Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:39, 17 Ақпан 2022

Ол миллиардтар қайтпайды..

None
None

«Президент Қазақстаннан заңсыз шығарылған ақшаны қайтарыңдар деді. Бірақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдары, халықаралық келісімдер мен міндеттемелер, шетелдік, халықаралық заңдар тұрғысынан қарағанда, елімізден түрлі оффшорларға, тіпті, тікелей Лондонға шығарылған ақшаның бәрі заңды», – дейді саясаттанушы және экономист Петр Своик.

Сарапшының айтуынша, соншама миллиард ақша неге бизнеспен ешқашан айналыспаған бұрынғы президенттің қызынікі десең де, ол жағы да заңды: түрлі схемалар мен мәмілелер арқылы бәрі заңдастырылып қойылған, түпкі иесі Дариға болса да. Лондонға Қазақстаннан мол ақша заңды жолмен кетті. Заңсыз шыққандары ұсақ-түйек тиын-тебен.

– Ресми төлем балансы арқылы өткен миллиардтардың бәрі заңды. Ал Қазақстан элитасының ақшасы төңірегіндегі дау неге тура тұңғыш президент биліктен, тіпті, елден анық кеткен соң, шығып отыр? Ұлыбритания парламенті сенсациялық баяндамаларын жасап, енді неге шулай қалды? Клептократтар деп, Қазақстанның кешегі билігін айыптап отыр. Қазақстанның жаңа президенті бұрынғы режимнің етінен жаралса да, ол бұрынғы президенттің отбасына, сол режимнің ақша тасу схемаларына қатыспаған.

Қазақстанның сыртқы төлем балансын алайық. Бүгін-ертең Ұлттық банк өткен 2021 жылдың толық есебін жариялайды, әдетте, ол жыл аяқталған соң, бір жарым айдан кейін жарияланушы еді. Меніңше, оның есебі, шамамен, мынадай болуы тиіс. 2021 жылы біз табиғи байлықтарымызды экспортқа сатудан, шамамен, 60 миллиард доллар табыс алдық. Шамамен, 40 миллиард долларды импортқа жұмсаған болармыз. Иә, біз импортқа тым көп шығындаламыз, дегенмен бір жылда 20 миллиард табыс бар дейік. Экспорт пен импорттан бөлек, тағы екі бап бар, тауар емес, таза ақшамен байланысты. Ол сырттағы қазақ гастарбайтерлерінен елге келетін ақша мен Қазақстанда жүрген гастарбайтерлердің отандарына кеткен ақша. Бұл екеуін өзара шаққанда, шамамен, 1 миллиард доллар Қазақстаннан сыртқа кетті деп шығуы тиіс.

Сосын, біз жаңағы экспорттан 20 миллиард тапсақ, шамамен, 25 миллиард долларды шетелдік инвесторлар мен кредиторлардың табысы түрінде береміз, айналып келгенде, олардың Қазақстандағы шығындары да сырттан әкелінген дүниеге жұмсалады. Шетелдік кредиторлар кім десеңіз, олар Қазақстандағы ірі кеніштерде еншісі бар трансұлттық компаниялар. Және сол шетелдік инвесторлар мен кредиторлардың бір бөлігі – біздің биліктегі өз элитамыз бен олигархтарымыз. Олардың Қазақстаннан шығарып алған ақшасы шетелдік инвестиция түрінде елге қайтып келтіріледі. Отыз жылдан бері осы схема жүргізіліп келеді.

Халықаралық инвестициялық жағдай бойынша, шетелдің экономикалық субъектілері бізге, шамамен, 165 миллиард доллар қарыз. Ал біз оларға – 245 миллиард доллар қарызбыз. Мынадан ананы алып тастасақ, минус 80 миллиард шығады. Міне, Қазақстанның қазіргі инвестициялық жай-күйі – минус 80 млрд доллар, оған қарыздың кемінде, 10 пайыздық табысын қоссаңыз, Қазақстанның жылына канша капиталы сыртқа қашып жатқанын есептей беріңіз. Қазақстан осылай желініп жатыр. Әлемдік нарықта мұнай мен металл бағасы қандай болса да, біз шетелдік инвесторлар мен кредиторлардың елден әкетіп жатқан ақшасының орнын толтыра алмай келеміз. Ал біздің байларымыз ақшасын Лондондағы сарайларға тығады. Егер елдің төлем сальдосы теріс болса, теңге қысымның астында қалады. Ондай жағдайда девалвацияға жол бермеу үшін біз Ұлттық банктің алтын-валюта резервін асығыс отқа жаға бастаймыз. Үкімет жаңа инвестициялар мен қарыздар іздей бастайды жан-жақтан, жеріміз бай, пайдалансаңдаршы, деп. Бірақ осы әңгіменің басына қайтып келейін, мұның бәрі заңды ақша. Қазақстаннан ақша шығарудың осындай сәтті схемасы жұмыс істеп тұрғанын мойындаудан өзге амал жоқ.

КСРО тарқасқан соң, қазақтың мұнайын, қара және түсті металлдарын сыртқы нарықтарға шығару үшін шетелдіктерге беруден басқа жол болмады. Біздің режим сол кезде шетелдіктерді шақыру үшін өнімді бөлісу үлесі туралы оларға тиімді келісімшарттар ұсынды, дамымаған елдің басқа амалы жоқ. Ол келісімшарттар, шамамен, 2030-2033 жылға дейін жасалған, ұмытпасам. Билік шын сауатты болса, сол инвесторлармен келіссөздерді жалғастыру керек еді, тапқан ақшаңды Қазақстанға қайта сал, ауыл шаруашылығы сияқты инвестиция салатын басқа да салаларымыз бар еді, дегендей. Бірақ ондай әңгіме жүргізу үшін беделді, адал билік керек, компрадорлық схемаларға өзі қатыспайтын, бас салып, Лондонның тарихи сарайларын сатып алмайтын.

Қазақстанда ұлттық кредит жоқ. Ұлттық банк экономиканы дамыту үшін екінші деңгейлі банктерге алғашқы ақшаны бермейді. Оның кредит деп беретіні бір асқазанға кіріп шыққан ас, ондай кредитті азық қылу денсаулыққа зиян. Оның үстіне, ол кредит өндіріске салынбайды, тек импортқа негізделген тұтынуға ғана жұмсалуда. Қазақстанда инвестициялық база жоқ. Экономиканың ең басты көрсеткіші – негізгі капиталға салынатын инвестиция, бізде ол қазір, шамамен, ішкі жалпы өнімнің 17 пайызы. Ол кемінде, 30 пайыз болуы керек еді. Сосын, әлгі 17 пайыздың 15 пайызы шетелдікі. Ол ақша қайда салынуда? Негізінен, мұнай, металлургия салаларына, жылжымайтын мүлікке, қаржы, сауда-саттыққа және құбырларға. Бізге шетелдің қолындағы мүлікті мемлекетке қайтарудың қажеті жоқ, ол мүмкін емес, мемлекет сыртқы экономикалық қатынасты қолына алуы керек. Төлем балансын теріс болмайтындай етіп, сосын, шетелдік инвесторлардың табыстары Қазақстанның ауыл шаруашылығына құйылуы үшін. Қазақстанның шикізаттан кейінгі экспортқа шығара алатын жалғыз дүниесі ауыл шаруашылығының өнімі. Қасымызда Қытай тұрғанын ескерсек. «Халық банк» шын халықтың банкі болуы үшін оны мемлекетке қайтарып, ол ел экономикасына жұмыс істеп, ауыл шаруашылығына инвестиция салуы керек. Халықтың тұрмысы сонда түзеледі. Бірақ сыртқы экономикалық қатынастарымызды реттеу біздің қолымыздан келе ме? Өйткені, біз ЕАЭО аясында өндірістік әлеуеттің теңсіздігінен, Ресейге жыл сайын 8 миллиард долларға жем болып отырмыз, онсыз да шұрық-тесік төлем балансымыздың есебінен. Мәскеу біздің тәуелсіздігімізге тиіспейді, өйткені біздің тәуелсіздігіміздің есебінен, жылына 8 миллиард доллар табыс табады. Қазір таза капиталистік принциппен жаңа империя құрылып жатыр, 2024 жылға дейін Путин мен Лукашенко одақтас мемлекет құрмақ, оған қазақтарды қоспай қоюы да мүмкін. Ал қазаққа сол одаққа қосылу керек, өйткені ол тарихи тұрғыдан жалғыз дұрыс болашақ. Кім не десе де, мен елімнің патриотымын, немере-шөберелерім қазақ бола бастаған. Еліміздің қазіргідей, көпвекторлы колония болғанын емес, қазір қайта бөлініп жатқан жаңа әлемге кірігіп кеткенін қалаймын. Жалпы, адам шын патриот болғасын, өзінің шын мүдделерін түсінуі керек, жан-жағындағы айтаққа ермей. Алдымен – экономика деген теория бәрібір дұрыс. Біз әлемде жүріп жатқан үрдістерден қатты қалып қойдық, – дейді ол баспасөзге берген тың сұхбатының бірінде.

Тегтер: