Окоптан шындық, майданнан махаббат іздеген Ахтанов
Тахаң... Біз көргенде әлдеқашан есімдері аңызға айналып, шығармалары әлденеше рет басылып, өздері әдебиетіміздің ақсақалдарына айналған үлкендер ол кісіні осылай атайтын.
«Тахаң» дегенде даусыз адам болмысының ең бір нәзік, ең бір қатал, ең бір жүрек тебірентерлік қатпарларына үңіліп, нәпсі жетегінде кетудің апатқа апаратынын, әркім өз теңін таппаса, ойран болатынын, менмендіктің соңын мейірімсіздік күтіп тұрғанын, мақтанқұмарлықтың адамгершілікті тонайтынын жазған – Тахауи Ахтанов еске түсетін.
Әдебиеттің есігінен ақын боп сығалап, табалдырығын жазушы боп аттаған Ахтановтың баспасөз бетінде жария көрген алғашқы әңгімесі «Күй аңызының» қалай жазылғанын айтатыны бар. Жазушы ауруханада жатқанда бір мейірбикеге әлдебір ер адам қырындап, соңынан қалмай жүреді. Соңынан қанша салпақтаса да, қара көз сұлу қайырылмайды. Кейін сыртынан қараса, бір жас жігіт келіп, әлгі бойжеткен сол ер баламен қуаласып, ойнап жүр. Сонда өзі бұрыннан естіп жүрген «Нар идірген» күйі туралы аңызды жазбаққа отырдым депті. Бұл әңгімені көбіміз өнер қуаты, құдіреті тұрғысынан айтып жүрміз. Бірақ үлкен күйші домбыра тартқанда нар игенімен, қыз қос емшекті қысып ұстап жібермей қояды. Ал шәкірті домбыра алған кезде, бағанада бері лықсып кеп тұрған сүт ағылып қоя береді. Сонда әркім өз таңдауымен, теңімен барақатты ғұмыр кешуге хақылы деген ойды манағы көріністен сезіп, соны талғап жазудың өзі жазушылық емес пе?
1961 жылы ауруханада отаға дайындалып жатқан Әуезовтің «Махаббат мұңы» кітабын оқыған соң жазған атақты хаты бар. Сонда: «Менде бір қуанған, сүйсінген ойлар ұдайы қатар жарысып отырды. Ол – сенің өзіме сонша етбауыр, шабытымен іні-бауыр екеніңді сезіне отыру шақтары. Мен сенің мақалаларыңнан, кең тынысты романыңның да кей бояуларынан «осы менімен туыстас-ау» деп ойлап жүруші ем. Кейде тіпті өз сезімдерімді, сырларымды саған жаздырып, соған барынша сеніп, еліге еріп, риза боп отырғандаймын. Әрине, әрбір шыншыл шығарма солай еліктіреді де, ол өз жүрегіңе ұқсап соққан жан-тамырды жан-бауырдай сезбеске шараң жоқ» деп жазыпты.
Қазақ әдебиетін, прозасын жаңа белеске, үлкен деңгейге жеткізген Әуезовтің енді артымда кім бар деп үңілгенде тапқан таланты Тахауи болыпты. Сол қуанышқа қылау түсірмей, өзі көрген майдан тауқыметін, окоп шындығын махаббат пен үміт арасына сыйдырып, көркемдік тұрғыда жазып, өзіне артылған сенімді сөзсіз алып шыққан – Тахауи еді. Ол тұста соғыс тақырыбын реалистік көзбен суреттеп жазды деп есептелетін В.Быковтың повестері, Ю.Бондыревтің романдары әлі жарыққа шыға қоймаған болатын.
Тахауи жазушы бола жүріп, әдеби процестен шет қалған жоқ. Драматургияға қалам тартты, сынға да атсалысты. Қазақ театрының жетістігінің бірі саналатын «Ант» пьесасы Ахтановтың қаламынан туған. Талантты талант деп мойындау мен жастарға айтылған демеу сөз де Ахтановтың аузымен айтылған. Сөйтіп ол Тахаң болған, сөйтіп ол Ахтанов атанған.
Туғанына мерейлі жүз жыл толғанда, аса көрнекті тұлғаларға арналған қосымшамызды дарынды қаламгердің құрметіне арнап отырмыз.
Қыран самғауы
Дулат Исабеков,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Еңбек Ері
Соңынан шығар Тайбурылдар болмаса, Шалқұйрықтар мен Қарақасқалар, Күрең Бестілер мен Құлагерлер тумайтын болса, Пайғамбардың Шамбыл Қасқасынан не пайда? Әуезов сияқты бір тумалардан соң мына әдебиетке кім келеді, қалай келеді? Оның ауыр жүгін кімдер арқалайды? Қолына қалам ұстаған жазушылар, құдайға шүкір, жоқ емес, бар, бірақ олар дүние жарысына араласа ала ма? «Әкең де болса аяма» деген қазақ көкпарындағы қатыгез қағида ежелден қанына сіңген, бөгде жұрттар қаптаған аламан сайысқа «мынауым бар еді» деп қай атты ұялмай қоса алар екенбіз?
Дүниенің басынан тағы бір дүрбелең өтіп, қазақ халқы да қанды соғыстан қалжырап шықты. Міне, дәл осы тұста қазақ прозасының көгінде кенет екі жұлдыз пайда болды. Олар әне-міне дегенше Алпамыстай тез ер жетіп, сәулесі тек қазақ жеріне ғана емес, басқа елдерге де анық көріне бастаған жарық жұлдыздарға айналды. Ол екі жұлдыз – Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Тахауи Ахтанов еді. «Тағы сынды жан едік, тағы да келдік тар жерге, таңдансақ тағы болар ма?» деп ұлы Махамбет жырлағандай, бұ халықты талай-талай тар қыспақтың тезіне аямай салып көрген оны сөз несібесінен тағы да ұмыт қалдырмапты. Кешегі Кеңес, бүгінгі ТМД, қала берді күллі қазақтың сөз өнерінде орны ерекше, жазуы бөлек тұлға – біз сөз еткелі отырған Тахауи Ахтанов шығармашылығы. Ахтанов қандай жазушы? Б.Майлин, С.Ерубаев, М.Әуезовтен кейін қазақ прозасының классикалық үлгісін үзіп алмай, оны әрмен қарай жалғастырып кеткен үлкен суреткер деп айтқанда біз қандай жауапқа, қандай жауапкершілікке сүйенеміз? «Қалам тартқан қазақтың бәрі де ақын» (И.Оразбаев), ел тұщынатын, елге ұнайтын, тіпті ел мақтайтын прозашылар, әсіресе соғыстан соңғы жылдары аз еңбек еткен жоқ. Алайда жазушы бар да суреткер бар. Шын суреткер өзінің ақыл-ой тереңдігімен, парасат биіктігімен, шығармасының мейлінше шыншылдығымен һәм көркемдігімен, тілінің нәрлілігімен және жеке баяндау тәсілінің ерекшелігімен өлшенбек. Оның шығармаларын өзгелерден бөле-жара қарағанда, әсте, осы қасиеттерінің молдығына қарап бөлетін болуымыз керек.
Ахтанов – суреткер бүкіл шығармаларында жасандылық дегенге жастайынан жау болды. Оның алғашқы әңгімелері («Алғашқы ән», «Күй аңызы», т.б.) кейінгі ұрпаққа ұнар-ұнамас, ол басқа әңгіме, өзіне ұнар-ұнамас – ол да басқа әңгіме, бірақ сол туындылардан болашақ реалист суреткердің қолтаңбаларын анық көретініміз ақиқат. Жазған шығармалары былай тұрсын, әшейінгі ауызекі сөзінің өзінде жалғандық пен жасандылықты, жылтыр сөз бен жаттанды тұжырымдарды «иттің етінен» жек көретін Тахаң романдары мен повестерінде және драмалық шығармаларында кейіпкер болмысының табиғилығын, оқиға мен іс-әрекеттердің сол контекстегі қисындық шынайылығына қатты да қатал көңіл бөліп келді. Жазған шығармасына кім жоғары талап қоймайды дейсің, кім өзіне қатал қарағысы келмейді дейсің, айтып-айтып келгенде бәрі де талант пен талғамның, құдай берген түйсік өлшемінің (чувство меры) дәлдігіне байланысты ғой. «Талант деген не?» дегенде М.Горький: «Түйсік өлшемі» деп жауап берген емес пе? Шындап келгенде, бәрінің тоқайласатын жері осы – түйсік өлшемі. Бір мысқал аз айтсаң – өтірік, бір мысқал артық айтсаң – суайт боп шыға келесің. Реалистік прозаның ең бір қас жауы – бір бояудың не артық, не кем жағылуы. Осыдан соң бірнеше жүз беттік роман жазып, бірнеше жылдық оқиғаны баяндап көріңіз. Шын жазушының шынайылығы әуелі осыдан басталады. Айта білсең адам сенбейтін оқиға жоқ, сендіре алмайтын жазушы бар. «Жаман», «жақсы» деп бөлінер болса жазушы атаулы осы тұста бөлінбек. Өзге қаламдастарымен Тахаң да осы тұсқа шейін бірге келіп, дәл осы тұста бөліне бастайды. Бөліне бастайды деу нысанаға дәл тимес, қатал прозаның қалың орманы шын суреткерді өзі жетелеп әкетеді де, қалған қауым ну орманның ішіне бытырап кетіп, әрқайсысы әр бүйірден шығып жатады. Ал суреткер Ахтанов қалың орманды қақ жарып, діттеген тұсынан шығады. Жай суреткер мен қас суреткердің арасындағы бұл да бір туа біткен айырмашылық.
Алғашқы әңгімелерден соң Т.Ахтанов қолынан «Махаббат мұңы» повесі туды. Он жетісінде майданға аттанған балаң жігітпен бірге оның көкірегіне ұялап, окопта ер жеткен романтикалық-эллегиялық сарын, жаңа жаза бастаған келбетті жас офицердің қаламынан Алматыға аман жеткен соң өмірдің бір кесек шымыр шындығына айналып, көркем шығарма формасында қайтадан дүниеге келді. Бұл повесть қазақ әдебиетіндегі жаңа сөз, жаңа үн болды. Жаңалыққа жаны ғашық жастар былай тұрсын, «Махаббат мұңы» жаппай оқылатын шығармаға айналды. Қазақ әдебиеті оқимын деген адамға бұған дейін де махаббат мәселесін әр қырынан көрсеткен шығармаларға зәру емес еді. Революция тақырыбы, коллективтендіру, бес жылдықтар, соғыс жайын сөз еткен роман-повестерде де сүйіспеншілік мәселесі ажырамас егіздей қатар жүрді, ал осы тақырыпты арнайы жырлаған шығармалар өз алдына бір төбе еді. «Махаббат мұңы» табиғаты мен тақылеті жағынан солардың бірде-бірін қайталамаған, тақырып пен уақыт, тақырып пен кеңістік, тақырып пен концепция, авторлық трактовка, образ табиғаты мен іс-әрекет табиғилығы дегенді өзінше көрсетіп, қазақ прозасындағы таным мен талғам деңгейінің планкасын бірнеше шкалаға көтеріп тастаған шығарма болды. Және бұл шығарма да өзінің алдындағы «Күлпәш», «Шұғаның белгісі» (Б.Майлин), «Қорғансыздың күні», «Қаралы сұлу», «Қараш-Қараш оқиғасы» (М.Әуезов) секілді, көзі мен қолы қомақты дүниені ғана місе тұтып үйренген қазақ қауымына қомға салатын жастықтай шығарма емес, қойынға тығатын асықтай шығармамен-ақ көп нәрсені айтуға болатынын, тіпті әдебиет деген өлкеде көсілтіп көп жазбай, тамсантып аз айтып та төрде отыруға болатынын тағы дәлелдеп өтті. Сондықтан да болса керек, Тахауи Ахтанов деген есім буыны қатайып, қабырғасы көтеріліп қалған қазақ әдебиетінің ауласына еркін еніп, еркін аралап жүре берді. Сөз басында айтқанымыздай, өзге жұрттар өз әдебиетін «адыр-адырға, жанр-жанрға» бағзы заманда бөліп тастап, енді соны үңгіп, кеулеп жатқанда кенже керуен – қазақ әдебиеті осы айтылған қадау-қадау шығармалар арқылы көне керуеннің қарасына көз іліктірді. Әдебиеттің таза профессионалдық жетілу кезеңінің қиын процесінде дөң асқан шығармалар осылай туып жатты. Бұл шығарма көп ұзамай сахналық формасын тауып, қазақ театрларын аралап кетті.
Әдетте, белгілі бір ірі суреткер жайлы жаза бастасақ оның алғашқы шығармаларын оның ең басты шығармаларына апарар жол, соған жасалған дайындық деп қарауды дағдыға айналдырып алғанбыз. Мұның, әрине, анау айтқан өрескелдігі де жоқ шығар, бірақ кез келген тұжырым, кез келген пайымдау жиі қайталанғанда ол трафаретке айналып, жас буынның ойлау жүйесіне қабыршақ қатыратын (панцырь) қаупі бар. Әйтпесе, М.Әуезовтің «Қараш-Қарашы» мен «Қилы заманы» көркемдік деңгейі мен авторлық шеберлік жағынан «Абай» эпопеясынан кем түсіп жатыр деп айтуға бола ма? Егер объектіге бұлай қарайтын болсақ, Ф.Достоевскийдің «Бейшараларын», Э.Войничтің «Бөгелегін», А.Гончаровтың «Үйреншікті жәйітін», Э.Ремарктің «Батыс майданда өзгеріс жоқ» романдарын қай шығармаға дайындық деп айтар едік? Бұл туындылар олардың қаламалды дүниесі боп есептегенмен әлем әдебиетінің алтын қорына еніп, адамзат мәдениетінің ілгерілеу, өркендеу тарихындағы белгілі белестер боп қалған жоқ па? Олай болса Т.Ахтановтың бұл повесі де қазақ әдебиетін формалық, мазмұндық, көркемдік жағынан үлкен белеске көтеріп, дүниауи деңгейге иек артқан, сөйтіп, автордың өзін қазіргі прозаның шеберлері қатарына қапталдастырып кеткен туынды болды.
Қазақ прозасы жүріп өткен азғантай ғана кезеңде қалың оқырман М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, М.Иманжановтың, Ғ.Слановтың көптеген шығармаларымен танысып үлгірген еді. Өзінің ғасырлар бойғы әрі мұңдасы, әрі сырласы боп келген поэзия жанры да жаңа биіктерге көтеріліп, сан жағынан да, сапа жағынан да өркендеген шақ болатын. Бұл аралықта қазақ қауымы бұған дейінгі кезеңдегідей тиіп-қашып емес, дүние ақыл-ойы мен көркемдік әлемінің тылсымдарымен жүздесіп, шығармашылық деген сиқырдың сыры мен қырына біршама қанығып қалған шақ еді. Бір сөзбен айтқанда, батырлар жыры мен лиро-эпостың оқушысы еуропалық үлгідегі профессионалдық прозаның оқушысына айналып үлгірген-ді. Қазақ қаламгерлері өз шығармаларын түсіне білетін, бағалай білетін тірегі бар екеніне кәміл сеніп, биік парасатты оқырмандардың талғамына сай келер парасатты шығармаларға батыл ден қойды. Прозаның ішкі даму процесі жалғасып, оған ұлттық өрнек, ұлттық колорит қосылып, таза еуропалық жанр еуро-қазақылық реңкке ауыса бастады. Ұлттық бояусыз ұлттық прозаның бүгіні мен ертеңі жайлы сөз ету арықтан акула іздегенмен бірдей еді. Ол да өзінен-өзі келе қойған жоқ, оның да іргесін көтеріп, жаңа қоныстарға көшірген әрине, әдебиеттің дарынды өкілдері еді. Солардың бірі тағы да Тахауи Ахтанов болды.
Аңдап оқыған зерек оқушыға бой тітіркендірердей зілі ауыр шығарманың бірі – «Боран» повесі. Ол әуелгі кезде «Дала сыры» боп танылып, өзге әлемге әлгі атпен – «Боран» деген атпен мәлім болды. Бұл шығарманың арқалаған әлеуметтік жүгі, саяси мәні, қоғамдық танымы бұрынғы шығармалардан қомақты жатыр десем шығарма авторы ренжімес деп ойлаймын. «Борандағы» мал қырғыны молайған сайын, кейіпкерлер өмірі сәт санап қайғылы халге тіреле түскен сайын, долы табиғат пен адам жанындағы қатыгездік, найсаптық ашыла түскен сайын сол кезеңдегі қалыптасқан бүкіл жүйенің соншалықты солақай, соншалықты келеңсіз екенін түсіне түспеуші ме едік? Осы шығарманы оқыған кезімізде біз, студенттер қауымы ду-ду айтысып, кейбір көрегендер оны «кеңес өкіметіне қарсы шығарма» деп таныды да ғой. Ал шынында, осы сөздің жаны бар еді. Айдаладағы ақ боранда ашық айқасқа түскен адам болмысы мен табиғат болмысы екі жақты шайқастан соң қоғам болмысының бетпердесін ашып кеткен жоқ па еді? «Құдай сақтағанда» көп сақшы-сыншылар бұл астарды аңғармады, Ахтанов совет қойшыларының қиын-қыстау өмірін көрсетті деп қоя салды, ал партия қайраткері Қасболат қайшылығы мол қайсар басшы боп бағаланып кете барды. Ал Қоспан болса қайсар совет адамының әдебиеттегі көрінісі боп қана қабылданды. Заман суретін осы повесімен айнытпай сала білген Ахтанов қорыққан болса, осы Қоспан жөнінде қорқып еді, енді оның жүрегі орнына түсті. Тіпті «Новый мир» журналында жарияланған бұл повестің осы қауіпті бағытын Мәскеу сыншылары да аңғара бермеді-ау деймін, автордың сәтті шығармасы туралы тамсанып көп жазып жатты.
Жоқ, сақшылар бәрібір бар екен. Бұл шығарма алпысыншы жылдардың аяқ шенінде Лениндік сыйлыққа ұсынылды. «Сақшылар» «Боранның» сырын ұғып қалды. Ұғып қалды да шығарманы болашақ сыйлықтан үміткерліктен үн-түнсіз ысырып қоя салды.
«Боран» – көркем сөз шебері Т.Ахтановтың шығармашылық өмірінде ерекше орын алатын ең күрделі, ең салмақты дүние. Бұл шығарманы оқып отырып кезінде Нобель сыйлығына ие болған Эрнест Хэмингуэйдің «Шал мен теңізін» еске аласың. Бұлай салыстыра қарағанда кейбір скептиктер, бәлкім, иығын қозғап, түсінбеген болар. Ал әр шығарманың арқалаған әлеуметтік жүгін, қақтығыстар табиғатын, образдың ашылу айшықтарын таразылап қарасаң біздің нардың артқан теңі салмақтырақ екенін көрер едік. Амал не, дүние жүлделері мен сыбағалары әркез әділ бөліне бермейді. Кеңестер Одағы деп аталатын үлкен біріккен хорда қазақтың жетілген жеке дауысын құлаққа ілген жан болмады, көп дауыстың бірі деп қабылданып қала берді. Біздің дауысымыз барша жұртқа бірдей естілемін дегенше әлі де біраз уақыт бар сияқты...
Қазақтың қай өмірі қауіпсіз, қалт-құлтсыз өтіп еді, сан ғасыр сабырмен күн кешіп, санаттан қалмай келе жатқан ел «сабыр түбі – сары алтын» деген мақалын жадынан тез шығара қоймас. Жоқшылықтың арасынан тоқшылық, жамандықтың жағасынан жақсылық іздеген елміз ғой. Орайы келгенде айта кетер болсақ, дәл осы концепция Т.Ахтановтың да бүкіл шығармасына тән. Мейлі «Махаббат мұңында» болсын, мейлі «Қаһарлы күндер» болсын, немесе жаңа ғана сөз болған «Боранда» болсын, жамандықты айта отырып жақсылықты іздеу, ал жақсылықты айта қалса «осылай болса екен» деген аңсау үнін естиміз.
Шығармашылық өмір деген бар болғырдың асау өзендей арындап, буырқанып, толысып, асып-төгіліп жатар кезі болады-ау! Жазушы үшін бір шығарманы бітіріп, сол күні жаңа шығарманың алғашқы беттерін бастап қойған күннен асқан бақытты шағы бола қоймас. Жетпіс жылдың биігінен қараған адамға ол кездердің де жастық шақпен бірге бірте-бірте алыстап қалғанын сезіну де өкініш. Әу баста жетпестей боп көрінген жол, бітпестей боп көрінген мұрат-мақсат ақырамаштың суындай бірте-бірте тартылып, мор ошақтай мүжіле бергенін адам байқамай да қалады екен. Ұзақ боп көрінген өмір жолында суреткер біткен қанша құдірет болса да басты-басты бес-алты шығармадан алысқа сирек барады екен. Жүз томдық шығарма қалдырды деп жүрген Л.Толстойдан да, әлемді күні бүгінге дейін аузына қаратып келе жатқан Ф. Достоевский де, жиырмасыншы ғасырдағы бірі еуропалық, бірі азиялық екі ірі суреткер – М.Шолохов пен М.Әуезов те осы сандардан көп аса алмапты. Ә.Нұрпейісов «Курляндия» («Күткен күн»), «Қан мен тер», «Сең», Т.Ахтанов «Махаббат мұңы», «Қаһарлы күндер», «Боран», «Шырағың сөнбесін» романы және бірнеше драмалық шығармалар мен эссе кітаптарын беріпті де, тояттап қалыпты. Бәлкім, бұрқыратып, боратып, әдебиет жолын шаңдата бермеген де жөн шығар. Немесе қара сөздің хас шебері Тахауи Ахтанов жазам десе, сөз құрастырам десе оңай оқиға таппай жүрген жоқ шығар. Сүтпен кіріп, сүйекке сіңген сол баяғы талғам мен түйсік өлшемі арзанға жібермей, қыран қанаты аласа ұшуға арланып, көп айтқанша аз айтуды қалайтын секілді. Ең бір таңғаларлығы сол – осындай аласапыран заманда ең талантты деген сөз зергерлері үнсіздік танытып келеді. Мұның сыры неде? Әлде олар өмір шындығын домна пешіндей іште қорытып жатқан шығар? Әлде, социализмнен бір күнде арылып, бауыр басқан романтикадан біржола айырылған соң, алыстан көрінген капитализмді қалай образға айналдырудың амалын таппай, жол айырығында тұрғандықтан ба? Бәлкім, көркем әдебиеттегі аяңмен айтылатын шындықты газет бетіндегі шындық алдын орап кетіп жатқандықтан болар?
Қалай болған күнде де заман шындығы көркем әдебиетте көрінбей қалуы тиіс емес. Бәлкім, адамзат дамуындағы бір цикл біткен кезде, ұрпақ алмасар алдында осындай үнсіздіктер болуы заңды құбылыс шығар. Бірнеше кезеңнің шындығын бір суреткерден талап ете беру де күпіршілік. Әр жазушы өзі түйсінген, өзі ұққан, өзі таразылаған өз дәуірінің шындығын жеткізе айтып берсе, ол да аз міндет емес.
Қазақ прозасындағы қыран дауысты суреткер Тахауи Ахтанов қазақ халқының ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан ерлік, батырлық, шешендік рухының бүгінгі жалғасы, сөз өнеріндегі бүгінгі көрінісі.
Қазақ әдебиетінің көгінде 50 жыл бойы қыран құстай самғап ұшқан Тахауи Ахтанов 70-тен асқан шағында жүрек ауруына шалдығып, оның аяғы инсульт деген айықпас дертке ұласып, сол кеселден айыға алмай өмірден озды. Бір кездері ұлы Мұхтар Әуезов үлкен сенім артқан қазақ руханиятының биік бәйтерегі осылайша мәңгілік көз жұмды. Алғашқы әңгіме, повестерімен-ақ қыран биігінде самғап ұшқан Ахтанов сол биігінде мерт болды.
Биіктер сырласады, аласалар сыбырласады. Қазақ оқырманымен биіктен сырласып келген Тахаң сол биігінде қалды. Әйтсе де, қазақ әдебиетінде Ахтанов рухы, Ахтанов стилі, Ахтанов мектебі өз халқымен бірге жасай бермек.