Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:01, 06 Сәуір 2023

Одақтан от шықты

None
None

Қазақстан жазушылар одағының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек фейсбуктегі парақшасына жұмыстан кеткені туралы жазба жариялады.

Екі сөйлем ғана. «Мен бүгіннен бастап Қазақстан жазушылары одағындағы қызметімнен ресми түрде кеттім. Келе жатқан құрылтайда қойылатын спектакльге қатысуға құлқым жоқ».

Жазба жариялана салысымен өмірінде қазақша бір кітап оқып көрмеген, жазушылар одағының қайда екенін білмейтін «қайраткерлер» мен «ұлтшылдарға» жан бітсін. Елгезектің сөзін парақшаларына іліп, бірінші орынбасардың бір ауыз сөзін әртүрлі тәпсірлеп әлек. Әділетсіздікпен күрескен ұлт батыры, жазушылар одағында жүріп қиянат көрген халық қаһарманы қылып жіберді, тіпті. Жазылып жатқан пікірлерде де есеп жоқ. Мәселенің ақ-қарасына, байыбына бармай біреуді ақтап, біреуді күстаналап жатқан жұрт әйтеуір.

Бәлкім, сәйкестік болар, бірінші орынбасар әлгі жазбасын жариялайтын күні одақ төрағасы Ұлықбек Есдәулет Астанаға барып, мемлекеттік кеңесшінің қабылдауында болып қайтты. Кездесу туралы өзінің фейсбуктегі парақшасына жазып, Ерлан Қаринмен қандай мәселелер жайында кеңескенін атап-атап айтыпты. Ең маңызды әңгіме – алдағы уақытта өтетін жазушылардың құрылтайы туралы сөз болса керек. Мұны неге маңызды деп отырмыз? Өйткені одақтың тәртібі бойынша құрылтайда басшылық құрам ауысады. Яғни 2018 жылы басшылыққа келген төрағаның биыл ауысатын уақыты. Бір қызығы, Есдәулет көп ұзамай жазбасын өшіріп тастады.

Жуырда ғана Түріксой жазушылар одағының төрағасы болып сайланған Ұлықбек Есдәулеттің баратын жері, тұрақты қызметі бар, мұртын балта шаппайды. Ал оның бірінші орынбасарының «спектакль» деп отырғаны не болды екен?..

Қазір әлеуметтік желіде әркім әр түрлі болжам айтып жатыр. Мәселенің мәнісін білмек ниетпен Ұлықбек Есдәулет пен Ақберен Елгезекке қоңырау шалып едік, ақылдасып алғандай екеуінің телефоны да күні бойы сөндіріліп тұрды. 

Жалпы, жазушылар одағы төңірегінде дау-дамай толастап көрген емес. Мұндай даулар, әсіресе төраға ауысар қарсаң – бес жыл сайын өтіп тұратын құрылтай кезінде өрттей қаулайды. Ұлықбек Есдәулет Одақ төрағасы болып 2018 жылдың көктемінде келген. Әзірге жазушылар одағының төрағалығына өз кандидатурасын ұсына ма, жоқ па, белгісіз. 

Тегтер: