Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:27, 01 Қыркүйек 2022

Облыс әкімі ел алдына шықпаған күн

None
None

Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 31 жыл толуына орай тарихи датаға айналған 29 тамыз күні облыс орталығындағы «Бейбітшілік» аралында салтанатты жиын өтті.

Бұл жылдағы дәстүр болғанымен, биылғы жыл үшін ерекше еді. Себебі, Семей Абай облысының орталығына айналғалы бері қала тұрғындарының алдағы күнге деген сеніміне қан жүгіре бастағаны байқалады. Арал төріндегі полигон құрбандарына тұрғызылған «Өлімнен де күшті» монументіне күн көтеріле ағылған жұрттың дені жастар, мектеп оқушылары, мұғалімдер, шараға жауапты билік өкілдері біртіндеп сап түзеп, салтанатты жиынның ашылуын сарыла күтті. Сырт қарағанда әдеттегі көрініс, қалайда өтуі міндетке айналған жиын еді бұл. Бәрінен де көпшіліктің асыға күткені облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың келіп, Абай облысының халқына дем бере сөйлеуі болатын. Бұған дейін сонау Өскеменнен келетін ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің арнайы келіп қатысатынына еті үйренген семейліктер бұл жолы жаңа облыстың жаңа басшысын шынайы құрмет, зор үмітпен, еш күмәнсіз күтті.

Әкім қайда кетті екен?

Алайда, арал төріне келуі жоспарланған Нұрлан Ұранхаевтың өзі тұрмақ көлеңкесі де көзге түспеді. Облыс басшысының қатыспауы мүмкін екендігін бұған дейін де құлағымыз шалғандықтан, баспасөз қызметінің өкілінен қаншалықты қадала сұрасақ та мардымды жауап ала алмадық. Қызметіне енді кіріскен әріптесіміздің атын атамай-ақ қоялық, бірақ та оның «ол кісі маған есеп бермейді» деп ватсапта жолдаған жауабы көңілге селкеу түсірді. Ақыры, түртпектеп жүріп анықтағанымыз – Нұрлан Тельманұлы Президент Қ. Тоқаевтың 1 қыркүйекте жариялайтын жолдауына қатысты өтетін Нұр-Сұлтан қаласында өтетін жиынға аттанып кетіпті-міс. Тағы да таңдай қақтық: сонда мемлекет басшысының жолдауы үшін үш күн бұрын барып көзіне түскенде (29,30,31 тамыз күндері) өзі басқаратын облысқа қандай пайда әкелмек?! Шындығын айтқанда, дәл осы ұлт трагедиясына айналған Семей сынақ полигонының тоқтатылған тарихи датасында Абай облысының әкімі Н. Ұранхаевтың қатыспағаны қараша халық үшін жауабы жұмбақ жайға айналып қала берді. Егер облыстың негізі енді қаланып жатқан тұста оның астанаға басқа шаруамен де баруы мүмкін делік, алайда, оны да қаперіне алып, түсіндіре кетуді жөн көрген тірі шенеунік көрмедік. Облыс әкімінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасары Шалқар Заманбекұлының тап осы сәтте арал төрінен табылмағаны да жұрт көңіліне түскен дақты қоюлата түсті. Тіпті, облыс дөкейлеріне қарағанда қарапайым қалпымен халыққа бір табан жақын саналатын Абай облыстық мәслихатының хатшысы Қуаныш Сүлейменов те бұл күні төбе көрсеткен жоқ. Мәслихат хатшысы келмейтінін білгендіктен болар, депутаттарының қатарынан да ешкімді байқамадық.

Жиынды ашқан Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев та (біраз күнде облыстық қоғамдық даму басқармасына басшы болудан үмітті- авт) 40 жыл қаралы күнді бастан өткерген халықтың басындағы трагедияны егіле сөйлеп, тілге тиек еткенімен, мінбер алдына өзінен жоғарылар неге келе алмағанын айтуға жасқанды ма, дәрмені жетпеді ме, ол жайында жақ ашпады.

Бір байқалғаны көпшілік қолындағы ұрансөздердің барлығы дерлік жаңарған. Жыл сайын алыстан мен мұндалап тұратын тұңғыш президент Н. Назарбаевтың есімі қосыла жазылатын транспаранттарда қисап жоқ еді. Бұл жолы әдеттегідей міндетті түрде айтылатын «1991 жылдың 29 тамызында Н. Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылғаны» туралы да сөз алғандардан ешкім жақ ашпады. Демек, біз «Жаңа Қазақстанға» шынымен бет бұрған сияқтымыз...

«Полигон 21 комитеті»: жаңа заң қабылдар кез жетті

Жә, дегенмен,өткен жылдан бері семейліктердің мерейін өсіріп, үмітінің отына шырақ жаққан бір әрекеттің бары қуантады. Ол — қалада ғана емес, облыс аумағында өзіндік салмағы, абыройы бар бір топ азаматтардың бір ұстаным аясында бас қосуының нәтижесінде «Полигон 21 комитеті» қоғамдық бірлестігінің құрылғаны. Яғни, былтыр  Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай қала төрінде өткен халықаралық конференциядан соң, құрылған  «Полигон-21 Комитеті» ҚБ жақында ресми түрде тіркеліп, жұмысын ширата бастады.

Сол тұрғыда «Бейбітшілік» аралындағы жиында сөз алған Абай облыстық қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары, бірлестік басшысы Қайрат Мирашев ендігі кезекте ядролық сынақттан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау, зейнет жасына ерте шығару, түрлі жеңілдіктер қамтылатын жаңа заң қабылдау қажеттігіне тоқталды.

«1949 жылы, 29 тамызда, Дегелең тауында, алғашқы атом бомбасы жарылып, адамзат баласына жойқын апат әкелді. 40 жылға созылған бұл жарлыстардың зардабы, ұшан-теңіз. Семей аймағында тұратын адамдардың, бірі мүгедек болып қалса, екіншісі айықпас дертке шалдықты. Белгісіз ауруларға ұшырап, азаппен қайтыс болғандардың қатары көбейе түсті. Қатерлі ісік дертіне шалдыққандардың да қатары өсті. Өкінішке орай, халық бұның зардабын әлі де тартып келеді. Ел тәуелсіздігін алған жылы, Семей ядролық сынақ полигоны да мәңгілікке жабылды.

Күн тәртібінде зардап шеккен азаматтарды қорғау, жеңілдiктер беру, аумақты                    әлеуметтiк-экономикалық дамыту мәселесі тұрды. Осы мақсатта 1992 жылы «Семей ядролық сынақ полигонындағы сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк жағынан қорғау туралы» заң қабылданды.  Алайда, осы  заңның аты болғанымен, бүгінгі күнге дейін заты жоқ. Іс жүзінде, полигон аймағында тұратын және дүниеге келген азаматтар бұл заңның ешбір игілігін көре алмай отыр.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Семейге келген сапарында, полигоннан зардап шеккендерге жасалатын жеңілдік лайықты деңгейде болуы қажет екенін айтып, үкіметке арнайы ұсыныстар әзірлеуді тапсырған еді. Алайда содан бері бірнеше жыл өтсе де нақты әрекеттер байқалар емес.

Сол тұрғыда басты мақсатымыз, қолданыстағы заңның күшін жойып, күн тәртібіне сай жаңа Заң қабылдау қажет; бұрынғы полигон аймағында тұратын халықтың жеткілікті деңгейде төлемдермен қамтамасыз етілуі, азаматтардың әлеуметтік жағынан қорғалуы, зейнеткерлікке ертерек шығуы назарға алынуы тиіс»,-дейді Қ. Мирашев.  

 «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының басшысы Марат Құрманбай да БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында «Полигон 21 комитетінің» сынақтан зардап шеккендердің құқығын қорғау, денсаулығын оңалту жолында маңызды қадамдар жасауға ұмытылып жатқанын атап өтті. Сол тұрғыда тек Семей өңірі ғана емес, полигон аумағы қамтыған Қарағанды, Павлодар облысына қарасты аудандарды ортақ мақсатқа жұмылдырып, қол жинау шарасы жүріп жатыр.

«Бізді алаңдататыны – полигон аумағында дүниеге келген, әлі күнге дейін тұратын жандардың қазіргі буындағы ұрпақтарының да түрлі дертке шалдығуы азаймай тұрғаны. Әсіресе, қатерлі ісіктің зардабын тартып жүргендер көп. Келешекте оның алдын алу үшін үкімет тарапынан азаматтардың елімізде ғана емес, шетелде сапалы медициналық қызметіне жүгінуіне қолдау көрсетілсе дейміз. Одан кейін полигонға қатысты экологиялық өтемақыны, он күндік экологиялық демалыс ақысын халыққа жұмыс берушілерге төлетуден алдырту қажет. Экономикалық еркін аймақ құруды қолға алсақ, өңірдің дамуына оң әсерін тигізер еді. Осы «Полигон 21 комитетін» құрып, халықтан қол жинап, Парламентке, Президент атына хат жолдасақ көптеген проблемаларымыздың шешілуіне жол ашылаатыны анық»,-дейді М. Құрманбай.

Тегтер: