Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:53, 14 Қараша 2023

Оған енді фамилиясы көмектеспейді

Болат Назарбаев
Фото: из открытых источников

«Болат Назарбаев қайтыс болды» деген хабарға жұрт жарты күн сене алмай жүрді. Олай болмас реті де жоқ, қанша рет «қайтыс болды», қанша рет «хәл үстінде» жатты.

 Ол түгілі ағасының өзі қанша рет «өліп-тірілді». Қазасы расталған соң да жұрт әрі-сәрі күйде қалды. Күтпеген, аяулы қаза кезіндегі сансырап қалған күй емес, не жыларын, не қуанарын білмеді дегенге ұқсас, түсініксіз бір кеп. Осыған орай жұрттың бұл өлімді қабылдауы да ала-құла болды. Соншама атын былғап жүріп жеткен шексіз байлығының айтып келген ажалдан арашалай алмағанын айтып табалағандар да; тау тұрғызып, теңіз толтыруға жетердей дәулетінен сабақ жіп те алып кете алмағанын айтып пәлсапалағандар да; отыз жыл бойы армансыз ойқастап, ешқандай тергеусіз, жазасыз кеткенін айтып өкінгендер де; және өрекпіп алған ағайынды сабырға шақырып, өлім сәтінде ғана болатын кеңдікпен «иманды болсын» айтқандар да бар.

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы ширегін көзінен өткерген бүгінгінің адамы қоғамның бұл көңіл күйіне таңдана қоймайды. «Ер Төстіктер» қаптап шыққан уақытқа куә болған ел қарапайым ғана кәсіптік техникалық училище бітірген, сантехник болған адамның орасан байлыққа, шексіз ықпалға ие болуына таңданудан қалғалы қашан. Тарихта оқымай-ақ ұлы байлыққа жеткендер аз емес, бірақ Болат Назарбаев туралы айтқанда, жұрттың аузына оның президент ағасы іліне береді. Себебі одан бұрын сантехник Назарбаев Шамалғанда, жұрттың ортасында қарапайым ғана күн кешіп жатқан. Жұрттан озған өнері, елден ерек талабы жоқ көп қазақтың бірі. Алғаш механик болып жұмыс істепті. Бригадир болғаны, тіпті совхоз директорының орынбасарына дейін өскені туралы там-тұм дерек ұшырасқанмен, өзі бұл туралы тіс жармапты. Өзі айтатын ең биік мансабы – Қаскелең нан зауыты директорының орынбасары болыпты. Одан ары бизнеске бет бұрып, тері сатумен айналысыпты.

Кенже ұлдың бизнеске бет бұруы – тұңғыш ұлдың Қазақ ССР компартияның бірінші хатшысы болуымен тұспа-тұс келеді. Қайта құру жүріп жатқан, әне-міне талқаны таусылмақ совет одағы тарар қарсаңда, тарағаннан кейін коммерсанттар мен алып-сатарлар көбейген. Солардың қатарына бұл кезде үлкен атаққа шыққан Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі де келіп қойып кеткен. Өзі кейінгі бір сұхбатында «ағамнан қызмет те, ештеңе де сұраған емеспін. Басы істейтін адамға фамилия да жетеді екен, ары қарай өзім алып кеттім» деп, шынын айтам деп, сырын айтатыны сол. Бекер обалы қане, ағасы да қызметін пайдаланып, інісіне орынсыз қолдау жасамағанын айтып бақты. Бір естелігінде 1985 жылы Қонаевты сынағаны үшін, қуғын көріп, жойдасыз тексеруге ілінгенін, тіпті үш баласы бар, өзі слесарь-сантехник, әйелі асханада істейтін інісінің Шамалғандағы үйін әр сантиметріне дейін тінтіп, түк таппағанын жазады. Бұл Совет одағының мызғымастай көрінетін, әлі де қайраты қайтпаған шағы, жұрт көзапара дүние жия алмайтын кезең болатын.

Көп өтпей бәрі өзгерді. Дүние төңкеріліп түсті. Фамилиясы барлардың алдынан шексіз, шетсіз мүмкіндіктер ашылған: Олар өздерін ресми түрде бизнесмен атайтын болды. Соның ең жарқын өкілдерінің бірі – осы Болат Назарбаев болды. Бизнеспен айналыссын, тойынсын, байысын, фамилиясы – ағасы барда қонышынан қалай басса да ешкім ренжімес еді. Бірақ жазған құлда шаршау, азған құлда тоқтау болмайды екен, құлашы, құшағы жеткенше, көз аясына сыйғанша қармап жатты. Қайран ел үнсіз көтере берді: оның ертегілік байлығын ойша санап, ақыры қиялы жетпей кеткенде «осының бәрін қайтеді екен-ей?» десетін жуас қана оңаша отырыстарда. «Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» ештеңе емес, қабағын кіржиткені, иегін көтергені, ыңырана шалқайғанының өзі бір керуенге жүк болардай қырсыққа айналды. Қараша жұрт пай-пайласып, былай қалған; билікке, мансапқа қол жеткізген әкімқаралардың өзі оның алдында құрдай жорғалайтын болды. Болатсыз жол жөнделмек емес, Болатсыз көпір салынбақ емес – Болатсыз ешқандай жоспар сызылып, ешкім аттап баспайтын болды. Әкімдердің өзі өзі басқарып отырған ауданның жолын жасата алмай пұшайман болғанда, жоғарыға сөзін өткізу үшін Болаттың қыбын табуға тырысып жатты. Алматының шыға берісіндегі «Алтын Орданың» алдын қиып өтетін көпірді салу үшін қаласы бар, облысы бар, қаншама әкім қаншама жыл бойы сарсаңға түсіп жүріп, рұқсатын ала алмапты. Ақыры, әйтеуір рұқсатын беріпті, қарымтасына Үш Қоңыр кешенін салып беріпті деген сөз желдей есіп, көпір біткенше бір басылған жоқ.

Жұрттың Болат Назарбаевқа қатысты қауесетке еті өліп кеткені сондай, Қорғастан өту үшін де соның рұқсаты керек екен дегенде шәксіз сенді. Тойхана ашсаң – тартып алады екен деп, бизнесің дамып кетсе – көзіне түсіп қаласың деп, көлеңкесінен қорқуды шығарды. «Алтын Орда», «Барлық», Барыс», «Никольский», «Барахолка», «Үш қоңыр»... Алматы маңында оның аты қосыла аталмайтын базар қалды ма екен. Жұрт осының бәрін айта-айта жалығып, қанша күшеніп айтса да ешкімді таңғалдыра алмайтынын білген бір күні «Алматы облысының иесі – Болат қой» дейтінді шығарды. БАҚ беттерінде ара-тұра бой көрсетіп қалатын Қазақмыс, банктер, шетелдегі оффшорлық шоттар, зәулім сарайлар, майнинг сияқты оның қатысы бар «шаруаларға» ел қызығушылық танытып, қараған да жоқ. Өйткені олар «Болат Марстан жер алыпты» десе де «еее» деп қоя салатын жағдайға жеткен. Әу баста «тағы бір әйел алыпты» дегеннің өзіне елеңдесіп қалатын ел, құлақ еті өліп біткен бір күні «оның гаремі бар екен» дей салды.

...2022 жылы мүгедек арбасында отырған видеосы тарағанда да халық таңғалған жоқ. Бұл да кезекті бір ойын, кезекті бір еркелік сияқты. «Отбасы» мүшелерін тергеу, тексеру басталып кеткен кез, сақтық шарасы деп жорамалдап жатты. Сол кезде тараған видео материалда «Надоело мне» деп жазатын кадр бар, жұрт та оның «еркелігіне» таңғалудан шаршап болған, «өтірік екен», «тойда жүр ғой, міне» деп, аз күн әңгіме қылды да, ұмытып кетті.

Өзі туралы қандай сын айтылса да, қандай қауесет тарап жатса да ешқашан реакция білдірген емес. «Салиқалы ұрпақ» қорын құрып, меценат ретінде көрінуге тырысты. Бірер мәрте әлдекімдерге үй салып беріп, коронавирус кезінде ағасының үндеуіне үн қосып, арнайы құрылған қорға 150 миллион теңге бөліп дегендей, қайырымдылық шаралары арқылы көзге түсіп те жүрді. Рас, Пәленшеге үй сыйлай салыпты, Түгенгеше көлік мінгізе салыпты деген сияқты әңгімелер де аз айтылмайтын. Дегенмен мұның ешқайсысы оның бәсіре образы – жуан, зорлықшыл келбетінен аса алмады. Жекелеген адамдар қанша мақтаса да, дәмелі әнші-өлеңшілер тамсана ән арнап, жыр толғап жатса да қалың ел оны жақсы көре алмай қойды.

Ол дүниеден өткенде жұрт «иманды болсынның» өзін мұсылмандығыма сын болмасын деп, тартына айтып жатқандай. Бүгінгі шенеунік атаулыға «осыдан сабақ алыңдар» деп, мораль оқып жатқандар да бар. Анығында, адамзат баласы мұндай мысалдың мыңдаған нұсқасын біледі...