Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 09:00

Оқтаулы Tomahawk және бітімнен кейін Газаға атылған оқ

Трамп пен Зеденский, Томагавк, Газа
Фото: ЖИ

Украина мен Газа секторы. Бірінде зымыран мен дрон дауысы әлі басылған жоқ, екіншісінде бейбітшілік ақырындап орнап, палестиналықтар қираған үйлеріне қайтып жатыр. Трамп енді Газадағы соғысты тоқтатқаны сияқты, Украинаға да бейбітшілік орнату жолын іздеп жатыр.

Украинадағы соғыстың бірнеше жылға созылуына және Путиннің үш жақты келісім жасау үшін Зеленскиймен кездесуге келмеуіне байланысты кейінгі күндері Вашингтоннан Киевке алыс қашықтықтағы Tomahawk қанатты зымырандарын беру мүмкіндігі сөз болды. 17 қазанда Украина президенті АҚШ-қа ресми сапармен барып, Ақ үй басшысымен кездеспек. Америкалық Financial Times басылымының мәліметінше, Зеленский-Трамп кездесуінің күн тәртібінде Украинаға Tomahawk ракеталарын беру мәселесі негізгі тақырыптардың бірі болмақ. Тіпті бұл кездесуге дайындық барысында кейінгі күндері Трамп пен Зеленскийдің екі рет телефон арқылы сөйлескені және онда дәл осы Tomahawk тақырыбы қозғалғаны айтылды.

Украина даласында кескілескен соғыс жүріп жатыр

Кейінгі күндері Украинадағы соғыс қимылдары бәсеңдеген жоқ, керісінше, бірнеше бағытта шиеленісіп тұр. Соғыс алаңындағы басты оқиғаларды тізіп өтсек:

Ресейдің әуе шабуылдары. 13-15 қазан аралығында Ресей күштері Украина қалаларын зымыран және дронмен шабуылдады. Мәселен, Ресей әскерінің ұшақтан тастайтын бомбалары мен дрондары Харьков қаласындағы аурухананы талқандады, салдарынан кемінде 7 адам жараланып, 50 науқасты эвакуациялауға тура келді. Сондай-ақ Ресейдің Қорғаныс министрлігі Донецк облысында Балахан деген шағын ауылды басып алғанын жариялады.

Гуманитарлық керуенге шабуыл. Ресей армиясы о баста әскери, энергетикалық маңызды нысандарды ғана шабуылдап жатырмыз деп бет бақтырмайтын, қазір ол жайлы ләм-мим демейді. Осы күні бейбіт тұрғындар тұратын аудандар мен объектілерге оңды-солды соққы жасап жатыр. Қазанның ортасында Херсон облысы маңында БҰҰ-ның гуманитарлық жүк тиелген автоколоннасы ресейлік күштердің шабуылына ұшырады. БҰҰ бұл оқиғаны «өрескел соғыс заңын бұзу» деп айыптады.

Харьков пен Купянск маңындағы қауіп. Ресейдің үздіксіз шабуылы салдарынан Украина билігі бейбіт тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге мәжбүр. Харьков облысында әскери ахуал нашарлап кеткендіктен, Купянск қаласы төңірегіндегі ауылдың тұрғындарын эвакуациялау туралы шешім қабылданды. Жалпы алғанда 600-ден астам баласы бар 400 шақты отбасы қауіпсіз өңірлерге көшірілуге тиіс екені хабарланды. Бұл Ресей әскерінің солтүстік-шығыста қайта белсенді әрекетке көшкенінің белгісі.

Украина Қарулы Күштері (УҚК) де шабуылдап жатыр. 12 қазанға қараған түні Украина әскері Ресей басып алған Қырым түбегіндегі жанармай инфрақұрылымына соққы беріп, ірі мұнай қоймасын өртеп жіберді. Сонымен бірге, Донецк облысының кей тактикалық бағыттарында және Запорожье облысының батысында украин бөлімдері аз да болса алға жылжығаны туралы дерек бар. Ішкі Ресейде орналасқан мұнай базалары мен зауыттарға жасалған дрон шабуылдары өз алдына.

Қазір майдан шебі айтарлықтай өзгермегенімен, екі тарап та шағын тактикалық жетістіктерге қол жеткізу үшін жан алысып, жан беріскен шайқас жүргізіп жатыр.

Томогавк
Фото: ЖИ

Tomahawk майданды өзгерте ала ма?

Tomahawk – АҚШ жасаған алыс қашықтықтағы жоғары дәлдікті қанатты зымыран. Әдетте бұл зымырандар әскери кемелер мен сүңгуір қайықтардан атылады. Tomahawk 450 келіге дейін жарылғыш зат немесе арнайы оқ-дәрі тасымалдай алады және шамамен 1 600 шақырым қашықтықтағы нысанаға дәл тиеді. Бастапқыда ядролық оқтұмсық алып ұшатын нұсқалары да болған. Сондықтан оның ядролық әлеуеті Ресей тарапынан бұл қаруға қауіппен қарауға себеп болып отыр. Кей сарапшылардың пайымынша, Tomahawk зымыранын Украинаға беру Мәскеу үшін «қызыл сызық, оның ар жағында қайтар жол жоқ» деген мағына беруі мүмкін.

Украинаға Tomahawk зымырандары берілген жағдайда, бұл қадам соғыстың өрбуіне айтарлықтай әсер етуі ықтимал. Ең алдымен, Украина әскерінің соққы жасау радиусы күрт ұлғаяды. Қазірдің өзінде Украина өз өндірісіндегі дрондармен және Батыстан алған Storm Shadow сияқты зымырандармен жүздеген шақырым қашықтықтағы нысандарға шабуыл жасап жүр. Ал Tomahawk келсе, соққы қашықтығы бірнеше есеге артады. Мысалы, бұған дейін УҚК үшін қол жетпес болып келген Қырымның түкпіріндегі немесе Ресейдің ішкі аймақтарындағы аэродромдар, қару-жарақ қоймалары, өнеркәсіп орталықтары Украинаның кезекті нысанына айналады.

Алайда сарапшылар Tomahawk соғыстың тағдырын бірден шешіп тастайды дегенге сенбейді. АҚШ-тың Center for a New American Security орталығының директоры Стейси Петтиджонның айтуынша, Вашингтон Украинаға небәрі 20-50 дана Tomahawk беру мүмкіндігін қарастыруда, мұндай аз көлемдегі қару жалпы соғыс барысын түбегейлі өзгерте алмайды. Петтиджон атап өткендей, бұндай санаулы ғана зымырандар Украина армиясының қолындағы өз дрондары мен басқа да ұзақ қашықтықты зымырандарымен бірлесіп жойқын шабуыл ұйымдастыруға септігін тигізгенімен, олардың саны соғыстың беталысын түбегейлі өзгертуге қауқарсыз. Демек, Tomahawk Украинаға берілген күннің өзінде, оларды ұрыс алаңында тиімді қолдану тактикасы қажет және бұл зымырандар негізінен өте маңызды нысандарға қарсы шектеулі, таңдамалы соққы жасау құралы ретінде қарастырылмақ.

Tomahawk зымырандарының техникалық артықшылықтарымен қатар, белгілі кемшіліктері де бар. Біріншіден, бұл зымырандарды пайдалану үшін тиісті ұшыру қондырғылары қажет. Бұған дейін Tomahawk тек кемелер мен сүңгуір қайықтардан атылатын. Жақында ғана АҚШ қорғаныс өнеркәсібі жерден ататын жылжымалы қондырғы – X-MAV кешенін таныстырды, ол бір мезетте 4 Tomahawk зымыранын тасымалдап, ұшыра алады. Егер АҚШ Украинаға осы зымырандарды беруге шешім қабылдаса, оларға қоса осындай жерүсті ұшыру құрылғыларын да жеткізуі ықтимал. Екіншіден, Tomahawk аса қымбат қару – бір данасының құны бірнеше млн долларға жетеді (1,87-4,25 млн АҚШ доллары). Оларды тиімді пайдалану үшін барлау және нысананы дәл айқындау жүйелері қажет, бұл да белгілі бір дәрежеде АҚШ тарапынан көмекті талап етеді. Осыған қатысты АҚШ армиясының отставкадағы подполковнигі Дэниел Дэвис Украина әскерилері Tomahawk-ты өздігімен толыққанды қолдана алмауы мүмкін, сондықтан америкалық мамандардың қатысуы қажет болады деген. Ал бұл Вашингтонды тікелей соғысқа тартумен тең болмақ.

Зеленский мен Трамп
Фото: ЖИ

Tomahawk Путинді тілге келтіре ме?

Tomahawk тақырыбы төңірегіндегі тағы бір басты сұрақ – мұндай қаруды беру Путинді бейбіт келіссөзге келуге мәжбүрлей ала ма? Зеленский мен Трамптың Вашингтондағы алдағы кездесуі де негізінен осы мәселе – Мәскеуді келіссөз үстеліне қалай тарту төңірегінде болмақ деген болжам бар. Бұл сауалға біржақты жауап беру қиын, себебі Путиннің шешімдеріне ықпал ететін факторлар сан қырлы. Бір жағынан, Украинаға Tomahawk секілді алыс қашықтықтағы қарулардың берілуі Ресей үшін соғыс алаңындағы жағдайды қиындатары анық. Тіпті аз санымен болса да, бұл зымырандар Ресейдің тылдағы қауіпсіз деп саналып келген нысандарына қатер төндіреді. Мәселен, мың шақырым қашықтықтағы стратегиялық объектілер – қару-жарақ қоймалары, әскери-өнеркәсіптік кешендер, теміржол тораптары – шабуылға ұшырайды.

Екінші жағынан, Путинді келіссөзге күштеп отырғызу оңай емес екенін кейінгі үш жыл анық көрсетті. Ресей басшысы үшін Украинадағы соғыстың тағдыры тек әскери емес, саяси да мәселе. Кремль жеңілу немесе кері шегіну белгілерін әлсіздік деп бағалайды. Мысалы, Украина 2022-2023 жылдары Батыстан алған HIMARS, Storm Shadow сияқты қаруларымен шабуыл жасаған сайын, Ресей де энергетикалық инфрақұрылымдарға шабуылдарын үдетіп, жүздеген Ираннан алған Shahed дрондарын жіберіп отырды. Қазір де Мәскеу Украина шабуылдары күшейген тұста қосымша резервтерді іске қосып, экономикасын соғыс рельсіне түсіруге тырысып жатыр. Бұл – қысымға қысыммен жауап беру тактикасы.

Сондықтан Tomahawk сияқты қарудың пайда болуы Путинді бірден бітімге көндіре қояды дегенге сену қиын. Вашингтондағы Center for Strategic and International Studies сарапшысы Марк Канссианның айтуынша, АҚШ қорында 4 000-нан астам Tomahawk бар болғанымен, оның тек аз бөлігін ғана Украинаға бөліп беру жоспарланып отыр. Бұл – АҚШ әрі қарай да Ресеймен тікелей қақтығысқа бармай, қарымта реакция шегін сақтағысы келетінінің ишарасы. Шектеулі көлемдегі зымырандар соғыс тағдырын шешпейтінін Мәскеу де түсінеді. Дегенмен дипломатиялық тұрғыдан алғанда, Украинаға мұндай қуатты қаруды беру мәселесінің күн тәртібіне шығуының өзі Ресейге жасалған ескерту деуге болады.

Палестина тұтқындары
Фото: AFP

Газада соғыс аяқталды ма?

Қазір Газа аймағындағы соғыс толық тоқтады. 13 қазанда Шарм-эш-Шейхтегі саммитте жарияланған келісімнен кейін Трамп «Газа соғысы аяқталды» деп мәлімдеді. Саммитке ондаған елдің лидерлері қатысып, бітім құжатына қол қойылды. Келісімнің негізгі тармақтары бойынша Израиль айырбас ретінде шамамен 250 өмір бойына сотталған палестиналықты және 1 700 тұтқынды босатады, ХАМАС өз әскерін толық қарусыздандырады, ЦАХАЛ Газа секторынан келісілген шепке шегінеді, гуманитарлық көмек Газаға еркін жеткізіледі. Бейбіт жоспардың екінші кезеңінде халықаралық қауымдастық Газа секторын қалпына келтіру және басқару реформасын жүргізуге қатысады.

Келісімнің 10 қазанда айтылған осы негізгі тармақтары кейінгі 5 күн ішінде орындала бастады. Алдымен ХАМАС қолындағы соңғы 20 тірі тұтқын Израильге оралды, жауап ретінде Израиль 1 900 палестиналықты босатты. Келісімге сәйкес палестиналықтардың бір бөлігі Мысырға депортацияланды. Қазіргі уақытта мыңдаған палестиналық үйіне оралып, бомбадан қираған баспаналарын тазартып, кейбірі үйіндіге айналған ғимараттар астынан өздеріне қажетті заттарын іздеп жатыр.

Соғыс тоқтады деген палестиналықтардың қуанышы көпке созылмады, 14 қазанда Израиль әскері «келісілген шекараны бұзды» деп тағы оқ атты. Нәтижесінде кемінде 5 палестиналық қаза тапты (Газа денсаулық органдары 6 адам деп хабарлады). Бұл қазір «соғыс қайтадан басталып кете ме?» деген қауіп төндіріп отыр.

Бұдан бөлек, ХАМАС Израильге қаза болған төрт тұтқынның сүйегін өткізді, бірақ олардың біреуі белгілі тұтқындар тізіміне сай келмей қалған. Бұған жауап ретінде Израиль Рафаһ өткелін уақытша жапты және гуманитарлық көмекті қысқартатынын ескертті. Израиль сонымен бірге Газада қаза болған палестиналықтардың алғашқы партиясының сүйегін қайтаруды бастады. Енді алдағы уақытта Трамп «ХАМАС толық қарусыздануы тиіс, болмаса АҚШ мәжбүрлеп қарусыздандырады» деген ескерту жариялады. Бұл – келісімнің II кезеңіндегі ең күрделі талап болмақ.

Екі жылдық соғыстың салдары

2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС Израильге күтпеген шабуыл жасап, 1 200 адамды өлтіріп, 250-ге жуық адамды тұтқынға алған. Сол күннен бастап Израиль ХАМАС-қа соғыс жариялады. Қақтығыс кезінде Газа секторында 67 мыңнан астам палестиналық қаза тауып, 169 мыңнан астам адам жараланды деп хабарлады ХАМАС бақылауындағы Денсаулық сақтау министрлігі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кейінгі екі жылда Газа мен Израиль аумағында 2 500-ден астам медициналық нысанның зақымданғанын, 150-ге жуық дәрігер мен медбикенің қаза тапқанын хабарлады. БҰҰ-ның мәліметінше, балалар арасындағы өлім бұрын-сонды болмаған деңгейге жеткен – қаза тапқандардың шамамен үштен бірі кәмелетке толмағандар. Экономикалық тұрғыда да соғыс ауыр із қалдырды. Өндіріс пен инфрақұрылымның 80 пайызы істен шыққан, электр қуаты мен судың 90 пайызы сырттан әкелінеді. Сарапшылардың есебінше, аймақтың экономикасын бұрынғы деңгейге жеткізуге кемі 10-15 жыл, ал қираған 90 пайыз ғимаратты қалпына келтіруге бірнеше жыл қажет. БҰҰ оған шамамен 61 млрд еуро керек деп хабарлады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Палестина аумақтары бойынша арнайы өкілі Яко Силлиерс Женевада өткен брифингте қайта құруды бастау үшін үйінділерден тазарту және 55 млн тоннадан астам құрылыс қалдықтарын шығару қажет екенін айтты.

Тұрсынбек БАШАР