12:32, 29 Наурыз 2019
О.Әкімов: Биыл 22 спорт ғимаратын ашамыз
Еліміздегі аймақтар арасында спорттан Қызылорда облысының шоқтығы биік. Қаншама чемпиондар шықты.
Күні кеше мәнерлеп сырғанаудан күміс медаль еншілеген Элизабет Тұрсынбаева да осы өңірдің намысын қорғап жүр. «Жас Алаш» тілшісі Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Әкімовпен кездесіп, сұхбаттасқан еді.– Олжас Азатұлы, жақында Жапонияның Сайтама қаласында өткен мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатында қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева күміс жүлдені жеңіп алды. Бұл спортшыға Қызылорда облысы қаншалықты қолдау білдіріп отыр?– Элизабеттің жетістігі – бұл 2019 жылғы еліміздің спортындағы ең елеулі оқиғаның бірі деп бағалауға болады. Ол Қазақстан спортының тарихында тұңғыш рет мәнерлеп сырғанаудан әйелдер арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Элизабеттің әкесі – Байтақ Тұрсынбаев Қызылорда облысының тумасы. Сондықтан қазіргі кезде біздің облыстың намысын қорғап жүр.Спортшыға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ерекше қамқорлық танытуда. Ай сайын облыстық спорттық басқармадан жалақысын алады. Оқу-жаттығу жиындары, әр түрлі жарыстарға қатысу шығындарына өз көмегімізді көрсетіп келеміз.– Ұзақ жыл Сыр спортын Садық Мұстафаев басқарды. Сіздің тізгінді ұстағаңызға 1,5 жылдан асты. Өзіңіз келгенде жұмысты неден бастадыңыз?– Мен жұмысты спорттық инфрақұрылымнан бастадым.Алдымен, облыстың жеті ауданында (Жанқожа батыр, Мәдениет, Ақжарма, Еңбекші, Түгіскен ауылдарында және Сексеуіл, Төретам кенттері) бюджеттің есебінен спорт нысандарын салдық. Одан кейін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқасында тағы 9 спорт кешенінің құрылысы аяқталды. Жалпы, 2018 жылы 16 спорт нысаны ел игіліне пайдалануға берілді. Биыл енді тағы 22 спорт ғимаратын ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, былтыр ат спорты клубын аштық. Бұрын Сыр өңірінде мұндай клуб болмаған екен. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға да көңіл бөліп келеміз. 2018 жылдың соңында алғаш рет мүгедектерге арналған спорт клубы тұсауын кесті. Мұнда 14 спорт түрі қамтылған, 27 бапкер қызмет атқарады. Спорт клубы мүмкіндігі шектеулі жандар арасында оқу-жаттығу, жарысу, дене шынықтыру-сауықтыру және тәрбиелеу үшін құрылған. Клубтың мақсаты – облыстағы көру, есту қабілеті және тірек-қимыл аппараты зақымдалған азаматтардың спортпен тұрақты түрде айналысуына қол жеткізу. Клуб директоры қызметіне отырып ойнау волейболынан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Пара Азия ойындарының қола жүлдегері Ерік Қасқабаевты тағайындадық.Тағы бір айта кететін жайт, өзім осы жұмысқа келген бойда барлық спорт кешендері, мекемелердің, мектептердің жеке ресми сайттарын ашқыздым.Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұз айдынның жанынан ашық бассейн ашылды, жеңіл атлетика манежі қайта жөндеуден өтіп, қолданысқа берілді.– Кәсіби спорттан бөлек, бұқаралық спорт бар. Бұл жағы Қызылорда облысында қалай жүргізіліп жатыр?– Елбасы бұқаралық спортпен шұғылданушылардың санын республика көлемінде 2020 жылға дейін 30 пайызға жеткізуді тапсырған болатын. Сол бойынша біздің облысымызда жақсы жұмыстар атқарылып жатыр деп айтуға болады. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш 28,3 пайызды құрап отыр. Биылғы жылы 29 пайызға жетеміз деп жоспарлап отырмыз. 2017 жылдан әр аптаның сенбі күндері велошеру өткізіп тұрамыз. Оған жасы егде тартқан тұрғындарымыз да қатысады. Сондай-ақ күн жылынысымен марафондар басталады.– Әлемдегі №1 спорт түрі саналатын футболдан Қызылорда облысының намысын «Қайсар» клубы қорғап жүр. Биыл команда алдына қандай мақсат қойылды?– Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев былтырғы жылы үздік бестіктен көрінуді тапсырған. Ол жоспар жүзеге асты. 2018 жылы премьер-лигада командамыз бесінші орын алды. Енді, биыл Еуропа лигасына жолдама иеленуді көздеп отырмыз. Яғни алғашқы төрт орынның біреуіне ілігуіміз қажет. Команда құрамында Мақсат Байжанов, Думан Нәрзілдаев, Асхат Тағыберген бастаған бірнеше жергілікті футболшылар ойнап жүр.–Бұрынғы жылдары бокстан ел құрамасында Қызылорда облысының өкілдерін байқай қоймайтынбыз. Қазір олардың қатары көбейіп келеді, тіпті, Қамшыбек Қоңқабаев 2019 жылы құрама капитаны ретінде сайланды.– Былтырғы жылы 75 келідегі Тұрсынбай Құлахмет пен аса ауыр салмақ дәрежесіндегі Қамшыбек Қоңқабаев екеуіне облыстық спорт басқармасынан жалақы алатындардың қатарынан қостық. Екеуі де қазіргі кезде ұлттық құрама мүшелері. Көрсеткіштері жаман емес. Қамшыбектің 2017 жылы әлем чемпионатының финалына жеткенін жақсы білесіздер. Алдағы Токио Олимпиадасында жүлдеден үміт күттіретін боксшыларымыздың бірі.Сондай-ақ 2018 жылы Қызылордада жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатын өткіздік. Енді, жақында облыстың тарихында 4 жылда бір рет ұйымдастырылатын спартакиаданы қабылдаймыз. Сол кезде боксшыларымызға да үміт артамыз.–Көпшілікті командалық спорт түрлері қызықтырады. Қызылордада гандбол жақсы дамығанын білеміз...– Дұрыс айтасыз, Қызылорданың гандбол командасы елімізде теңдесіз. «Сейхун» клубы – бірнеше дүркін ел чемпионы. Жақында ел чемпионатының бір туры біздің облыста өтті. Жерлестеріміз қарсыластарынан шыдатқан жоқ.Көгалдағы хоккейден де қарқынымыз жақсы. Ауылдан шығып, әлемдік ареналарда оза шауып жүрген «Сырдария» клубын ерекше айтқым келеді.Волейболдан «Қайсар» атты командамыз Талдықорғанда өтіп жатқан ел чемпионатының кезекті турында жергілікті «Жетісу» және Оралдың «Жайық» клубтарын ұтты. Волейбол – нағыз бұқаралық спорт түрі. Сондықтан жеті ауданда волейбол бөлімшелерін аштық. Алдағы уақытта ел чемпионы болуды көздейміз.–Енді ұлттық спорт түрлеріне тоқталып өтсек...– Қызылорда облысынан кезінде тұңғыш «Қазақстан барысы» шықты. Қазір Нұрым Сәлімгерей, Мақсат Исақабылов, Ғалымжан Әбдірахманов секілді жастарымыз осы қазақ күресінен облысымыздың намысын абыроймен қорғап жүр.Ұлттық спорт түрлеріне ерекше көңіл бөлеміз деп айта аламын. Өйткені, қазақ күресінен бөлек, ат спорты, тоғызқұмалаққа да мән беріледі.– Енді жеке өзіңізге тоқталып өтсем, бұған дейін Астана, Алматы қалаларында қызмет атқарған екенсіз. Туған жерге оралудағы мақсатыңыз?– Өзім Қызылорда облысының тумасымын. Еліміздің ірі қалаларында бапкер болып қызмет атқардым, шәкірттер тәрбиеледім.Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысымын.Әмбебап жекпе-жектен ұлттық құраманың бас бапкері болдым. Облыс әкімінің шақырыуымен елге оралдым. Маған сенім білдіріп, үміт артқан Қырымбек Елеуұлына алғысым шексіз. Кез келген азамат туған жеріне қызмет етуді армандайды ғой. Енді, басқарма басшысы ретінде спортшыларға көмегім тиіп жатса қуанамын.– Кезінде бапкер болған екенсіз. Қандай елге танымал шәкірттіріңіз бар?– Әмбебап жекпе-жектен Тимур Кенжеәлиев атты шәкіртім әлем чемпионы атанған. Кейіннен кикбоксингтен ұлттық құрамада өнер көрсетті. Халил Әліби атты оқушым Азия чемпионатында топ жарған. Одан бөлек, Ерсұлтан Әбілахат, Жеңіс Ердәулет есімді талантты шәкірттерім әлем, Азия чемпионаттарында жүлделі орындардан көрінген.Бапкер болу деген оңай емес. Шәкірттерге өз балаңнан артық қарайсың. Көп уақытым сол спортшылардың қасында өтті.–Мемлекеттік қызметте жүріп, салауатты өмір салтын ұстануды ұмытып кетпеген боларсыз?– Күнде таңертең 7:40-та тұрамын, сосын дене жаттығуларын жасаймын. 20 минут жүгіріп аламын. Үлкен теннис ойнап тұрамын, бассейнге қызығушылығым бар.– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхабаттасқан Бек ТӨЛЕУОВ