«Одан не шығады?». Әкім сайлауында «болашақ» жоқ

Биыл Қазақстанда тұңғыш рет кейбір аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау өтпек.
Бұл пилоттық жоба. Яғни, Қазақстан саяси құрылымындағы маңызы зор науқан. 42 аудан мен облыстық маңызы бар 3 қаланың әкімдері тұңғыш рет сайлау тәртібімен анықталатын науқанға талап бойынша үміткерлерді партиялар ұсынады, кандидаттар өзін-өзі ұсыну тәртібі бойынша да тіркеле алады. Сайлауға тіркеу мерзімі 15 қыркүйекте басталып, 10 қазанда аяқталды.
Пилоттық жоба сәтті жүзеге асса, одан ары қоғамда көп айтылып жүрген облыс әкімдерін сайлауға да негіз болуы мүмкін маңызды науқан еді. Бірақ отыз жылдан бері тағайындауға үйреніп қалған біздің атқарушы билік өкілдері ашықтық пен жариялылыққа бағынғысы келмей жатқан сыңай танытып үлгерді. Тұңғыш рет қолға алынып жатқан шаруаға қазірдің өзінде кедергі көп. Әсіресе өзін-өзі ұсынған жастар мен шетелден білім алып келген жас мамандардың тауы шағылып жатыр.
Мәселен, Ұлытау облысының Ұлытау ауданы әкімдігіне түсіп жатқан Марғұлан Ермағанбетұлы өзін-өзі ұсынған. Бірақ кандидатқа алғашқы күннен бастап кедергілер жасалыпты. Бұл туралы үміткерге хабарласқанымызда:
«Менің бір нәрсеге анық көзім жетті. Бұл сайлау жоғары жақтан келетін сценариймен өтеді екен. Барлық жерде бірдей келісілген тізімдегі адамдар ғана өтеді. Барлық өңірлерде сайлаудың легитимді өтуі үшін негізгі кандидаттың қасына бір-екі клоун кандидаттарды қосып қояды екен», – деді.
Марғұлан өзінің конституциялық құқығына және сайлаудың ашықтығына сеніп, кандидат болуға бел буыпты. Астанадан көке іздемеген, облыс әкімінің де тілін табуға тырыспағанын айтады. Басқа кандидаттардан бұрын тіркеліп, бірінші болып бағдарламасын дайындаған, халықпен кездесуді де алғашқылардың бірі болып бастаған. «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Ресейде білім алған, Германияда оқу курсынан өткен.
«Үгіт-насихат басталған алғашқы 3 күннің ішінде офлайн және онлайн түрде 2 мыңға жуық электоратқа қол жеткіздім. Аудан бойынша 7 мың сайлаушы бар екен. Үгіт-насихат уақытының аяқталуына жиырма күндей уақыт бар. WhatsApp арқылы топ құрдық, қолдаушыларым да аз болып жатқан жоқ. Кедергілердің алғашқысы сайлау комиссиясының төрағасы арқылы жасалды. Ол осы салада біраз жылдардан бері басшылық қызметте болса да, кандидатқа қажетті ақпаратты бере алмады. Сонымен бірге дербес ақпарат таратушы сайттарында сайлауға қажетті ақпараттар салынбаған немесе кеш салып отырды. Мәселен, маған заң бұзушылық туралы 12-сі күні шығарылған хаттаманы тек 13-і күні табыстады. Ал заң бойынша комиссия шешіміне арыздануға 3 күн берілетін. Заң бұзу фактісі жоқ хаттаманы мен дер кезінде сотқа жолдадым. Ал сот процесінде ол толыққанды жауап бере алмай, әрдайым қағазға үңілумен болды», – дейді ол.
Марғұлан Ермағанбетұлының айтуынша, комиссияда тәуелсіз әрекет ету мүмкін емес және кәсібилік жетіспейді. Бұрмалау фактілері көп.
«Сайлау комиссиясының маған көрсеткен бюрократия мен заңсыз әрекеттері бірінші рет емес деп ойлаймын. Осыған дейін бірнеше рет заңсыздық жасалды. Менің құжатым бойынша ешқандай заң бұзушылық болған жоқ. Талап арызым бойынша сот 3 сағатқа созылды. Мен өз тарапымнан заң бұзушылық болмағанын сенімді түрде жеткіздім. Ал жауапкер нақты сұрақтарға жауап бере алмады. Прокурор да, сот та шешімді ұзақ қабылдады. Бірнеше рет сыртқа шығумен болды. Прокурор видеоға түсіруге қарсылық білдірді. Тіпті кейін әлеуметтік желіге сот отырысындағы мәліметтерді жарияламауды сұрады. «Бұл қоғамдық толқуға алып келеді» деді», – дейді.
«Аманатқа» ғана басымдық берілген
Түркістан облысының Созақ ауданы әкімі болудан үмітті Төлеген Әбдіреев те тауы шағылған кандидаттың бірі. «Болашақ» стипендиясының иегері Төлеген Әбдіреев Қазақстан Халық партиясы атынан Түркістан облысы Созақ ауданы әкімі сайлауына түсіп, 4 қазандағы №230/1 хаттамалық шешімімен ресми кандидат ретінде тіркелген, қолында куәлігі де бар. Созақта барлығы 8 кандидат тіркелген, оның бесеуі өзін-өзі ұсынған, үш үміткер партия атынан түскен. Қазір ресми 3 кандидат қана қалған, арасында экс-әкім Өмірзақ Шөкеев тағайындап кеткен қазіргі аудан әкімі де бар. Әбдіреев үгіт-насихат басталған 10 қазан күні-ақ сайлаудан шеттетіліпті.
«Түнгі 22:38 шамасында Созақ аудандық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Руслан Оспановтан WhatsApp арқылы 3 парақтан тұратын «Созақ аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 10.10.2023 жылғы №535 хатпен №240 хаттамасы негізінде Төлеген Әбдіреев сайлау додасынан шеттетілді» деген хабарлама алдым. Оған негіз болған дүние Созақ ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқарма басшысының міндетін атқарушы Ж.Айдарбековтің жолдаған 10.10.2023 жылғы №МКБ-С-МКБ-Т-04-11/1148 хаты негіз болыпты. Сайлау комиссиясының жедел қызметіне қайран қалдым! Аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Руслан Оспановқа телефон шалдым. Ол «салықтан келген хатта жұбайыңызда бір нәрсе анықталды», деп сыпайы жауап қайырды. Келесі күні 11 қазанда Созақ аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына (МКБ) келіп түскен хаттың орындаушысы Айдос Қасымовқа телефон шалдым, ол да өтірік білмегендей болып барлық деректерді Түркістан облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасы ұсынды, бізде ешқандай мәліметтер жоқ деп сытылып шықты», – дейді.
Келесі күні Әбдіреев Түркістан облысы бойынша МКД-ға барып, өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Мейрамбек Көкеновке жолығады. Алайда басқарма басшысы күліп «сізге бере алмаймыз, ол заңмен шектеледі, яғни салық құпиялығы болады» деп тұрып алды. Әбдіреевтің өзі заңгер болғандықтан салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы салық кодексінің 30-бабында көзделгендей жазбаша рұқсат әкелсем бола ма деп сұрайды. Басқарма басшысы Көкенов «Нотариалды куәландырып әкеліңіз, қайдан білеміз, жұбайыңыз жазды ма, әлде басқа біреу жазды ма», – деп аң-таң кейіп танытқан.
Одан кейін Көкеновке Әбдіреевтің жұбайы Әйгерім уатсап арқылы қандай айырмашылықтар анықталғандығы туралы мәлімет беруді сұрайды. Бұл жолы Көкенов «Сіздің Әйгерім екендігіңізді қайдан білемін?» деп, көпе-көрінеу мәселені қиындатады. Әбдіреевтің айтуынша, салық жүйесінде дәл сол телефон нөмірімен тіркелген. Сол күні Әйгерім Түркістан облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне электронды өтініш арқылы жазбаша түрде алдын ала сұрау жолдайды.
Жауапты көп күтіп қалмау үшін 13 қазан күні Әбдіреев жұбайы Әйгеріммен бірге Көкеновке барады. М.Көкенов заңды өз қалауынша бұрмалап, жазбаша жауап беруден бас тартып, зорға дегенде ауызша айтып, жауапты жазбаша жіберетіндігін алға тартыпты.
«Түркістан облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына шағым түсірдік. Сот 16 қазанда болады деп сот отырысының хатшысы хабарлады, кейін жұма күні сағат 16:00-де болады деп смс хабарлама келді. Бірақ Қазақстан Республикасының барлық судьяларының спартакиадасының өтуіне байланысты сот отырысы сенбіге, яғни 14 қазанға ауыстырылды. Ташеев төрағалық еткен сотта Созақ аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының өкілі А.Қасымовтан талап-арызға берілген жауапта қарайтылған шрифтпен 5-ші абзацта жұбайым Әйгеріммен бұрын, яғни 26 қыркүйек күні тапсырылған 250.00. декларация туралы ғана айтылды. Бірақ салық органдары аумақтық сайлау комиссиясына 28 қыркүйекте өткізілген дұрыс 250.00. нысандағы тапсырылған декларация туралы жасырылды. Өкініштісі – судья Ташеев те, прокурор Олжас Пернеев та әділдікке көз жұма қарап, 28 қыркүйек күні аумақтық сайлау комиссиясына тапсырылған декларация туралы мүлдем тіс жармады. Бастапқыда прокурор Пернеев МКД-нің бөлім басшысы Зағит Жапарқұловқа мемлекетке зардап келтірілді ме, қаражат жасырылды ма деген сияқты дұрыс сұрақтар қойылды. Кейін 180 градусқа өзгеріп, сот аяқталуға жақын уақытта әйелімнің 26 қыркүйектегі салық декларациясына қадалып қалады. Сөйтіп, сот менің талап-арызымды қанағаттандырусыз қалдырады», – дейді «болашақтық» түлек.
Төлеген Әбдіреев 1995 жылдары «Ұлан» газетінің жас тілшісі болған, «Ақмешіт Ақшамы» газетінде оқушы кезінде тұрақты автор болған, «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның Нотингем университетінде оқып, мемлекеттік басқару бойынша магистр дәрежесін алған. Бірінші соттан жеңіліп қалған соң Әбдіреев Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер алқасына аппеляция жолдаған. Егер сот өрескел түрде тағы заңнаманы бұзып жатса, кандидат Конституцияның кепілі президентке үндеу жарияламақ.
Аяқтан шалған негізсіз сылтауларға Т.Әбдіреев:
«Бірінші, Айдарбеков жолдаған хат заңсыз деп танылу керек. Екінші, мемлекет басшысының бағдарына күмән келтіретіндер, жұмыс істеу қолынан келмейтіндер, ебін тауып орнында отыра беруді қалайтындар, президенттің тапсырмаларын орындаудан жалтаратындар қызметтен кетуі керек. Үшінші, ескі Қазақстанның мемлекеттік қызметшілері Жаңа Қазақстанда жұмыс істеп жүр. Мен мемлекеттік қызметші ретінде 2006 жылдан бері жыл сайын салық декларациясын заң талаптарына сай тапсырып келемін, ешқашан салық заңнамасын бұзу бойынша деректер болмаған. Бұл сайлауда да «Аманат» партиясына ғана монополиялық басымдық берілген сияқты», – дейді.
Аудан әкіміне үміткер болып тіркеліп, сайлаудан шеттетілгендер Төлеген Әбдіреев пен Марғұлан Ермағанбетұлы ғана емес. Мәселен, Абай ауданы әкіміне үміткер ретінде сайлауға тіркелген, кейіннен шеттетіліп, соттасып, сотта жеңсе де, қисынсыз себеппен үміткерлер тізімінен аты сызылған Айжан Мұқатаева мен Алматы облысының Жамбыл ауданы әкіміне үміткерлер тізіміне аты енген Ұлас Ақжігіт те бар. Ақжігіттің не үшін шеттетіліп жатқаны түсініксіз. Хабарласып, мән-жайды білмек болған едік, көңілсіз ғана «одан не шығады?» деді.
Былай қарасаң, әп-әдемі ән, атқарушы билік өкілдері қор қылып жатқан сияқты. Облыс әкімдері бұл сайлауды ың-шыңсыз, адалынан өткізіп қойсақ, келесіде бізге де сайлауға түсуге тура келе ме деп қорқатын сияқты ма? Мұның ең бір қитұрқылығы – уақыттан ұту. Үміткерлерді тіркемей, әуре-сарсаңға салып, сайлау күні таяғанда заңсыз шеттетіліпті деп, қайтадан тіркей салуы да мүмкін. Ал бар-жоғы бір ай ішінде өзінің үгіт-насихатын жүргізіп үлгеруге тиіс үміткерлер соттасып, ақталумен көп уақытын жоғалтады. Мұның шет жағасын биылғы парламент сайлауында да көргенбіз.
Жарас Кемелжан