«ӨКМ операторы». Кенже қыздың қалтасында не бар?

Екі Қазақстанның еркелері сот алдында жауап беруі мүмкін.
Қаңтар оқиғасынан кейін ел билігінде тазалау жүріп жатқандай көрінген. Кәрім Мәсімов сияқты су бетінде секірген акулалардан бөлек, ел көзіне көп түспейтін экономикалық сектордың серкелеріне де бұғалық түсе бастағандай болған. «Қазақтелекомды» «тонаған» Қайрат Сатыбалды сияқты ескі әулеттің өкілі түрмеге кетті. Бірақ жауын күні құрғақ шыққан «мықтылар» да жоқ емес. Саптастары түгел ұсталғанда сотқа куәгер ретінде де бармаған Самат Әбіш солардың бірі.
Біздің елде бизнес саласында білгенін істеп жүргендер көп болды. Тұтас бір сала бір адамның қолына өтіп кеткен жағдайлар бар. Мысалы, мұнайды күйеулер, банкті жиендер басқаруы мүмкін. Олар өзгелердің жұмыс істеуіне мүмкіндік бермей, мемлекет байлығын қалтаға басады.
Дәл сондай «дара билік» жүргізіп, миллиардтарды суша сапырған мекемелердің бірі – «ӨКМ операторы» ЖШС еді. Ел арасында «РОП операторы» (орысша атауы) деген атпен танылған компания шетелден автомобиль әкелгендерден утиль алымын жинау және ескі көліктерді утилизацияға алумен айналысты. Компания 2015 жылы 30 қарашада құрылған. Әу бастағы жалғыз құрылтайшысы Әлия Назарбаева болған. Кейін ЖШС Шынар Мұқтарова есімді азаматтың иелігіне өтті. Ол Назарбаеваның хатшысы немесе күтушісі болған деген ақпарат бар.
Қаңтар оқиғасынан кейін «ӨКМ операторы» жұмысын тоқтатып, 100% акциясы «Жасыл даму» АҚ-ға өтті. Мекеме мемлекетке 28,2 млрд теңге шығын келтіргені анықталып, басшылары шетінен сотталды. Жалғыз құрылтайшысы Мұқтароваға 920 млн теңге жымқырды деген айып тағылып, іздеу жарияланды. Кейін ол БАӘ-де қолға түсті. Бұлармен жең ұшынан жалғасқан бұрынғы экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов та жазадан құтылған жоқ. Бірақ «ӨКМ операторының» негізін қалаушы, кей дерек бойынша компанияға әлі де «сырттай иелік ететін» Әлия Назарбаева назардан тыс қалды.
Утилизация және утиль алымы деген не, одан қалай миллиондап ақша жымқыруға болады? Бұл сұраққа жауап беру үшін шағын шолу жасайық. 2017 жылы Қазақстан үкіметі утилизация бағдарламасын іске қосты. Сол арқылы отандық автоөндірісті қолдап, елге кіріп жатқан шетелдік ескі көліктерге тосқауыл қоймақ болған. Шенділер бағдарлама арқасында тұрғындар кіл жаңа машина мінеді деп уәде берген. Утиль алымын енгізу дұрыс шешім болғанымен, оның мөлшері өте жоғары болды әрі қаржы мемлекет қазынасына емес, жеке компания («ӨКМ операторы») шотына түсті.
Билік 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін утиль алымы мөлшерін 50% азайтты. Оған дейін елге жеңіл көлік кіргізу үшін 450 мыңнан 3 млн 500 мыңға дейін ақша төлеуге тура келді. Ал аса ірі жүк көлігін әкелгендер 6 млн 200 мың теңге санап беретін. Салдарынан жеке тұлғалардың шетелден тәуір машина әкелу мүмкіндігі төмендеп, елдегі автопарктер қатты ескіріп кетті. Өздерін «отандық автоөндірушіміз» деп атайтын көлік құрастырушылар монополиске айналып, бағаны шарықтатып жіберді. Қазір Қазақстандағы автомобильдердің орташа жасы 22-ге жетіп, бағдарлама іске қосылған 2017 жылмен салыстырғанда шыққанына 10 жылдан асқан көліктер бір жарым есе көбейген. Оның үстіне отандық автоөндіріс те мүлде дамыған жоқ. Бірнеше монополист компания шетелден келген автожинақты құрастырып, «машина шығардық» деп мақтанып жүр. Ал мемлекет локализациядан жұрдай осы көліктерді «отандық өнім» деп, субсидия төлеп отыр.
Биыл қыркүйекте ҚР Жоғары аудиторлық палатасы утилизация жүйесі сәтсіз болғанын мойындады. Олар тіпті жаңадан құрылған мемлекеттік оператор «Жасыл Дамудың» қызметін де сынға алды. Мамандардың айтуынша, өндірушілер мен импорттаушылардың жауапкершілігін күшейтетін жүйе алға қойған мақсатына жете алмады. Көлік құралдарының экологиялық деңгейін жақсарту жөніндегі тапсырма орындалмады. Керісінше, жолдарда техникалық тұрғыда ескірген машиналар қаптап жүр. Оның үстіне «Жасыл Даму» да экологиялық бағытты ескерусіз қалдырып, утиль алымынан түскен қаржының 99,6%-ы (259 млрд теңге) автоөндірісті қолдауға жұмсапты.
«ӨКМ операторы» 2022 жылы жұмысын тоқтатарда 5 жылдағы қаржылық есебін берді. Бес жылда ӨКМ шотына 691 млрд 884 млн теңге түсіпті. Оның 339 млрд теңгесін отандық автоөндірісті қолдауға бөлген, 102 миллиардын утилизацияға ескі көлік алу және өзге экологиялық жобаларға бөліпті. 49 млрд теңгені салыққа төлеген. Компания шотында 200 миллиардтан аса теңге қалыпты. Кейін бұл қаржының жартысы 4%-дық автонесиеге жұмсалды. Бірақ бұл есепке сене қою да қиын. Мысалы, Жоғары аудиторлық палатасы жүргізген есеп бойынша, 2022 жылы утиль алымынан 259 млрд теңге түскен. Осы ақпаратқа сүйенсек, бес жылда импорттаушылар төлеген сома 690 млрд теңгеден көбірек болса керек еді. Біз неге болжам ғана жасап отырмыз? Өйткені экология министрлігі БАҚ-тың «утиль алымы ретінде қанша ақша жиналды?» деген сұрағына мұның коммерциялық құпия екенін айтып, жауап бермей жүр. Нақты ақпарат жоқ жерде, болжам туатыны анық.
Елге жыл сайын шетелден өте көп автомобиль кіреді. Мысалы, биыл сегіз айда 93,9 мың көлік келген. Бұлардан түсетін түрлі алым-салық сомасы қанша болатынын жоғарыда жаздық. Осындай майшелпек қолында тұрған «ӨКМ операторы» басшылары қолдан келіп тұрғанда қоныштан мықтап басып қалуды ойлаған сияқты. Мекеменің басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев, бас директоры Светлана Короткенко және қаржы директоры Рүстем Темірбектің түрмеге түскені осының дәлелі. Бұған БАӘ-де ұсталған Мұқтарованы қосыңыз. Демек, тұтас басшылық былыққа батқан деген сөз.
Ал енді, бұл қатарға Әлия Назарбаева қосылуы мүмкін бе? Экс-президенттің кенже қызы бұған дейін тергеуге алынған жоқ. Бірақ жақында мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров «ӨКМ операторы» ісінде Назарбаева ұмыт қалғанын еске салды. Ол куәгерлер компанияның түпкілікті пайда алушысы Назарбаева екенін қанша айтса да, сот пен бас прокуратура назар аудармай отырғанын жеткізді.
«Баршамызға белгілі, жақында «Оператор РОП» деп аталатын ұйымның бірқатар басшысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сот процесінде көптеген куәгер сыбайлас жемқорлық арқылы табылған қаражаттың түпкілікті пайда алушысы Әлия Назарбаева екенін көрсетті. Бірақ сот та, бас прокуратура өкілдері де бұл азаматтардың уәжіне назар аудармады. Егер біз Қазақстанда әділ қоғам құрғымыз келсе, мұндай жағдайда әрбір азамат сотқа жүгініп, өзінің кінәсіздігін дәлелдеуі керек», – деді Сайыров.
Бұған дейін ел арасында айтылып жүрген әңгіме жайдан-жай депутаттың аузынан шығып отырған жоқ. Алда тергеу органдары «кіші қыздың» соңынан майшам алып түсуі әбден мүмкін. Оның үстіне жақында бас прокуратура Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты тергеу бастады. Экс-президенттің немере інісі «Қаңтар оқиғасына байланысты күдікке ілінген», оның тергеу ісін арнайы прокурорлар жүргізіп жатыр.
Осы екі істе бір ұқсастық бар. Назарбаеваға да, Әбішке де сот процесінде айып тағылып отыр. Сайыровтың айтуынша, куәгерлер сот барысында ақша түбінде Әлияның қалтасына түскенін жеткізген. Ал қазір тергеуде отырған ҰҚК 5-департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов Қаңтар оқиғасы кезінде Самат Әбіш бұйрық бергенін мәлімдеді. Демек, екеуін де бұрынғы қызметкерлері айыптап отыр деуге негіз бар. Егер билік мүдделі болмаса, мұндай әңгіме ашыққа шықпай, жабулы қазан күйінде қалар еді. Бұл пікірді белгілі саясаттанушы Шарқар Нұрсейіт те қостап отыр.
«Бұл сөзді Ерлан Сайыров өз бетінше айтып отыр ма, әлде тапсырмамен айтты ма, оны Сайыровтың өзінен сұраған жөн. Бірақ Ақорда тапсырма бермесе, өз бетінше мұндай мәлімдеме жасайды дегенге күмәнім бар. Депутат тапсырмамен айтып отыруы мүмкін. Самат Әбішті бір жыл сегіз айдан кейін тергеуге алып жатыр, оны айыптаған ҰҚК қызметкері де тапсырма алған болуы мүмкін», – дейді саясаттанушы.
Ұзақ уақыт жұрт көкейінде жүрген мәселе ақыры ашыққа шықты. Билік басындағылар бел шеше кіріссе, алда ескі Қазақстанның еркелері сот алдында жауап беруі мүмкін. Әлия Назарбаева жайлы мәлімдеме жасаған депутат Ерлан Сайыров:
«Қандай да бір құқық бұзушылық жасаса, ешқандай фамилияға, саяси статусына қарамай әр азамат заң алдында жауап беруі қажет. Құқық қорғау органдарында және сотта ескі Қазақстанның және сол кланның өкілдері әлі бар. Сондықтан перде артында әртүрлі жағдайлар шешілуі ықтимал. Қазір ескі мен жаңаның арасында күрес жүріп жатыр. Сондықтан Қазақстанда өзгерістер болып жатқанын және заң алдында бәріміз тең екенін дәлелдейтін осындай дүниелер керек. Мұқтарова тергеуде Назарбаеваны айыптап жауап бере ме десеңіз, қазірдің өзінде фактілер шығып жатыр, сот процесі кезінде тағы қаншама факты айтылды, мұның бәріне құқық қорғау орындары назар аударуы қажет», – деді депутат.
Қуаныш Қаппас