Ол Конституциялық сотты күтіп жүр
Халыққа арнаған жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде Конституциялық сот құрылатынын, азаматтардың осы органға сұрау сала алатынын айтқан еді.
«Жас Алаштың» Шымкенттегі қосынына хабарласқан қоғам белсендісі Оңдасын Назаров осы органның құрылуын көптен бері күтіп жүргенін алға тартты.
— Себебі құзырлы органдардан қайран жоқ. Ал құқығымызды қорғайды, әділдікті қамтамасыз етеді деген соттарға, судьяларға мүлдем сенуден қалдым, – дейді ол.
Оңдасын Назаров Есеп комитетіне қарайтын Түркістан облыстық Тексеру комиссиясында ұзақ жылдар еңбек еткен. Осы мекемеден зейнеткерлікке шыққан. Одан кейін «Ұлы дала ауылдары» деп аталатын қоғамдық ұйым құрып, қазір ауылдардағы әлеуметтік мәселелерді шешумен айналысады.
— Бәрі 2018 жылдан басталды. Менімен бірге жұмыс істеген бұрынғы бір топ әріптестерім Тексеру комиссиясына басшының міндетін атқарушы болып келген шенеуніктен қысым көріп жүргенін айтып, көмек сұрады. Мен аталған мекеменің ардагері әрі қоғамдық ұйымның өкілі ретінде олардың тағдырына араша түсіп, әділдік сұрап, Есеп комиттетінің төрағасына, құзырлы органдардың басшыларына, сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының әкіміне хат жаздым. Бірақ жазылған арыздар бойынша ешқандай тексеру жүргізілген жоқ. Көп ұзамай ол азамат қызметінен кетті, – дейді Назаров.
Бірақ ол енді Назаровтың үстінен моральдық шығын талап етіп, Шымкент қаласының Абай аудандық сотына арыз берген.
— Сот барысында әділдік болған жоқ, Судья менің берген дәлелдеріме назар аудармады. Түрлі қитұрқылықтар жасалды. Ақыр аяғында судья хаттарда көрсетілген мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейді деп тауып, маған біріншіден, талапкерге 100 мың теңге моральдық шығын төлеуді, екіншіден, жазған хаттарымдағы мәліметтерді теріске шығаруды, үшіншіден, Түркістан облыстық Тексеру комиссиясына арыздағы жайттардың шындыққа сәйкес келмейтіні туралы хат жолдауды міндеттеді, – дейді арызданушы.
Жауапкер облыстық соттың апелляциялық алқасына арызданғанымен, шешім өзгеріссіз қалдырылған.
— Шешімді орындау Абай ауданындағы сот орындаушы Абзал Амалбековке түсті. Ол менен алдымен 100 мың теңге моральдық шығын және 42 мың теңге сот шығынын өндіріп алды. Ал хатта жазылғандарды қалай теріске шығару қажеттігін мен түсінгенім жоқ, себебі сот шешімінде оны жүзеге асырудың әдіс-тәсілдері көрсетілмеген. Шешімдегі үшінші міндеттемеге сәйкес Түркістан облыстық Тексеру комиссиясына хат жаздым, оның бір данасын сот орындаушысына табыс еттім. Бірақ ол осындай хатты облыс әкімдігіне, құзырлы органдарға да жазу қажеттігін айтты. Алайда шешімде ондай міндеттеме жазылмаған. Жазылмаса мен оны неге орындауым керек? Ақыр аяғында А. Амалбеков шешімді орындамағаным үшін менің үстімнен Абай аудандық сотына талап арыз беріпті. Судья Тиметовтың хатшысы 10 қаңтарда хабарласып, ертең кешкі сағат бесте сот болатынын хабарлады. Бұл кезде мен Нұр-Сұлтан қаласында жүргендіктен, сотқа қатыса алмайтынымды мәлімдедім. Кейіннен белгілі болғандай, сот отырысы 12 қаңтарда менің қатысуымсыз өтіп, сыртымнан маған 525 мың теңге айыппұл салу туралы ұйғарым шығарылыпты. Мен ешқашан сот шешімін орындаудан жалтарған емеспін. Соттың жүктеген үш міндеттеменің екеуі орындалды, ал үшіншісі теріске шығаруды орындау мүмкін болмады емес пе? Бір қызығы, А.Амалбеков сотқа берген арызында менің Тексеру комиссиясына хат жазғанымды жасырып қалған сияқты. Ол туралы ұйғарымда ештеңе жазылмаған. Оны қандай мақсатпен, нендей пиғылмен жасағанын мен түсінбей отырмын. Осыдан кейін сот ұйғарымының күшін жою жөнінде Шымкент қалалық сотының апелляциялық алқасына шағымдандым. Сот ұзақ күттірді. Бірақ ұзақ күттірген сот қысқа ғана уақытта өтті де кетті. Судья менің уәждерімнің ешқайсысын назарына алмады. Бір кезде кеңесу бөлмесіне кетті де бір минутта қайтып оралып, шешімді оқыды. Осылайша судья Г.Ертаев менің тағдырыма қатысты шешім қабылдауға бір минут қана уақытын арнады. Қалай ойлайсыздар, бұл аз ба әлде көп бе? Судья «сот шешімінің бір бөлігі орындалды» дегенді негізсіз деп тауып,«өйткені оларды растайтын дәлелдемелерді алқаға ұсына алмады» деп жазыпты. Талап арызға Тексеру комиссиясына жолдаған хатымның бір данасын да қоса тіркеген едім. Осындай айғақты көрмеген судьяның көзі соқыр ма? Мен қазір жалғыз зейнетақыма қарап отырған жанмын. 525 мың теңгені төлеуге ешқандай мүмкіндігім жоқ. Моральдық өтемақыны, сот шығындарын төлеу үшін қарыз сұрауға мәжбүр болдым. Сот орындаушысы енді шешімді орындағаны үшін тағы ақша сұрап отыр. Енді не істеуім керек? Бұлай боларын білгенде ештеңе де төлемес едім. Бар жазығым азаматтардың құқығын қорғағаным ба? Президент қызметіне кіріскен кезде «елде заңдылық пен әділдік қамтамасыз етілуі керек» деген еді. Шымкенттің соттарынан ешқандай да әділдік пен заңдылық күтуге болмайды екен. Сондықтан Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асановтан менің тағдырыма араша түсуді сұранамын, –деді Назаров.
Жалпы соңғы уақытта соттардың абыройының қатты түсіп кеткені белгілі. Соттың беделін түсіретін нәрсе тек парақорлық, сыбайлас жемқорлық емес, ең бастысы көпе-көрнеу әділетсіз шешім шығару емес пе?! Бір қызығы, Шымкент қалалық сотының апелляциялық алқасы өзінің шығарған ұйғарымында бұл сот актісіне риза болмаған жағдайда жауапкердің қайда шағымдану қажеттігі туралы ешнәрсе жазбапты. Шымкенттегі әділетсіздікті Жоғарғы соттағылар білмесін дегені ме? Назаровтың жанайқайына енді Жақып Асанов назар аудара ма?
— Болмаса Конституциялық сотты күте беремін, – дейді О.Назаров.
Ал президент құрғалы жатқан Конституциялық сот жазықсыз жапа шегіп жүрген азаматтардың үмітін қаншалықты ақтайды?