Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:32, 28 Наурыз 2022

Облыс әкімінен ауыл халқы бос қалған спорт залдар мен ескі ауруханаларды жөндеуді сұрады

None
None

Әкімге ауыл жұрты арыз шағымын жеткізді.

" Ауыл — ел бесігі ". Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек ауыл халқын аралап жұрт шағымын тыңдауға кірісті.

Айта кету керек аймақ басшысының бұл алғашқы кездесуі емес, бұған дейін ол бірнеше қалаларда кездесу өткізген болатын. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Бұхар жырау ауданының Қызылжар мен Ростовка ауылдарына барып ауыл тұрғындарымен кездесіп олардың базынасын тыңдады.

Қызылжар ауылында тұрып жатқан халық саны 800 — ден асады. Елді мекенде медпункт пен фельдшер бар. Алайда 1964 жылы салынған бұл ескі  ғимарат күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұр. Аймақ басшысы ауыл халқын жақсы жаңалығымен қуантты. Осы жылы мұнда   жаңа  фельдшер — акушерлік ғимаратының құрылысы басталады.

Сонымен қатар Қызылжар тұрғындары қаңырап бос қалған спорт залды қайта қалпына келтіру үшін жөндеу жұмыстарын жасап беруді сұрады. Бос қалған спорт залдың кейбір бөлігін тіпті  құрылыс материалдарына бұзып әкеткен екен. Дегенмен мамандар бұл нысанның жоба сметалық құжатын дайындау үшін конкурс жарияланғанын мәлімдеді.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек спорт зал ғимаратын тез арада жөндеуді тапсырды." Бұл ауылда мен бала кезімнен бері тұрып келемін, өзім күреспен шұғылданамын. Мына спорт зал бұрын істеп тұрған еді, өзім осында келіп жаттығатынмын.Бұл жерден аз чемпион шыққан жоқ. Қазір ауылда спорт зал жоқ, балалар спортпен айналысқысы келсе де мүмкіндік жоқ. Осы спорт  залды жөндеп, қалпына келтірер деп үміттенеміз ",- деп мәлімдеді Қызылжар ауылының тұрғыны Амангелді Есенғали. 

Ростовка ауылының халқы мектеп — интернатта педагог мамандардың жеткіліксіздігі туралы мәселені алға тартты. Сонымен қатар мектеп интернатқа жасалған күрделі жөндеу жұмыстарының сапасы нашар деген мәселе көтерілді. Аймақ басшысы жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігердің жұмысына баға беретін комиссия құруды тапсырды. Кеткен кемшілікті мердігер компания кепіл бойынша өзі реттеп жөндейтін болады. Ростовкадағы  ауыл ішіндегі жолға жасалған жөндеу жұмыстары жайында облыс әкіміне мәлімет берілді. Жолдың жартысына былтырғы жылы жөндеу жасалған, енді жолдың қалған бөлігіне биыл жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Жалпы Бұхар — Жырау ауданы тұрғындарына арналған басты кездесу Ботақара кентіндегі Мәдениет үйінде өтті. Аудан тұрғындары әлеуметтік мәселеге қатысты бірнеше проблема қозғады, оның ішінде мал ұрлығы да бар. Тозығы жеткен электр желілері, ұзаққа созылып кеткен көпірдің жөндеу жұмыстары жұрттың қордаланған мәселесіне айналған. Тұрғындар салауатты өмір салтын ұстану үшін спортпен шұғылданатын орындардың жетіспейтінін де алға тартты. Көптеген сұрақтарға облыс әкімі мен аудан әкімі бірден жауап беріп отырды. Ал кейбір мәселелер бойынша бір апта ішінде тұрғындарға жауап беретін болды.

Бүгінгі таңда Бұхар — Жырау ауданында жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі өзекті мәселе болып отыр. Бұл мәселе жер заңнамасына орай шешіледі және Президент тапсырмасына орай пайдаланылмайтын немесе тиімсіз қолданылған жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылады.Осыдан кейін мұндай жер телімдері ауыл тұрғындарының пайдасына жарап қалуы мүмкін. 

Тегтер: