жабық болатынын түсіндірген. Макрон болса, «егер кортеж әлі жетпесе, өткізе салыңыздар» деп ұсыныс жасаған.
Қысқа уақыт күткен соң Франция басшысы Трампқа қоңырау шалып, «жолдың жабық болуына байланысты кешігіп жатқанын» айтқан. Кейін Макрон француз елшілігіне қарай жаяу кеткен. Жолда ол қала тұрғындарымен суретке түсіп, әңгімелескен.
Бұл оқиға қарсаңында Макрон БҰҰ мінберінен Газа секторындағы соғысты тоқтатуға шақырып, Палестина мемлекетінің құрылуын қолдайтынын мәлімдеген.
Францияның бұл ұстанымын Ұлыбритания, Канада және тағы бірқатар мемлекеттер қолдаған. Алайда Дональд Трамп мұндай бастамаларды бірнеше рет сынап, «Палестинаны мойындау – ХАМАС-ты марапаттау» деп атаған.