Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:37, 01 Маусым 2022

Өксікпен өткен балалық

None
None

Қарапайым жан еді, қоңырқай тірлік  кешті. Ешкімге зияны жоқ, барға шүкір  деп отырушы еді.

Артық сөзі жоқ, томаға-тұйық болатын.

Бала болып қанша тентектік жасасақ та жекіп ұрыспапты, беттен қақпапты. Қайта долы мінезі бар шешеміз бізге шүйілсе: «Әй, Сәлима, баламен бала болып  қайтесің, қой енді...» деп басу айтып, шешемізден теперіш көрген біздерді   жұбатып, маңдайымыздан еміреніп, бір иіскеп қойып отырушы еді. Әкем бар еркелігімізді, қияңқылығымызды көтеретін. Темекісін тартып, алысып-жұлысып  ойнап жүрген бізге қарап ойланып, ұзақ отырып қалатын кездері көп. Бәлкім, сонау қыр астында қалған балалығын, қайтып келмес балдәурен шақты сағынатын болар… Кейде «әке біздей кезіңізде қандай ойын ойнаушы едіңіздер», деп сұрап  жатамыз. Сондайда ол «мен бала болып ойнамадым, жастайымнан жетім қалдым. Қытайда бір ұйғырдың қозы-лағын бағып, диірменін тартып, ержеттім», деп күрсініп, қысқа қайыратын. Темекісін құшырлана сорып отырып, «Сендер бақыттысыңдар ғой. Тоқшылық, тыныштық. Баяғының шалдары «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман», деп айтып отыратын. Сондай бір шуақты заманда өмір сүріп жатырсыңдар», деп әңгімесін бастайтын. «Менде   балалық шақ болған жоқ. Бала болып ойнауды да білмей өстім» деп, сәл кідіріп  қалатын. Бәлкім, есіне өксікпен өткен бала күндері түсіп кете ме екен? Кемсеңдегендей болатын. Бірақ онысын маған білдірмеуге тырысушы еді.

Сонау бала күнімде, қолыма қалам алып, шимақтап, өлең жаза бастаған кезде «Әке сіздің өміріңізге арнап кітап жазамын, Қытайдағы қазақтардың (әкем де  1932 жылғы аштық кезінде Қытайға өтіп, 1962  жылы шекара ашылғанда,  атамекенге қайта оралған қазақтардың бірі еді) өмірін керемет қылып тасқа  түсірген Қабдеш аға Жұмаділовтен кеммін бе?» деп, желпінетінмін.

Әкем риза болатын. Бәлкім, менің аудандық газетке, республикалық балалар  басылымы «Қазақстан пионеріне» (бүгінгі «Ұлан» газеті) шығып жүрген  өлеңдерімді көріп, түбі бірдеңе жазатыныма сенген болар. Студент жылдары реті  келгенде, әкемнен өткен өмірі жөнінде сұрап, қойын дәптеріме айтқандарын    түртіп алып отырушы едім. Әкем бала күндерінің есінде қалған үзік-үзік   елестірін күрсініп қойып, әңгімелеуші еді.

 «Мен ес білген кез, иісі қазақтың басына зұлмат орнаған тұспен тура келген. 1932 жылы мен алты жаста едім. Халық ақ сүйек болып, қырылып жатты. Әкем  Ұлықбек дәулетті болғанынан не қайыр, 1928 жылы жүрген кәмпескіде «байдың  тұқымысыңдар» деп, бар малды тартып алған. Әйтеуір, қара басын саудаға  салып, әкем итжеккеннен аман қалды. Рас, аталарымыз өңірге аты шыққан, жорға мініп, тайпалатқан, жүйрік ұстап, қыран ұшырған, тұқымынан қаракөк  үзілмеген ауқатты байлардың бірі еді. Сонау Жарма, Шар, Аякөз мына жағы  Шұбартау, Қарауыл маңайын мекендеген Найманның Сыбан деп аталатын бес болыс елінің белгілі атқа мінерлері болған. Бірақ малды тартып алып, коллективтендіру жүрген кезде қоңырқай тірлігі бар, көп жанның бірі болып  қалғанбыз. Аштық біздің де табалдырықтан енді. Баяғы ақ ішіп, май асап  жүрген күндер елес болып қалған. Жарма деген жерде тұратын едік. Теміржолдың бойы. Кішкентаймын ғой. Көп нәрсені біле бермеймін. Әкем бар малдан, жиған-терген дәулеттен айрылған соң, амалсыз жалданып, теміржолда  жұмыс істеуші еді. Ара-тұра қара түтіні бұрқылдап, өкіріп-бақырып отарба өтетін. Біздің бар көрген қызығымыз сол еді. Бала тұрмақ, ауылдың бүкіл адамы   алыстан өкіріп-бақырып келе жатқан отарбаны қарсы алып, түтіні шұбалып,  көзден ғайып болғанша, қарап тұрушы еді. Соның өзі біз үшін бір қызық дәурен  болатын. Бала күнімнен есімде қалған ең бір елеулі дүние осы отарба-тұғын.

Бірде ауыл опыр-топыр болды. «Кетеміз. Көшеміз» дегенді үлкендерден естіп  жатырмын. Үйде баладан екі ұл, бір қызбыз. Кішісі мен едім. Көшкен жұртпен   мені жетелеп, әкем белгісіз жаққа әкете барды. Артта шешем, ағам және әпкем  қалды. Әкем оларды теміржолда жұмыс істейтін таныс орыстың үйіне  қалдырған. Кейін білдім ғой, егер де Қытайда өмір сүруге жағдай болса, қайтып келіп, көшіріп әкетемін деп келісіп кетіпті. Тарбағатай тауының етегін бойлап  кетіп барамыз. Аш-жалаңаш жұртта қай қауқар болсын, жол бойы құлап түсіп,  өліп жатқан адамдар. Қорқынышты еді. Аштан өлгендердің бетін ғана жасырып,   көш тоқтаусыз жүре берді. Көбіне түнделетіп жол тарттық. «Күндіз жүрсек,  қауіпті» десіп жататын үлкендер. Әкемнің атына мінгесіп алғанмын. Талай  отбасы көшке ілесе алмай, Тарбағатайдың сай-саласында қалып қойды. Әлі  есімде, бір сайда түнемелікке тоқтаған едік. Таң алдында болар, айқай-шу  шықты. Мылтық атылып жатыр. «Банды, банды» деседі жұрт. Әкем мені бір  бүргеннің түбіне «қозғалмай отыр» деп, жүгіріп ары кетті. Тың атқа мінген  қарулы топ қойсын ба? Аш-жалаңаш келе жатқандарды тонап, барымызды алып  кетті. Әкемнің мінген аты да біреудің жетегінде кете барды. Бандылар көштегі  көрікті қыз-келіншектерді де тартып әкетіпті. Жаяу қалдық. Қиналғанның  көкесін енді көрдік. Әкем арқалап алады да, біраз  жүріп барып, тоқтайды. Өзі  де аш. Тәлтіректеп кетеді. Тауда жүріс қай оңсын? Әйтеуір, бүлдірген теріп,  жабайы көк алма жеп, талғажау еттік. Қанша күн, қанша түн жүргенімізді  білмеймін. Әйтеуір, бір күні «Арғы бетке өттік. Жеттік», десті. Бұл жақта тыныштық. Аштықтың беті аулақ секілді. Бізден бұрынырақ келгендер қарсы  алды. Осы жаққа келген соң ғана тойына бір тамақ ішкендей болдық. Әу баста   көшке ергендер көп еді. Ұсақ балалардың да қарасы мол болатын. Арғы бетке  өткенде, тым азайып қалыппыз. Әлі есімде, кішкентайдан бірге ойнап өсіп келе  жатқан Жақып деген бала болған. Көшкенде де бірге жүрдік. Бандылар шабуыл жасаған кезде шешесін тартып әкеткен. Әкесі сойылға жығылып, сол жерде  мерт болды. Шырылдап жылаған Жақыпты үлкендер ілестіріп алған еді. Бір  күні түнде жоғалып кетті… Оны іздеуге ешкімнің мүмкіндігі болған  жоқ. Қазір,  кейде түсіме сол Жақып кіреді. Сағынамын. Қайда екен? Аман ба екен?.. 

Тоқтаған жеріміз Шәуешектің маңайы. Мұндағы елдің тәуір тұрмысын  көрген әкем біраз күннен кейін, кері қайтып, артта қалған жарымен екі баласын алып келмек болды. Мені бір ұйғырдың үйіне жалшы қылып орналастырды. Қозы-лақ бағамын. Әкем ұйғырдан «баланың еңбек ақысынан болсын» деп  жарты пұт бидай сұрап алды. Сол жерде кездескен жамағайындарынан бір ат  сұрап мінді. Тап бүгінгідей есімде, әкем қырда қозы-лақ қайырып жүрген менің жанымнан кете алмай, ұзақ тұрды. Айналып толғанып, өксиді. Мен шырылдап, жылап әкемнің мойнына асыла беремін. Әкемнің көзінен жас көрдім. Сақалына  дейін суланып, еңкілдеп жылады. «Алдымен Аллаға, сосын, сізге аманат еттім»,  деді ұйғырдың қойын бірге бағып жүрген ақсақ шалға мені тапсырып. «Алла  жар болса, арғы бетте қалған қатын-баламды алып, бері өтермін. Балаға бас-көз  бола жүріңіз», деген әкем жарты пұт бидай артқан жаман атын тепеңдетіп   терістікке қарай ұзай берген. Соңында жылап мен қалдым…    

Бәлкім, әкем қайтып келмесін сезді ме екен, артына жаутаңдап қарай береді. Ұйғырдың малайы болдым. Жаздыгүні қозы-лақпен бірге әлгі шал (ныспысы  Жүніс) екеуміз қорада жата саламыз. Әйтеуір, қарным тоқ. Жанымдағы Жүніс ата екеуміз жайылымға шыққанда, қозысы бар қойды ұстап алып, сауып ішіп аламыз. Үстімде шоқпыт-шоқпыт киім. Кір-кір, бит-бит. Қит етсе, ұйғырдың  таяғы жон арқамда ойнайды. Кейде жылап жатып, ұйықтап кетемін. Аракідік түсіме әкем кіреді. Ақбоз ат мініп, келе жатады. «Әке, әке» деп, жылап жатып,   оянған сәттерім көп болды. Уақыт өтіп жатты. «Келемін» деп кеткен әкем  келмеді. Жаз өтті, сарала күз келді. Ондан кейін қыс түсті. Мұнартып жатқан Тарбағатай тауына қарай-қарай көзім талды. Кейін атамекенге оралғанда,   естідім ғой. Жол бойы арып-ашып, ауырып жеткен әкем қатын-баласын кері  алып өтуге жарамай, қайтыс болып кеткен екен. Ұйғырдың босағасында жүріп  ер жеттім. Жетімдіктің тақсіретін көп тарттым. Бала болып ойнамадым. Қой  соңында жүрдім. Жүсіп ақсақал кейде шешіліп сөйлеп кетеді. Өткенін айтады. «Дүние-ай» деп күңіреніп отырады. Әңгімешіл еді. Жанына шақырып алады. Сосын, екеулеп қой сауып, сүтіне тойып алған соң, сонау теріскейде мұнартып жатқан Тарбағатай тауына қарап отырып, әңгімесін бастаушы еді. Жиырмасыншы жылдары болған ашаршылық кезінде елді тастап, Қытайға өтіпті. Отбасы сол аштықта қырылғандардың қатарында екен. Содан бері осы жақта, ұйғырдың малын бағып күнелтіп жүргендердің бірі. Тарбағатайдың күнгейінде өткен өмірін айтып, арғы-бергі тарихты шолып отырушы еді. «Мен қазақтың талай арда ұлдарымен дәмдес болдым. Сонау ақ пен қызыл айқасқан жылдары Алаш орда өкіметін құруға ат салысқан Отыншы Әлжанұлымен жақсы араластым. Сонау 1918 жылы Алаш көсемдері Үржарға келгенде, оларды Қытайға, Шәуешек қаласына бастап, алып барған мен едім. Ақаңды (Ахмет Байтұрсынұлы) Мір-ағаны ( Міржақып Дулатов), сондай-ақ Райымжан Мәрсеков, Салық Аманжоловты сол жолы көрдім. Бірнеше ай бірге болдық. Сол Қытай сапарында атақты ақын Әсет Найманбаевпен де таныстым. Ақаң, Мір-аға бәріміз ол кісінің әнін тыңдадық. Ол бір дәурен еді-ау» деп отырушы еді, сол ақсақал. Көп білетін, кемеңгер жан еді. Тағдыр ғой шекарадан ары өтіп, бері өтіп  жүргенде, шекарашылардың атқан оғы жамбасына тиіп, содан жарымжан болып қалған екен. Жүніс ақсақал әңгіме еткен Әлихан, Міржақыптарды мен біле  бермеймін. Ол кезде баламын ғой. Әлихан, Міржақыптар Алаштың ұлы  көсемдері екенін кейін ержеткенде, білдік емес пе?!» деп, әкем тартып болған шылымын өкшесімен езгілеп өшіріп, екіншісін тұтататын… «Содан он жастан асқан соң, сол ұйғырдың дирменін тартуға тұрдым. Балалық-шағым осылай өксікпен өтті ғой. Талай қорлықты да, зорлықты да көрдім. Ер жеттім. Кейіннен Майтау деген жерде жұмысқа тұрдым. Табыс жаман болған жоқ. Төте жазуды  үйрендім. Қытай коммунисі атандым. Шәуешектің маңында туыстарың бар  деген соң, жаным қалмай, соларды іздедім. Таптым. Бір үйге кіріп барсам, бір  топ адам шай ішіп отыр екен. Амандастым да босағада біраз бөгеліп тұрып  қалдым. «Кел, кел бала» десті. «Мен Әмірбекпін, туыстарымды іздеп келдім»,  дедім. «Құлыным-ай, сен бар екенсің ғой», деп дауыс салып, бір әйел орнынан  тұра берді… Әке-шешемді тапқаннан кем болмады. Сол туыстардың қолына көшіп алдым. Кейін мына шешеңе екі тайынша, бір жылқы беріп, үйлендім  ғой...», деген әкем өткен өмірін еске алып, үнсіз отырып қалатын.

Шешем айтушы еді: «Әкеңе қосылған кезде, қолда ештеңе болмады. Даладан  отын шауып әкеліп, Шәуешектің базарына шығарып сататынбыз. Әкең төте  жазуды білді. Коммунист атанды. Адал еді. Соны қытайлар бағалады ма, бір  бөлімшенің бригадирі етті. Артынан «Қызыл тарахият» деген коммунаны басқарды. Жағдайымыз сонда түзелді ғой...» 

Әкем айтатын: «Коммунаны басқарып тұрған кезім. Бір күні ине-жіптен жаңа  шыққан костөм-шалбар сатып алып, жұмысқа киіп барған едім. Басшылар бірден жиналысқа салды. Айтатындары: «халық не кисе, соны киюің керек. Өзгешеленуге болмайды». Амалсыз шешіп, ескі киімді қайта кидім. Тәртіп  қатты еді ғой. Басшы да, қара халықта бірдей өмір сүрді...» 

Әкемнің тағы бір айтқандары есімде. «Жас та болсам, Үш аймақты азат ету (Шыңжаңдағы Іле, Тарбағатай және Алтай аймақтары) көтерілісіне қатыстым. Әттең, Гоминьдан билігін тайдырып, тәуелсіздікке қол жеткізіп тұрған кезде,  белгісіз себеппен соғыс тоқтап қалды. Манас түбінде тұрған едік. Ұлттық  әскерді таратып жіберді. Әйтпегенде, Қазақстан секілді Шыңжаң да тәуелсіз бір  мұсылман мемлекеті болар еді. Қазақтың соңғы батыры атанған Оспан батырды  да көрдім. Қазақтың соңғы байы атанып, керемет көпір салған, Вьетнамға  көмекке ұшақ жасатып берген Башбай байды да көрдім. Қазақтың біртуар  азаматтары еді, амал не?

 Шекара ашылады екен, деген әңгіме 1962  жылдың басында ел арасында  кезіп жүрді. Мамырдың басы болатын. Шекара ашылған. Атамекенге қарай  жұрт дүр көтерілді. Жұмысшыларға төленетін ақша алайын деп Шәуешекке  келгенмін. Сондағы таныс-дос қытайлар шақырып алып, «сен бүгін үйіңе бар ма. Қазақтан шыққан басшылардың бәрін «елге іріткі салды», деп ұстап жатыр. Ішінде сенде барсың, қаш деді». Сол қытай достардан ауылға сәлем айттым да, «шекара қайдасың?» деп, тартып отырдым. Шекара алыс емес, 30-40 шақырым. Арғы бетке бір-ақ өттім. Нөпір халық. Қытай жақтан келіп, құйылуда. Бергі  бетте қаптаған кеңестік машиналар. Азық-түлікті әкеп төгіп жатыр. Ырғын  молшылық. Ертесінде, өгіз арбаға жүгін тиеп, екі баламды жетектеп шешең де    бергі бетке өтті».

Шешем айтатын: «62 жылы сәуірдің соңында шекараға жақын отырған  қазақтар бергі бетке өткен кез еді. Бір күні Әмірбек коммундағы  жұмысшылардың еңбекақысын алып келемін деп Шәуешекке кеткен. «Шекара ашылды» дегенді ести салып, қазақ біткен барын қолына алып, жапа-тармағай,  көшіп жатыр. Ауылдың тең жартысы бірер күнде кетіп қалды. «Келген соң,  көшеміз, қамданып отыр» деген соң, дүние-мүлікті жиыстырып, өгіз арбаны  майлап, даярлап отырғанмын. Әмірбек таңертең кеткен. Түс ауа ауылға бір  машина қытай солдаттары сау ете түсті. Ауыл басшысы Әмірбек болған соң,  бірден бізге келді. Сөйтсем, «ауылға көшіңдер, деп іріткі салған» деп, Әмірбекті  ұстауға келген екен. Үйді ары тінтті, бері тінтті. Олар кеткен соң, әкеңмен бірге  жұмыс істейтін бір қытай келіп, «балаларды алып, арғы бетке өте берсін. Мен  сол жақтан күтемін», деген Әмірбектен сәлем айтты, балаларымды алып, өгіз арбамен шекара қайдасың, деп тартып кеттім. Әкең бізді шекарада күтіп жүр екен. 1962 жылы Қытайдан бері өткен көп қазақтың бірі болып, біз де ата-баба    мекеніне оралдық».

  Әкемнің өксікпен өткен балалық шағы туралы айтқаны көп еді. «Шилі  өзен, қамыс-ай, бізді ойлай жүр таныс-ай...» немесе «Ағажай, Алтайдай жер  қайда-ай?..» деп әндетіп отыратын. Бәлкім, арғы бетте қалған балдәурен шағын    сағынатын болар… Жетпіс тоғыз жасында дүниеден өтті. Ауылға барған сайын  басына барамын. Құран оқимын. Түбі бір көркем шығарма дүниеге келер.  Әзірге, осы. Жаның жәннатта, топырағың торқа болсын, әке!

Тегтер: