Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:34, 06 Желтоқсан 2022

Ойы терең, сөзі сұлу театр тойы өтті

None
None

«Рахымжан досы көп, дұшпаны аз адам болды. Турасын бетіне айтып, сөзбен тіліп тастайтын.

Драматургияға да келуі тегін емес». Халық әртісі Есмұхан Обаевтың Рахымжан Отарбаев туралы пікірімен бастадық жазбамызды.

Өткен аптада Атырауда Жайықтың бойын ән-күйге, сөзге бөлеген бөгенайы бөлек театр тойы өтті. Алтай мен Атырау, Алатау мен Арқаның арасындағы өнер жұртын қауыштырған бұл сәт – Рахымжан Отарбаев атындағы IV республикалық театр фестивалі. Фестивальге республика бойынша 6 театр қатысты. Олар – БҚО-ның Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театры, Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры, Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық Семей драма театры, ШҚО драма театры, Ақмола облыстық орыс драма театры, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры.

23 қарашада басталған Отарбаев тойы 27 қарашада салтанатты түрде шымылдығын жапты. Фестивальге алыс-жақыннан қонақтар келіп қатысты. Сонау Германиядан арнайы келген қаламгердің досы, Еуропа қазақтары ұйымының мүшесі Сүлеймен Шадкам да фестивальдің басынан аяғына дейін болды. Одан да басқа сыйлы қонақтар қатысты. Өнер қайраткерлері, театр әртістері, журналистер мен театр сыншылары арнайы шақырылды. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, бұл фестиваль бұрынғыларынан ерекше өтті. Ерекше дейтін себебіміз, қазылар тарапынан фестивальге келген театрлардың қойылымына әділ әрі шынайы сын айтылды. Қып-қызыл мақтау мен әсіре бояу, көңілжықпастық болған жоқ. Қазылар барды бар, жоқты жоқ деп бағалады. Сын болғанда, әділ сын. Тырнақ астынан кір іздеу, директорлар мен режиссерден сескену деген сияқты пендешіліктен ада фестиваль болғанын ашық айту керек.

Бұл фестивалдің тағы бір ерекшелігі – Рахымжан шығармашылығының қуаттылығын, қазақ өнері барда Отарбаев драматургиясы жасай беретіндігін көрсетті. Сондай-ақ Рахымжан шығармашылығындағы адам бейнелері, кейпкерлердің монологтары, мазмұн мен құрылым – бәрі сахнаға сұранып тұратынын әр көрермен өз көзімен көрді, көңіліне түйді, сенді. Театр сыншылары Отарбаев шығармашылығындағы ұлтшылдықты, өз халқын жанындай жақсы көретін азаматтықты, өз ұлтын бәрінен биік қоятын асқақтықты қойылымнан кейінгі талқы кезінде айтып отырды. Фестиваль аясында сахна тілі, сахна шеберлігінен арнайы шығармашылық сабақтар ұйымдастырылып, қазақтың Қыз Жібегі – Меруерт Өтекешовамен кездесулер өтті.

Енді апта бойы Атырау жұртын театрға асықтырған үлкен сахнаға оралайық. Театр фестивалінің ең қызық тұсы – қойылымнан кейінгі талқы, әрине! Бұл жолғы фестивальдің талқысы бастан-аяқ тартысты, көрермен үшін шығармашылық сабақ сияқты болып өтті. Тіпті Отарбаев шығармашылығынан хабары жоқ, кітап оқымайтындар үшін де қазылардың спектакльді талдауы рухани азық болғандай. Бір жағынан қазылардың талқыға салған тартысты сөздері – сахна мен көрерменді, көрермен мен Рахымжанды жіпсіз байлаған құдіретті күштей әсер қалдырады екен адамға.

Сонымен, Отарбаев тойын Оралдан келген Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театры «Жәңгір ханмен» бастады. Мұқанғали Томановтың режиссерлігімен қойылған тарихи туындының адам санасы үшін де, сахна үшін де салмағы ауыр екені анық. Жәңгір хан бейнесі Рахымжан шығармашылығының күші мен қуаты. Отарбаев шығармашылығынан хабары бар оқырманның оны түсінбейтіні кемде-кем. Қазылар алқасының төрағасы Еркін Жуасбек те қойылым туралы талқыны осы тандемнен бастап, әңгімені бірден еркертпелерге бұрды.

 Ол «Дәл осы спектекільде жаны қиналған Жәңгір бейнесі ұнады маған. Жүрегіме тиген сахна – Жәңгірдің түсі. Қыстыңгүні жалаңаяқ жер сыпырып жүрген Жәңгір бейнесі қандай символикамен шешілген! Тағы да сол сахнада Жәңгір мен Махамбеттің «Хан емессің қасқырсың» деген өлеңін бөлісіп оқуында үлкен астар жатыр. Сонда бұл өлең кімнің-кімге қаратып айтқан сөзі? Режиссерлік шешімнің астарлы тұсы осы жерде болды мен үшін. Біз кейіпкердің ішкі жан дүниесінің арпалысын көрдік. Тіпті дәл сол түс туралы сахнада жалаңбұт император жүрсе де, артық болмайтын еді. Жәңгірдің бетпердесі сол түс сахнасында ашылды. Махамбеттің алдындағы шарасыздығы – спектакльді көтеріп тұрды. Қалған сахналардың бірде-біреуінде маған энергетика жетпеді. Яғни сахнаның әсері жетпей отырды», –деді.

Еркін мырзаның іздеген дүниесін біз де іздедік. Мысалы, ханның сенімді адал жары Фатима образы бізді сендіре алған жоқ. Тіпті жазалаушы әскерлер келіп, бесіктегі баланы өзенге лақтырып, жүкті әйелдің қарнын аяғымен басып, аяусыз қырып-жоятын сахнаға да көрермендер илана алған жоқ. Қазылар алқасының төрағасы айтқандай, энергетика жетпегендей болды. Режиссер көрсету үшін ғана көрсеткендей әсер алды көрермен. Еркін Жуасбектің талдауынша Жәңгір образының ішкі дүниесі ашылмаған, хабарлама сияқты спектакль болып шыққан. «Император мен дала билеушісінің кездесуін суреттеген сахнада режиссер Жәңгірді иығынан тартып жатып императордың деңгейіне жеткізген сияқты. Шын мәнінде, мысық пен тышқанның арбасуы ғана жеткен жоқ маған. Сөзді ойланып айту, пауза ұстау дегендер болмады. Автордың сөзінде ақау жоқ. Бірақ соны астармен, оймен, актерлік шеберлікпен әр сөзді дөп тиетіндей жеткізу керек еді. Маған сол жағы жетпеді» – деп сөзін түйді.

Талдаудың кезегі келгенде белгілі жазушы-драматург Асылбек Ихсан қаламгердің көз майын тауысып жазған шығармасына режиссер қиянат жасамауы керек деген оймен бастады сөзін. «Жәңгір де адам. Біреуді жақсы көре алады, біреуді жек көре алады. Маған сол жағы жетіспеді. Фатиманың маңдайынан сүйіп амандасатын сахнада шынайылық жоқ. Батыр өзінің үйінде батыр образбен жүрмейді. Хан да сондай: халық алдында хан, өз үйінде әке, жар болуы керек. Жәңгірде пафос көп. Содан кейін біздің көптеген театрларда дәрет алуды көрсететін сахна көбейіп кетті. Оның бір шағын элементтері бар емес пе? Соны көрсетсе де жетіп жатпай ма?» деген ойын жеткізді.

Айтпақшы, «Жәңгір ханда» батырды шаңыраққа байлап сабайтын сахна бар. Қазақта керегеге, арбаға байлап сабапты дейтін тіркестер кездеседі. Тосын шешімдей көрінді. Шаңырақ қазақ үшін қасиетті. Режиссердің оны батырға арқалатып қойғаны әдемі, образды көркемдік шығар. Дегенмен осы сахнаны дамыту керек сияқты, сол жағы жетпей қалғандай болды көрерменге. Қазақ өзен бойына дәрет сындырмайды. Суға байланысты ырым-тыйымдар көп. «Жәңгір ханда» патша әскерлері қазақтарды өлтіріп, суға тастайды. Жарайды, патша әскері қазақтың ырым-тыйымын білмейді дейік. Ал Махамбеттің батырлары өлтірген адамдарын суға тастайтын сахна тым артықтау қойылғандай. Есесіне, бір жерге үйіп, үстінен топырақ шашса, көрерменге жетер еді. Асылбек мырза Оралдан келген театрда ең бастысы, актерлік құрамның бар екенін, соның өзі үлкен жетістік болғанын айтып, шығармашылық табыс тіледі.

Театр сыншысы Анар Еркебай қазақ театрларындағы тарихи шығармалардың өтімді екенін, көрермені көп болатынын айта келіп, бұл жанрға барған режиссер тарихи дерек пен көркемдік деректердің үйлесім тапқанын құп көрді. «Мен бұл спектаклден автордың ойын толық көрдім. Бұл жерде пьеса басынан-аяғына дейін сахнаға шыққан, бірақ спектаклді көре алмадым. Менің ойымша, спектакль «читка» деңгейінде қалып қойған. Актерлер рөлдерін бөліп-бөліп алып, сахнада оқып берді. Қалғаны декларация ғана. Режиссердің өзі әр сахнаны бір-біріне ұқсатып шешкен. Осының бәрі спектакльді иллюстрациялық деңгейде қалдырып отыр. Автор бұл шығармасында Жәңгірдің аузына ғажап сөздерді салып береді. Бірақ актер соны көрерменге жеткізе алмады: бір ырғақ, бір темппен оқып шықты. Исатайдың өлімін де актер көрерменге шынайы жеткізе алмады. Осындай олқы түскен сахна көп» деп, әр сахнаны талдап шықты.

Оқырман ретінде «Жәңгір ханда» сенімсіз шыққан бір тұсы – Патша әскерлерінің қазақша сөйлеген тұсы. Онысын акцентпен берген. Театрда міндетті түрде солай беру керек деген талап бар ма? Театртанушы ондай талаптың жоқтығын айтып, керісінше, таза қазақша бергенде көрерменге жетер еді деген ой айтты. Х.Бөкеева әкелген спектакльге айтылған сын көп болды. Оны режиссері М.Томановтың Атырауға ауысып кетуімен түсіндіріп жатты театр басшылары. Дегенмен спектакльге деген жауапкершілікті ондай сылтаулар ақтап ала алмайтыны анық.

Нұрлан Жұманиязов Рахымжан Отарбаевтың «Жәңгір ханын» қойғысы келгенін, бірақ тісі батпағанын, бұл жауапкершілікпен баратын қойылым екенін айтты. Ширатып беруге тиісті сахналардың барын ескертті. Сөз реті келгенде жазушының жары Сәуле Отарбаева араласты талқылауға. Ол ұлттық арна түсірген «Сарай сыры» фильмі «Жәңгірдің» жолын жауып тастаған картина болғанын БАҚ өкілдері отырған жерде құлаққағыс ретінде қыстыра кетсін. «Жәңгір ханның» қорытынды сөзінде Еркін Жуасбек режиссерлер тарапына өзінің ренішін ашық білдіріп кетті. «Осы күнге дейін біз айтудай айттық, жазудай жаздық. Сыншылардың сынынан кейін спектаклін түзеген, күзеген бірде-бір режиссер көрген жоқпыз» деген сөзімен аяқтады ойын.

Фестивальдің екінші күні кешке Шымкенттен келген «Қуыршақ және жасөспірімдер театры» «Шыңғыс ханның көз жасын» қойды. «Шыңғыс ханның көз жасы» роман ретінде Рахымжан Отарбаевтың кең тынысты шығармасының бірі. Фестивальде көп сынға ұшыраған шығарманың бірі де осы. Театр үлкен сахнада адасып қалғандай көрінді бізге. Шыңғыс ханның қандай ұлы тарихи тұлға екені баршаға аян. Ал оның өмірін суреттеген қойылым әлсіз болмауға тиіс еді. Бірақ спектекіл сенімсіз шыққандай көрінді. Қайырхан бейнесі де көрерменді сендіре алмады. Соғыс сахналары, Бөрте бейнесі – бәрі көрерменді тарта алған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, камерный театр қоятын спектакіл емес. Театр сыншыларының да спектакльге көңілдері толмапты. Мысалы, Еркін Жуасбек: «Сіздер спектакльді мұражай деп алып, бізді алдап отырсыздар. Зауыттан шыққан қазанды, ағаш қылышты, панерден жасалған қалқанды әкеліп қойып, біздің көзімізді бақырайтып тұрып алдап отырсыздар. Балаларды алдап үйреніп алғансыздар, ондай өтірікке біз сенбейміз. Видеоконтентті пайдалану театрларда үрдіс алып барады, бұл дұрыс емес. Шыңғыс хан туралы тарихты білмесек, біз кейіпкерлерді тани алмас едік. Бір ғана бимен ұлы қолбасшының соғыстарын, жан азабын, махаббатын суреттеуге бола ма? Көрерменді алдай алмайсыңдар», – деп, сөзін театр басшыларына қарата айтқанын аңғардық.

Сөз кезегі келгенде Асылбек Ықсанов та көңілі толмаған тұстарын санап шықсын. «Режиссерлік анализ жасалмаған. Ұялғанымыздан көрдік. Драматургтің интонациясы деген болады. Бірақ мұнда Рахаңның интонациясы жоқ, жаны жоқ, қаны жоқ. Әр актер өзімен өзі жүр. Қазіргі киіммен, қазіргі шаш үлгісімен сахнаға шығу – театрды сыйламау. Келген спектакльдер іріктеуден өтуі керек еді. «Шыңғыс ханның көз жасын» көрген жоқпын, қысқасы», – деп кейігендей болды. Театр сыншысы Анар Еркебай режиссердің пьесаға қиянат жасағанына налыды. Автордың ой-тұжырымын бере алмағанын айтып, қуыршақ театры көтере алмайтын шоқпарды беліне байлағанына реніш білдірді. Бір ғана оқиғаны алып, соның өзін жеткізе алмаған режиссерге бірнеше ескерту жасады сыншы. «Шыңғыс ханның көз жасы» сияқты шығармамен театрдың фестивальден ұшып кетуі – өнер басшыларының режиссерге жүрдім-бардым қарауынан келіп шыққан кемшілік екенін ескертті.

Фестивальдің үшінші күні Семей театры «Мұстафа Шоқайды» қойды. 17 жылдан бері қойылып келе жатқан спектакльден қазылар жағы да көп үміт күткенін жасырмаймыз. Бірақ автордың сондай кесек туындысына режиссер бір-екі сахнада қиянат жасағандай көрінді. 17 жыл қойылса да, піспеген, сенімсіз сахна кездеседі. Мұстафа мен Мария арасындағы махаббат сахнасы көрерменді сендіре алмағандай. Жұпыны пәтер, суық кеңселер көрерменді өзіне тартпайды. Алайда біздің бұл ойымызды Асылбек Ықсанов жуып-шайып сөйлесін. Асылбек мырза актерлердің жұмысында олқылықтың болмағанын, әртістер ритімді толық ұстап отырғанын, оққа ұшқан бала туралы сахнаның сәтті шыққанын, түрме туралы сахнаның көрерменге әсері жақсы болғанын, ең соңғы сахнадағы Мұстафа Шоқайдың көк туды жамылып құлауы – үлкен режиссерлік шешім екенін әдемі жеткізді.

Театр сыншысы Анар Еркебай режиссердің спектакльді өте сәтті ықшамдап қойғанына, әр актер өз рөлін сәтті ойнап шыққанына рақмет айтты. Алғыс айта отырып, сыншы кемшіліктеріне де тоқталсын. Мәселен, Мұстафаны ойнаған актерде пафостың көп екенін ескертті. Алдын ала жазылып алынған дауысты пайдаланбауды да қадап тұрып жеткізді. Ескі жазба, ескі нұсқа екенін, одан гөрі, «Мұстафа сол сөздерді өзі айтқанда, қойылым шынайы шығар еді» деген сыни ойын білдірді. Еркін Жуасбек әдеттегідей пьеса мен спектакльдің қаншалық жақын, қаншалық алыстығына тоқталды. Тарих алдында Мұстафа бейнесінің қандай болғанына да бір ауыз сөз арнасын. «Өз басым ескі сәбеттік фильм көргендей болдым. Спектаклдің жұтаңдығын көрдім. Лагерьде кемпір-шал, бала-шағаның жүруі – тарихи өтірік. Фашистік Германия министрінің кеңсесінде жалғыз үстел-орындық қана тұр. Көзім де, өзім де сенбедім. Актерлердің киім-кешегі де бастан-аяғына дейін ауысқан жоқ. Шоқайды адам сияқты көрсету керек еді. Алаш арыстарының арасындағы алауыздықты, билікке талас-тартысты көрмедік. Мұстафаның өкініші қайда? Ол да жоқ. Мұстафа жоқ. Махаббат жоқ. Уәли Хаюмды сүмелек қылып көрсету кімге керек? Ол да жай адам емес. Спектакльде тартыс болмады қысқасы. Драматургтің жазғанын оқып шыққан спектакль деп түсіндім», – деген ол сөз түйінін салмақтап берді.

Өскемен театры «Көлеңке» спектаклімен келіпті. Бұл бүгінгі уақыттың, бүгінгі қоғамның індеті. Бір отбасындағы драма арқылы тұтас қоғамның суретін салатын шығарма. Спектакль басынан аяғына дейін көрерменді өзіне тартып отырды. Пьеса қысқартылған, содан болар логикалық сабақтастықтың жоғалған тұстары кездеседі. Біздің ойымызды толықтырған театр сыншысы Анар ханым спектакльдің тұтас құрылымындағы ақауқарды атады. Соңында ғана «Ой бар. Режиссерлік жұмыс, көркемдік шешім, ізденіс бар» деп жылы жапты. Асылбек Ықсанов спектакльдегі құлыптастарды ойнатудың тым артық болғанын айтып әңгімесін бастады. Қойылымда кекету, мұқату, мазақтау сияқты сахналардың көп болғанына реніш білдірді. Оқиғалар легінде рет-тәртіп, іліктің жоқтығына тоқталды. Сөз соңында режиссерге «көркемдік шешім мен форманы тауып қой» деп тапсырма берді. Еркін Жуасбек әңгімені арыдан қайырып келіп, спектакльдегі тақырыптың ашылмағанына қатты кейіді. «Нашақорлықпен күрес қайда? Полицейлердің қырағылығы бар ма? Діни ағымдармен күрес ше? Бәрі сиырдың бүйрегіндей бөлек-бөлек жүр. Барлық көріністен мен «неге» деген сұрақты ғана көріп отырдым. Бұл жерде «Айна-ғұмыр» болған жоқ. Авторға жанашырлық болмай, драматургті түсінбей, пьесаны өндіріске алуға болмайды. «Көлеңкемен» режиссер не айтпақ болды? Мен тіпті соны да көре алмадым», – деді.

Көкшетаудан келген Ақмола облыстық драма театры «Бейбарысты» қойды. Бұған дейін сахналаған шығарма. Актерлердің ойыны шынайы, тартымды шықты. Әсіресе спектакльдегі би сахнасы сыншылар тарапынан өте жоғары бағаланды. Бейбарыстың жан азабы да әдемі берілген...

Фестивальдің соңғы күні Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры автордың «Қытайдан жеткен сәлемдеме» деген әңгімесінің желісімен жазылған спектакльді қойды. Бұл бірер ай бұрын ғана сахналанған шығарма. Солай бола тұра иі қанып, пісуі жеткенін шымылдық ашылған сәтте байқауға болады. «Әкемтеатр» әкелді деген жоқ, сыншылар көңіл толмаған тұстарын айтты. Мысалы, Асылбек Ықсанов сахнада қыз бен жігіттің арасында махаббат болмағанын, қазақ ұғымында суық су шашудың қате екенін теріп айтты. Бұдан басқа да ұсақ детальдарға тоқталды. Сәтті шыққан кадрларды көрсетіп берді. Мысалы, егде тартқан ерлі-зайыптының арасындағы қарым-қатынас, күйеуінің қорқақтығы, ауыл өмірі әдемі суреттелген. Асылбек мырза театр актерлеріне өнерді өлтіретін нәрсе штамп екенін, қойылымдағы штампқа түсіп қалған актерлердің жұмысын сынады. Нұрлан Жұманиязов «Спектакльдегі Өмірбайдың сатқындығы режиссерлік шешімде айтылмай қалды. Ал Әсемайдың жас кезін ойнаған Арай өз кейіпкерін барынша толық жеткізді. Көрерменді сендірді» деп атап өтті. Анар Еркебай бірден әсерлі әңгімемен бастады. «Зал ерекше қабылдады. Көрермен әсерленді, сенді. Әрбір зат ойнап тұр. Көрпелер, қазан-ошақ, ыдыс-аяқ бәрі сөйледі. Мысалы, қазанды сонау Қытайдан қазақ еліне алып өтудің өзінде ұлттық ұғым жатыр. Актерлердің әрекеті тынымсыз жүріп отырды. Спектакль ескі актерлік мектеппен қойылмаған. Актриса Шынар Асқарованың ойыны қойылымға қан жүгіртіп отырды. Ал соқыр шалдың рөліне сене алмадық. Қазақтың шалдарының көзі соқыр болса да, көңілі соқыр болмаған» деген терең ойлармен түйді сөзін.

Сонымен, апта бойы Атыраудың аспанын, Жайықтың жағасын терең ойға, көркем сөзге бөлеген театр тойының соңғы нүктесі қойылды. Бас жүлде Мұхтар Әуезов театрының қанжығасына байланды. І орын Ақмола облыстық орыс драма театрына, ІІ орын Семей драма театрына, ІІІ орын БҚО-ның қазақ драма театрына бұйырды. Ал «Үздік ер адам», «Үздік актриса» болып М.Әуезов театрының актерлері – Мұхтар Тұрғанұлы мен Арай Тасболатқызы марапатталды. «Көрермен көзайымын» Сердеш Қажымұратов (БҚО) қанжығалады. «Үздік ценограф» пен «Үздік режиссерді» – Көкшетаудан келген орыс драма театры алып кетті. Ал «Рахымжан Отарбаев руханият қорының» арнайы жүлдесі ШҚО-дан келген режиссер Дос Құбашқа бұйырыпты. Шымкент қалалық «Қуыршақ және жасөспірімдер» театры қор атынан арнайы марапатталды.  

P.S.

Фестивалден біз мынадай ойлармен қайттық.

Бірінші, Отарбаев шығармашылығына жүрдім-бардым қарау авторға қиянат екенін кез келген театр қаперінен шығармауы керек! Екінші, режиссер деген өнердің үлкен мектебін кім болса, соның қолына беріп қойыппыз. Ал олар модерн деп, заманауи деп запыран құстырып отыр. Үшінші, Отарбаев фестивалі болмаса, театрлардағы кемшіліктердің айтылатын, талқыланатын сахнасы болмайтындай көрінді бізге. Төртінші, Рахымжан Отарбаевтың театр фестивалін бұдан былай Атырауда ғана емес, басқа аймақтарда өткізуді қолға алу керек сияқты. Онсыз қазақ театрларында шығармашылық жақындық орнамайды.  

Тегтер: