«Ол алаңға өлім іздеп барған жоқ!»

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына!
Менің қолымда осы тақырыппен бұдан 25 жылдай бұрын Ербол Сыпатаев туралы жазылған мақалам жарияланған «Заң газеті».
Ол кезде мен әр іске құлшынып тұрған, қырықтың қырқасынан жаңа ғана асқан екенмін. Бүгін, міне, егделікке қадам басқан шағымда беттері сарғайған газеттегі сол мақаламды қайталап оқып, еш нәрсенің өзгермегеніне налып, іштегі жанайқайымды тағы бір шығарғым келді. Әттең-ай, оны естір билік бар ма?
Желтоқсан оқиғасын сөз еткенде бір ауданның өрімдей екі жасы – Ербол Сыпатаев пен Ләззат Асанованың есімдерін қалай атамасқа? Желтоқсан оқиғасының нағыз қаһармандары деуге болатын ол екеуінің есімін дәл сол күндерде жалпақ жұрт біле қоймады. Әскер қатарынан оралып, Алматыдағы Энергетика институтының 2-курсында оқып жүрген Ербол Сыпатаевтың өлі денесін Желтоқсан оқиғасынан соң бір аптадан кейін әлдебір әскерилер Жаркент қаласы маңындағы Еңбекші ауылындағы туыстарына алып барады да, оларға «кездейсоқ жағдайда қайтыс болды» дегенді айтып, өздері асығыс жерлейді де, кетіп қалады.
1995 жылы біз құқық қорғау органдарының құпия архивінен Ербол Сыпатаевтың Желтоқсан оқиғасы болған күндері алаңда өте ауыр жарақат алып, ес-түссіз жатқан жерінен орталық ауруханаға жеткізілгені туралы және сол ауруханада желтоқсанның 22-сі күні есін жимастан көз жұмғаны туралы тайға таңба басқандай етіп жазылған анықтамаларды қолымызға түсірдік. «Заң газетіне» жарияланған жоғарыдағы мақалам сол дереті фактілерге сүйеніп жазылған еді. Бүкіл аудан болып мәселе көтердік. Ол кезде Ерболдың әкесі тірі еді. Алматыға, тиісті орындарға баласының жазықсыз қыршын қиылғанын, оның есімінің ардақталуын сұрап табан тоздырды. Амал не, құсалы қарт билік тарапынан мардымды жауап ала алмаған күйінде көз жұмды.
Біраз журналист жазудай-ақ жаздық. Осыдан біраз жыл бұрын ғана Жаркенттегі мәдениет үйінің алдына Ербол мен Ләззаттың шағын ескерткіші орнатылып, көше аттары берілді. Осылайша тек аудан көлемінде ғана олардың есімдері ұлықталып отырған жайы бар. Жергілікті журналист-жазушы Нұрәділ Бегімбетов бастаған ынталы топ Ербол Сыпатаевқа «Халық Қаһарманы» атағы берілсін» деп, арқа еттері арша болып жүгіріп жүргендеріне, міне, табаны күректей 25 жылдан асып барады.
Иә, шынында да, ол алаңға өлім іздеп барған жоқ еді. Ел намысы үшін қақаған аязда ұлтымыздың намысы үшін «жанын шүберекке түйіп», небәрі 22 жасында алаңда қаракөз қазақ қыздарын жендеттер тажалынан құтқарып, олармен жалғыз арпалысып, қыршын қиылған Ербол Сыпатаевтай ұлтымыздың батыр ұлына сол жоғары атақты қимай отырған кім? Себеп не?! Тағы да ауыр сұрақ. Еш жауап ала алмай ұнжырғамыз түседі, қайсар жастардың тұлғалары еріксіз көз алдымызға келіп, олардың алдында өзімізді кінәлі сезінгендей боламыз.
Сол күндерде алаңға шығып, әскерилер мен жасақшылардың тепкісіне ұшырап аман қалғанымен, кейін сол алған жарақатынан, азапты түрме өмірі мен оның сыз едені, тас қабырғалары «сыйлаған» зардабынан ауруға ұшырап, еш жерге шағымдана алмай өмірден өтіп кеткен ұл-қыздарымыз қаншама?! Олардың артында қалған отбасы мүшелері қасірет тартпады деп айта аламыз ба? Әрине, айта алмаймыз. Ал сол отбасыларының қайғысын сәл де болса жеңілдету үшін мемлекет тарапынан үнемі қамқорлық көрсетіліп келеді деп айта аламыз ба?
Иә, Желтоқсан оқиғасына биыл 34 жыл толып отыр. Аз уақыт емес әрине. Ерлерімізді ұлықтап, тарихымызды бағалай білгеніміз ең жоғарғы қасиеттілік болса керек. Жоғарыда айтқанымдай, лапылдаған жастық жалынын ғана қару етіп, мұздай қаруланған әскерилерге қарсы ел намысы үшін кеуделерін тосқан ерлерімізді ұлықтайық!