Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 11:10

НЗМ-ге келгенде үні шықпайтын Бейсембаев – «жай» мектептердің министрі

Бейсембаев
Фото: Жас Алаш коллаж

Назарбаев зияткерлік мектебі дауға жиі ілігіп жүр. Бірде оның бюджеті, бірде жұмысы сынға қалады.

 Соңғы жағдай да естеріңізде болар. Оқу жылының аяқталуына екі күн қалғанда Алматыдағы НЗМ-ның 11-сынып оқушысы оқудан шығарылды. Оның жағдайына алаңдап, шешімнің әділетсіздігі, НЗМ-ның артық кеткені туралы айтпаған адам жоқ шығар. Соған қарамастан, НЗМ дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин «шешімімді өзгертпеймін» деп тұрып алды. Ең қызығы, білім-ғылымға қатысы бар екі министріміз бірдей НЗМ-ны қолдап шықты. Сондағы шешкендері – «бала аттестатсыз қалмайды, оны мемлекеттік мектеп оқытады». О бастан қызу талқыға кірісіп кеткен қазақ қоғамы соңғы күндері бұл мемлекеттік мектептерге жасалған дискриминация емес пе деген мәселеге ойысты.

23 мамырда Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Сұңқар Майқан оқуынан шығып қалғанда педагог-депутат Ирина Смирнова: «Қалайша баланы 23 мамырда мектептен шығаруға болады? Ол қайда барады? Оны қай мектеп қабылдайды? Алматыдағы Назарбаев мектебі, сіздер оқушының құқығын бұзып жатырмын деп ойламайсыздар ма? Сіздердің асығыс шешімдеріңіз заңсыз емес пе?» – деп, шамырқанып шыққан.

Даудың бәрі оқушының бейәдеп сөзінен басталған. Депутатқа еріп, жұрт гу ете қалғанда, Әнуар Жанғозин мәлімдеме жасап, өз позициясын білдірген. «Тоқсандық қорытынды бағалау кезінде 11-сынып оқушысы академиялық адалдық ережесін бұзып, емтиханда ұялы телефон қолданған. Бұл мектепте қатаң тыйым салынған әрекет. Ол жайлы оқушыларға да, ата-аналарға да үнемі ескертіп, айтып отырамыз. Педагог тиісті ережелерге сәйкес, телефонды алып қойған. Ал оқушы агрессияға беріліп, оған «ш....ва» деген дөрекі сөз айтқан. Бұл инцидент тіркелген және тиісті дәлелдер бар».

Жанғозин онымен де тоқтамай, Сұңқардың бұған дейін де бірнеше ережені бұзғанын жазған. Сонда арқалаған жазасы не дейсіз ғой? НЗМ-дан шығарылып, басқа мектепке ауыстырылыпты. Оқушы элиталық (!) мектептің тәртібін бұзғаны үшін «жай» мектепке ауыстыру дейтін ешкім естімеген ерекше жазаға кесіліп отыр.

Бұл шешімге қарсы шыққандар көп болды. «Егер НЗМ мемлекет есебінен оқытуды мойнына алса, онда бұл міндеттемесін орындауы тиіс. Бұл енді жеке бизнес емес – бұл мемлекеттік тапсырыс, ал стандарттар мен ережелерді мемлекет бекітеді. Мектептің құрылтайшысы – үкімет», – деді депутат Мұрат Әбенов. Ал заңгерлер оқудан шығару туралы бұйрықта «тәртіптік құқықбұзушылық жасалды» деп жазылғанын, ал оның баланы мектептен шығарып жіберуге негіз бола алмайтынын жарыса айтып жатты. Конституциялық құқықтарды алға тартып, жазалауды әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс аясында ғана шектесе, оқуда қалдыруды талап етсе, мектеп сотта жеңіліп қалуы ықтимал екенін айтқандар да болды.

Қамқор министр үшін мүмкін емес ештеңе жоқ

Қоғамда пікірталас қызған кезде НЗМ төрағасы, оқушы, ата-аналар және педагогикалық ұжымның кездесуі өтіп, талқылауға оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен қоғамдық кеңестің мүшелері де кірісіп кетті. Нәтижесінде, НЗМ шешімі өзгеріссіз қалып, жасөспірімді оқудан шығарды. Қос министрлік бірдей ат салысқанда тапқан шешімдерінің сиқы сол – НЗМ «лақтырып» тастаған оқушы мемлекеттік жалпы білім беретін мектепке қабылданды.

Қызық мұнымен бітпейді. 25 мамырда оқу жылы аяқталады. Ары қарай каникул. Былтырғы өзгеріс бойынша, Ұлттық деректер базасы жыл он екі ай жұмыс істей береді, яғни оқушылар бұрынғыдай тоқсан соңында немесе жыл аяғында, каникул кезінде ғана емес, кез келген уақытта ауыса беруге болады. Бірақ біз айтып отырған жағдай басқаша. НЗМ – 12 жылдық мектеп. Біз әңгіме қылып отырған оқушы биыл соның 11-сыныбын аяқтаған. Яғни енді бір жыл оқып барып қана аттестат алуды жоспарлап отырған. Сөйтіп отырғанда, тәртіп бұзып, НЗМ-дан шығып қалады. Басқа мектептерде (мемлекеттік) 12-сынып жоқ. НЗМ-да мүлде басқа бағдарламамен оқыған оқушы қалай ғана басқа мектепке ауыса салып, сол мектептің аттестатын алып шыға салады? Біздің белді министрлер бұл сұрақты белден басып, көпе-көрінеу шешім шығарып отыр. «Аттестатсыз қалғалы жатқан оқушыны құтқару операциясын» ұйымдастырып жіберіп, шамасы жететін, сөзі өтетін Алматы қаласындағы №8 мектеп-гимназиясына қабылдатып, емтихан тапсыртып, аттестатын қолына ұстатыңдар деген. Мұнымен де қызық бітпейді. Мектепті бітірді деу үшін оқушы ең кеш дегенде 24 мамырда сол мектепке қабылдану керек қой. Одан кешіксе, далада қалады. Өйткені 23 мамырда НЗМ-дан шығып қалған оқушы 12-сыныпты оқу үшін басқа бір 12 жылдық білім жүйесіндегі мектепке ауысуға тиіс. Ал біздің қамқор министрлік оқушыны 11 жылдық мектепке ауыстырып отыр. Сұңқар Майқанның жайын талқылаған соңғы жиын 28 мамыр күні, 11 жылдық мектеп оқу жылын аяқтап тастаған соң өткен. Демек, ең болмаса бір күн де партасында отырмаған бала оқу жылы аяқталып кеткен соң №8 мектеп-гимназиясына қабылданып, едел-жедел сол мектептің түлегі болып шыға келмек.

Осындай жаңылтпаштан, осындай «приключениеден» кейін бәрінің тігісін жатқыза салған оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың шеберлігіне таңғалмай көр. Сірә, оқушыны құтқарсам, жұрт алғыс айтады деп ойлаған болар, рас, едел-жедел шешім шығарып, едел-жедел орындата салған министрдің бұл «қамқорлығы» елеусіз қалған жоқ. Ішінде елге белгілі азаматтар да бар, әлеуметтік желі қолданушылары шу ете түсті.

«Бюджеттен шөміштеп ақша алып отырған, оқытушылары сапында шетелдік ғұламалар бар НЗМ 5-6 жыл оқытып «адам» ете алмаған «тәртіпсіз» баланы қаржы қасықтап қана берілетін орта мектепке ығыстыра салу дұрыс па? Орта мектеп бейәдеп, төбелескіш, сотқар балаларды түзейтін лагерь ме? Әлде орта мектептегі мұғалімдерді тілдей беруге бола ма?»; «Неге мемлекеттік мектеп екінші сортты мектеп сияқты бір жерден қашқан, екінші жерден қуылғандарды жіберетін жер болуы керек? Осы әрекетпен-ақ мемлекеттік мектептің қадірін кетіріп отыр ғой»; «Бұл тапқа бөлу ме сонда?»; «Кеңес кезінен келе жатқан жазаның бір түрі бұл. Тәртіпке көнбеген, үлгерімі нашар балаларды профтехучилищелерге жіберетін. Осы баланың жағдайында да дәл сол тәртіптік жазаны қолданған екен...»; «Қазір мектептердің өзі үлгерімі жақсы емес балаларды он бірінші сыныпқа жолатқысы келмейді. Тоғызыншы сыныпты бастағаннан оқушыны да, ата-анасын да түртпектеп жүріп колледжге жібереді. Ал ондағы білімнің де, тәрбиенің де сапасы бөлек әңгіме» деп келетін пікірден аяқ алып жүре алмайсыз. Соған қарағанда, министрдің «қамқорлығы» діттеген жеріне жетпеген сияқты.

НЗМ-сіз де аттестат бар

«Бұл шешім мемлекеттік мектепке жасалған дискриминация емес пе» деген сауал қою үшін Алматы қаласындағы №8 мектеп-гимназиясына хабарластық. Қабылдаудың мән-жайы мен Сұңқар Майқанның аттестат алған немесе алмағанын да білгіміз келді. Қабылдау телефонына жауап берген, аты-жөнін айтудан бас тартқан мектеп өкілі:

«Сұңқар Майқанның мемлекеттік емтихандарды тапсыруы мен аттестат алған немесе алмағаны туралы ақпаратты директордан сұрау қажет. Оны жариялауға рұқсат бола ма, жоқ па, белгісіз. Басқа сұрақтарға да қазір нақты жауап бере алмаймыз», – деп, қысқа қайырды.

Аятжан Ахметжан

Дәл осы сауалымызды педагогтарға да қойып көрдік. Сарапшы Аятжан Ахметжан:

«Бұл нәрсені дискриминация деп қарауға болмайды. Бала тұрғылықты мекенжайына сәйкес мемлекеттік мектепте орта білім алуға құқылы. Конституция бойынша 1-11 сыныпты оқу тегін. Демек, мемлекеттік мектеп өз мекенжайына қарайтын баланы оқытуға міндетті», – деп жауап берді.

Ал педагог Гүлшат Дүйсенова:

«Бұл сұрақ та, шешім де орынды шығар. Бірақ мүмкін нұсқалар мен жүйелік, этикалық, білім стандарттарына қатысты мәселелер де ойда тұрады. Себебі абсолютті дұрыс деген нұсқаның өзі кейде бір жаққа бейімірек болып тұратыны бар. НЗМ-ның ішкі тәртібін бұзған оқушыны жай мектепке ауыстыру арқылы «жазалап» отыр ма? Әлде жазаланып, оқудан шығып қалған балаға мемлекеттік мектеп қолдау білдіріп, өзіне алды ма? Сұрақ осы жерде. Негізінен, 23 мамыр күні оқудан шығарылған баланы 24 мамыр күні басқа білім беру мекемесінің қабылдай қоймайтыны айдан-анық. Оның үстіне, дау қызып, бала «далада қалған» уақытта 24-25 мамыр өтіп те кеткен. Тек депутаттар араласып, министрліктің мамандары барған соң, ел шулап, резонанс туындаған соң ғана мемлекеттік мектеп оқушыны өзіне алған шығар. Себебі НЗМ шығарған оқушысын қайта алмаймыз деп тұрып алды, ал дауды аяқтаудың осыдан басқа жолы қалмаған соң, жауаптылардың бәрі ықпалдасқан болар.

Ал енді осы қадам мемлекеттік мектепке дискриминация ма деген сауалға тоқталар болсақ, білім беру ұйымындағы дискриминацияға қандай да бір белгілерге байланысты өзгеше қарым-қатынас жасау жатады. Халықаралық стандарттарға сүйенсек, оған академиялық біліктілікке қатысы жоқ жыныс, этнос, әлеуметтік деңгей мен денсаулық сынды белгілер кіреді. Ал дәлелін тапқан тәртіп бұзушылық дискриминация болып есептелмейді. Бірақ тәртіп бұзып, сол мекемеде білім алуға «лайықсыз» деп танылған оқушыны мемлекеттік мектептің аттестатын алады деу... Басып айту қиын. Әрине, заң бойынша бала тұрғылықты мекенжайына қарайтын мектепте тегін орта білім алуға құқылы. Дейтұрғанымен, ешқандай мектеп 24 мамыр күні оқушы қабылдай алмайды.

Мемлекеттік мектептерде де тәртіп бұзатын оқушылар аз емес. Бірақ олармен психолог жұмыс істейді, ата-анамен байланыс күшейеді. Бірақ оқудан шығарып жіберіпті дегенді естігеніміз жоқ. Ал элиталы мектептерде ондай құзыреттілік бар», – дейді.

Мәселені алғашқылардың бірі болып көтерген депутат Ирина Смирнова болса:

«Оқушы құқықтарының бұзылуы, оның басқа жазалау әдістері қолданылмай, оқудан шығарылуы, осы білім беру ұйымының нормативтік құжаттарындағы мәселелерді көрсетіп берді. Осының бәрі педагогикалық шешімге емес, «келіссөзге» әкеп соқтырды. 12 жылдық мектептің оқушысын 11 сыныптық мемлекеттік мектептің мемлекеттік емтиханына апара салу дұрыс емес. Әрі оқушы ол емтихандарға дайындалмаған. Сұңқардың ҰБТ тапсыру мүмкіндігі де шектеулі. Өйткені тестілеуге тіркелу баяғыда басталып кеткен. Ал басқа түлектер бұл тесттен үш реттен өтіп үлгерді. Осының бәрі «келіссөздің» кесірі. Элиталы мектеп құтылғысы келіп, ақыры соны жасады. Осының бәрі әділетсіз», – деп, өкініш білдіріп отыр.

Бұл жағдай министр Бейсембаевтың салмағын көрсетіп берген оқиға болды. Әрине, Смирнова айтып отырғандай, біраз «келіссөз» жүргені анық. Бірақ әйдік адамның атын арқалаған әйдік мектеп «жай» мектептердің министріне илікпей қойған сияқты.

Баян Мұратбекқызы