Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 16 Тамыз 2024

Өктемдік көрген чемпион жанарындағы мұң

Елдос Сметов
Фото: Kazpravda.kz / Юрий Беккер

Күні кеше дүниенің есін шығарардай дүр сілкіндіріп, алты құрлықтың спорт додасы мәресіне жетті.

 Құдды жұмхурияттардың жетістігі мен мықтылығы осы дүбірдің нәтижесіне байланып қалғандай – аласұрғанымыз, баптап апарған спортшымыз жеңіліп қалса – бармағымызды шайнардай қапа болғанымыз, жеңсе – жінігіп шыға келгеніміз әп-сәтте тыйыла қалыпты. Төбелестің патшасы біз деп ойлайтын жанкүйерлердің әр боксшымыз ұтылып жатқанда, әлемдік ұйымның өздерінің топшылауындағы әділетсіздігіне, бапкерлердің біліксіздігі мен спорт шенеуніктерінің жемқорлығына наразы болып, сәт сайын буын бұрқыратып әлеуметтік желіге жазып жатқан сөздерінен бір белгі жоқ. Олимпиада өтіп жатқан күндері бар дүниенің мәні де, мағынасы да спорт болып көрінген сәттер ұмытылыпты-ау. Баяғы момақан қалпына түскен тіршіліктің баяны не болды екен сонда...

Жалғыз алтын алған Елдос Сметовтің жеңісіне жүрегіміз жарылардай қуанып барып, ақыры соңында сақалы мен анасына жасаған құрметін өсек сөзге өзек етіп, ту-талақай еткеніміз не мінез, не қылық екенін ойлаудың өзі баянсыз ба дейсің. Өмірде бәрі өткінші дегенге сенемін. Осы жеңістің ыстық-суығы басылғанда Елдостың өзіне де ертегі-естелік сынды көрініске айналар. Бір замандарда Олимп шыңын бағындырған қазақ баласының ғаламат шеберлігі аңыздарға ұштасып, кеудені кернейтін мақтанышқа ұласар. Осы күндері жеңімпазға көрсетіп жатқан ұлан-асыр құрметтің де демі тыншып, дәмі басылар. Сонда деймін-ау, ұмытылмайтын не бар? Мен білетін бір ғана дүние бар. Ол – Елдостың алтын медалі мен анасына көрсеткен құрметі.

Әлеуметтік желі осыны да сөз деп сынап, баз біреулер барып жатқан ұшқары пікірлердің үйіндісіне көміліп қалған чемпионның дәл осы күндері қандай қайшылықты сезімдерді өткеріп, дөңбекшіп жатқанын ойлаудың өзі ауыр. Пенде баласына қиянат жасаудың осыншалықты оп-оңайлығын дәп қазір терең сезініп отырмыз. Жеңіс тұғырына жеткенше тынымсыз тер төгіп, дзюдо күресінің айла-тәсілін әжептәуір меңгерген ауыл баласының жүріп өткен жолын екінің бірі еңсере алмайды. Токио Олимпиадасынан кейін жапон балуандары «бізге Сметовпен күрескен қызық» деп жаппай мойындаған кездерінде ғана өз баламыздың мықтылығын сезінгендей болып едік. Біреу айтпаса, мән бермейтін әдетіміз шығар. Бірақ жыл сайын дзюдоның жаңа жұлдыздарын жағып, олары тұрақты жетістіктерге жетіп жатқан осы күрестің өз балалары тегіс мойындағанда, біздің кісәпірлігімізге жол болсын.

Бір кезеңде ауыр жарақаттардан соң спортты қойып кетпек болғанда, Елдосқа анасы қайрат беріп, қайта жаттығу залына барыпты. «Анамның «біз саған сенеміз» деген сөзі үшін қайта киманомды киіп, белімді түйдім» деген мағынадағы қарыздар сезімдегі сөзінің шынайылығына титтей де күмән жоқ еді. Суық әлемді жылылыққа бөлеп тұрған ана мейірімі болса, баласын татамиге қайта шығарған ананың шексіз сенімі, махаббаты болатын. Сол сеніммен кейін алтын арқалап қайтқан ұлдың жүрегінде анасынан басқа кімге орын болсын?

Өмірде анасына бір рет қана қарыздар болатын жандар болады... Бірақ мына беймаза тіршілікте ата-анаңа қайта-қайта қарыздар болғаннан асқан бақыт жоғын сол тілдеп жатқан бәтшағарлар біле қоя ма екен?

Бұрынғының жолы мен жөніне сүйенгенде де әуелгі орын ананікі болатын. «Кімге жақсылық жасайын?» деп сұраған үмбетіне пайғамбар да: «Әуелі анаңа жаса» деп үш қайтара айтыпты. Абай өмірінен де осы сөзімізге тағылым бар.

Абай оқудан ауылына келеді. Ауылдың үлкендері, арасында әкесі де бар жас баланы күтіп тұрады. Арбадан түсе сала Абай бірінші анасына жүгіріпті. Шешесі бауырына қысып: «Әкеңе сәлем бер», – дейді. Алдымен анасына жүгіргеніне бола Абайды кінәлаған әке және жоқ. Бұл баланың фитрасында жатқан қасиет. Елдостың да әкесі ұлының ана қадіріне жетіп, барынша аялап баққанына қуанбаса, қайғырмаған болуы керек. Онда неге біз алаөкпе бола қалдық?

Кеше ғана финалда маңдайы жарқырағанда мұртымыз көкке шаншылып, аспандап едік қой. Енді сақалына қарап, «мамасының баласы» деп, ғайбатқа жол бердік.

Елге оралған соң өңірлік коммуникация орталығындағы Елдостың жабырқаңқы жүзін көріп, көңіліміз түсті. Қиянат пен өктемдікті сезінген ұлдың жанарына мұң ұялапты. Парижден жарқырап келген жанның түсіңкі қабағы, пәс көңілі, жабырқау даусы әлденеден хабар береді. Кей сұрақтарға көңілсіз, амалсыз жауап беріп отырғанын көріп, бұлай болмаса керек еді ғой деп ойладық. Бірақ...

Бірақ дәл қазір біздің қазақ ешкімді аяйын деп тұрған жоқ:

Талай додада шашасына шаң жұқпаған Құлагердің көзін жәудіретіп, оққа қиған қазақтың ұрпағымыз;

Абайдың 150 жылдық тойы тойланып, соған қырғыз ағайындар әкелген жүйріктің құлағына у құйған да – біздің аталарымыз;

Інісінің ұлын КГБ-ның құрығына байлап беріп, өліміне себеп болған да – өз бауырымыз;

Қызмет үшін кінәсіз жандардың мойнына «қылмыс» арқалатып, сол үшін шен алып, тізгін ұстаған да – өз ағамыз;

Әрбірден соң кешегі қанды қасап 37-жылы бірімізді-біріміз сатып, үстімізден арыз жазып, газет-журналдың бетінде айпарадай ғып айғақтап, қайраткерлерімізді қылмыскер қылып шығарған да – өзіміз...

Онда кімге өкпелейміз? Шынайы болмысымыз шығар. Бұл күнде қолымызда атарға мылтық жоқ. Есесіне, мылтықтан зор шыққан әлеуметтік желі бар. Сол желіде күнде бір қазақты өлтірумен айналысып жатырмыз.

Осыншалықты кісіліктен безген, адам қадіріне жете алмайтын, жақсысын бағалай алмайтын сорлы ұлт пе едік? Осы сұрақты қоя отырып, өзіңнен-өзің шошисың. Жо-жоқ. Сеңгің келмейді.

Баяғыда біздің халықта мәрттік деген болыпты. Дарқан пейіл, көл-көсір көңіл де қазақта еді:

Абылай хан жау қоршауында қалғанда астындағы көк дөненін беріп: «Мен өлсем, қазақтың бір баласы өледі, сен өлсең, халық хансыз қалады» деп құтқарып жіберген Ер Жәнібек те, оң тізесінен орын беріп, үш тілегін орындаған ханың да мәрт екен;

18 жасынан қайраты қайтқанша Абайдың қасында жүріп, жауырыны жер иіскемеген Нұрмұхаммед балуан да, оның бар жағдайын жасаудан бір сәт тайқымаған Құнанбай баласы да дарқан екен;

Балуан Шолақтың күшін көріп, атын қойып, өзі де мойындап, елге де біржола құрметтетіп кеткен паң Нұрмағамбет те ер екен;

Жамбылдың әлі даңқы шықпай тұрғанда Ыбырайым болыстан көрген құрметін өмір бақи ұмытпағанын да естігенде, көл-көсір көңіл деген осы шығар деп түйген едік.

Мұндайда Жұмабай Шаштайұлы: «Әкелер бізге жол көрсетіп кеткен, көкірегімізге тоқи алмаған өзіміз кінәліміз» дер еді. Бірақ оны мойындауға қазір біздің «намысымыз» жібермейді...

Бағашар Тұрсынбайұлы

Тегтер: