Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:00, 16 Қараша 2022

Обалымыз ҚТЖ-ға!

None
None

«Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы қазақтың мұңын қашан түсінер екен?! Осы бір алпауыт компания туралы біз бұған дейін де бірнеше мәрте жаздық.

Енді басқасы-басқа бұл компанияның салғырттығынан ауылдағы қарапайым диқандар банкротқа ұшырап, зардап шегуі әбден мүмкін. Диқандардан бөлек, тұтас бір астық шаруашылығы шығынға ұшыраса, мұның обалы кімге?! Қазір қазақстандық бидай экспорттаушылар осылай деп дабыл қағып отыр...

  Жалпы, Қазақстан биыл астықтан рекордтық көрсеткіште өнім алды. Бұған қатысты есепті көріп бастапқыда қуандық. Қазір қамбамызға 22 млн тонна астық жиналды. Алайда осы астықты экспортқа шығарып, дер кезінде  ұқсатып алайын десе, ҚТЖ-ның салғырттығы диқандардың уайымын үдетіп отыр. Себебі аталмыш компания астық таситын вагондарды уақытылы бермей, сыртқы нарыққа өнім жеткізу бойынша міндеттемелер дер кезінде орындалмауда.  Елімізде астық таситын вагондар жетіспеуде.  Бұл мәселеге алаңдаған сарапшылар: «астық уақытында экспортталмаса, диқандарға түсім түспейді. Мұның арты олардың банктер алдындағы қарызын өтей алмауына апарып соқтырады», деседі.

    Сөйтіп, бізде бітік шыққан өнім бар, бірақ оны ұқсату қиын боп отыр.  Сала мамандарының ең басты уайымы «астықты діттеген жеріне экспорттап үлгермесек, үсітіп, шірітіп аламыз ба», дегенге саяды. Өйткені өнімді уақытылы өткізіп жібермеген соң, диқандар қазір жиған астықтарын қамбаларға, элеваторларға өткізуге мәжбүр. Бірақ ол қамбаларда былтырдан қалған астық бар болғандықтан, биылғы астықты элеваторлар толық қабылдай алмайды. «Алдымызда қыс келе жатыр. Солтүстік жақта күн ерте суытатындықтан, далада жатқан астық үсіп кетуі де әбден мүмкін», дейді сарапшылар. 

  Бұл мәселеден бөлек, сала мамандары: «Ресейдің астығы алдымызды орап ала ма», деп те алаңдап отыр. Мәселен, Ресей биыл рекордтық көлемде астық жинады, мұндай өнім көрші елдің тарихында бұрын-соңды болмаған.

– Ресей 150 млн тоннадан астам астық жинады. Астық экспортына қатысты Ресейде проблема жоқ. Алдағы уақытта Ресей санкциялардың салдарынан, астығын экспортқа шығара алмаса, Қазақстанның нарығын транзиттік нарық ретінде көріп, Орталық Азия нарығына астығын ыңғайлы бағамен өткізе бастайды. Мұндай бәсеке қазақстандық диқандар үшін тым ауыр, – дейді экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов.

Маманның айтуынша, Қазақстан негізінен, өз астығын Өзбекстан, Тәжікстан, Иран, Ауғанстан елдеріне экспорттайды. Осы нарыққа Ресейден баратын транзиттік астықты жібермеу қажет.

– Ол үшін астық экспорты уақытылы орындалуы керек. Экспорттау дер кезінде орындалмай, Ресей бізден шапшаң қимылдаса, біздегі астық бағасын арзандатып, түсіріп сатуға тура келеді. Мұның арты диқандардың шығынын ақтамай, тағы сол несиесін өтей алмауға апарып соқтырады. Бюджетке де астықтан түсетін түсім азаяды, – дейді маман.

    Негізінен, «KazGrain Ұлттық экспортерлар» ассоциациясы саладағы жағдайды біледі. Аталмыш ассоциация басшылары мәселені айтып, үкіметке хат та жазған. Алайда мәселенің себебін әлі нақты түсіндірмеген.

Бұған қатысты «KazGrain Ұлттық экспортерлар» ассоциациясының төрағасы Зейнолла Әбдіманаповтың айтуынша, біреулер локомотивтің жоқтығы, біреулер стансаларда жүргізу мүмкіндігі болмай жатқанын желеу етеді.  Бірақ «Қазақстан теміржолы» тарапынан нақты себебін түсіндіретін мәлімдеме жоқ.

  • Мен экспорттаушы ретінде вагондарымды 30 тәулік бойы күтіп отырмын. 20-30 тәулік күткен вагон, тағы 2-3 күн оны жүктеуге кететін болса, жүк тасымалымен сатып алушыға жеткізетін болсам, 40 тәулікке дейін уақыт алады. Ал былтыр 40 тәулік ішінде бір вагон екі рет барып келетін, – дейді Зейнолла Әбдіманапов.

 Экспорттаушылардың айтуынша, вагондардың тапшылығынан бөлек,  оларды жалдау тарифі де ұлғайған. Былтыр бір вагонды экспортерлар 700 мың теңгеге жалдаса, биыл ол вагондар 1,6 млн-нан 1,7 млн теңгеге дейін көтеріліп, бір вагонның бағасы 2-2,5 есеге дейін өскен. Жалпы, мұндайда «осы ҚТЖ-ның халыққа шын жаны аши ма өзі», деген сауал еріксіз туындайды. Себебі бұл компания былтыр жаз айында Маңғыстау өңірінде жұт болып, мал қырылып жатқанда да сол елге шөп тасыған халық арасынан шыққан еріктілерден әр вагон үшін 500 мың теңге талап еткен болатын-ды. 

   Негізінде, экономикамыздың  күре тамыры саналуы тиіс «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ-на қарата айтылатын сын өте көп. Қазақстан теміржол паркіндегі вагондардың әбден тозғандығы, сатып алынған жаңа вагондардың да талапқа сай еместігі, жалпы, саладағы қызметтің сапасыздығы, ҚТЖ-ны жайлаған жемқорлықтың тым тереңдеп кеткені айтыла-айтыла әбден жауыр болды. Әйтесе де, ҚТЖ-ның айтылған сындардан қорытынды шығарар түрі көрінбейді. Биылғы жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл компанияның транзиттік әлеуетін арттыру және аталмыш компанияны трансформациялау жөнінде баса айтты. Президент өзі пәрмен беріп отырғаннан кейін «компания жұмысын жаңаша үйлестіріп, халыққа сапалы қызмет көрсете бастар», деп үміттенгенбіз. Алайда ҚТЖ-ның жұмысы әлі сол  «салақ әйелдің үйінен сабақты ине табылмас» дегендей, болып отыр. Қазір экспорттаушылардан бөлек, қарапайым халық та «Қазақстан теміржолындағы» тасымал құнының қымбаттығынан, қызметтің сапасыздығынан, әбден ығыр болды. Діттеген жерімізге уақытылы жете алмай «өгіз аяңмен кешеуілдетіп жететін» пойыздарды «жүрдек пойыздар» деп өз-өзімізді алдағалы да қаншама жыл болды?! Қайтеміз, мұндайда амалсыз обалымыз ҚТЖ-ға деп бармақ тістейміз.  Бірақ сол алпауыт компаниядағылар обал-сауап дегенді түсінер ме екен өзі?!  

Тегтер: