Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:45, 23 Ақпан 2023

ОЙЛАУДАН туған САЙЛАУ

None
None

Сайлау мезгілі жақындаған сайын тынышым кететіні бар. Сайлауға түсем деп емес, қалай өтер екен деп… Қалай өткізсек екен деп… Былай өткізсек, қалай болар екен деп… Мәселен, өткен сайлауды аукцион түрінде өткізейік деп ой тастаған едім:

« .

..Қолында ағаш балғасы бар аукционды жүргізуші – ОСК-ның төрағасы мінберге шығып, аукционға депутаттық мандаттар қойылғанын, оны қалай жеңіп алу керек екенін тәптіштеп түсіндіріп, ең бастапқы бағаны белгілейді. Әрине, бұл мандатқа қолы жеткендер 4-5 жыл бойы шалқып жүріп күн кешетіндіктен, оның бастапқы бағасының өзі де тым жоғары болары даусыз. Осылайша, аукцион басталып, жүргізушінің балғасы тақ ете сала, үміткерлер бір-бірінен асып түсіп, мандаттың бағасы да көтерілген үстіне көтеріле береді. Ары қарай белгілі ғой, ең жоғарғы бағаны ұсынған үміткер жеңіске жетеді. Сөйтіп, ол  №1 депутаттық мандат пен мәжіліс төрағасы деген лауазымға ие болады. Одан төмендеу баға ұсынған үміткер №2 мандат пен төрағадан кейінгі лауазымды қанжығасына байлайды. Осылайша, жоғары баға ұсынған үміткерлер екі сағаттың, әрі кетсе, үш сағаттың ішінде мандатын да, қызметін де алып, жууға… кешіріңіздер, өз қызметтеріне білек түре кірісіп те кетеді. Өздеріңіз де байқап отырсыздар. Сайлаудың нағыз жаһандық үлгісі емес пе?» 

Енді, міне, алдағы келіп қалған сайлауды қалай өткізуді ойлап, тағы да басымды қатырып отырмын. Меніңше, дәл қазіргі қоғам есін жиып, шұбатылған шұлғауын жинап, адамы ұйқысынан оянып, жоғын түгендеп, «Жаңа Қазақстан» боламыз деп жатқан кезеңде, сайлау да соған сай жаңаша өткізілу керек. Ол үшін...

          Сонымен, менің ойлауымдағы сайлауым мынадай…  

«Таңертемен ойнаған әуезді әуен, әсем ән-күй жаныңды жадыратып, сенім-күш, жігеріңді тасытқандай. Сайлау үйіне қарай асыққан адамдардың да қарасы қалың, бәрінің жүзінде шаттық нұры ойнайды. Солардың бел ортасында адымдай басып, мен де келемін. Жан-жағыма қарап қоямын. Бұрынғы сайлауларда дауыс беруге шыққан сайлаушылардан әрі-бері ағылған көліктер көп болатын еді… Бұл жолы алдыңа көлігін көлденең тосып, қошеметтей қолтығыңнан көтеріп мінгізетін, сайлау үйіне жеткенше әлдебір үміткердің жақсылығын  айтып, мақтаумен болатын жанашыр жүргізушілерді де, сайлау үйіне жақындағаныңда алдыңнан жүгіріп шығып, жақыныңнан бетер іші-бауырыңа кіріп, ішке кіргеніңше, бір көкесі туралы мәлімет беріп те, қалтаңа «салып» та үлгеретін «елгезек» жігіттерді де көре алмадым. Ол ол ма, дауыс берушілерге арналған ат шаптырым залдың ішіне кірген соң, тіпті, таң-тамаша қалдым. Ішіне бір кіріп алған соң, өзіңді патшадай сезінетін қаз-қатар тізілген кабиналардың бірі де жоқ. Залды айналдыра үстелдер қойылып, үстіне компьютерлер мен әлдебір құрылғылар орнатылыпты. Әр үстелдің жанында жүзі шуақ шашқан жалынды жастар тұр. Өз міндетін өтеп, дауыс беріп, шығып жатқандардың жүзінен ерекше ризашылық пен асқақ көңіл-күй байқалады. Сондай сайлаушыдан босаған бір үстелге жақындай бергенім сол үстелге жауапты жас қыз көз ілеспес жылдамдықпен орындық қойып, қолтығымнан демей, сонда отырғызды да, жағымды үнмен дауыс беру тәртібін түсіндіре бастады:

 – Ата, сіз Қазақстан Республикасының азаматы құқығыңызды пайдаланып, өз қалаған үміткеріңізге дауыс беруге келдіңіз. Бұл сайлаудың алдыңғы өткен сайлаулардан ерекшелігі — саяси партиялар ұсынған үміткерлермен қатар ұйым, одақ, бірлестіктер ұсынған үміткерлерге, тіпті, өзін-өзі ұсынған жеке үміткерлерге де дауыс бере аласыз. Ол үшін Қазақстан Республикасының азаматы екеніңізді айғақтайтын жеке куәлігіңізді мына құрылғының саңылауынан өткізесіз.

– Қыз куәлігімді алып, құрылғының саңылауынан өткізді де, жүзіме жымия қарап:

– Міне, ата, сіз туралы барлық дерек республикалық Орталық сайлау базасына тіркеліп, дауыс беруге толық мүмкіндік алдыңыз. Енді, алдыңыздағы экранда көрсетілген суреттердің ішінен өз үміткеріңізді таңдап, төменгі жағында көрсетілген рет санын теріңіз. Егер, қажет болса, өзіме берілген кепілдікті пайдаланып, көмек бере аламын.

Көзәйнегім үйде қалып кетіп, не істерімді білмей тұр едім, қуанып кетіп, келісімімді бердім. Қыз қолы-қолына жұқпай мен көрсеткен суреттің рет санын теріп шықты да, жанындағы құрылғыдан шыққан бір парақ қағазды маған ұсынды. Жазуларын оқуға көзім жетпесе де, парақтың жоғарғы жағындағы өзім қалап дауыс берген үміткерімнің суретін жазбай таныдым.

– Міне, ата, сіз өзіңіз қалаған үміткеріңізді жақтап дауыс бердіңіз. Сіздің кімге, қай уақытта, нешінші болып дауыс бергеніңіз туралы ақпараттың бәрі осы қағазда жазылған. Сондай-ақ бұл сайлау ашық сайлау болғандықтан, сайлау қорытындысы шыққанға дейін дауыс берушілердің нақты тізімі жергілікті мерзімдік баспасөз беттерінде жарияланады. Егер, сіз тізімнен өз аты-жөніңізді кездестірмесеңіз, немесе қандай да бір қателік байқасаңыз, тізімнің төменгі жағында көрсетілген мекен-жайға немесе телефон нөмірлеріне хабарласуыңызға  болады. Ал ата, менің сізге көрсететін қызметім осымен аяқталды. Сіздің берген дауысыңыз Тәуелсіз еліміздің нығайып, өсіп-өркендеуіне бірден-бір ықпал ететініне сенімдімін. Сау болыңыз!

– Сау бол, айналайын! Сендердей жастарымыз барда, еліміздің еңсесі биіктей береріне мен де сенімдімін!

Қызға алғысымды айтып, өте үлкен жұмыс бітіргендей, көңілім асқақтап, еңсемді биік ұстап, (бұл жолы дауыс берген үміткерімнің қалай да сайланатынына өте сенімді едім)  шығар есікке қарай беттедім.

Қандай керемет! Қандай тамаша! Қуаныштан көзіме жас келді. «Билік бір жақ,  оппозиция бір жақ, халық бір жақ болып ыржың-тыржыңға салмай, сайлауды осылай әділетті, ашық түрде өткізуге де болады екен-ау...

Иә, бұл да менің алдағы сайлау осылай өтер ме екен деген ой-арманым ғана...

Ал арман орындалады дейді ғой. Кім біледі?.

Тегтер: