Оқтан қорқып қалған Трамп енді броньдалған гольфкөлікпен жүреді

Дональд Трамп Шотландияда гольф ойнаған кезде, журналистер оның артынан ілесіп жүрген күмәнді қара түсті жол талғамайтын көлікті байқап қалды.
Бұл — арнайы модификацияланған Polaris Ranger XP маркалы жолсызда жүретін көлік. Оның нарықтағы құны шамамен 3,5 миллион рубль тұрады. Сарапшылар бұл көліктің броньмен жабдықталғанына сенімді.
— Бұл 100% броньдалған көлік. Маңдай әйнегі де, бүйір панельдер мен есіктер және жүксалғыш үстіндегі үлкен қалқан да ерекше қорғаныс қабатымен жабылған, - дейді Armoured Car Services компаниясының директоры Гэри Рельф.

Мұндай көліктің жасалуы кездейсоқ емес. Себебі соңғы кезде Трампқа бірнеше рет қастандық жасалған. Соның бірі 2024 жылдың 15 қыркүйегінде дәл гольф алаңында болған. 59 жастағы Райан Раут Trump International Golf Club (Флорида) алаңындағы бесінші лунка маңында жүрген Трамптың күзетіне мылтық бағыттаған. Содан соң оқиға орнынан автокөлікпен қашып кеткен. Кейін бұта арасынан оптикалық нысанасымен жабдықталған АК-47 автоматы, екі рюкзак және GoPro видеокамерасы табылған. Раут кейін ұсталды.
Сондай-ақ, Трамп гольф ойыны кезінде алаяқтық жасады деп айыпталды. Бұл ойын өткен сенбіде, 26 шілдеде Шотландияда өткен. Айыптауды дәлелдейтін бейнежазба желіде жарияланып, жылдам таралып кетті.
Кадрларда Трамптың көмекшісі допты бастапқы орнынан біршама қашықтыққа байқатпай жылжытып тастағаны анық көрінеді. Бұл оқиға Trump Turnberry курортының ашылу салтанатында болған. Трамптың келуі наразылық акцияларымен қатар жүрген. АҚШ президенті бұл жағдайға байланысты түсініктеме берген жоқ.

Айта кетейік, Шотландияда АҚШ президенті Дональд Трамп Еуропа комиссиясының төрайымы Урсула фон дер Ляйенмен кездесіп, Еуроодаққа қатысты кедендік баждарды төмендету туралы келісімге келген. Бұл келісім аясында Еуропа Америка Құрама Штаттарының қару-жарағын жүздеген миллиард долларға сатып алып, Ресей өнімінен бас тарту үшін АҚШ-тың энергия ресурстарын импорттамақ.