Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:53, 31 Қаңтар 2025

Ол кіріскен істің ақыры – қайыр, ол кірген ұрыстың соңы – жеңіс

Мағауин
Фото: magauin.com

Бәрі бұрыннан бар сияқты, ежелден осылай тұрғандай. Қазақ жер жаралғалы жырауларды тыңдап, хандарға Алла жар айтып келгендей... кейінгілер соның бәрін туа сала білгендей...

 Құдай-ау, осының бәрі күні кеше ғана осы жерді бізбен бірге басқан, осы ауаны бізбен бірге жұтқан кісі баласының ашқан жаңалығы еді ғой. Оған дейін... Басынан бағы ауған, күні жатқа қараған жалпы қазақ тұрыпты, сөздің, әдебиеттің айналасында жүргендердің өзі ұмытқан, тіпті бар деп білмеген, білгендерінің өзі еміс-еміс елесін ғана тамсаған, бұлың-бұлың шаңды архивте жатқан ұлы мұраға алғаш қолы тиген; оны жүдеуліктен жыр айтуды ұмытқан, бірақ жады мықты қарттарды жер-жерді, үй-үйді аралап жүріп іздеп тауып, толықтырған қаршадай ұлдың күні туғанға дейін жабық жатқан.

Осы күні осындай құдіретті қайта тірілткен – көктен түскен, өзге ғаламшардан келген өзгеше жаратылыс емес, он саусақ, он екі мүшелі адам екенін, оның да торқа оранып, топырақ жамылып жата кеткенін ақылға сыйдыра алмай пұшайман болып, отырып қаласың. Ол жеңе алмайтын ауру, ол аса алмайтын биік бар деп кім ойлаған? Сонау студент кезімізден қанша мәрте парақтағанда, ұшығын бір ұстап, бір адасып қала беретін балаңқы пендешілік болушы еді: «Мағауин басымен жазуға отырғанда балаша толқығаны қалай; Мағауин басымен құрған жоспарын жеріне жеткізе алмағаны қалай; Мағауин басымен шала бүлінгені, қарадай түңілгені несі; Шаршағаны, шалдыққаны несі... Біздің ұғымымызда ол әдетте жауырды жаба тоқи айтатын «пенде баласы – әлсіз» дейтін адамдық өлшемнен жоғары тұрған, арсы-күрсіге қол артқан, құдіретпен астас ертегілік кейіпкер сияқты қабылдана бастаған. Ол кіріскен істің ақыры – қайыр, ол кірген ұрыстың соңы – жеңіс қана.

Біз, тіпті, Мағауиннің жазылмай қалған шығармаларына дейін білетін едік. Өзінің ғана емес, Әбіштің аю адам туралы «Жүнді Барақ» хикаятын да оқығымыз келді. Әлі де «сол әлі табылмады ма екен?» деп, тіміскіленесің де жүресің. Ол жазбақ Абылай, ол жазбақ Шоқан... Ол жоспарлаған жиырма бес роман, қырық тоғыз хикаят, жүз отыз төрт әңгіме түгел жарыққа шықса не болар еді?..

Осынша үздіктіру қайдан келді? Неден пайда болды? Кімнен жұқты?

Күтпеген жерден көзіміз ашылып кетіп, өзімізде жоқ әдетпен көкірек кере қалатын, төңірегімізге тәкаппарлана қарайтын әдет таптық. Күніне 200 бет оқуым керек дегенді шығардық. «Ана кісі кезінде «Алдаспанды» жамандапты, мына кісі «Көк мұнарды» түсінбепті» дейтін болдық. «Мен болмасам, мен жазбасам...» деп, кеше ғана қойындасып өскен досымызды «қара көбейтетін көптің бірі» деп, мүсіркеуге дейін бардық. Сөйтсек, Мағауин болу – бой түзеп, сөйлем құраумен біте салатын шаруа емес екен. Алшаң бастырған да – өзі, аптығымызды басқан да – өзі. Бірақ іштегі оянып кеткен жанартау оңайлықпен сөне салмайды екен. Әлі күнге оқысаң көңіл тоқ, жазсаң көкірегің биік, оқымасаң олқысынып, жазбасаң жабығып жүретін беймәлім бір көңіл күйден арыла алмайтын болдық.

Бәрі – Мағауиннің, ұлы Мұхтар Мағауиннің шарапаты екен.

Біз студент күнімізде-ақ «уақыт – кітап – ақша – уақыт – кітап» тегершігін қолға түсіргіміз келіпті. Және осы тегершік болмаса бір өрнегің кем, бір олқың артық болатынын да түйсініппіз. Ал ол қашан қолға түседі? Бұл әлі күнге тыным бермес, ылғи да көкейде тұратын сұраққа айналған. Мағауиннің қолына ғана түскен бұл тегершік енді кімге бұйырмақ? Өзі шәксіз сенген Тәңірі оған арқалатқан ұлы миссияны енді кімге тоспақ? Бәрінің дәмесі бар, бірақ дәл Мағауин сияқты «Ол – Менмін» деп кеудесін кере бой көрсетер өзіне сенімді кімің бар? Бұл Мағауин ғана көтеріп тұрар дәулет, Мағауин ғана керіп тұрар көкірек еді.

Тәуелсіздікті 40-тан енді ғана асқан шағында қарсы алған Мұхтар Мағауинді бұрын елімнің ертеңі не болады, еркіндікке қашан қол жетеді, кісен қашан алынады, алтын сандықтың аузы қашан ашылады – қашан еркін тыныстаймыз деген аһ ұрғызар алаң толқытса, одан бергі 34 жылда қазақ баласы еңсесін қашан тіктейді, көкірегі көк тіреген өрлігін қашан табады, мынау алып дала қашан шалқып-толқып отырған елге, асып-тасып жатқан берекеге толады деген көкіректі буған ащы мұң иектепті. Азды-көпті жазғанын қайта-қайта алдыңа тартып, қарттығын бас мүжіп, бата берумен өткізетін кейбір аталарыңдай емес, ол Абайдың жасынан асқанда да марафон жолынан шығып қалған жоқ. Одан берідегі мұрасының өзі бірнеше ғұмырдың жүгіндей.

Ол өзі мұңдана қараған, аяй, аялай көз салған бүгінгі қазағын өзі айта беретін көкірегі биік, намысы кемел арыдағы ер түрікке, берідегі өр қазаққа жақындатып кетті.

Ал біз «Алтын дәптер» – «черновигіне» дейін атақты жазушының кішіктікпен созған үмітті қолымызды қақпай, Америкада жатып арнайы көңіл бөліп, хат жолдағанын, сенім артқанын, үміт арқалатқанын малданып қашанғы жүрер екенбіз...

Алмас НҮСІП